Жоғарғы Соттың судьясы А.Смайлов: «ЭКСПО-2017» көрмесі – туған жерімізді әлемге танытудың зор мүмкіндігі», «Заң газеті», 30.06.2017 ж.

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында мықты әрі жауапкершілігі жоғары біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қадамдар мен бұқаралық сананы өзгерту туралы көзқарасын білдірген болатын. Әр азамат айқындалған мақсаттар мен міндеттерді саналы түрде сезініп, орындалуына шын ықыласпен ат салысса, көздеген межеге жетеріміз айдан анық. Ол үшін әрбір азаматтың бойында білім-білік дағдыларымен қатар, патриоттық сезім де болуы қажет.

Патриотизм – адам баласының туған жеріне, тілі мен мәдениетіне, діні мен өркениетіне, ұлттық құндылықтарына, атамекеніне деген сүйіспеншілігі мен шексіз құрметі. Патриоттық сезім – адам бойындағы туа біткен қасиет емес, ол тәжірибемен, уақытпен, қоршаған ортаның ықпалымен, білім ошақтарының әсерімен, бұқаралық ақпарат құралдарымен, яғни саналы өмірімен қатар қалыптасатын психологиялық, саяси-әлеуметтік құбылыс. Демек, адам бойына патриоттық сезімді қалыптастырудың бірнеше алғышарттары бар деген сөз.

Қазіргі кезеңде патриотизм тақырыбы барлық қоғамдық, мемлекеттік, саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани тақырыптардың өзекті мәселесіне айналып отыр. Бүгінгі патриоттық идея да, патриоттық тәрбие де қазіргі заман ағымына, адамдардың талғамдары мен мүдделеріне сай, анық та түсінікті түрде болғаны жөн.

ХХI ғасырда ұлттық мәдениет пен өркениеттi өзара кiрiктiре отырып, тұлғаның патриоттық құндылықтарын дамыту арқылы республикамыздың егемендiгi мен бейбiтшiлiгiн сақтап, озық елдердің қатарына кіру – негізгі мақсаттардың бірі болып табылады.  

Нағыз патриот атану үшін, ең алдымен, туған елдің тарихын білу керек. Елбасы өз мақаласында: «Төл тарихымызға, бабаларымызың өмір салтына бір сәт үңіліп көрсек, шынайы прагматизмнің талай жарқын үлгілерін табуға болады» деген болатын. Өз халқыңның тарихын, өнегелі жақтарын білу, өз еліңнің кешегі және бүгінгі қаһармандарын мақтаныш ету, олардың ерлігіне тағзым ету, оларға сай болу – патриотизмнің басты құрамдас бөлігі. Тәуелсіздік – бабаларымыздың қанымен, жанымен келген баға жетпес Тәңірдің сыйы. Талай ғасырдың тарихын арқалаған бүгінгі Қазақстанның қадірі мен кешегі ата-бабаларымыздың ерен еңбектерін әрбір саналы ұрпақ білуі керек. Ал өткенді білмей, «мен патриотпын» деп кеуде қағып, жар салу – құр әурешілік. Сондықтан тарихтан сыр шертер пәндер мектептерде, орта арнаулы және жоғары білім беру мекемелерінде тереңдетіліп оқытылса, текті халықтың ұрпағы екенімізді ұғынар едік, тәуелсіздікті тарту еткен тарих тарландарына деген құрметіміз арта түсер еді. Сонымен қатар, тарихтың жарқын беттері бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көбірек насихатталып жатса, патриоттық тәрбиені қалыптастыруға ықпалын тигізері анық. Кешегі және бүгінгі қаһармандарымыздың есімдері ел есінде мәңгі сақталсын десек, олардың аттарын елді-мекендерге, көшелерге, мектептерге, түрлі мекемелерге беріп, ұлықтап жатса, бүгінгі күннің буыны соларға қарап бой түземей ме?

Сонымен қатар, атамекенін, тілін, дінін, дәстүрін, тарихи ескерткіштерін, туған өлкенің киелі орындарын құрметтеу – патриотизмге тәрбиелеудің қайнар көзі. Сондықтан ананың ақ сүтімен дарып, қазақи қанымызға біткен ұлттық құндылықтарымызды дәріптегеніміз абзал. Технология билеген заманда ұрпақ тәрбиесін уысымыздан шығарып алмай, «еліктеу» деген ерсі қылықтан арылып, тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді құрметтеп, қадіріне жете білген жөн.

«Қазақ қазақпен қазақша сөйлесін» деген қағида текке айтылмаған.  «Ұлттың тілі – ұлттың ділі» демекші, қандай ұлт пен ұлыс болмасын, оның ең басты байлығы – ана тілі. Тілін жоғалтқан халықтың жеке мемлекет болып, басқа елдермен терезесі тең дәрежеде тұра алмайтындығы айдан анық. «Жетпіс жыл бойы жат елдің жетегінде бодан болғандықтан, қазақ тілі ақсап тұр» деп ақталады кейбірі. Бірақ, егемендігіміз еншімізге тиіп, етек-жеңімізді жиғалы 26 жүзі болды. Бұл жылдар қазақтың қазақ болуына аз уақыт болғаны ма сонда? «Тіл үйренемін» деген ұлтжанды патриот адам күніне бір сөзден үйренсе де, бір жылда тілді толық меңгеріп шықпай ма?

