Жоғарғы Соттың жалпы отырыс төралқасының отырысы бейнебайланыс арқылы өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәмидің төрағалығымен жалпы отырыс төралқасының отырысы болып өтті.

Отырыс жұмысына жалпы отырыс төралқасының мүшелері, Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшылығы мен құрылымдық бөлімшелердің меңгерушілері қатысты. Іс-шараға Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Бек Әметов, аталған өңірдің сот алқаларының төрағалары, судьялары мен Соттар әкімшісінің басшылығы қашықтықтан қатысты.

Отырыста Батыс Қазақстан облысы соттарының жұмысы  және оларға практикалық көмек көрсету бойынша жүргізілген кешенді тексерістің қорытындысы талқыланды.

Статистика көрсеткендей, облыс соттарына 2015  жылы және 2016 жылдың 9 айында түскен және аяқталған істердің саны шамамен бір деңгейде қалып отыр.

2016 жылы облыс соттарында қаралған барлық азаматтық істердің 53 пайызы жеңілдетілген іс жүргізу тәртібінде, 26 пайызы бұйрық арқылы қаралды. Медиация тәртібімен және бітімгершілік келісім арқылы аяқталған істердің саны екі есе артты. Апелляциялық сатыдағы соттың медиацияны қолдану деңгейі қарқын алды. Атап айтқанда, татуластыру рәсімдерін қолдана отырып 29 сот актісінің күші жойылды.

2016 жылы үкімдердің өзгеруі мен күшін жою деңгейі айтарлықтай азайды. Қылмыстық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыру сапасы тұрақты деңгейде, 2015 жылы және 2016 жылдың 9 айындағы үкімдердің өзгеруі мен күшін жою пайызы орташа республикалық көрсеткіштен төмен.

Талқылау нәтижесінде Төралқа тиісті қаулы қабылдады. Батыс Қазақстан облысы соттарының жұмысы қанағаттанарлық деп танылды.  

Жоғарғы Сот Төрағасы өңір тұрғындарының арасында Ұлт Жоспарын және судьялардың VII съезінде берген Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде жүргізіліп жатқан сот жүйесінің реформалары, сот ісін жүргізудің жекелеген түрлері мен медиациялық рәсімдердің артықшылықтары туралы құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттілігіне назар аударды.  Бұған қоса, өңірде бірыңғай сот практикасын қалыптастыру, соттардың медиацияны, татуластыру рәсімдері мен бұрық бойынша іс жүргізуді қолдануды жандандыру жөнінде ұсыным берілді.

Источник: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі