Семейде экологиялық заңнаманы қолдану мәселелері талқыланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Семейде экологиялық заңнаманы және сот төрелігіне қол жеткізу жөніндегі Орхус Конвенциясының ережелерін қолданудың түйткіл мәселелері бойынша екі күндік семинар өтті.

Оның жұмысына Жоғарғы Соттың судьясы Бейбіт Шермұхаметов, Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Қайрат Чакпантаев, ЕҚЫҰ бағдарламаларының         Нұр-Сұлтан қаласындағы Кеңсесінің Экономика және экология бөлімінің меңгерушісі Рати Джапаридзе, Алматы қаласының, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының судьялары, экологиялық салада жұмыс істейтін мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Отырысқа қатысушылар Конвенцияның ережелерін іске асыру және барлық мүдделі тараптар арасында экологиялық проблемалар туралы халықтың хабардар болуын арттыруға және экологиялық заңнаманың дұрыс қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталған ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі өзекті мәселелерді қарады. Қазақстан БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының Конвенциясын 2000 жылы ратификациялады. Ол қоршаған ортаны қорғаудың маңызды халықаралық заңнамалық құралдарының бірі болып табылады.

«Экология саласындағы заңның үстемдігін нығайту үшін ұлттық және халықаралық құқықтық режимдерді іске асыру қажеттігін мойындау маңызды. Осы орайда судьяның міндеті - халықаралық экологиялық заңнама нормаларын ұлт мүддесі тұрғысынан дұрыс қолдана білу", - деп атап өтті Бейбіт Шермұхаметов.

Рати Джапаридзенің айтуынша, олардың қызметі ұлттық және өңірлік деңгейде өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға және экологиялық маңызды мәселелерді шешуде қоғамның барлық өкілдерінің тең қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Семей қалалық сотының судьясы Назгүл Мұқашева республика азаматтарының қолайлы қоршаған ортаға құқығы экологиялық заңнамада әлі де нақты сипатқа ие емес екенін және баяндау тұрғысында қалып отырғанын атап өтті. Экологиялық заңнамада қолайлы қоршаған орта туралы түсініктің және қолайлылық өлшемшарттарының нақты анықтамасы жоқ.

Конвенцияның негізгі ережелерін іске асыру мақсатында қолданыстағы заңнаманың қайшылықтары мен олқылықтарын жойып, экологиялық қана емес, сонымен бірге азаматтық, әкімшілік, қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру қажет.

Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар тапсырылды.

 

Источник: 
Шығыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі