Астанада сот-құқық реформаларын іске асыру тұрғысынан адам құқықтарын сақтау мәселелері талқыланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Астанада «Адам құқықтары және әділ сот төрелігі: заманауи ұстаным көкжиегі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Іс-шара Адам құқықтары жөніндегі жалпыға бірдей декларацияның қабылдануына 70 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Форумды Жоғарғы Сот пен Сот төрелігі академиясы Ұлыбританияның Астанадағы елшілігінің, Ф.Эберт атындағы қордың және PRI-дің Орталық Азиядағы өкілдігінің қолдауымен өткізді.

Конференция жұмысына Жоғарғы Соттың, Конституциялық Кеңестің, Парламенттің, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, Жоғары Сот Кеңесінің, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның, мүдделі мемлекеттік органдардың, еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері мен құқық қорғаушылар қатысты.

Екі сессия барысында конференцияға қатысушылар адам құқықтары мен әділ сот төрелігі саласындағы өзекті мәселелерді талқылады.

Сот төрелігі академиясының ректоры Төлеш Қаудыров форум жұмысын аша келе, Адам құқықтары жөніндегі жалпыға бірдей декларацияны ХХ ғасырдағы ең маңызды құжаты деп атады. Ол 1992 жылдан бері Қазақстан БҰҰ-ға мүше мемлекет ретінде осы құжатта жарияланған жалпыадамзаттық құндылықтар мен стандарттарды қолдайтындығын еске салып өтті. Т.Қаудыров республиканың саяси-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық салаларға қатысты қабылдаған шаралар кешенін іске асыру барысына, сондай-ақ сот жүйесін жаңғыртудың жеті стратегиялық бағыты шеңберіндегі жұмыстарына қатысты ойларымен бөлісті. «Әрбір азаматтың әділетті сот талқылауын талап етуге құқығы бар. Қазақстан сот жүйесінің қызметі дәл осы міндетті іске асыруға бағытталған. Сот ісін жүргізуге қоғам өкілдерін қатыстыру мақсатында республикада алқабилер институты жұмыс істейді», - деді ол.

Ф.Эберт атындағы қор мен PRI-дің Орталық Азиядағы өкілдігінің өкілдері Гүлнар Көшербаева мен Азамат Шәмбілов форум қатысушыларына арнап кіріспе сөз сөйледі.

Форумда Жоғарғы Соттың судьясы Бауыржан Жұмағұлов, Сот төрелігі академиясының вице-ректоры Нәзила Раззақ, осы оқу орнының Судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерін қайта даярлау және біліктілігін арттыру институтының директоры Ермек Әбдірасылов, ҚазМЗУ-дің «Право и государство» журналының бас редакторы Сергей Ударцев, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессорлары Қуаныш Балтабаев пен Марат Сәрсембаев, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы Серік Оспанов сөз сөйледі.

Олар адам құқықтарының аспектілері, билер соты, заң мен құқық үстемдігі, қоғамның сенімін арттыру мәселелерін ортаға салды. Әңгіме Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесі мен заманауи тәсілдері, адам құқықтары саласындағы халықаралық және ұлттық стандарттар жөнінде де өрбіді. Адам құқықтарын қорғау мақсатында екі құқықтық жүйені біріктіруші – АХҚО қызметі мен қоғамдағы келісім мен татуластыру институты – медиацияны дамыту жолдары айтылды.

Іс-шара соңында спикерлер Қазақстанның адам құқықтары саласындағы жалпыадамзаттық стандарттарды ілгерілетуге қосқан үлесін атай келе, тиісті қарарды қабылдады. 

Источник: 
Жоғары Соттың Баспасөз қызметі