Медицина және құқық: Жоғарғы Соттың судьясы халықаралық конференцияда сөз сөйледі

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

«Дәрігерлік істер» бойынша сот талқылауының жариялылығы мен ашықтығы қолданылмайды. Өйткені, екі тарап үшін де «сезімтал» болып табылатын ақпаратты жария етуге жол берілмейді», – деді Жоғарғы Соттың судьясы Елена Максюта «Медицина және құқық: реттеу және сот тәжірибесі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда сөйлеген сөзінде.

Жоғары Сот органының судьясы медициналық көмектің тиісті деңгейде көрсетілмеуі салдарынан келтірілген материалдық және моральдық зиянды өтеу туралы мәселе қойылған талап арыздар соттарға жиірек беріле бастағанын хабардар етті.

 «Соттар науқастың денсаулығы туралы деректерді жария ете алмайды. Сондықтан мұндай істерді қараған кезде медиацияны көбірек қолданған жөн. Оның бірқатар артықшылықтары бар. Бұл, ең алдымен, уақыт пен қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді.

Медиатор кінәліні іздемейді. Ол тараптарды татуластыруға және екі жақты да ортақ келісімге келуге шақыратын жолды табуға тырысады. Ең бастысы, медиация рәсімі құпия болып табылады. Оны сотқа дейін де, сот талқылауы басталғаннан кейін де қолдануға болады», – деді Е. Максюта.

Айта кету керек, іс-шараны ұйымдастырушылар – «Астана медицина университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы, Новосібір мемлекеттік экономика және басқару университеті, Волжск экономика, педагогика және құқық институты.

Конференцияға Парламент Мәжілісінің депутаттары, судьялар, Денсаулық сақтау министрлігінің, Қазақстан, Ресей, Украина, Балтық жағалауы елдері, Біріккен Араб Әмірліктерінің медициналық, заңгерлік ғылыми қауымдастықтарының өкілдері, сондай-ақ практиктер – дәрігерлер, заңгерлер, медиаторлар, сарапшылар қатысты.

Ғылыми форумға қатысушылар денсаулық сақтау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеу, медициналық көмек және медициналық қызметтер көрсету туралы істер бойынша сот практикасы туралы пікір алмасты.

Талқылаулар:

- медициналық қызметті әлеуметтік-экономикалық және құқықтық реттеу. Биоэтика, медицина және медициналық құқық: теориялық және қолданбалы аспектілер;

- медицина қызметкерлері мен медициналық ұйымдарға қатысты істер бойынша қазіргі сот тәжірибесінің жағдайы және денсаулық сақтау саласындағы қылмыстық жауапкершілік мәселелері;

-  пациенттермен дауларды сотқа дейін реттеу атты тақырыптар бойынша үш секция аясында өтті.

Источник: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі