Пилоттық жобалар соттардың күнделікті жұмысында кеңінен іске асырылуда

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Шымкент қалалық сотының төрағасы Ербол Рахымбеков пен қала полициясы департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетов «Түнгі сот» пилоттық жобасын іске асыру жөнінде семинар-кеңес өткізді. Кеңес жұмысына судьялар мен полиция қызметкерлері қатысты.

Е. Рахымбеков өз сөзінде материалдық залал келтірілген жол-көлік оқиғаларының «Түнгі сот» пилоттық жобасы іске асырыла бастаған бес айдың ішінде сотта дереу қарала бастағанын атап өтті. Бұл сақтандыру төлемдерін жедел өтеуге мүмкіндік берді.  

Мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Серік Ниязбек семинар барысында 4 ай ішінде «Түнгі соттың» 946 істі қарағанын айтты. Осы істерге шағым берілген жоқ. Бұл орайда жол-көлік оқиғасына қатысушылар осы жаңалықты заңнамалық деңгейде бекітудің қажеттілігі туралы тілек білдірді.

 

Батыс Қазақстан облыстық соты кезекті сот отырысын өткізген кезде талапкер процеске Алматы қаласында жүріп смартфонның «Tru conf» мобильді қосымшасының көмегімен бейнеконференцбайланыс арқылы қатысты.

Талапкер істі қарау басталғанға дейін өзінің өтінішхатында сот отырысын қашықтан жүргізу тәртібімен өткізу жөнінде тілек білдірген болатын.

Мобильді қосымшаны пайдалану сот төрелігіне қол жеткізуді оңайлатып, уақыт пен қаржыны да үнемдеуге мүмкіндік берді. Осының нәтижесінде кәсіпкер Алматыдан шықпай-ақ өзін алқа отырысында тыңдату құқығын пайдаланды. Мұның өзі сотқа істі бір күннің ішінде қарауға мүмкіндік берді.

 

Жамбыл облыстық сотында бір ЖШС жалдау шартының тармақтарын жарамсыз деп тану және соманы өндіру туралы басқа ЖШС-ға және жеке кәсіпкерге талап қойып сотқа жүгінді. Талапкер Павлодар қаласында жүріп өзінің сот отырысына  бейнеконференцбайланыс арқылы қатысқысы келетіні туралы тілек білдірген болатын.

Сот алқасы азаматтық сот ісін жүргізу тәртібін сақтады. Іс бойынша тараптардың тең құқықтылығы мен бәсекелестік жағдайы қамтамасыз етілді. Арадағы қашықтыққа қарамастан талапкер шағымның уәждерін растау үшін дәлелдемелер ұсыну және өтінішхаттар мәлімдеу құқығынан айырылған жоқ.

Қазіргі уақытта республика соттарында қолданылып отырған жаңа технологиялар кез келген азаматтық істі жедел әрі көпшіліктің көз алдында өткізуге мүмкіндік беруде. Осы ретте уақыт та үнемделеді әрі азаматтық процеске қатысушылардың құқықтары мен мүдделері қай сатыда болмасын қатаң сақталады.

Источник: 
Жергілікті соттардың баспасөз қызметі