Қазақстан судьяларының делегациясы Татарстанға барды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Делегация құрамында Жоғарғы Сот судьясы Бауыржан Жұмағұлов, Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Нұрлан Қайырбеков, судьясы Елдос Жұмақсанов, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Мұхтар Төлеген болды.

Сапар Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын мерекелеуге және 2020 жылы Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізуге орай ұйымдастырылған. Жұмыс сапары барысында қазақстандықтар Қазан (Приволжск) Федералды университетінде болды, онда көрмені ұйымдастыру және осы көрмеге ең құнды тарихи құжат - Абай Құнанбаевтың «Қарамола Ережесі» кітабының түпнұсқасын жеткізу туралы келісімге қол жеткізілді.

Араб графикасында жазылған «Қарамола Ережесі» заңдар жинағы Лобачевский атындағы Ғылыми кітапханада 135 жыл бойы сақталып келеді. Онда - сол кездегі құқықтық қатынастарды реттейтін 74-бап бар. Қазіргі таңда Ресейден Қазақстанға құнды экспонатты жеткізу бойынша ұйымдастыру мәселелері  қаралып жатыр.

Қазақстандықтар Татарстанның Жоғарғы Сотына, Конституциялық Кеңесіне және Әділет министрлігіне барды, өткен кездесулерге қатысушылар тәжірибе алмасты, сот жүйесін дамыту туралы ақпаратпен бөлісті.

Атап айтқанда, Қазақстан судьялары «Отбасы сот» және «Түнгі сот» пилоттық жобаларын іске асыру туралы ақпарат бере отырып, олардың тиімділігін, сондай-ақ сот ісін жүргізудің ақпараттандырылуын, бітімгершілік рәсімдерді насихаттауды, заңдарға енгізілген бірқатар түзетулерді атап өтті.

Татарстан судьяларына  Қазақстанның сот жүйесіндегі қайта құрылымдар туралы бейнеролик көрсетілді. Қазақстандықтар жүктемені азайту және Медиацияны дамыту жөніндегі сұрақтарға толық  жауап берді.

Кездесуге қатысушылар ынтымақтастықты дамытуға  өзара мүдделі екендіктерін білдірді.

Источник: 
Шығыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі