Жоғарғы Сот азаматтарды жеке қабылдаудың жаңа тәртібін іске қосты

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Соттардың қызметін қамтамасыз ету бойынша департамент басшысы Нұрсерік Шәріпов БАҚ өкілдері үшін Жоғарғы Сотта азаматтарды жеке қабылдаудың жаңа тәртібін таныстырды.  

Іс-шараға жоғары сот органының судьялары Елена Максюта, Асқаржан Кенжеғарин, сондай-ақ Департаменттің жауапты қызметкерлері қатысты.

Н.Шәріпов жаңа жүйені таныстыра келе, егер бұрын азаматтарды қабылдау айына бір рет жүргізілсе, енді ол демалыс және мереке күндерін қоспағанда, күн сайын жүзеге асырылатындығын атап өтті. Қабылдауды жүргізетін тұлғалардың саны артты. Жоғарғы Соттың Төрағасы, сот алқаларының төрағалары мен Департамент басшысынан басқа, енді жеке қабылдауды Жоғарғы Сот судьялары, Сот жюриі мен Судья әдебі жөніндегі комиссия өкілдері, сондай-ақ Жоғарғы Сот Төрағасының кеңесшілері мен хатшылық меңгерушісі жүргізетін болады. Жоғарғы Сот судьялары күн сайын, Жоғарғы Сот Төрағасының Хатшылығы – апта сайын, ал қалғандары айына бір рет қабылдайды.

Әрбір лауазымды тұлғаның қабылдау ерекшелігі айқындалды. Жоғарғы Сот Төрағасы – ұсынымдарды енгізу мәселелері, Жоғарғы Сот алқаларының төрағалары мен судьялары – заң бойынша кассацияда қарауға жатпайтын және кассацияға беруден бас тартылған істер, Хатшылық меңгерушісі, Жоғарғы Сот Төрағасының кеңесшілері – кассациямен келіспеу мәселелері, Сот жюриінің және Судья әдебі жөніндегі комиссия өкілдері – судьялардың іс-әрекеттеріне, әдебіне шағымдар, Департамент басшысы – сот қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне, әдебіне және олардың жұмыстарын ұйымдастыруға қатысты келіп түскен шағымдар бойынша қабылдайды. 

Жоғарғы Сот Төрағасының жеке қабылдауында болу үшін бірінші кезекте Жоғарғы Соттың алқа төрағаларының немесе судьяларының, сондай-ақ Жоғарғы Сот Төрағасы хатшылығы қызметкерлерінің қабылдауынан өту қажет.

Қабылдау алдын ала жазылу бойынша өткізіледі.

Өтініш берудің қалыптасқан тәсілдерінен (почта/қолма-қол) бөлек, азаматтар бұдан былай Жоғарғы Соттың сайты (www.gov.sud.kz) арқылы да жазыла алады. Азамат өтінішінде жеке деректерімен қоса, мәселенің мәнін, төмен тұрған соттардағы істердің нөмірін, қабылдауға қатысудың өзіне ыңғайлы  форматын (өңірлік сотқа келіп, бейнебайланыс немесе Жоғарғы Соттағы жеке қабылдау арқылы) көрсетуі тиіс. Егер де азаматтың мәселесі қабылдауда қарауға жатпайтын болса, бұл туралы сайтта автоматты түрде тиісті түсіндірме беріледі. Жоғарғы Сот сайтында қабылдауға жазылу туралы өтініш бланкісін жүктеп алып, оны толтырғаннан кейін почта арқылы жіберуге де болады. Қабылдау туралы шешім шығаруға қажетті барлық ақпарат өтініште көрсетілгеніне сенімді болу үшін осылай істеген жөн.

Н.Шәріпов азаматтардың жеке қабылдауға жүгінуі алдында өздері келіспейтін сот актілеріне шағымданудың барлық процестік мүмкіндіктерін (апелляциялық немесе кассациялық тәртіпте) пайдалануы қажеттігін де еске салды. Сонымен қатар, егер Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымы арқылы сот актілерін қайта қараудан бұрынырақта бас тартылған жағдайда, заңға сәйкес мұндай істерді қайта қарауға жол берілмейтіндігін ескерген жөн.

Қабылдау күн сайын сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін (13.00-ден 14.30-ға дейін үзіліс) жүзеге асырылады. Осылайша бір күн ішінде 30 адамға дейін қабылдануы  мүмкін.  

Тіркеуден кейін әр өтініш бойынша жеке қабылдауға жазу мүмкіндігі зерделенеді. Электронды өтінім берілген жағдайда, бес жұмыс күні ішінде өтініш беруші туралы мәлімет жеке қабылдау кестесіне енгізіледі. Жазылушы азамат өзінің мәртебесін Жоғарғы Сот сайтының «Азаматтарды қабылдау» бөлімі («Қабылдауға электронды жазылу мәртебесін тексеру» бөлімшесі) арқылы тексере алады. Жеке қабылдауға жазудаг бас тартылған жағдайда, бұл туралы жүгінушіге электронды нысанды толтыру кезінде-ақ хабарланады.

Жоғарғы Сотқа қағаз арқылы (почта немесе қолма-қол) келіп түскен өтініш бес жұмыс күні ішінде өңделеді. Қорытындысы бойынша жеке қабылдауға жазу немесе одан бас тарту туралы жазбаша жауап жіберіледі. Өтініш берген адаммен жеке қабылдаудың күнін келісу үшін телефон арқылы алдын ала сөйлеседі. Сондықтан өтініште ұялы телефонның қолданыстағы нөмірін көрсету қажет.  

Егер өтініште телефон нөмірі көрсетілмеген немесе Жоғарғы Сот қызметкері хабарласа алмаған жағдайда, қабылдауға жазу артығымен, яғни 15 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Бұл уақыт хатты жеткізу және өтініш берушінің қабылдауға келуі үшін беріледі.

Қабылдауды жүргізу кезінде аталған істі (кассацияда алдын ала жеке немесе кассацияда) қарауға бұрын қатысқан судьялар қатыспайды. Жеке қабылдауды жүзеге асыратын тұлға алдын ала өтініш беруші қозғап отырған мәселе бойынша барлық қажетті материалдарды зерделейді.

Жаңа форматта жеке қабылдауды жүргізу үшін Жоғарғы Сотта арнаулы орынжай көзделген. Бұл азаматтар үшін барлық жағдай жасалған жаңа блок. Онда күту залы және жеке қабылдауға арналған екі кабинет бар. Олардың дизайны психологиялық жайлы атмосфера жағдайында әңгіме жүргізу үшін сарапшылардың ұсыныстары ескеріле отырып, ашық түсте әзірленген.  Кабинеттерде судьялар үшін ұйымдастыру техникасы бар және соттардың ақпараттық жүйесіне қолжетімдікті қамтамасыз етілген жұмыс орындарымен жабдықталған.

Жалпы барлық жоғарыда көрсетілген жаңашылдықтар Жоғарғы Сотта азаматтарды жеке қабылдау жүргізудің тиісті қағидаларында жазылған.

«Жеке қабылдаудың жаңа тәртібі – халықтың талабын қанағаттандыратын және қолданыстағы заңнамаға, әсіресе, судьялардың тәуелсіздігін сақтау бөлігіне сәйкес келетін жүйелік шешім» - деді Н.Шәріпов.

Күнделікті жеке қабылдау, оны жүргізудің түсінікті қағидалары, алдын ала жазылудың ашық жүйесі, кім және қандай жағдайларда қабылдауға жазылудың айқын талаптары – осының барлығы кез келген өтініш беруші азамат пайдалана алатын бірыңғай алгоритмді құрайды. Бұл ретте, осы жүйе Жоғарғы Соттың тәртібі бойынша сотта қаралуға жатпайтын сұрақтарды қоса алғанда, сот төрелігінің барлық түйткілді мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Осылайша әрбір азаматтың заңға сәйкес Жоғарғы Сотта өз ісі бойынша пікірін білдіру мүмкіндігі болады. 

Источник: 
Жоғары Соттың Баспасөз қызметі