Жоғарғы Сотының судьясы Т.Молдахметова: «Судьялық әдеп кодексі халықаралық талапқа сай», «Егемен Қазақстан», 06.04.2017 ж.

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Кешегі дана билердің дәстүрін бүгінгі әлемдік тәжірибемен байыта отырып дамытқан еліміздің сот корпусы Тәуелсіздіктің 25 жылында биік белестерді бағындырды. Өйткені, кешенді сот реформасының жүзеге асуына қозғаушы күш – судьялар корпусы ғана болып табылады. Сондықтан, бүгінгі қазыларымыздың жалпы мінез-құлық қағидаттары қандай болу керектігі жайында мәселе туындаған кезде, ең алдымен, Судьялық әдеп кодексін басшылыққа аламыз.

Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында сот және құқық қорғау органдарының жаңғыртылуы және заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған 19-қадамда судьялардың есеп бе­ру тәртібін күшейту, жаңа Әдеп ко­дексін жасақтау қажеттігі турасын­да айтылды. Оған қоса, соңғы уақытта қоғамда орын алған шынайы эволюциялық құқықтық және моральдық нормалар жаңа халықаралық заңнамаға сай Судьялық әдеп кодексін әзірлеуге негіз болды. Өйткені, судьяға бері­летін өкілеттілік ұлттық құқыққа ғана емес, демократиялық елдер­де құпталған халықаралық құқық­қа да бағынышты. Тағы бір айта кететін жайт, Судьялық әдеп ко­дексінің қабылдануы Прези­дент қойған міндеттердің орын­далуын қамтамасыз етуге бағыт­талған. Сондықтан, жаңа Ко­дек­стің жобасы БАҚ пен су­дья­­лық корпустың барлық дең­гейін­де және халықаралық құқық­тық ұйымдарда, сондай-ақ, құқық­тық институттарда кеңінен талқы­ла­нып, өзінің оң бағасын алды.

Алғашқыда көпшілік назарына 44-баптан тұратын Ко­декс жобасы ұсынылды. Кейін таразылай келе 15-баптан тұратын Кодекс бекітілді. Атал­ған Әдеп кодексінің жобасы еліміз­де ғана емес, Венециядағы Құқық арқылы демократия үшін Еу­ро­палық Комиссиясы (Венеция ко­миссия­сы) сияқты халықаралық ұйым тарапынан да оң бағасын алды. Аталған жаңа Кодекске қолда­ныс­тағы Кодекстің негізгі қа­ғи­даларын сақтай отырып, жа­ңа нормалар енгізілді. Және бас­қа да мемлекеттердің оған ұқсас актілерінің жаңа ұғым­дары, ережелері мен баптары қам­тыл­ғанын атап өткен жөн.

Кодекс кіріспесінде ел Конституция­сының, «Қазақстан Республи­касының сот жүйесі мен судья­ларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңының нормалары, халықаралық құқықтың, соның ішінде Судьялар мінез-құл­қының Бангалор қағида­ларының талаптары ескерілгендігі айтылады. Бүгінгі таңда аталған әдеп қағи­да­лары қызметтегі және отс­тав­­кадағы судьяларға тең қолда­нылады. Кодекстің әр бабы құ­қықтық және қоғамдық жүкте­меге ие. Ендеше, осы орайда оқыр­ман қызығушылығын тудыратын кейбір баптарға тоқталайық. Мә­селен, судьяның жоғары мәрте­бесі мен жауапкершілігі Кодекстің 1-бабында көрініс тапқан. Судья қашанда берген антына берік болуға, қоғамдық қызмет пен тұрмыстық жағдайда кез келген әрекеттерді жүзеге асырған кезде, әдепсіз жүріс-тұрыстың көріністеріне жол бермей, судья лауазымының жоғары мәртебесіне лайық болып, әдеп нормаларын мүлтіксіз сақтауы тиіс. Кодексте судьяның жоғары мәртебесіне байланыс­ты сот төрелігін іске асыруда оның мінез-құлық қағидалары бекітілген. Мысалы, судья сот отырысын жүргізудің жоғары мәдениетін қамтамасыз етуге, өзін лайықты, әдепті ұстауға және процеске қатысушылардан сондай қарым-қатынасты яғни, сотты құрметтеуді талап етуі тиіс. Сонымен қатар, саяси және қоғамдық мәселелер бойынша оның пікір білдіру еркіне құқығы шектелмейді. Алайда, оның саяси партияда және саяси мақсатты көздейтін қо­ғам­дық бірлестіктерде болуы қызме­тіне сай келмейді, әрі ол сот билігінің бе­де­ліне күмән туғызбау үшін, өзінің діни на­ным­дары мен көзқарастарын наси­хат­тауға, діни нышандарға деген өз көз­қа­расын жария түрде білдіруге тиіс емес. Кодексте судьяның сот қызметінде бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара байланысу мүмкіндігі де көрсетілген. Өйткені, судья журналистердің көмегімен көпшілікке соттарда не болып жатқаны немесе қандай шешімдер қабылданғаны туралы ақпарат бере алады. Бұл жұртшылықтың алдында сот төрелігінің беделін арттыруға ықпал етеді. Мәселен, Кодекстің 9-бабында судьяның сот қызметінің бұқаралық ақ­па­рат құралдарында кәсіби тұр­ғыда көрсетілуіне ықпал етуге тиістігі айтылған.

Судья бұқа­ра­лық ақпарат құралдарына істі қа­рау­дың процестік сатылары туралы ақпаратты, қабыл­дан­ған сот шешіміне түсіндір­мені, материалдық және процестік құ­қықтың нормаларын қолданудың қалыптасқан сот практикасы туралы ақпаратты бере алады. Сондықтан, судья лауазымына кірісе отырып, өзіне қызметтен тыс кезінде де ерекше талаптарды орындау міндеттілігін жүктейді. Себебі, ол сот лауазымына кір келтірмеуі керек. Судья әрдайым көпшілік назарында болғандықтан, қоғам қашанда оның моральдық келбетіне қатаң талаптар қояды. Судьяға отбасында қойылатын жо­ғары моральдық қасиеттер туралы 12-бапта айтылған. Сон­дағы талаптар судьяның өз абыройына нұқсан келтірмеу, сот билігі беделін түсірмеу үшін қарас­тырылған. Ал Кодексте жазылған әдеп қағидалары мен нормаларын бұзған жағдайда, оған қатысты Судьялық әдеп жөніндегі комиссиясы туралы ережеде көзделген қоғамдық ықпал ету шаралары қолданылады. Қорыта айтқанда, Судьялық әдеп кодексін қабылдау Ұлт жос­парының заң үстемдігін қамта­масыз етуге бағытталған маңызды қа­дамдардың бірі болып табылады.

Судьялардың әдеп кодексінің қағидаларын қоғам талабына сай жетілдіру – басты міндеттердің бірі. Судья­лық әдеп кодексі судьялар корпу­сының қазіргі құрамын кәсіби және ада­ми-әдеп жағынан нығайтудың құра­лы болуы тиіс. Халқы заңын сыйлай­тын, сотына сенетін қоғам – ең дамы­ған қоғам болып табылады. Сон­дық­тан, биліктің үшінші тармағы – сот жүйесі сенімге селкеу түсірмеуі тиіс.