Қайрат Мәми Жоғарғы Сот Төрағасы ретінде азаматтардың алғашқы қабылдауын өткізді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

3 желтоқсанда өткен қабылдауда Қазақстанның  өңірлерінен келген  жиырмадан астам азамат болды.

Олардың басым көпшілігі барлық сот сатыларынан өтпегеніне, сондай-ақ сот актілеріне апелляциялық және кассациялық тәртіппен шағым беру мүмкіндігі болғанына қарамастан,  Жоғарғы Сот басшылығы оларды қабылдап, өтініштерін тыңдады.

Шағымдардың басым дені мүліктік сипатта, атап айтқанда тұрғын үйді, жер учаскесін иеліктен айыруға, сақтандыру төлемдерін өтеуге, басқа да мәселелерге байланысты болды. Бірқатар азаматтар қылмыстық істер бойынша шығарылған сот үкімдерін қайта қарауға өтініш білдірді.

Мысалы, азаматша З.Әбішеваның Қарағанды қаласы аудандық сотының үкімімен сотталған жұбайына қатысты сот актісін қайта қарау жөніндегі өтінішіне орай  істі заңда белгіленген тәртіппен Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының іс жүргізуіне беру туралы шешім қабылданды.

Шағыммен келген азаматтарға сот актілеріне басқа да сатыларға  шағымдану құқығы толық түсіндірілді. Бұдан басқа, жекелеген өтініштерге қатысты Қайрат Мәми арыз иелерінің істері бойынша мән-жайларды зерделеуге тапсырма берді.

Азаматтардың басым бөлігі қабылдау нәтижелеріне көңілдері толғанын жеткізіп, өздерінің көкейкесті мәселелеріне назар аударылғанына ризашылығын білдірді.

Жалпы  азаматтардың өтініштері мен шағымдарына  мұқият зер салып, оларды объективті қарау мәселесі Судьялардың VI съезінің қорытындылары бойынша жергілікті соттардың төрағаларымен өткізген кеңесте кеңінен талқыланған болатын.

Қазіргі уақытта жекелеген санаттағы істер бойынша азаматтардың өтініштерін қорыту және олардың шағымдану себептерін анықтау бойынша жұмыс басталды. Оның нәтижелері жыл қорытындысы бойынша жергілікті соттардың төрағаларымен өтетін кеңесте қаралатын болады.