2018 жылы соттар Ұлт Жоспары шеңберінде жаңғырудың жаңа кезеңін бастады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Сот жүйесінің 2018 жылғы жұмысының қорытындысы бойынша республика судьяларының кеңейтілген кеңесі өтті.

Іс-шараға Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Георгий Ким, Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Талғат Донақов, Бас Прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Рүстам Жүрсінов, адвокаттар мен нотариустердің республикалық бірлестіктерінің бірінші басшылары Қадыржан Баймұханова мен Әсел Жанәбілова қатысты.

Іс-шара Интернетте онлайн режимде көрсетілді. 

Ж.Асанов кеңесті аша келе, 2018 жылы сот жүйесін жақсарту жұмысының негізгі қорытындысын қысқаша айтып өтті. «Жоғарғы Сот өткен жылы «Сот төрелігінің жеті түйіні» бағдарламасын жариялады. Бұл – Ұлт Жоспары шеңберіндегі соттарды одан әрі жаңғыртудың практикалық құралы. Жеті басым бағыт бойынша жұмыстың нақты мазмұны тұрғындардың сотқа сұранысы негізінде әзірленді», - деді Жоғарғы Сот Төрағасы. 

Бұдан әрі жоғары сот органының алқа төрағалары сөз сөйледі.

Алғаш болып сөз сөйлеген Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин қылмыстық сот төрелігінің қорытындысымен таныстырды. Ол азаматтардың бұзылған құқықтарын сот арқылы қалпына келтіру жүйесін дамытуға айрықша назар аударылғанын айта келе, 2017 жылмен салыстырғанда прокурор қатысқан істер бойынша ақтау үкімдерінің 2,3 есеге (100-ден 226-ға дейін) артқанын атап өтті. Өткен жылы кассация жеке айыптауларды қоспағанда, 51 адамды ақтады. Олардың арасында есірткіге қатысты қылмыстарды сотқа дейінгі тергеу барысында процестік нормалардың бұзылуы, қызмет бабында жалған құжат жасау, лауазымды өкілеттіктерді асыра пайдалану, пара алу, ұрлық, алаяқтық және т.б. бар.    

2018 жылы сотталған барлық 7610 адамның 23,9 % бас бостандығынан айырылған. Бұл көрсеткіш 2017 жылы 28 пайызды (9405) құраған еді.  Соттар бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды жиі қолдана бастады. Олардың арасында айыппұл (24%), қоғамдық жұмыс (5,6%), бас бостандығын шектеу (1,2%) секілді жазалардың үлесі артты. Мүлікті тәркілеу 8 есеге (10700-ден 1318-ге дейін) азайды. Тергеу судьялары институты қарқынды дамуда. Қылмыстық құқық бұзушылық фактілері бойынша күдікті деп танылған адамдарға қатысты қамаққа алу жағдаяттарының саны 17 мыңнан 10 мыңға дейін, яғни шамамен 40 пайызға қысқарды. Осы ретте кепілді қолдану 50 есеге артты.       

А.Рахметулин 2019 жылы атқарылатын жұмыс туралы айта келе, қылмыстық сот төрелігінің сапасын жақсарту бойынша іс-шаралар жоспарының әзірленгенін хабарлады. Онда апелляцияның жауапкершілігін арттыруға, тараптардың жарыспалылығын қамтамасыз етуге, істерді прокурорларға қайтару жағдайларын болдырмауға баса мән берілген. 

Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Еліс Әбдіқадыров кассацияда қайта қаралған апелляция актілерінің жартысына жуығының күші жойылып, өзгертілгеніне айрықша тоқталып өтті. Оның пікірінше, істердің 30 %-ын жаңадан қарау үшін кері қайтару процесті созбалаңға салып қана қоймай, дауласушы тараптар арасындағы жанжалды ушықтыра түседі. Олар материалдық қиындықтар мен істі сотта қарау бойынша мемлекеттік баж салығын төлеп, шығынға ұшырайды. Спикердің айтуынша, дауды шешуде маңызға ие мән-жайларды анықтау құзыреті жергілікті соттарға тиесілі болғандықтан, осындай жағдайлар орын алуда. Сот талқылауларының ұзаққа созылуына құқық нормаларын дұрыс қолданбау және сот процесіне дайындықтың тиісті деңгейде болмауы себеп болуда.

Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасының төрағасы Айгүл Қыдырбаева өткен жылы инвесторлардың 10 миллиардтан астам теңгеге қатысты құқықтары қорғалғанын айтты. Сотқа келіп түскен өтініштердің басым бөлігі мемлекеттік органдардың салық, кеден, экология және жер қойнауын пайдалануға  қатысты даулар бойынша шешімдері мен әрекеттерін (әрекетсіздіктерін) даулауға байланысты. Спикер мемлекеттік органдар әрекеттерінің үйлесімсіздігі мен формалдылыққа бой алдыруын, соттылықтың дұрыс анықталмауын түйткілді мәселелер ретінде атап өтті. Осы орайда А.Қыдырбаева АПК-ге енгізу үшін тиісті түзетулердің әзірленгендігін, соған сәйкес инвестициялық даулардың соттылығы нақтырақ анықталып, барлық инвесторлардың сот төрелігіне қолжетімділігін кеңейту мүмкіндігінің артатындығын хабарлады.  

Әкімшілік істерді кассацияда қайта қарау нәтижесінде сот практикасы ізгіленуде. Бұл жағдай әкімшілік қамақ жазасын қолданудың шамамен 1/3-ге қысқартуға, ескерту беру мен айыппұл салынған адамдар санының артуына ықпал етті. Спикер  жергілікті соттар тарапынан адамдарды әкімшілік жауаптылыққа заңсыз тарту және одан босату, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы болмашы негіздер бойынша заңсыз деп тану арқылы істерді қарауды тоқтату фактілерінің орын алғанын атап өтті. 

Бұдан әрі Ж.Асанов сөз сөйледі. Ол «Сот төрелігінің жеті түйіні» шеңберінде 2018 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижелеріне кеңірек тоқталды. Сот актілері тілінің түсінікті бола түскені, судьялыққа іріктеу жүйесінің күшейтілгені, соттарда жайлы жағдайлардың жасалғаны туралы айтты. Соттардан даусыз істерді алып тастау арқылы судьяларды азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделері бойынша маңызды істерге жұмылдыру бағытында атқарылған жұмыстың нәтижесі баяндалды. Алдағы уақытта заңнаманы жетілдіруге,  татуластыру институты мен цифрлық сот төрелігін дамытуға айрықша көңіл бөлінбек. 

Жоғарғы Сот Төрағасы алдағы жоспарларымен де бөлісті. «2019 жылы сот төрелігінің сапасына мониторинг жүргізіледі. Бірінші және апелляциялық сатылардағы әрбір судья өздері шығарған сот шешімдері үшін дербес жауап беруі тиіс. Заманауи электронды технологиялар әрбір сот актісіне Жоғарғы Соттың қол жеткізуіне мүмкіндік береді», - деді Ж.Асанов. Сөз соңында ол судьяларды сот төрелігін халық үшін барынша түсінікті етуге барлық күш-жігері мен білімін жұмсауға шақырды. Тек осы жағдайда ғана соттар заң үстемдігі мен әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету бойынша тікелей функцияларын іске асыра алады. Мұны сот жүйесінен қоғам мен Мемлекет басшысы күтеді.      

Источник: 
Жоғары Соттың Баспасөз қызметі