Дс, 17/07/2017 - 10:23
Шымкент гарнизонының әскери соты Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 442-бабының 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін бір әскери бөлімнің келісімшарт бойынша К.-ға қатысты қылмыстық ісін қарады (қашқындық).
Іс бойынша анықталғаны, әскери бөлім командирінің бұйрығына сәйкес К.-ға кезекті еңбек демалысы берілген. Алайда, әскери қызметші К. демалыс билетінде көрсетілген мерзімде қызмет орнына келмеген, күзет агенттігіне жұмысқа орналасып, әскери бөлім басшылығының телефон қоңырауларына және СМС хабарламаралына жауап бермеген. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында әскери полиция бөлімінің қызметкерлері К.-ны ЖШС күзет агенттігінде ұстаған.
Сот отырысында К. кінәсін толық мойындап, өкінетіндігін айтты. Сот үкім шығару барысында оның жасын, бұрын сотталмағандығын, оң мінездемесін және басқа да жеңілдететін мән-жайларды назарға алды. Шымкент гарнизоны әскери сотының үкіміне сәйкес сотталушы құқық бұзушылықты жасағаны үшін айыпты деп танылып, оған 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. ҚР ҚК-нің 63-бабына сәйкес жаза шартты түрде тағайындалды.
ҚР ҚК-нің 49-бабына сәйкес сотталған К. «ефрейтор» әскери атағынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген.