Елорда соттарында «Жанжалсыз әлем» жобасы іске қосылды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Нұр-Сұлтан қаласының соты татуластырушы-судьялармен,  адвокаттармен және заң консультанттарымен кездесу өткізді. Онда соттардың татуластыру рәсімдерін қолдануы, атап айтқанда, партисипативтік рәсімдерді кеңінен өрістету және талап қою арыздарын кері қайтарудың себептері талқыланды.

Кездесуде Нұр-Сұлтан қаласының соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Шолпан Нүсіпова мен татуластыру рәсімдері жөніндегі үйлестіруші Гүлжанат Рахметова модератор болды.

Кездесуге қатысушылар дауларды (жанжалдарды) сотқа дейін, соның ішінде адвокаттардың қатысуымен реттеудің өзекті мәселелерін талқылады. Талап қою арыздарын кері қайтарудың негіздері және міндетті түрде сотқа дейінгі тәртіппен реттелетін даулардың санаттары түсіндірілді.

Татуластырушы-судьяларға партисипативтік рәсімді бекітуді жандандыру ұсынылды. Осы орайда адвокатпен бірге заң консультанттарына да осындай партисипативтік рәсімдерді  бекіту құқығы берілгені туралы айтылды.

Сөз сөйлеген Г. Рахметова «Жанжалсыз әлем» жаңа пилоттық жобасының іске қосылғанын хабарлады. Жобаның татуласуды жүртшылыққа танымал етуге және қоғам ішіндегі жанжалды жағдайларды азайтуға бағытталғандығы атап өтілді.

Жобаның мәнісі мынада. Елорданың барлық аудандық соттары сотқа дейінгі тәртіппен реттелмеген даулар туралы талап қоюлар бойынша кері қайтарған талап қою арызының көшірмесін және сот ұйғарымын татуластырушы судья (электрондық почта арқылы) Татуласу орталығына жібереді. Судья осы орайда тараптарға дауды шығын шығармай татуласу арқылы шешу мүмкіндігін пайдалану құқығын түсіндіреді. Тараптар сонымен қатар татуласу рәсімінің артықшылықтары туралы да хабардар етіледі. Бұл неке-отбасы, шарттық, мұрагерлік және басқа да құқықтық қатынастардан туындайтын дауларға қатысты.

Татуластыру рәсімдері тараптардың келісімі бойынша жүзеге асырылатын болады.

Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтан қаласының Татуластыру орталығында медиатор, психолог және адвокаттар тегін қызмет көрсетеді.

Источник: 
Нұр-Сұлтан қалалық сотының баспасөз қызметі