Жалпы ережелер

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Соты Төрағасының
2012 жылғы «02» қарашада
№ 326  өкімімен
БЕКІТІЛГЕН

 

Аудандық, облыстық және оларға теңестірілген соттар судьяларының  жоғары тұрған соттарда тағылымдамадан өту қағидасы

Аудандық, облыстық және оларға теңестірілген соттар судьяларының  жоғары тұрған соттарда тағылымдамадан өту қағидасы (бұдан әрі – Қағида) «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 20-бабы 1-тармағының  11) тармақшасына сәйкес әзірленді.

Қағида соттар қызметінің практикасы, сондай-ақ судьялардың біліктілігін арттыру мәселелеріне қатысты заңнаманың нормалары ескеріле отырып судьялардың кәсіптік біліктілік деңгейін арттыру мақсатында аудандық және оған теңестірілген соттар судьяларының облыстық және оған теңестірілген соттарда (бұдан әрі – аудандық соттар), облыстық және оған теңестірілген соттар (бұдан әрі – облыстық соттар) судьяларының (бұдан әрі – судьялар (тағылымдамадан өтушілер) Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотында тағылымдамадан өтуін тиімді ұйымдастыруға бағытталған.

1. Жалпы  ережелер

1. Судьялардың тағылымдамасын ұйымдастырудың басты міндеті сот төрелігін іске асырудың сапасын арттыру және Конституциямен және Қазақстан Республикасының заңдарымен сот билігіне жүктелген міндеттерді тиімді орындау мақсатында заңнаманы қолдану жөнінде қалыптасқан сот практикасын зерделеу жолымен олардың кәсіби деңгейін көтеру болып табылады.

Тағылымдама судья үшін нақты көмек болып табылады, олардың   тәжірибесін шыңдауға жәрдемдеседі әрі тәлімгерлікпен, менторлықпен, семинарлармен, конференциялармен, дөңгелек үстелдермен және т.б. қатар үздіксіз сот оқуының міндетті бағдарламаларының бірі болып табылады.

2. Аудандық және оған теңестірілген соттар төрағалары мен судьяларының тағылымдамасы облыстық соттарда ұйымдастырылады. 

Облыстық және оған теңестірілген соттар төрағалары мен судьяларының тағылымдамасы Жоғарғы Сотта ұйымдастырылады.

3. Аудандық соттар судьяларының тағылымдамасы тағылымдамандан өту кестесіне сәйкес жүргізіледі, ол оқу орталығында әзірленеді, алқа төрағаларымен келісіледі және оны облыстық соттың төрағасы бекітеді. 

Облыстық соттар судьяларының Жоғарғы Сотта тағылымдамадан өту кестесін облыстық соттар төрағаларының ұсыныстары негізінде Жоғарғы Соттың оқу бағдарламаларының үйлестірушілерімен және Жоғарғы Сот алқаларының төрағаларымен келісе отырып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты)  (бұдан әрі – Департамент) бөлімінің тиісті құрылымдық бөлімшесі әзірлейді және Жоғарғы Сот Төрағасы бекітеді.

4. Кесте құқықтың неғұрлым ұқсас саласы бойынша маманданып жүрген бірнеше судья (тағылымдамадан өтушілер) тағылымдамадан бір мезгілде өтетіндей етіліп  әзірленеді.

5. Тағылымдамадан өту кестесі алдағы жарты жылдыққа жасалады және судьялардың (тағылымдамадан өтушілердің) жоғары тұрған сотқа уақытында келуін қамтамасыз ету мақсатында істерді қарау жөніндегі жүктемеге түзету енгізу үшін тиісті соттарға алдын ала жіберіледі.

6. Тағылымдаманың мерзімділігі судьяның өтіліне, жұмыс тәжірибесіне, оқытылу қажеттілігіне, сот төрелігін іске асыру сапасының көрсеткіштеріне, судьяның іс-әрекеті негізді деп танылған шағымдардың бар-жоғына байланысты және судьяның кәсіби әзірлік деңгейі айқындалатын басқа да мәліметтердің негізінде, бірақ үш жылда бір реттен кем болмайтындай етіп белгіленеді.

7. Тағылымдаманың ұзақтығы 30 күннен аспауға тиіс.

2. Тағылымдамадан өту шарттары мен тәртібі

8. Судья (тағылымдамадан өтуші) үкімдерінің, шешімдері мен қаулыларының күшін жойған немесе өзгерткен жоғары тұрған сот қаулыларының көшірмелері қоса тіркеле отырып, аудандық немесе облыстық сот судьясына (тағылымдамадан өтушіге) оның жұмыс көрсеткіштерінің салыстырма кестесі алдын ала дайындалады. Судьяның (тағылымдамадан өтушінің) мамандану бағыты және оқытуға, оның ішінде құқықтың өзге де салалары бойынша оқытуға сұранысы (мүмкін, өткен жылдың қорытындылары бойынша дербес сауалнама жүргізудің нәтижелері ескеріле отырып) көрсетілген осы мәліметтер талдау жасау және алқаға ұсыну үшін жоғары тұрған соттың оқу орталығына уақтылы жіберіледі (құжаттардың электрондық нұсқада жіберілуі мүмкін).

