Жоғарғы Сот Қаржы министрлігінен заңсыз сотталғанның пайдасына 100 мың теңге өндірді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

М. қылмыстық процесті жүргізген органның заңсыз әрекетінің салдарынан заңсыз сотталғаны үшін моральдық зиянның өтемі ретінде Қаржы министрлігінен  10 000 000 теңгені өндіріп алу мақсатында Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотына жүгінген. 

Сот талап арызды қарай келе, оны қанағаттандырудан бас тартқан. Соттың бұл шешімімен апелляциялық саты да келіскендіктен, М. Жоғары Сотқа жүгінген.

Павлодар облысының Екібастұз қалалық соты М.-ны ҚК-нің 108-бабына сәйкес кінәлі деп танып, 53 025 теңге (25 АЕК) көлемінде айыппұл салды.  Сот бұрынырақ сотталғанға қатысты ешқайта кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасын қолданған болатын. Павлодар облыстық соты үкімнің күшін жойып, М.-ны қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деп тағылған айып бойынша кінәсіз деп танып, оны ақтады. Соттар талап арызды қанағаттандырудан бас тарта отырып, сотталғанға қатысты үкім заңды күшіне енбегендігін, үкім орындауға жіберілмегендігін, қылмыстық қудалау органдары тарапынан сотқа дейінгі тергеу жүргізілмегендігін, талапкерге бас бостандығын шектеу немесе өзгеше мәжбүрлеу сипатындағы қандай да бір шаралар қолданылмағандығын алға тартқан. 

Жоғары сот органының сот алқасы істі қарау барысында жергілікті соттар тұжырымдарының қате екендігін анықтады.

Азаматтық кодекстің 923-бабының 1-тармағына сәйкес, заңсыз соттау, заңсыз қылмыстық жауапқа тарту, бұлтартпау шарасы ретiнде заңсыз қамауға алу, үйде қамауда ұстау, ешқайда кетпеуi туралы қолхат алуды заңсыз қолдану салдарынан азаматқа келтiрiлген зиянды анықтау, алдын ала тергеу, прокуратура және сот органдары лауазымды адамдарының кiнәсiне қарамастан, заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен толық көлемде мемлекет өтейдi. ҚПК-нің 38-бабының 1-бөлігі заңсыз соттаудың салдарынан келтірілген зиян қылмыстық процестi жүргiзетін органның кiнәсi бар-жоғына қарамастан, толық көлемде республикалық бюджеттен өтелетіндігін регламенттейді.

Апелляциялық сатыдағы сот қана талапкерге қатысты қолданылған ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасының күшін жойған. М. үкім шыққан күннен бастап ақталғанға дейін сотталғанның мәртебесінде болды. Осы екі айдың ішінде оның құқықтары шектелді, салдарынан М. ар-ождан тұрғысынан қиналды. Заңсыз соттау М.-ның жабығу, шарасыздық, көңілі қалу, қорлау және ұялу сезімдерін бастан кешуіне түрткі болды, сондай-ақ оның іскерлік беделіне кері әсер етті. Қылмыстық қудалау органдарының жоғарыда айтылған әрекеттерінің салдарынан талапкердің моральдық зиян шеккендігі туралы уәждері негізді деп танылды.

 Жергілікті соттар заңсыз сотталғанның құқықтарын қалпына келтірмеген, үкімде М.-ны оңалту қажеттігі көрсетілмегендіктен, сәйкесінше оның моральдық зиянды өндіріп алу құқығы жоқ деген негізсіз қорытынды жасаған. Негізінде ҚПК-нің 37-бабының 1-бөлігіне сәйкес ақталған адамның мұндай құқығы бар.

Жоғарғы Сот, баяндалғандардың негізінде шығарылған сот актілерінің күшін жойып, М.-ның талап арызын ішінара қанағаттандырды. Қаржы министрлігінен талапкердің пайдасына моральдық зиянның өтемақысы ретінде 100 000 теңге өндірілді.

                                                

Источник: 
ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі
Теги: