Жоғарғы Сотының судьясы Т.Баратбеков: «Судья қандай жағдай болса да жемқорлыққа қарсы тұруға міндетті», «Baq.kz», 24.04.2017 ж.

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Судья қандай жағдай болса да сот билігінің тәуелсіздігі принципін сақтауға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруға міндетті. Бұл туралы Жоғарғы Сот судьясы Талғат Баратбеков Baq.kz агенттігіне берген сұқбатында айтты.

Судьяның айтуынша, сот төрелігі жүйесінің сапасын арттырып, жоғары деңгейге көтеруде кәсіби, білікті, адамгершілік болмысы мінсіз судьялар корпусын қалыптастырудың маңызы зор.

«Мемлекет басшысының бес институционалдық реформасын жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам – Ұлт жоспарының «19-қадамын орындау мақсатында Судьялардың кезектен тыс VII сьезінде судьяның қызметтегі және тұрмыстағы жүріс-тұрысының этикалық нормаларын белгілейтін сот қауымдастығының маңызды құжаттарының бірі – Судьялар әдебі кодексінің жаңа жобасы әзірленіп, бірауыздан қабылданды.

Жоғарғы Сот төрағасы Қ.Мәми еліміздің сот корпусын аталған маңызды оқиғамен құттықтай отырып, «Кәсіби қызмет пен тұрмыстағы жүріс-тұрыс нормаларын ұстанудың жаңа кезеңі басталды» деп атап өткен болатын. Сондай-ақ, соттар халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жаңа тұрпаттағы сот құрылымы мен сот ісін жүргізуді қалыптастыру бойынша стратегиялық мақсатты басшылыққа алғанын, бүгінде мұндай сот жүйесі қалыптасып, табысты дамып жатқанына нақты деректер келтірген еді», - дейді ол.

Талғат Баратбеков аталған құжат судьялардың кәсіби-әдеп өлшемдерінің жиынтығы ретінде сот төрелігін жүзеге асыруда және қызметтен тыс мінез-құлықтарының негізгі қағидаларын нақтылап, оның моральдық құндылықтары мен жеке басына қойылатын талаптарды күшейте түскенін атап өтті. Кодекс жобасы Венецияда өткен Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссияның 107 жалпы отырысының оң қорытындысын алып, оның нормалары халықаралық стандарттарға сай деп танылған екен.

«Жаңа Кодексте судьяның абырай-беделіне ерекше көңіл аударылып, оның сот төрелігін іске асыру кезінде заң мен ар-ожданын басшылыққа алып, шешім қабылдау қажеттілігі көрсетілген.

Сондай-ақ, ол өз қызметі арқылы азаматтардың бойында Қазақстан Республикасының Конституциясын, елдің заңдарын құрметтеу сезімін қалыптастырып, заңның үстемдік принципін орнықтыруға тиіс. Судья қандай жағдай болсын сот билігінің тәуелсіздігі принципін сақтауға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруға міндетті», - деп түсіндірді ол.

Көп жағдайда судьялардың қызметтегі және одан тыс әрекеттеріне әр түрлі сын-пікірлер айтылып, бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде ашық талқылауға түсіп жатады. Мұны Жоғары сот судьясы демократиялық қағидат, қоғамдағы қалыпты құбылыс деп түсінетінін жеткізді.

«Алайда, судья сот билігінің беделін түсіретін, судьяның абырой-беделіне нұқсан келтіретін және сот төрелігін жүзеге асыру кезінде оның объективтілігі мен бейтараптығына күмән тудыратын жағдайлардың бәрінен өзін аулақ ұстауы – басты шарт. Сонымен қатар, қызметтік міндеттен тыс кезінде де қызмет бабын өзінің жеке мүддесі, отбасы мүшелерінің, туыстары мен жақындарының мүдделері үшін пайдаланбауы тиіс.

Судьялық әдепке байланысты қандай да бір мәселелер осы Кодекспен реттелмеген жағдайларда, судья жалпы қабылданған мораль мен адамгершілік қағидаттарын, сондай-ақ сот төрелігін іске асыру мен судьялардың жүріс-тұрыс саласындағы халықаралық стандарттарды ұстанғаны жөн.

Кодексте белгіленген жүріс-тұрыс қағидалары атқарып отырған қызметіне қарамастан, еліміздің барлық судьялары, сондай-ақ отставкадағы судьялар үшін де орындауға міндетті болып табылады», - дейді ол.

Жаңа Кодекстің тағы бір ерекшелігі, азаматтар судьяның іс-әрекеттеріне көңілдері толмаған жағдайда, Жоғарғы Сот жанындағы Сот жюриіне шағымдануға құқылы екен.

Судья лауазымына тағайындалған тұлға сот төрелігін іске асыру жөніндегі өкілеттіктерді қабылдаумен қатар, заңдарда және әдеп кодексінде белгіленген шектеулерді де сақтауға ерікті түрде міндеттеледі. Сондай-ақ, жұртшылықтың үнемі назарында болуы судьяға осы лауазымның жоғары мәртебесіне өзін лайықты ұстауға міндеттейді.

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, жаңа Судьялық әдеп кодексі судьялардың кәсіби қызметі мен тұрмыстағы жүріс-тұрысы үшін моральдық жауапкершілігін арттырудағы маңызы зор.

Қазы халықтың ар-ожданы десек, мемлекеттің мәртебесін айқындайтын судьяның моральдық-әдептік бейнесі халықтың сот жүйесіне деген сенімі мен құрметін нығайтары шүбәсіз», - деп түйіндеді Баратбеков.