А.Сәдуақасов: «Кәсіпкерлер мен инвесторлар судьяларға алғыс айтуда», «Айқын», 13.07.2016 ж.

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Елімізде кәсіпкерлікті дамытып, инвестициялық ахуалды жақсарту арқылы ұлттық экономиканы дамыту – күн тәртібінде тұрған маңызды міндеттердің бірі.

Бұл мәселе қазіргі қаржылық дағдарыстың ушығуына орай одан сайын өзектіленіп отыр. Осы ретте бизнесін жаңадан бастаған қарапайым кәсіпкерлер мен ел қазынасына қомақты қаржы құйып отырған инвесторларға керегі – заңның жұмыс істеп, құқықтарының қорғалуы. Дәл осы міндетті отандық судьялар корпусы ойдағыдай атқарып отыр. Бұл сөзімізге Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәмидің атына кәсіпкерлер мен инвесторлардан келіп жатқан алғысхаттар дәлел. 

Жоғарғы Сот ірі инвесторды заңсыз салықтан құтқарды

Елбасының, Премьер-министр мен Жоғарғы сот төрағасының атына жазған хатында Орал қаласында орналасқан «Жайықмұнай» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің бас директоры Хайнц Вендель еліміздегі инвестициялық ахуалдың жақсарғанын айтып, өз алғысын білдірген.

Қарамағында 1500-ден астам отандасымыз жұмыс істейтін іргелі компания басшысы өз хатында: «... Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты «Жайықмұнай» ЖШС-ның Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне салықтық тексерудің нәтижелері жөніндегі хабарламаны заңсыз деп тану және күшін жою жөніндегі талап арызын қанағаттандырғанын айтпай кету мүмкін емес. Біздің ойымызша, бұл шешім «Ұлт жоспары – Елбасының бес институттық реформасын жүзеге асыру 100 нақты қадамының», соның ішіндегі меншік құқығына кепіл болатын, кәсіпкерлік іске жағдай қалыптастыратын, келісім-шарттық міндеттемелерді қорғайтын және нәтижесінде экономикалық дамудың негізі болатын «заңның үстемдігін қамтамасыз ету» қадамының іске асырылуының нақты үлгісі болып табылады. Ұлт жоспарының 11 нақты қадамы Қазақстан Респуб­ликасының сот жүйесін жетілдіруге бағытталған және бүгінгі таңда оң нәтижелер көрсетуде» дейді.

Жоғарғы соттың мамандандырылған сот алқасына «Жайықмұнай» ЖШС «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне қатысты 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №554 салық тексерісінің нәтижесі туралы хабарламаны заңсыз деп тану және оның күшін жоюға қатысты өтініші келіп түскен.

Жоғарғы сот аталған дауды қарап, «Жайықмұнай» ЖШС-ның өтінішін қанағаттандырып, корпоративтік табыс салығының сомасы мен өсімақыны артық есептеуі бойынша салық тексерісінің нәтижесі туралы хабарламаны заңсыз деп танып, оның күшін жойды.

Негізінде, даудың мәнісі мынадай.

«Жайықмұнай» ЖШС 1997 жылғы 31 қазанда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік инвестициялар комитетімен арада қол қойылған келісімшарт негізінде Батыс Қазақстан облысының Чинараевск кен орнында көмірсутек шикізатын барлау және өндіру қызметін жүзеге асырып келеді.

Өңірдегі салық департаменті өзінің кезекті тексерісінің нәтижесі бойынша «Жайықмұнай» ЖШС-ның атына 2009-2011 жылдар кезеңінде 1 млрд 211 млн 983 мың 835 теңге көлеміндегі корпоративтік табыс салығы мен 153 млн 959 мың 190 теңге мөлшеріндегі өсімақы сомасын қосымша төлеу қажеттігі туралы хабарлама жолдаған. Салық сомасының қосымша есептелуіне компа­нияның жеке құрылыс жұмыстары бойынша жалпы сомасы 4 млн 39 мың 119 теңге көлеміндегі қаражатты жылдық кіріс жиынтығынан шығын ретінде заңсыз ұстап қалуы негіз болған. Департаменттің пікірінше, келісімшарт талаптарында компанияға мұндай құқық берілмеген.

Дей тұрғанмен, Жоғарғы соттың сот отырысында келісімшарттың және 1995 жылғы 24 сәуірдегі № 2235 «Салық және бюджетке төленетін өзге де міндетті төлемдер туралы» заңды күші бар Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығының 20-бабының 10-тармағының қағидаларында жеке құрылысты ынталандыру және өндіріс қуатын жаңарту мақсатында инвесторға инвестициялық жеңілдік ретінде жеке құрылыс бойынша шығын­дарды шегеру құқығы берілгендігі анықталды.

Аталған істі қарау нәтижесінде Жоғарғы сот Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының атына Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті жүргізген салық тексерісі кезінде заңнама нормаларының өрескел бұзылғандығы туралы жеке ұйғарым шығарды. Сонымен қатар сот шешімінде аталған салық тексерісінің актісі Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 637-бабы 1-тармағының 10-тармақшасының талаптарына сәйкес келмейтіндігі көрсетілді.

Осылайша, сот инвестордың заңды мүддесін қорғап, компанияны мемлекет тарапынан салынған заңсыз салық пен өсімпұлды төлеу міндетінен құтқарды. 

Еске сала кетейік, Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасы Ұлт Жос­парына сәйкес 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істей бастады. Оның құзыретіне бірінші сатыдағы сот тәртібі бойынша ірі инвесторлардың қатысуымен болатын дауларды қарау жатады. Мамандандырылған алқаның жұмысы аталған санаттағы істер бойынша сот практикасын жақсартып, істердің барынша шұғыл және сапалы қаралуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Аталған компания басшысы Х.Вендель хатының соңында дәл осы алқаның қызметі туралы: «Жоғарғы Сот жанынан ірі инвесторлардың қатысуымен дауларды шешу мақсатында құрылған мамандандырылған алқа түрлі даулы мәселелерді шешудің нақты құралына айналатынына нық сенімдіміз. Істердің қаралу сапасының өсуі мен шешім шығарудағы орын алған жеделдікті айта кеткен жөн» дейді.

Қостанайлық компания сот арқылы алаяқтардың арбауынан құтылды

Өз кәсібін 2000 жылы бастаған қостанайлық «Норд-Трейдинг» жауапкер­шілігі шектеулі серіктестігі 2005 жылдың басында Е.П.Михайлюк деген азаматтан дүкен астында орналасқан кеңсежайды сатып алған. Барлық тиісті құжаттарды әзірлеп, оны құзырлы органдар арқылы бекіткен компания өз жұмыстарын дөңгелетіп, бюджетке салықтарын уақытылы төлеп келген.

2015 жылдың шілдесінде аталған компанияға Ресей азаматы Н.С.Яковлевадан хабарлама келіп түскен. Онда хат иесі өзін әлгі дүкен астындағы кеңсе жайдың иесімін деп таныстырып, оны босатуын талап еткен.

Төбесінен жай түскендей күй кешкен кәсіпорын басшылығы бұл жағдайды анықтау үшін дереу Қостанай облысы Денисов аудандық сотына жүгінген. Талап арызда кәсіпкерлер «Норд-Трейдинг» компаниясын дүкеннің иесі ретінде тануды және осы ғимаратты Ресей азаматшасы Н.С.Яковлеваның атына тіркелген меншік құқығының күшін жоюды сұраған.

Сот талқылауының нәтижесінде келесі мән-жайлар анықталды.

2012 жылы Е.П.Михайлюктің сот орындаушысы болып қызмет атқаратын зайыбы А.Н.Михайлюк Денисов ауданы Әділет басқармасының мұра­ғатындағы салғырт жағдайды және дүкенге қатысты тіркеу құжатының жоғалып кеткендігін пайдаланып, алдау жолымен дүкенге меншік құқығын өз атына тіркеп алған.

Бұдан соң ол өзінің күйеуі Е.П.Михайлюктің келісімімен дүкеннің кеңсе­жайын Ресей азаматшасы Н.С.Яковлеваға кепіл ретінде ұсынып, одан 1 млн 400 мың теңге көлемінде қарызға ақша алған.

А.Н. Михайлюктің аталған қарызды өз еркімен қайтара алмауына және өз міндеттемесін орындамауына бай­ланыс­ты дүкенге меншік құқығы Н.С.Яковлеваға өткен.

Денисов ауданындағы кәсіпорынды әуре-сарсаңға салған ерлі-зайыпты Михайлюктердің бұл құйтырқы қылмыстық әрекеттері көп ұзамай әшке­реленді. Іске төрағалық еткен судья В.В.Лелеканың шешімімен «Норд-Трейдинг» компаниясының талап арызы қанағаттандырылған. Осы ретте сот Денисов аудандық прокуратурасының атына аталған фактілерді тексеру және ерлі-зайыпты Михайлюктердің алаяқтық әрекеттері бойынша қылмыстық заңнама негізінде процестік шешім қабылдау жөнінде жеке қаулы шығарды.

Алаяқтардың тұзағына түсе жаздаған кәсіпорын басшысы В.Ю.Свининых сот арқылы әділдікке жеткендігін тілге тиек ете келе, өз хатының соңында: «Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде: «Қазақстандық сот төрелігі мен құқық тәртібі жүйесі жаңа ашықтық және кәсібилік сапаға ие болды. Қазақстандықтар мен бизнес субъектілерінің құқықтарын сотта қорғау деңгейі ендігі жерде құқықтық мемлекеттердің жоғары стандарттарына сәйкес келеді» деген болатын.

Президент айтып өткен қазақстандық сот төрелігі жүйесінің сапалық деңгейінің жоғары екендігіне біз өз басымызға іс түсіп, Денисов аудандық сотына жүгіну арқылы көз жеткіздік. Біз Қазақтанда заңды бизнес жүргізіп отырған әрбір кәсіпкердің құқығының бұзылуына қауіп төнген жағдайда ашықтық пен бейтараптылық қағидаттары бойынша жұмыс істейтін сот төрелігіне жүгініп, өз құқықтарын қорғай алатындығын түсіндік» дейді.

Отандық сот жүйесінің қызметін халықаралық сарапшылар оң бағалады

Расында да, соңғы жылдары Жоғарғы Сот азаматтар мен ұйымдардың, отандық және шетелдік кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтары мен мүддесін қорғап, сот төрелігін сапалы жүзеге асырып келеді. Бұған отандық және шетелдік тәуелсіз сарапшылар жүргізген әлеуметтік зерттеулер мен халықаралық рейтингтердің нәтижелері дәлел бола алады.

Мәселен, өткен жылы Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексінде «Соттар­дың тәуелсіздігі» индексі бойынша Қазақстанның көрсеткіші 14 позицияға (86-дан 72-ге дейін) жақсарды.

Дүниежүзілік Банктің «Doing Business»рейтингісінің «Келісім-шарттардың орындалуын қамтамасыз ету» индикаторы бойынша біздің еліміз әлемдегі 189 елдің ішінде 9-шы орынды иеленді. Осы ретте Қазақстан Германия, Франция, АҚШ, Швеция, Бельгия, Нидерланды секілді дамыған елдерден де жоғары нәтиже көрсеткен.

«World Justice Project» халықаралық үкіметтік емес ұйымы әзірлеген құқық үстемдігінің әлемдік рейтингісіндегі Қазақстанның көрсеткіші 2015 жылы 6 позицияға (71-ден 65-ке дейін) жақсарды.

Міне, мұның барлығы сот билігін дамыту бойынша мемлекеттік саясаттың тиімділігін дәлелдейді. Осы ретте Парламенттің VI шақырылымының бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде Елбасы «Қазақстандықтардың құқығын қорғаудағы сот деңгейі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің жоғарғы стандарттарына сәйкес келеді» деген болатын. 

Еліміздегі судьялар қауымы қазақтың дана билері қалдырған «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қағиданы ұстануда. Қара қылды қақ жарған қазыларымыздың заң үстемдігін орнату бағытындағы қызметінің әлемдік сарапшылар, азаматтар мен Елбасы тарапынан жоғары бағалануы сот-құқық саласында жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесі деп айтуға толық негіз бар!