Мұратғали Әкетай, Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы «Сот жүйесін дамытудағы соны серпіліс» // «Заң» газеті, 3.02.2016ж.

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Сот жүйесі 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап өз дамуының жаңа кезеңіне қадам басты деп сеніммен айтуға болады. Судьяларды даярлау мен іріктеу жөніндегі талаптардың күшейтілуі, үш буынды сот жүйесі, жаңа Азаматтық процестік кодекс, Жоғарғы Сотта инвестициялық даулар бойынша жаңа алқаның құрылуы және басқа да бірқатар жаңашылдықтардың бәрі Елбасы бастамасымен қабылданған «100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт Жоспарын іске асырудың нақты шаралары болып табылады.

Үстіміздегі жылдың алғашқы күндерінде Президентіміз тағы да өзіне тән күш-қайратпен  «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты бағдарламалық еңбегін жариялап, онда бес институттық реформа аясында атқарылатын шаралар мен алға қойған мақсаттарды кеңінен түсіндірді. Осы мақаласымен іс жүзінде Тәуелсіздігіміздің 25-інші жылын ашып, халқымызға еліміздің жақын болашақтағы даму жолын айқындап берді.

Ұлт Жоспары Қазақстан Республикасының әлемнің алдыңғы қатарлы отыз мемлекетінің қатарына енуін қамтамасыз етуге тиісті. Осы орайда барша қазақстандықтардың белгіленген реформаларды іске асыруға атсалысуының және олар беріп отырған мүмкіндіктерді пайдалануының мән-маңызы ерекше.

Ұлт Жоспарын орындауда сот жүйесі айрықша рөл атқаратындығын атап айтқан жөн. Осыған орай құжатқа республикамызды сот төрелігі саласында жалпыәлемдік стандарттарға қазіргіден де гөрі жақындата түсетін он бір нақты шара енгізіліп отыр.

Президенттің атап көрсеткеніндей, құқықтық реформаның мәні Қазақстанның тәуелсіз сот төрелігі тек қана азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуді, заңдардың қатаң орындалуын және құқық тәртібін нығайтуды көздейтіндігінде болып отыр. Бұл қағидатты қазақстандық сот жүйесі ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап ұстанып, соған сәйкес дамып келді. Осы жайлы Мемлекет басшысы 1996 жылы судьялардың бірінші съезінде атап айтқан болатын.

Бүгінде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты атқарған жүйелі де кешенді, бастамашыл жұмыстың нәтижесінде «Заңның үстемдігі» институттық бағдарламасында қарастырылған, сот жүйесін түбегейлі жаңғыртуға тікелей қатысты, аса маңызды қадамдар қазірдің өзінде іс жүзінде жасалды.

Жоғарғы Сот төрағасының мұқият ойластырылған жоспарлы іс-қимыл алгоритмінің арқасында Елбасы алға қойған міндеттердің бәрі тиісті мерзімде әрі жоғары сапалық деңгейде орындалды. Мәселен, 2015 жылғы 31 қазанда ел Президенті алғаш рет жаңа редакциядағы Азаматтық процестік кодекске (АПК) бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін қатыстыра отырып, бүкіл халықтың алдында қол қойды. Бұл заң тұрғындар үшін сот ісін айтарлықтай жеңілдетті, даудың кез келген сатысында тараптарды татуластыру жөніндегі жаңа тетіктер кеңінен енгізілді. Жаңа АПК-нің мәнін түсіну үшін қазіргі кезде сот істерінің көпшілігі азаматтық істер екендігін білу қажет, оның себебі адамдар күн сайын азаматтық құқықтық қатынастарға түседі. Жаңа АПК-ні дайындаған Жоғарғы Сот болғандығын және Елбасымыздың осы қадамы сот жүйесіне деген үлкен сенім мен оның жұмысына берілген оң баға екендігін атап айтқан жөн.

Жаңа АПК-де медиация институтын одан әрі жетілдіру қарастырылған, тараптарды татуластыру мүмкіндіктері кеңейтілген. Дауды реттеу тараптардың және олардың адвокаттарының қатысуы арқылы жүзеге асырылатын жаңа партисипативтік процедуралар енгізілген. Даулардың кейбір санаттары бойынша міндетті түрдегі сотқа дейінгі реттеу тәртібі орнатылған. Аталған шаралар дауларды шешу мерзімін қысқартуға, тараптардың моральдық және материалдық шығындарын азайтуға ықпалын тигізеді, мұның өзі процестің бастапқы сатыларында келісімдер жасалған жағдайда мемлекеттік бажды қайтаруға негіз болады.

Жоғарғы Сот аталмыш кодекске қол қойылғанға дейін бұрын соңды болмаған ауқымды жұмыс атқарып, келіп түскен екі мыңнан астам ұсынысты мұқият талдап, озық халықаралық стандарттарды, әлемнің жетекші елдерінің оң тәжірибесі мен заңнамасын егжей-тегжейлі зерттеп, бейімдеуден өткізді, оған еліміздің бүкіл азаматтық қоғамы атсалысты. Олар – ғалымдар, заңгерлер, жұртшылық, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдар. Нақ осындай сындарлы да іргелі тұрғыдан қараушылық қойылған міндетті табысты да сапалы шешуге мүмкіндік берді.

Тағы бір жаңашылдық – сот төрелігінің бес сатылы жүйесінен үш буынды жүйесіне көшу. Бұдан былай қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша аудандық және оларға теңестірілген соттар, соның ішінде мамандандырылған ауданаралық соттар – бірінші сатыдағы сот, облыстық және оған теңестірілген соттар – апелляциялық сатыдағы сот, ал, Жоғарғы Сот кассациялық сатыдағы сот болып саналады. Сот сатылары санының қысқартылуы бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың рөлін және жауапкершілігін күшейтуді көздейді. Сондай-ақ, енді сот шешімдері заңды күшіне тезірек енетін болады, сот мәжілістері жедел өткізіледі.

Солтүстік Қазақстан облыстық сотында өткен жылы сот төрелігін жаңартылған заңнама негізінде атқаруға қажетті дайындық шараларының барлығы өткізіліп, қазіргі уақытта істер алқалы құрамда қаралу үстінде. 

Сот ісінің бес сатылы жүйесінен үш буынды моделіне көшуді нақты іске асыру аясында Жоғарғы Соттың жұмыс көлемі мен жүктемесі елеулі мөлшерде арта түсті. Осыған орай Жоғарғы Сот судьяларының және оның аппаратының саны көбейтілді. Мұның өзі  өңірлердегі судьялар мен сот мамандарының бос орындары есебінен іске асырылғандығын атап айту керек. Резерв комиссиясының кадр топтары құрылып, олар жергілікті жерлерге – облыстық соттарға барып, Жоғарғы Сот судьяларының кадр резервін қалыптастыру үшін кандидаттарды іріктеу жұмысын тікелей жүргізді. Одан соң резервке енгізілген судьялар Жоғарғы Соттың жалпы отырысында мұқият зерттеліп, іріктелді. Соның нәтижесінде Мемлекет басшысының ұсынысымен Парламент Сенаты Жоғарғы Соттың жаңа 32 судьясын сайлап, олар ант қабылдады. Олардың қатарына бай жұмыс тәжірибесіне, мінсіз моральдық қасиеттерге, әріптестері арасында құрмет пен беделге ие, ең жоғары деңгейдегі  кәсіби шеберлер енді. Бәрі де осыған дейін де істерді қарауға тікелей қатысып жүрген судьялар болып табылады.

Елбасының атап көрсеткеніндей, Қазақстанның дамудың биік әлемдік стандарттарына жетуіне ықпалын тигізетін жаңа ұлттық заңнама қазірдің өзінде күшіне енді. Сондықтан да қазақстандықтардың оны біліп қана қоймай, заң жүзінде өздеріне күнделікті өмірде, экономикалық қызметте немесе қоғамдық қатынастарда беріліп отырған жаңа мүмкіндіктерді пайдалана білуінің маңызы ерекше екендігі айқын көрсетіліп отыр. Біз бұл пікірді толығымен қолдаймыз. Жоғарғы Сот үлкен норма шығармашылық жұмыс атқарып, барлық жаңашылдықтар құқықтық деңгейде бекітілді.

Біріншіден, судья кадрларын іріктеу мен даярлауды жетілдіруге, судьяларды іріктеу талаптары мен тетіктерін қатаңдатуға, олардың жауапкершілігін күшейтуге айрықша назар аударылды.

Мемлекет басшысы сот төрелігін үлкен өмірлік тәжірибесі бар және жоғары моральдық ұстанымдарға ие ең лайықты әрі барынша дайындалған кәсіби шеберлер жүзеге асыруы тиіс деп атап көрсеткен болатын. Судьяларды іріктеу және тағайындау процесі қоғам үшін мөлдір де ашық болуға тиісті. Осыған орай, Жоғары Сот Кеңесінің тұрақты негізде жұмыс істейтін, судьялардың тәуелсіздігі мен оларға ешкімнің тиіспеуіне кепілдікті қамтамасыз ету үшін құрылған тәуелсіз орган ретіндегі биік мәртебесі бекітілді. Кеңес құрамы оған қызмет істеп жүрген судьялар мен отставкадағы судьяларды, беделді заңгер-ғалымдарды енгізу есебінен кеңейтілді. Сондай-ақ, Кеңес құрамына алғаш рет шетелдік сарапшыларды да енгізу қарастырылды. Азаматтардың судьялардың іс-қимылы мен тәртібіне байланысты Сот жюриіне арыздану мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған шаралар кешені жасалды. Ол бұдан былай жекеленген екі комиссиядан – біліктілік және тәртіптік комиссияларынан тұрады.

Әрбір судья мен судьялыққа кандидатқа қойылатын талаптар күшейтілді. Судьялыққа кандидат үшін заңгерлік жұмыс өтілін ұлғайту, сот отырыстарына қатысудың бесжылдық өтілі қажеттілігін енгізу, негізгі жұмыс орнынан босатыла отырып, тағылымдамадан өту мерзімін ұзарту, жаңадан сайланған судьялар үшін бір жылдық сынақ мерзімін енгізу туралы ұсыныстар қолдау тапты. Алғаш рет жоғары тұрған соттар судьяларының кепілгерлік институты енгізілді. Соған сәйкес кепілгерлік беруші судья өзі ұсынған адамның заңнама талаптарын қадағалауына жауап беретін болады. Аталған шаралар әрбір судьялыққа кандидаттың жауапкершілігін күшейтетіндігі сөзсіз. Ол сот төрелігін атқаруға кіріспес бұрын өзінің заңның үстемдігін қамтамасыз ету мен азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғаудағы маңызды рөлін жете түсінуге тиісті.

Қазірдің өзінде қоғамның жаңа судьяларды іріктеуге қатысуы үшін барлық жағдай туғызылғандығын айрықша атап өткім келеді. Мәселен, облыстық соттардың барлығында Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестер құрылған. Олар міндетті түрде әрбір судьялыққа кандидаттың осы жоғары лауазымға лайықтылығы мәселесін қарайды. Олардың міндеті – үміткердің моральдық бейнесін зерттеп білу. Судьялыққа кандидатты судья лауазымына тағайындау үшін аталмыш Кеңестің қорытындысы қажет. Оның құрамына үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, беделді заңгерлер мен отставкадағы судьялар кіреді. Солтүстік Қазақстан облыстық сотында Кеңес мүшелері мен судьялыққа кандидаттардың тізімдері сайтқа орналастырылған. Ынта танытқан кез келген адам кез келген кандидат жайлы өз пікірін білдіре алады. Бұл судьяларды іріктеу жөніндегі жұмыстың мөлдірлігін айғақтап, қоғамның осы үдеріске қатысуына мүмкіндік береді.

Жоғарғы Сот төрағасы бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдарында әрдайым сот жүйесін үздік кадрлармен қамтамасыз ету, аудандық деңгейден Жоғарғы Сотқа дейін әрбір судьяның кәсіби білімі мен жеке қасиетіне қойылатын талапты арттыру мәселелерін басымдықтар қатарында атап көрсетіп келеді. Алға қойған міндеттерді іске асыру бойынша айқындалған басымдықтар мен жасалған тиімді стратегия судьялар үшін жұмысты күшейту мен жауапкершілікті арттырудың бұлжымас сара бағыты, әрі қуатты ынталандыру болып табылады.

Екіншіден, Жоғарғы Сот құрылымы өзгертілді. Оның құрамында ірі инвесторлар қатысатын инвестициялық дауларды қарайтын, жаңа мамандандырылған сот алқасы құрылды, ал, қалған инвестициялық даулар Астана қаласы сотының заң құзыретіне енгізілді және ол осындай дауларды бірінші сатыдағы сот ережелері бойынша қарайтын болады. Бұл еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік беріп,  инвестициялар мен кәсіпкерлікті құқықтық тұрғыдан қорғауды жаңа деңгейге көтереді, бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдайлар туғызады және инвесторлардың қазақстандық сот төрелігіне деген сенімін арттыруға жетелейді.

Жақында ғана Жоғарғы Соттың жалпы отырысы болып, онда Халықаралық Кеңестің ережесі, сандық және дербес құрамы бекітілді. Оны құру Ұлт Жоспарының 25-інші қадамында жазылған. Кеңес консультациялық-кеңесшілік орган ретінде озық халықаралық стандарттарды ұлттық сот төрелігі жүйесіне имплементациялау туралы ұсынымдар жасауға бағдарланған. Ол сот төрелігі жүйесіндегі зерттеулердің басым бағыттарын анықтайды, судья кадрларының біліктілігін арттыру бағдарламаларын іске асыруды, инвестициялық дауларды қарауға байланысты нақты сот істері бойынша қорытындылар беруді және адам құқықтары мен бостандықтарын сотта қорғау тиімділігін арттырудың, құқық үстемдігін орнатудың басқа да шараларын қамтамасыз етеді.

Үшіншіден, тергеу судьясына азаматтардың құқықтарын шектейтін тергеу іс-қимылдарының барлығын санкциялау жөніндегі өкілеттіктерді кезең-кезеңімен беру есебінен соттарда қылмыстық сот ісін жүргізуде айыптау мен қорғау арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету жұмысы атқарылу үстінде. Бұл ретте енді адамның құқықтарына байланысты барлық іс-қимыл тек соттың санкциясы арқылы жасалатындығын атап айтқан жөн. Бұдан былай тергеу органдары тергеуге алынған адам мен оның адвокатының қатысуымен өтетін толыққанды сот отырысы аясында күдіктіге қатысты қамаққа алу, үйқамақта ұстау, кепіл және басқа шараларды қолданудың  қажеттілігін дәлелдеуге тиісті. Бұл халықаралық стандарттарға толық сәйкес келеді және адам құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етеді.

Алқабилер соттарын қолдану саласын кеңейту міндеті де орындалу үстінде. ТМД елдерінің арасында біздің еліміз алғашқылардың бірі болып, демократияға тән және Қазақстанның адам, оның құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылықтар саналатын құқықтық мемлекет екендігі туралы конституциялық норманың көрінісі болып табылатын аталмыш институтты заң жүзінде енгізді.

Жаңартылған заңнамада азаматтық-құқықтық дауларға прокурордың қатысуын қысқарту, тараптардың жарыспалылығы принципінің мәнін күшейту, істерді сот талқылауына дайындау сатыларын жетілдіру, тараптарды шақырусыз, бұйрық арқылы іс жүргізуді қолдану аясын кеңейту қарастырылған.

Сот процестерін міндетті түрде дыбысбейнежазу ойдағыдай енгізілуде. Жазуды тоқтату немесе дыбысбейнежазу материалдарын редакциялау мүмкіндіктерін болдырмайтынын атап өту керек. Бұл, бір жағынан, нақты сот істерін қарау кезінде судьялардың объективтілігін қамтамасыз етудің елеулі кепілдерінің бірі болса, екінші жағынан, судьяларға, сот мәжілісіне қатысушы тараптарға талапты арттырудың, олардың өз тәртібін нығайтуының ықпалды құралы болуға тиіс. Мұның өзі түпкі нәтижесінде судьялардың іс-қимылдарына байланысты түсетін негізсіз шағымдар мен арыздардың санын азайтуға әкеледі.

Төртіншіден, Мемлекет басшысы қазақстандық соттардың төрағалары өздерінің құқы теңдердің ішіндегі жолы кеңдері екендіктерін ұмытпаулары маңызды деп атап айтты. Бұл заң жүзінде бекітілген: Қазақстан Республикасының барлық соттарының судьялары Президент Жарлығымен тағайындалады, Жоғарғы Сот судьяларын Президенттің ұсынуымен Парламент Сенаты сайлайды. Судья сот төрелігін іске асыруда тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады, сот төрелігін іске асыру жөніндегі соттың қызметіне қандай да болсын араласуға жол берілмейді және ол заң бойынша жауапкершілікке әкеліп соғады.

Бесіншіден, мақалада сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайту шараларына айрықша назар аударылған. Судьялар тәуелсіздігінің маңызды әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету мақсатында елімізде құрметті зейнетке шыққан судьяларға өмір бойы берілетін ай сайынғы қамтылым төлеу оң шешімін тапты. Елбасы мақаласында дәл атап көрсетілгеніндей, бұл судьялардың сот төрелігін барынша объективті атқаруға бар ықыласын аударуға мүмкіндік береді.

Жоғарыда баяндалған өзгерістердің барлығы сот жүйесінің беделін арттырып, тәуелсіздігін нығайтып қана қоймай, сонымен бірге, әрбір судьяның сот төрелігін атқаруда өзіне сеніп тапсырылған өте маңызды да жауапты жұмысында жауапкершілігін күшейтуге ықпалын тигізеді.

Сот жүйесін одан әрі жаңғыртуға бағытталған құқықтық жаңашылдықтар дер кезінде қабылданғандығы және прогрессивті екендігі күмәнсіз. Жаңа заңнамаларды қабылдау еліміз тәуелсіздік алған сәттен бастап дәйектілікпен жүргізіліп келе жатқан сот реформасын қарқынды дамытуды жалғастыруға бағытталған.

Елбасының атап көрсеткеніндей, жаңартылған заңнама қоғамның сот жүйесіне сенімін арттыруға ықпал ететін болады. Осы орайда сот жүйесінің тиімділігін арттыру, тұрғындардың соттарға сенімін нығайту қай кезде болсын басым міндет болып келді және солай болып қалып отыр. Бұл, әлбетте, сот төрелігін іске асырудың сапасын жақсартумен тығыз байланысты. Нақ сот төрелігін сапалы да дер кезінде атқару қашанда заңдылық пен әділдіктің салтанат құруының, соттардың беделін көтерудің кепілі болып келді, сондай-ақ, жаңартылған заңнама жағдайында табысты жұмыс істеудің де кепілі болып табылады.

Жоғарғы Сот жергілікті соттарға қызметтің барлық бағыттары бойынша құқықтық көмек көрсету, сондай-ақ, біркелкі сот практикасын қалыптастыру мақсатымен зор талдамалық, әдістемелік және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Жүргізіліп отырған реформалар мен ауқымды өзгерістер тұрғысынан алғанда, мұның барша судьялар үшін үлкен практикалық мәні бар.

Соттардың жұмысына осы заманғы ақпараттық технологияларды енгізу жөніндегі жүйелі жұмыс жалғастырылуда. Сот ісін жүргізу мәселелері бойынша жылдам әрекет ету және жедел ақпараттандыру мақсатымен бірыңғай байланыс орталығы (Call-орталық) құрылып, ойдағыдай қызмет көрсетуде. Оған азаматтар мен заңды тұлғалар қоңырау шалып, сот жұмысының өздерін қызықтыратын кез келген мәселесі бойынша толық та кәсіби ақпарат ала алады. Бұл жаңашылдық азаматтардың өтініштеріне, ұсыныстарына және шағымдарына заңға сәйкес дер кезінде жауап беруге, судьялар мен сот қызметкерлерінің тарапынан жол берілген құқық бұзушылықтар жайлы хабарлар алуға мүмкіндік береді. Call-орталықтан алынған ақпарат апта сайын мұқият зерттеліп, талданады, оның нәтижелері соттардан қорғау іздеген адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзуға жол бермеу бойынша нақты шаралар қолдану үшін облыстық соттарға жолданады.

Жоғарғы Сот төрағасының тапсырмасымен өткен жылы облыстық және оған теңестірілген сот төрағаларының барлығы үшін дербес twitter-жолдары орнатылды. Олар он-лайн режімінде жетекші БАҚ-тардың барлық жаңалықтарымен танысуға мүмкіндік береді. Бұл жаңашылдық біздің отандық және әлемдік соңғы жаңалықтарды жылдам алып, маңызды оқиғаларды нақты уақытында қадағалап отыруымызға, ұтқыр қимылдауымызға септігін тигізеді. Мәселен, осы құрал арқылы Мемлекет басшысының еңбегі ресми жарияланған алғашқы минуттарда-ақ жан-жақты танысып, зерделеп, тиісті шараларды қолға алдық.

Жоғарғы Соттың ішкі порталында жаңа сервис – «Талдау» форумы енгізілген. Оған республика соттарының барлық санаттағы істер бойынша сот практикасын талдап қорыту материалдары салынады. Бұл форум сот істерін қараудың біркелкі практикасын қамтамасыз ету үшін құрылған. Оны тұрғындардың соттық дауларын шешу бойынша бірыңғай көзқарастарды қалыптастырып, қолдауға бағытталған тағы бір прогрессивті де пәрменді құрал деп білеміз.

Жаңашылдықтар «Электрондық үкіметтің» «Сот кабинеті» қызметі жағдайында тараптардың өз істеріндегі қозғалысты қадағалауына жағдай туғызатын мүмкіндіктерімен қоса алғанда, еліміздегі сот төрелігін іске асыруды жаңа сапалық деңгейге көтеруге тиісті. Ол барлық әлемдік стандарттарға сәйкес келеді. Мұның сот процесіне қатысушылардың барлығы үшін жақсылығы мол. Себебі, осылайша процессуалдық нормалар бұлжытпай сақталады, сот құжаттарымен танысудың жеделдігі мен ыңғайлылығы арта түседі. Осының бәрі азаматтар мен заңды тұлғалардың заңды құқықтары мен мүдделерін сот арқылы барынша қорғауды қамтамасыз етуге ықпалын тигізетіндігіне күмән жоқ.

Ұлт Жоспарын іске асыру мақсатында  судьяның кәсіби және моральдық бейнесіне қойылатын талаптардың  арттырылуына, сондай-ақ, судьяның жаңа Этикалық кодексін қабылдау қажеттігіне байланысты Судьялар одағының Орталық Кеңесі Судьялар одағының жетінші съезін 2016 жылғы маусым айында өткізу туралы қаулы қабылдады.

Қорыта айтқанда, өткен 2015 жыл сот жүйесін реформалаудың даму барысындағы ең бір бетбұрысты, оқиғаларға толы, табысты жылдардың бірі ретінде енетіндігі сөзсіз. Жүргізіліп жатқан реформалардың маңыздылығы әрі дер кезінде іске асырылып отырғандығы да анық. Солардың арқасында құқықтық тәртіптің жалпы жүйесі өзгертіліп, сот төрелігі бұрынғыдан да ашық, әділ, жедел және қолжетімді бола түседі. Қазіргі таңдағы жаңа жағдайда бизнес жанданып, халықтың қалың көпшілігінің экономикалық және азаматтық белсенділігі нығаюда.

Біздің бәрімізге зор жауапкершілік жүктеліп отыр, алдымызда бұдан да үлкен белестер күтіп тұр. Жүргізіліп жатқан сот реформалары өздерінің ауқымы, жүйелілігі, дәйектілігі жөнінен теңдессіз және Ұлт Жоспарын іске асыру шеңберінде қолға алынған сот жүйесін жаңғырту және заңнаманы жетілдіру шаралары судьялардың баршасынан сот төрелігін іске асыруда айрықша әрі аса жауапты көзқарасты талап етеді. Осындай түбегейлі өзгерістерге байланысты еліміздің сот жүйесі ең жоғары деген халықаралық стандарттарға сәйкес келетініне және қазақстандық арманның орындалуына жаңа серпін беретініне сенімдімін.