Конституция құқық үстемдігінің құндылықтарын іске асыру құралы

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Алматы қалалық соты Ұлттық кітапханада «Конституциялық құндылықтар және Қазақстанның заңнамасы мен құқық қолдану практикасында оларды іске асырудың жолдары» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті. Іс-шара Конституция күнін атап өтуге арналған ІІІ-ші тамыз оқулары форматында өтті.  

Оның жұмысына Алматы қаласының әкімі Ержан Бабақұмаров, құқық қорғау органдарының, әділет, еңбек және әлеуметтік қорғау, көші-қон, мемлекеттік кірістер департаменттерінің басшылары, нотариат, адвокатура басшылары, атақты ғалымдар, Алматы жоғарғы оқу орындарының ректорлары, кәсіподақтар басшылары, судьялар қатысты. 

Кітапхананың фойесінде тарихи құжаттар және материалдармен «Конституциялық құндылықтар және Қазақстанның заңнамасы мен құқық қолдану практикасында оларды іске асырудың жолдары» тақырыбындағы көрме ұйымдастырылды. Қазақстандық қоғамдағы Конституцияның рөлін көрсетуге арналған деректі фильм көрсетілді.

«Конституция – егемендік пен тәуелсіздікті бекітетін маңызды құжат, мемлекеттілік, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықтың берік негізі. Негізгі заңды құрметтеу және оны бұлтартпай орындау алға қойылған биік мақсаттарға жетудің кепілі» – деді «дөңгелек үстелдің» қатысушыларына өз алғысөзінде Конституциялық Кеңестің Төрағасы Кайрат Мәми.

Негізгі заңның бірегей рөлін сөзінің өзегі еткен Алматы қалалық сотының төрағасы Нұрғазы Әбдіқанов Тамыз оқулары керемет дәстүр бойынша әдеттегідей мемлекет дамуының шежіресі мен білім қазынасы – Ұлттық кітапхананың ғимаратында өтіп жатқандығын ерекше атап өтті. 

Сөй сөйлей келе, Н.Әбдіқанов биылғы жылы сот жүйесінде болған мультипликативтік әсер берген заңнамалық  өзгерістерді де ерекше атады. Меншік құқығын күшейту мен соттың жүктемесін азайтуға бағытталған жоспарлы жұмыс туралы, сот санкцияларының санын азайту, экономикалық сотқа талап арыздардың келіп түсуін едәуір азайтқан мемлекеттік сатып алулар мәселелері бойынша түзетулердің күшіне енуі туралы айтылды. Азаматтық процестік кодексте азаматтарды нотариусқа жүгінуге итермелейтін қосымша ынталандырмалар пайда болды, сот құрылысының өзінде де өзгерістер орын алды. «Осы өзгерістердің барлығы Конституциядағы ережелермен тығыз байланысты, олар мемлекет дамуындағы жаңа кезеңнің бастамасы болды. Цифрландыруды енгізуге болатын және сол цифрландыруды ақтай алатын қоғамның әртүрлі тіршілік орталарын цифрландыру еліміздің гүлденуіне эволюциялық қадам жасауға мол ықпалын тигізбек», – деді Н. Әбдіқанов.

Заңнамада және құқық қолдану практикасында соңғы конституциялық өзгерістерді іске асырудағы тұрғыда конструктивтік пікір мен тәжірибе алмасу жүргізілді.

Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университеттің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Тақыр Балықбаев, Конституциялық кеңес жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестің мүшесі, Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университеттің Сорбонна-Казахстан Институтының директоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Айнұр Сәбитова, КазБар Заң кеңесшілері палатасы басқармасының мүшесі, Жоғарғы Сот жанындағы Халықаралық кеңестің мүшесі, заң ғылымдарының кандидаты Айгүл Кенжебаева Конституцияның адам, оның негізгі құқықтары мен бостандықтарын басшылыққа ала отырып жазылғандығын атап өтті. Конституциялық құндылықтарды бұдан әрі іске асыру жүйелік амалдарды, заң шығарушылардың және құқық қолданушылардың салыстыра тексерілген әрекеттерін, мұндағы мемлекеттің және де қазақстандық қоғамның барлық институттарының күш-жігерін қажет ететіндігі ерекше сөз етілді.    

Жұмыс сессиясы барысында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіндегі заң факультетінің деканы, заң ғылымдарының докторы, профессор Дәулет Байділдинов, Каспий университетінің ректоры, PhD докторы Жолдасбек Нүсенов, Д.А. Қонаев атындағы Еуразия заң академиясының Халықаралық құқық пен кедендік іс кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы, профессор Қабдұлсамих Айтқожин және тағы басқалары сөз сөйледі.   

Мемлекеттің негізгі заңы Қазақстанның тұтастай құқықтық жүйесінің өзегі жұмысын атқарады және оның басқа да заңдарының мәні мен мазмұнын анықтайды. Емін-еркін талқылау барысында Алматы қаласының судьялары Конституцияның жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғаудағы қызметін айқындайтын мысалдар келтіріп өтті. Бұл жаһандық сын-тегеуріндердің алдында қоғамға құқықтық орта аясында дамуға мүмкіндік беретін сот билігінің ерекше рөлін көрсететін бірден бір көрініс. 

Талқылаудың нәтижесінде ұсыныстар түзілді. Форумға қатысушылар Тамыз оқуларының аясындағы жұмысқа қанағаттандырылғандарын айтып, оны жыл сайын өткізу туралы ұсынысты қолдады.  

Қайнар: 
Алматы қалалық соттардың баспасөз қызметі