5000 теңге пара алған учаскелік полиция инспекторының көмекшісі сотталды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Мұнайлы аудандық сотында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 366-бабының 1-бөлігімен (мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті берілген адамның не оған теңестірілген адамның немесе жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның не лауазымды адамның пара алуы) айыпталған Мұнайлы аудандық ІІБ-нің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторының көмекшісі Е.Досымбаевқа қатысты қылмыстық іс қаралды.

Іс құжаттарынан анықталғандай, Е.Досымбаев мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген лауазымды адам бола тұра, қызмет бабын пайдаланып, әкімшілік құқық бұзушылық жасап ұсталған Өзбекстан Республикасының азаматы Е.Әлімбетовтен оған қатысты Қазақстан Республикасы шегінен шығару шарасын қолданбау үшін 20 000 теңге талап еткен. Содан кейін  Маңғыстау облысы ІІД-нің ішкі қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері оны қызметтік кабинетінде 5 000 теңге пара алу кезінде ұстаған.

Сот мәжілісі барысында айыпталушы Ержан Досымбаев кінәсін мойындамай, жасаған әрекетіне өкінбей, өзін ақтауды сұрады. Алайда, айыпталушы Ержан Досымбаевтың кінәсі қылмыстық іс құжаттары және іске тіркелген айғақ заттармен өз дәлелін толықтай тапты.

Мұнайлы аудандық сотының 2015 жылғы 30 қыркүйектегі үкімімен Досымбаев Ержан Айбасұлына Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі – 366 бабының 1-бөлігіне сәйкес кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша мүлкін тәркілеу, мемлекеттік қызмет және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында мемлекеттік функцияларды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Источник: 
Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі