Билер кеңесі татуластыру жолын ұстанады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Алматы облысында 2018 жылы 985 дау соттан тыс тәртіппен шешілді.

Соттар сегіз ауданда кенттік және селолық округтерде билер кеңестерінің құрылуына ықпал етті. Практика көрсетіп отырғанындай, олардың қызметі уақыт талабына сай болып шықты әрі билер кеңесі соттан тыс медиацияны дамыту және қоғамдағы жанжалды жағдайлардың деңгейін азайту жолында қажетті институтқа айналды. Осы кеңестердің құрамында қоғам қайраткерлері, зиялы қауымның өкілдері, жергілікті жерлердегі беделді адамдар мен қадірлі қарттар бар. Олар бұл күндері негізінен көршілер, ерлі-зайыптылар мен туыс адамдар арасындағы дау-жанжалдарды шешуге белсене қатысуда. Кеңес құрамындағы қарт адамдардың тараптарға жанашырлықпен айтқан ақыл-кеңестерінің арқасында тіпті шиеленісті деген дау-дамайлардың өзі жөнімен шешілуде. Бұл пилоттық жобалардың, оның іщінде «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасының соттан тыс татуласу рәсімдерін іске асыруда маңызды рөл атқарып отырғанын көрсетеді. Міне осылайша, жыл басынан бері 69 дау сотқа жеткізілмей тараптардың татуласуы арқылы шешілді.

Осы орайда Оглям мен Тимур арасында туындаған дауды мысалға келтіруге болады. Тимур Оглямды жаңылыстырып, смартфондарды сатып алу үшін оның атынан үш кредит ресімдеп, ай сайын 20 мың теңге төлеп отыруға міндеттенген болатын. Алайда, ол берешектерді төлеу жөнінде берген уәдесін орындамады. Панфилов ауданы Билер кеңесінің төрағасы Ерғали Сәбденбеков өзіне Оглям жүгінгеннен кейін осы дауды Тимурдың шешесін қатыстыра отырып шешуге әрекет жасады. Осының нәтижесінде борышкер Оглямның атына ай сайын 40 000 теңге ақша жіберуде.

Еңбегі сіңген мұғалім, зейнеткер Күлшарбан Қалиева кәсіби емес медиатор ретінде Сарқан ауданында әлеуметтік мәселелерге белсене қатысуда. Ол билер кеңесінің құрамында әріптестерімен бірге ең алдымен дау-жанжалдың себептерін анықтауға тырысады. Дауласқан ерлі-зайыптылар оның медиациялық машығы мен ақыл-кеңесінің нәтижесінде бір-бірімен бітімге келіп, ондаған отбасының шаңырағы шайқалмай аман қалды. Олардың көпшілігінің Күлшарбан Қалиеваның бұрынғы шәкірттері екенін де айта кеткен жөн.

Кербұлақ ауданында екі досжар адам өздерінің жер учаскелерінің арасынан тартылған арық үшін бір-бірімен ұрсысып қалған болатын. Алайда, олар билер кеңесіне барып жүгінгеннен кейін дау аз ғана мерзімнің ішінде шешіліп, ақыры олар бір-бірімен татуласты.

Источник: 
Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі