Жоғарғы Сот Мемлекеттік туды терезеге ілген қазақстандықтың әрекетінде заң бұзушылықтың жоқтығын анықтады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Өткен жылдың қазан айының соңында Қызылордадағы Ішкі істер басқармасының учаскелік инспекторы қала тұрғыны Сұлтан Тұмашиновқа тиесілі пәтердің терезесінде ілініп тұрған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көріп, осы азаматқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырған.

Қызылорда қалалық ІІБ жергілікті полиция қызметі бастығының қаулысына сәйкес С.Тұмашиновқа Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 458-бабының 1-бөлігін бойынша, яғни Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын заңсыз қолданғаны үшін 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынған. Әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы қаулымен келіспеген С.Тұмашинов сотқа шағымданған.

Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік соты шағымды қанағаттандырусыз қалдырғандықтан, С.Тұмашинов Бас прокуратураға жүгінген. Өз кезегінде Бас прокуратура Жоғарғы Сотқа кассациялық наразылық жолдаған.

Наразылықта Мемлекеттік туды тұрғын үйге іліп қою заңға қайшы емес және іс материалдарында С.Тұмашиновтың мемлекеттік нышанды ұлттық стандарт талаптарын бұза отырып қолданғаны туралы деректер жоқ делінген. Тудың матасына тиісті сараптама жүргізілмеген, стандарттау және метрология қызметінің қорытындысы жоқ.

Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасы кассациялық наразылық бойынша келіп түскен осы әкімшілік істі қарай келе, С.Тұмашиновтың әрекетінен ӘҚБтК-нің 458-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық құрамының белгілерін таппады.

Осыған орай Қызылорда қаласы ІІБ жергілікті полиция қызметінің 2017 жылғы 29 қазандағы және Қызылорда қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының 2017 жылғы 21 қарашадағы қаулыларының күші жойылып, іс жүргізу тоқтатылды.

Жоғарғы Сот Мемлекеттік нышандар мен символдарды азаматтардың қолдануы туралы тиісті қағиданы әзірлеу қажеттігі туралы Үкіметке хат жолдады. 

Источник: 
ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі