Республика судьяларының VIII съезі онлайн режимде өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Республика судьяларының VIII съезіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

Онлайн режимде өткен форумға 400-ге жуық делегат пен мейман қатысты. Олардың қатарында судьялар, Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, заң қауымдастығының, халықаралық ұйымдар мен ҮЕҰ өкілдері бар.

Халықаралық судьялар қауымдастығының Бас хатшысы Джакомо Оберто, Америкалық заңгерлер қауымдастығының (ABA ROLI) жаһандық бағдарламалар директоры Альберто Мора, Өзбекстан, Беларусь, Украина, Тәжікстан, Әзірбайжан және т.б. судьялар одағының басшылары съезге қатысушыларға ізгі лебіздерін жолдады.

Форум жұмысын Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асанов ашты. Ол заң жобаларының әзірленгені, өзекті мәселелер бойынша іске асырылған жедел шараларды, жаңа судьяларды іріктеу және қызметтегі судьяларды бағалау, соттардың қорытынды шешімдерінің жаңа форматы және оларды түсіндіру, пандемия кезіндегі фронт-офистер мен соттардың жұмысын атап өтті.

Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру туралы айта келе, спикер соттар жұмысындағы негізгі бағыттарға – қоғаммен кері байланысты дамытуға, айыптау үкіміне, жаңа судьяларды жария іріктеуге және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске тоқталып өтті.

Форумда Алматы қалалық сотының судьясы Біржан Кәрібжанов апелляцияның әлеуеті және соттарды қаржыландыру туралы, Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын аудандық сотының төрағасы Татьяна Курынова қылмыстың кейбір түрлері бойынша жазаны қатаңдату қажеттігін атап өтті.

Берлин қаласының (ГФР) судьясы Йорг Пуделька және «Baker & McKenzie» компаниясының Қазақстандағы филиалының басшысы Куртис Мастерс Жоғарғы Сот жанындағы Халықаралық кеңестің қызметі және сот жүйесіндегі өзгерістер туралы өз ойларын айтты.

Форумның бас спикері Қасым-Жомарт Тоқаев сот-құқық жүйесін одан әрі дамыту идеологемасын айқындап, судьялар корпусының таяу кезеңдегі басым міндеттерін белгіледі.

Съездің екінші бөлімінде Судьялар одағы төрағасының міндетін атқарушы Сәкен Абдолла бірлестік жұмысы туралы баяндады.

Форум делегаттары Тексеру комиссиясының есебін тыңдап, Судьялар одағы Орталық кеңесінің жаңа құрамын сайлады. Жұмыс қорытындысы бойынша съезд қаулысы қабылданды.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін жеті съезд өтті (біріншісі 1996 жылы болды). Съезд төрт жылда бір рет өтеді және оның сот жүйесін дамытудағы стратегиялық маңызы зор. Олардың әрқайсысында соттарды дамытудың қорытындысы шығарылады және өзекті міндеттер бойынша шешімдер қабылданады.

Источник: 
Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі