Жоғарғы Сотының судьясы Б.Шермұхаметов: «Жаңа буынды сот жүйесі заман талабы», «Айқын», 15.09.2016 ж.

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ­стан – 2050» стратегиясында мемлекеті­міз­дегі азаматтардың құқықтарын қорғаудың басты тетігі – сот жүйесін одан әрі жаңғыр­тып, нығайту туралы атап өткен болатын.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақ­стан Республикасы судьяларының VI съезінде істі қарау тәртібінің тараптар үшін қолайлы әрі жылдам болуы, оларды тату­ластыруға бағдарлануы және процестік талқылаудың барлық сатысында қазіргі за­манғы технологияларды кеңінен қолдану – бүгінгі күннің талабы екені де айтылған.
«100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспа­рын­дағы 11 қадам сот жүйесінің қызметіне ті­келей қатысты. Ұлт жоспарының 16-қа­дамын іске асыру мақсатында 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап сот төрелегін жүзеге асы­­рудың үш буынды жүйесіне көшу бе­кітілді. Жаңа үш буынды сот жүйесінің құ­рылымы мынадай: бірінші саты – аудандық (қалалық) және оларға теңестірілген соттар (ауданаралық, экономикалық, әкімшілік, ювенальдық, гарнизондардың әскери сот­тары); апелляциялық саты – облыстық және оларға теңестірілген соттар (Астана мен Алматы қалаларының соттары, Қазақ­стан Республикасының Әскери соты); және кассациялық саты – Қазақстан Республи­касының Жоғарғы соты. Бұдан бұрын кас­сациялық саты облыстық деңгейде де бол­ған-тын, ал Жоғарғы сот қадағалау функ­циясын жүзеге асырып келді. Қазір касса­циялық саты облыстық соттардан шыға­рылып, Жоғарғы соттың сатысы ретінде бекітілді. Ал Жоғарғы соттың қадағалау ал­қасы таратылды. Бұл еліміздің сот жүйесін халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру мақсатында жасалды.

 Бүгінгі күні қылмыстық істер мен аза­маттық даулар аудандық және оларға те­ңестірілген соттарда қаралады және олар­дың сот актілері заңды күшіне енгенге дейін облыстық және оларға теңестерілген сот­тар­дың апелляциялық сот алқалары ұйға­рым­дарды, үкімдерді (шешімдерді) қайта қарауы мүмкін. Сот актісі заңды күшіне енген соң, оны тек Жоғарғы сотта касса­циялық тәртіппен қайта қарауға мүмкін болады.

Бірінші сатыдағы соттардың үкімдеріне, шешімдеріне апелляция беру мерзімінде адам­дар облыстық немесе оларға теңес­ті­рілген соттарға шағымдана алады. Осы орай­да апелляциялық шағым берген адам­дардың мемлекеттік бажды төлемейтінін айтқанымыз жөн. Жаңа Қылмыстық-про­цестік кодекске және Азаматтық процестік кодекске сәйкес апелляциялық сатыда іс­терді сот алқасы қарайды және оның құра­мына үш судья кіреді. Алайда мұндай тәр­тіпке мәні бойынша қаралмаған немесе оңай­латылған іс жүргізу тәртібімен қарал­ған істер жатпайды. Судьялардың осы ал­қалы құрамы істі неғұрлым объективті қа­рау және қателер жібермеу үшін құрылғаны анық. Бұрын қолданыста болған Қыл­мыс­тық іс жүргізу кодексі және Азаматтық іс жүр­гізу кодексі бойынша істерді судья бір өзі ғана қарайтын. Ол кезде апелляциялық сатыдағы бір судьяның субъективті пікіріне қатысты процеске қатысушылардың және заңгерлер қоғамдастығының тарапынан көп­теген наразылықтар болған еді.

Апелляциялық саты тараптардың ша­ғымдары не болмаса прокурордың нара­зылығы бойынша бірінші сатыдағы сот ұйға­рымының, үкімінің (шешімінің) заң­дылығы мен негізділігін толық көлемде тек­середі. Оның құзыретіне құжаттарды зерделеу, жаңа куәгерлерден жауап алу, жаңа дәлелдемелер белгілі бір себептермен бірінші сатыдағы сотқа ұсынылмаған жағ­дайда, оларды қабылдап зерттеу кіреді. Тек­серу нәтижесі бойынша апелляциялық сатыдағы сот апелляциялық тәртіппен про­цестік шешім: қаулы немесе жаңа үкім (аза­маттық іс бойынша – жаңа шешім) шы­ғарады. Сондай-ақ ол төмен тұрған соттың шешімін өзгерте алады немесе процестік заң­наманың нормалары елеулі бұзылған кезде істі бірінші сатыдағы соттың қайта қа­рауына жіберіп, оның күшін жояды. Мы­салы, іс соттың заңсыз құрамында қаралса немесе үкімге, шешімге судья қол қоймаса жоғарыда аталған рәсімдер жүзеге асыры­лады. 

Кассациялық сатыдағы соттың құзы­ре­тіне заңды күшіне енген сот актілерінің заң­дылығын тексеру кіреді. Заңда белгі­ленген мерзімде құрамында үш судья бола­тын кассациялық сатыдағы сот берілген өтінішхаттың уәждерінің шегінде заңды күшіне енген сот актісінің заңдылығын тексереді. Сонымен қатар кассациялық са­ты­дағы сот заңдылықты сақтау тұрғысынан өтінішхаттың шегінен тыс шығып, сот акті­сін толық көлемде қарауға құқылы. Осы ереже іс бойынша ақиқатты анықтауға, заңбұзушылықты жоюға және соттан қорғау сұраған адамның бұзылған құқықтарын толық қалпына келтіруге ықпал етеді.

Сот құрылысының жүйесіндегі осы өз­геріс сот процесіне қатысушыларды дәлел­демелерді ұсыну және өздерінің процестік құқықтарын пайдалану арқылы бәсеке­лес­тікті қолданып, неғұрлым белсенділік та­ны­туға ынталандырады, бұзылған құқықты барынша тез қалпына келтіруге, сот шы­ғын­­дарын азайтуға алып келеді.

Соттың үш буынды жүйесі Индонезияда, Финляндияда, Италияда көп жылдардан бері қолданылатынын атап өту қажет. Фран­цияның сот жүйесі де соттардың үш деңгейінен тұрады. Атап айтқанда, жалпы және мамандандырылған ювенальдық, те­ңіз-сауда, әскери, әкімшілік, сауда соттары. Олар бірінші сатыдағы соттар ретінде іс­терді қарайды. Олардың шешімдеріне, әдет­тегідей апелляциялық соттарға және кассациялық сотқа шағымдануға болады.

 Соңғы уақытта қазақстандық, шетелдік инвесторлардың, сондай-ақ мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселесі де өзекті болып отырғаны баршаға мәлім. Аталған проблеманы шешу мақ­сатында жаңа Азаматтық процестік ко­декс­те инвестициялық дауларды қарауға қа­тысты жеке тәртіп көзделді. Кәсіпкерлік кодекске сәйкес оларға инвестордың ин­вестициялық қызметiне байланысты ин­весторлар, оның ішінде ірі инвесторлар мен мемлекеттiк органдар арасындағы шарттық мiндеттемелерден туындайтын даулар жа­тады. Осы санаттың қатарына инвести­ция­лық келісімшартты жасауға, өзгертуге, бұ­зу­ға, сонымен қатар инвестор инвести­циялық келісімшарт бойынша ақы төлемейтін мемлекеттiк заттай гранттарды, салық со­ма­лары мен кеден баждарын қайтаруға байланысты даулар да жататынын оқыр­ман­дардың білгені абзал.

Осы орайда Жоғарғы сот қарайтын іс­терді қоспағанда, Астана қаласының соты Азаматтық процестік кодекстің 27-бабының 4 және 5-бөліктеріне сәйкес бірінші саты­дағы соттың қағидаларымен инвестициялар даулар бойынша азаматтық істерді, сондай-ақ инвестордың инвестициялық қызметіне байланысты инвесторлар мен мемлекеттік органдардың арасындағы өзге де дауларды қарап шешеді. Мұндай шешімдерді Жоға­-ры соттың мамандандырылған сот алқасы апелляциялық тәртіппен қайта қарайды. Оның алқалы құрамында сот алқасының кемінде үш судьясы болуға тиіс.

Инвестор қатысатын құқықтық қаты­настардан туындайтын, инвестициялық қызметке байланысты емес немесе даудың екінші тарабы мемлекеттік орган болмай­тын өзге де даулар, сондай-ақ оңайлатылған іс жүргізумен қарауға жататын инвестор қатысатын даулар осы Азаматтық процестік кодекстің 3-тарауында белгіленген сотты­лыққа сәйкес аудандық (қалалық) және оларға теңестірілген соттардың қарайтын ісіне жатады. Оларға, мысалы, инвестордың өзінің қызметкерлерімен еңбек қатына­сы­нан туындайтын дауларды, инвестордың қатысуымен болатын корпоративтік дау­лар­ды, шарттан тыс міндеттемелерден туын­дайтын дауларды, сондай-ақ жол-кө­лік оқиғасының салдарынан автокөлікпен немесе инвестордың қызметкері үшінші тұлғаларға залал келтірген кездегі делик­ті­лерді жатқызуға болады.
Жоғарғы соттың мамандандырылған сот алқасы тараптың бірі – ірі инвестор болып саналатын инвестициялық даулар бойынша азаматтық істерді бірінші сатыдағы соттың қағидаларымен қарайды және шешеді. Оның сот актілерін Жоғарғы сот касса­ция­лық тәртіппен қайта қарауы мүмкін. Жо­ғар­ғы сотта бірінші саты бойынша «Сайлау туралы» және «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының заң­дарынан туындайтын даулар да қаралады. Осылайша, сот жүйесі тіпті, екі буынға (дең­гейге): бірінші және кассациялық са­тыға дейін қысқартылды.

Инвестициялық дауларды қарау бойын­ша жоғарыда аталған тәртіп инвесторларға олардың дауларын шешуде жеке көзқарасқа, істерінің көптеген азаматтық істердің ара­сында қалып қалмауына кепілдік береді. Мұндай істерді екі сатыда ғана қарау осы са­наттағы істерді қарау бойынша біркелкі сот практикасын қалыптастыруға қолайлы жағдай жасайды, сыбайлас жемқорлықтың орын алмауын төмендетеді, сот шығыс­та­рын және соттағы дау-дамай уақытын қыс­қартады.