Даулар татуласу арқылы шешілді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

АҚ берешекті, сыйақыны, тұрақсыздық айыбын өндіру, қаржылық лизинг шарттарын бұзу және лизинг заттарын қайтаруға міндеттеу туралы екі ЖШС-ға және жеке тұлға У.-ға талап қойып, Солтүстік Қазақстан облыстық сотына жүгінді.

АҚ мен ЖШС-нің біреуінің арасында екі қаржы лизингі шарты жасалған болатын. Екінші ЖШС мен У. кепілгер болды.

Талап қоюшы шарттардың талабы бойынша ЖШС-ға кейіннен сатып алу құқығымен ауыл шаруашылығы техникасын жалға берген екен. Бірнеше жылдан кейін қаржылық қиындықтарға байланысты ЖШС кесте бойынша кезекті төлемді төлей алмаған. Сондықтан АҚ борышкерден және кепілгерлерден 39 млн. теңгеден астам берешекті ортақ тәртіппен өндіріп алу туралы талап қойып сотқа жүгінді.

АҚ қаржы лизингі шартын бұзуды және ЖШС-ға лизинг нысаналарын қайтаруды міндеттеуді сұрады.

Талап қою бірінші сатыдағы соттың шешімімен қанағаттандырылды.

Жауапкерлер шешім жөнінде апелляцияға шағымданды. Бұл ретте, облыстық сотта іс қаралғанға дейін жауапкерлер қарыздың бір бөлігі - 54 млн. теңгеден астам ақшаны төледі.

Апелляциялық сатыдағы сотта тараптар өзара медиативтік келісім жасасты. Жауапкерлер ағымдағы мерзімі өткен берешектің мөлшерін мойындап, оны белгіленген мерзімде төлеуге міндеттенді. Олай болмаған жағдайда, олар ауыл шаруашылығы техникасын қайтаруға міндеттенді. Талап қоюшы берешек төленгеннен кейін шарт бойынша бұрынғы қарым-қатынасты қалпына келтіруге келісті.

Апелляциялық келісім бекітілді, іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды.

Талап қоюшыға 3,8 млн. теңгеден астам төленген мемлекеттік баж кері қайтарылды.

Осылайша, медиативтік келісім жасасудың нәтижесінде жауапкер ауыл шаруашылығы техникасы құнының 70%-дан астамын төледі. Бұлай болмаған жағдайда ол техниканы талап қоюшыға кері қайтарған болар еді. Оның орнына тараптар шарттық қатынастарды сақтап қалды.

 

Бір азамат 7 000 000 теңге берешекті басқа бір азаматтан өндіріп беруді сұрап Шымкент қаласының Қаратау аудандық сотына жүгінді.

Судья-медиатор сот отырысында тараптардың қорғаушыларына олардың дауды партисипативтік рәсім тәртібімен шешу құқығын түсіндірді. Нәтижесінде адвокаттар сотқа партисипативтік келісімді бекіту туралы өтінішхатты ұсынды.

Сот ұйғарымымен мына жағдайларда партисипативтік келісім бекітілді: яғни жауапкер талап қоюшыға келісім бекітілгеннен кейін берешек бөлігін төлеуге міндеттенді, ал талап қоюшы өз кезегінде талап қою арызынан бас тартты.

Талап қоюшыға ол төлеген 84 305 теңге мемлекеттік баж кері қайтарылып, азаматтық іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды. Ұйғарым заңды күшіне енген жоқ.

 

Алматы қаласында бір азамат екінші бір азаматтан қолхат бойынша берешекті өндіріп алу туралы талап қою арызымен Медеу аудандық сотына жүгінді.

Соттың анықтағанындай, жауапкер талап қоюшыдан жазбаша қолхаттарға сәйкес 530 000 АҚШ доллары екі ай мерзімге, 850 000 АҚШ долларын үш ай мерзімге және 750 000 АҚШ долларын бір ай мерзімге қарызға алған. Талап қоюшы жауапкердің берешекті қайтару бойынша өзіне алған міндеттемелерін орындамағанына байланысты сотқа берешекті өндіріп алу туралы арыз берді.  

Сот отырысында татуластыру рәсімін жүргізудің нәтижелері бойынша медиативтік келісім жасалды.

Сот дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімнің тараптардың еріктілік, ынтымақтастық, құпиялылықты сақтау және тең құқылық қағидатының негізінде жасалғанын назарға алып, медиативтік келісімді бекітті. Медиативтік келісімнің шарттары бойынша талап қоюшы өзінің талап қою арызынан бас тартты, ал жауапкер өз кезегінде талап қоюшыға берешекті толық көлемде 2020 жылдың мамырына дейін төлеуге міндеттенді.

Сот ұйғарымымен осы іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

 

Қызылорда қалалық соты екі азаматтың арасындағы заңсыз иеленген жер учаскесін кері қайтару және осы учаскеде өз бетімен салынған нысанды бұзу туралы дауды қарады. Талап қоюшы даулы жер учаскесіне жеке меншік құқығының тіркелгенін дәлел ретінде келтірді.

Өз кезегінде жауапкер де әкімнің қаулысын, талап қоюшының жеке меншікке құқығын жарамсыз деп тану туралы талап қойып сотқа жүгінді. Ол осы орайда осы жер учаскесін өзінің сатып алғанын және сол жерге тұрғын үй салғанын дәлел ретінде келтірді.

Сот талап қоюшының арызын қанағаттандырды, ал жауапкердің қарсы талабын қанағаттандырусыз қалдырды. Жауапкер осы шешіммен келіспей апелляциялық шағым берді.

Апелляциялық сатыдағы сотта бітімгер-судья талап қою арызын беруге негіз болған себептерді алдын ала анықтап, дауды татуластыру арқылы шешуге болатынын түсіндіріп, тараптар арасындағы дауды медиация тәртібімен реттеу шараларын қолданды.

Дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімнің шарттарына сәйкес, жауапкер талап қоюшыға 1 000 000 теңгені 2021 жылғы 27 қаңтарға дейін қайтаруға міндеттенді. Талап қоюшы жер учаскесінің бр бөлігін жауапкерге беруге келісті.

Бітімгершілік келісімнің заңға қайшы келмейтініне, кімнің болса да құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзбайтынына байланысты апелляциялық сатыдағы сот бітімгершілік келісімді бекітті және іс бойынша іс жүргізуді тоқтатты.

Қайнар: 
облыстық соттардын баспасөз қызметтері