Таразда татуластыру рәсімдерін дамыту және жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулардың профилактикасы мәселелері талқыланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Жамбыл облыстық сотында «Соттан тыс, соттағы татуластыру рәсімдері», «Жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулардың профилактикасы» және «Отбасылық сот» пилоттық жобаларын іске асыру шеңберінде заңнаманы және құқық қолдану практикасын жетілдіру бойынша бірқатар іс-шаралар өтті.

«Дөңгелек үстелдің» жұмысына судьялар, адвокаттар, Билер кеңесінің мүшелері, кәсіподақ ұйымдарының, коммуналдық қызметтердің, сондай-ақ банк ұйымдарының өкілдері қатысты.

Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Жомарт Рүстембеков сөз сөйлеп, соттардың жиі қаралатын санаттар бойынша даулардың себептерін талқылау, сондай-ақ халыққа сапалы түсіндіру жұмыстарын жүргізу бағытын ұстанып отырғанын атап өтті. «Соттан тыс, соттағы татуластыру рәсімдері» жобасын іске асыру туралы сөз қозғаған алқа төрағасы ағымдағы жылы өңір соттарында қаралатын азаматтық істердің едәуір төмендеуі байқалып отырғанын айтты.

Мәселен, 2019 жылдың 10 айында 2018 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 25,9% іс аз қаралды. Соттар аяқталған істер санының         6,1% - ын татуластыруға байланысты тоқтатты. Осы кезеңде банк заңнамасы саласындағы даулар бойынша істердің 11,4% -ы облыс соттарына келіп түсті. Оның ішінде аяқталған істердің 4,1%-ы татуластыруға байланысты тоқтатылды. Ж. Рүстембеков осы ретте шарттарда медиативтік ескертпенің жоқтығын, даулардың банк немесе сақтандыру омбудсменінің қатысуымен реттелетіні туралы сілтеме жасалмайтынын, келіссөздерді жүргізудің тәртібі мен шарттары нақтыланбайтынын атап өтті.

Облыстық соттың судьясы Динара Нұрлыбаева банктер, сақтандыру компаниялары мен олардың филиалдарының жанынан банктік, міндетті және ерікті сақтандыру саласындағы даулардың туындауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды зерделеу жөніндегі комиссия құру бойынша шет мемлекеттердің тәжірибесін сынақтан өткізуді ұсынды. Оларда сондай-ақ заңды бұзу жағдайларын, банктік және сақтандыру дауларының профилактикасы мәселесін соттармен және мүдделі ұйымдармен талқылауға болады.

Облыстық соттың судьясы Ардақ Әкетаев өз сөзінде «Жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулардың профилактикасы» жобасын іске асыру шеңберінде заңнаманы және құқық қолдану практикасын жетілдіру бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру үшін жұмыс тобын құрудың маңыздылығына тоқталды. Ол аталған санаттағы даулардың көбейіп отырғанын және олар бойынша сотқа дейінгі іс-шараларды өткізудің қажеттілігін де атап өтті.

Судья аталған санаттағы істерді судьялар, «Атамекен» ҰКП, Мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттік департаменті және жергілікті атқарушы органдар өкілдері қатарынан құрылған жұмыс тобында талдауды ұсынды. Сонымен қатар,  кездесуде судьялардың облыс әкімдігінің Жастар саясатының мәселелері басқармасымен, «Бастау» жұмыс тобымен, қамқоршылық және қорғаншылық бөліммен, ҚХА-мен және адвокаттармен кездесуі туралы да әңгіме болды.

Облыстық соттың судьясы Гүлнәр Асылбек әлеуметтік және отбасылық даму ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасау арқылы дауларды (жанжалдарды) сотқа дейін реттеу туралы хабардар етті.

«Отбасылық сот» жобасы аясында «Бастау» жұмыс тобының Тараз, Қордай, Меркі, Шу, Байзақ аудандарының отбасыларына ресурстық қолдау көрсетіп отырғаны туралы да айтылды. Облыстың барлық аудандарында осындай ресурстық топтарды құру туралы шешім қабылданды. Мұндай ресурстық топтардың азаматтарға құқықтық кеңес беру жөніндегі қызметін жандандырудың қажеттілігі атап өтілді.

Іс-шараға қатысушылар құқық қолдану тәжірибесінің проблемалық мәселелерін талқылап, қолданыстағы заңнаманы жетілдіру бойынша басқа да бірқатар ұсыныстар мен ұсынымдар енгізді.

 

Источник: 
Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметі.