Шарттық міндеттемелер бойынша дауларды соттан тыс және сотқа дейін реттеу институттарын қолданудың өзекті мәселелері талқыланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Астана қаласының судьялары мен Татуласу орталығының қызметкерлері банк және шағын несие ұйымдарының өкілдерімен online-кездесу өткізді.

Іс-шара барысында  қарыз шарты бойынша дауларды соттан тыс және сотқа дейін реттеудің, сондай-ақ қарыз алушы-борышкерлерді тиісті хабардар етудің өзекті мәселелері талқыланды.

Кездесуді ұйымдастырушылар талқылау қорытындысы бойынша банк және микрокредит ұйымдарына проблемалы қарыздарды бөліп-бөліп төлеу, кейінге қалдыру, қайта құрылымдау бойынша сотқа дейінгі-талап қою жұмыстарының нәтижелерін дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімдер нысанында ресімдеуді ұсынды. Татуласу орталығының медиаторлары осы мәселелер бойынша делдалдық қызмет көрсететін болады.

Дауларды (жанжалдарды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімдерді орындау жөніндегі сот бұйрығын шығару туралы талаппен сотқа жүгіну кезінде төленетін мемлекеттік баждың азайтылатынына да назар аударылды.

Сонымен қатар, қарыздар бойынша берешек ықтимал сот шығыстарынан едәуір аз болатын даулар бойынша сотқа дейінгі міндетті бітімгершілік рәсімдерді жүргізудің қажеттілігі туралы айтылды. Медиацияны қолданып, даулы жағдайларды шешу туралы халықты ақпараттандыру мақсатында екінші деңгейдегі банктердің филиалдарында «Медиатор бұрышын» ашу мүмкіндігі де қарастырылды.

Іс-шара кезінде негізгі борыш пен сыйақыны өндіріп алу туралы даусыз талаптар бойынша атқарушылық жазбаны жасау үшін нотариустарға жүгіну ұсынылды. Осы ұсыныстың нотариаттық палатаның түсіндірмесіне де сай келетінін атап айту қажет.

Естеріңізге сала кетейік, астаналық әкімдіктің қолдауымен «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы аясында ашылған Татуласу орталығында медиатор, психолог пен адвокаттар тегін қызмет көрсетеді.

 

Қайнар: 
Нұр-Сұлтан қалалақ сотының баспасөз қызметі