Патриоттық сананы қоғамдық өмірде қалыптастыратын негізгі қайнар көз – білім мен тәрбие ошақтары: балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары. Олар еліміздің әлеуметтік-саяси, экономикалық және мәдени дамуының анықтаушы күші де болып табылады. Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында оқыту процесінің тәрбиелік құрамдас бөлігін күшейту қажеттілігіне ерекше тоқталған болатын. Демек, патриоттық тәрбие жастарға білім мен тәрбие берудің барлық қырынан көрініс табуы керек. Бүгінгі күннің білім беру ошақтарына да қойылатын талап жоғары, нақтырақ айтсақ, білім беру орындары жеке тұлғаны қалыптастырудағы шығармашылық әлеуетімен, Қазақстанның әлеуметтік жаңғыру процесіне қабілеттілігімен, қоғамдық өмірге даралық көзқарастарымен, бәсекеге қабілеттілігімен ерекшеленуі тиіс.

«Маған Отаным не берді демей, мен Отаныма не бердім?» дейтін жастарды тәрбиелеу керек. Болашақ – жастардың қолында. Олай болса, жастардың тұрмысы мен болмысына, тәлімі мен тағылымына үстірт қарауға болмайды. Бұл туралы Президент рухани жаңғыруға үндейтін мақаласында ерекше ескерте келіп: «Мен жас ұрпақтың ел болашағы үшін маңызын атап көрсетіп келдім және атап көрсете беремін. Мемлекет әрбір жас адамның өз еліне міндетті түрде қажет болуы үшін бәрін де жасайды» - деген болатын. Бүгінгі партада отырған бүлдіршін – ертеңгі маман. Болашақта қай саланың маманы болмасын, ел игілігі үшін қалтқысыз қызмет атқаруға бағыт-бағдар беру – аға буынның міндеті деп санаймын.

Ұрпақ тәрбиесін балабақша мен мектепке артып қойып, қарап отыруға болмайды. Патриоттық сезім отбасынан басталатынын ұмытпауымыз керек. Отбасы – мемлекеттің негізгі буыны. Отбасы болашақ ұрпақ бойына адамзаттық құндылықтарды және ұлттық рухани байлықты сіңіретін тәрбие ошағы. Жеке адамның бойындағы ар-ұяты, ой-өрісі, әдептілігі мен мәдениеттілігі, Отанға деген шексіз махаббаты отбасынан бастау алады.

Н.Ә.Назарбаев, - патриотизмді «әр этностың ұлттық сезімін сыйлап, бірде-бір ұлтпен қарама-қайшылық туғызбау» - деген болатын. Өзгелердің тәжірибесімен алмасып, еліміздің қонақжайлылығын төрткүл дүниеге танытып, таңдай қақтыртып жатсақ, өзіміздің беделіміз емес пе? Өсіп келе жатқан жас буынның бойында қазақстандық патриотизм сезімін қалыптастыру үшін, әрбір этнос тек өз мәдениетін ғана танып білуі жеткіліксіз, сонымен қатар, олар бір-бірін танып, құрметтеуі тиіс.

Ағымдағы жыл – еліміз үшін өте елеулі жыл болмақ. «Болашақ энергиясы» тақырыбындағы «ЭКСПО – 2017» көрмесі біздің елде, Астананың төрінде өткелі жатыр. 115 мемлекет, 10-нан астам халықаралық ұйым мен инновациялық технологиялар саласындағы алдыңғы қатарлы компаниялардың қатысуымен өткелі жатқан іс-шара бүкіләлемдік аренада Қазақстанның танылуы мен туристік тартымдылығын арттыруға септігін тигізері анық. Бұл жаһандық іс-шараның міндеті – энергия тұтынуды жоспарлау мен бақылау, сондай-ақ болашақ ұрпақтың өмірі үшін қажетті энергия көздерін сақтап қалу үшін халықаралық қоғамдастықты жауапкершілік пен патриоттық тәрбиеге үндеу деп білемін. Әлемдік қауымдастықта мәдени қарым-қатынастар орнатып, елімізді саяси-экономикалық реформалардың қарқынын жеделдетуге, даму бағытын анықтауға, ұлттық күш-қуатын нығайтуға, саналы ұрпақтың бойына патриоттық тәрбиені қалыптастыруға, елімізді әлемге танытуда ЭКСПО-ның тигізер пайдасы зор екеніне сенімдімін.

Елімізде жүзден аса этностың өкілі өмір сүруде. Қазақстан олардың көпшілігінің туған Отаны және бұдан былай да мәңгі тұрақтап қалар мекені болмақ. Сондықтан олардың әрқайсысы Қазақстанды «ата-жұртым» деп танып, оның тәуелсіздігін қорғауға, рухани әрі материалдық байлығын арттыруға еңбек етуі тиіс.

Көк туымыз желбіреп, Әнұранымыз асқақтап жатса, «Мәңгілік ел» деген осы емес пе?! «Мәңгілік елге» басқан әр қадамымыз нық болғай!