9. Тағылымдама бағдарламасын судьяның (тағылымдамадан өтушінің) сұранысын қамтамасыз ету мақсатында алынған барлық мәліметтерді ескере отырып сот алқалары әзірлейді және Жоғарғы Сот алқаларының төрағалары мен облыстық  соттардың төрағалары бекітеді.

 10. Тағылымдаманы Жоғарғы Соттың қадағалаушы сот алқасының төрағалары, облыстық соттардың алқа төрағалары ұйымдастырады, олар әдетте тиісті жұмыс тәжірибесі бар және судьяның (тағылымдамадан өтушінің) мамандану бағытымен неғұрлым сәйкес келетін тиісті жұмыс тәжірибесі бар жоғары білікті судьяларды тағылымдама жетекшілері ретінде іріктейді.

11. Тағылымдама жетекшісіне әрі кеткенде екі судья (тағылымдамадан өтуші) бір мезгілде бекітілуі мүмкін. Қажет болған жағдайда тағылымдама жетекшісі тиісті жұмыс тәжірибесі бар және сол бағыт бойынша маманданып жүрген судьялардың арасынан  алмастырылуы мүмкін.

12. Тағылымдамадан сапалы өту үшін жауапкершілік тағылымдама жетекшілері мен тағылымдаманың өткізілетін жері бойынша сот алқаларының төрағаларына жүктеледі.

3. Тағылымдамадан өту кезінде зерделеуге жататын мәселелердің үлгі тізбесі

13. Тағылымдамадан өту судьяның (тағылымдамадан өтушінің):

1) сот практикасын зерделеуін, оның ішінде өңір (облыс, қала, республика) бойынша мамандану бағытын, апелляциялық, кассациялық және қадағалау сатыларының жұмысын ескере отырып сот практикасын зерделеуіне;

2) сот төрелігін іске асыру кезінде туындайтын проблемалық мәселелерге бастамашы болуға және оларды жоғары тұрған соттың судьяларымен жеке қарым-қатынас кезінде талқылауына мүмкіндік береді.

14. Судьялардың (тағылымдамадан өтушілердің) тағылымдамасы жеке сипатта болады және:

1) өз бетімен жүргізілетін теориялық және практикалық дайындығын;

2) қажетті кәсіби дағдыларға машықтануын және бұл дағдыларды алқалардың отырыстарына қатысу, істерді зерделеу, судьялардың (тағылымдамадан өтушілердің) іс жүргізу құжаттарының жобаларын дайындауы, оларды тағылымдаманың жетекшілерімен бірге талқылауы арқылы жетілдіруін;

3) сот процестерін жүргізу және іс жүргізу құжаттарын дайындау бойынша практикалық дағдыларға машықтануын;

4) нормативтік құқықтық актілер мен сот практикасын өз бетімен зерделеуін;

5) судьялардың (тағылымдамадан өтушілердің) біліктілікті өз бетімен үздіксіз арттыруын көздеуге тиіс.

15. Жоғары тұрған соттарда тағылымдама мынадай:

1) судьяның (тағылымдамадан өтушінің) алқаның жұмысты ұйымдастыруымен және жұмыс жоспарымен танысу;

2) судьялардың (тағылымдамадан өтушінің):

- сот алқаларының жұмыс практикасын;
- алқалардың төмен тұрған соттардың сот актілерінің күшін жою, өзгерту немесе өзгеріссіз қалдыру туралы қаулыларын;
- соттың сот алқасының қарауына түскен нақты істерді;
- алқалардың жеке қаулыларын және прокурорлардың ұсынымдарын;
- сот алқаларының сот практикасын жинақтауы мен талдауын, алқаларды өткізуге қатысуын;
- Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының заңнаманы қолдану мәселелері бойынша нормативтік қаулыларын дайындау тәртібін;
- Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтыруларды зерделеу;
- Судья этикасы жөніндегі комиссияның жұмыс практикасын;
- Сот жюриінің жұмыс практикасын зерделеу.

3) судьяның (тағылымдамадан өтушінің) тағылымдама жетекшісінің нұсқауы  бойынша алқалардың апелляциялық шағымдарды қарау жөніндегі отырыстарына қатысу;

4) тағылымдаманың бағдарламасына орай мәлімделген сұранысқа сәйкес жекелеген істердің санаттары бойынша Жоғарғы Соттың судьяларында оқу курсынан өту;

5) судьяның (тағылымдамадан өтушінің) тағылымдамалар жетекшілерімен, жоғары тұрған соттардың басқа да судьяларымен бірге мақсаты әр судьяның (тағылымдамадан өтушінің) жеке зерделенген материалды игеру, қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді қарау бойынша практикалық дағдыларды қалыптастыру болып табылатын заңнаманы және құқықты қолданудың проблемалық мәселелерін талқылау бағыттары бойынша жүргізіледі.

16. Судья (тағылымдамадан өтуші) тағылымдамадан өту кезеңінде тікелей функционалдық міндеттерін атқарудан босатылады және тағылымдама өтетін соттың ішкі тәртібіне бағынады.

4. Тағылымдама жетекшісінің және судьяның (тағылымдамадан өтушінің) құқықтары мен міндеттері

17. Тағылымдама жетекшісі:

1) судьяға (тағылымдамадан өтушіге) кәсіби білім деңгейін арттыру және практикалық дағдыларға машықтану жөнінде көмек көрсетеді;

2) сот төрелігін іске асыру кезінде қиындық келтіретін мәселелерді анықтайды және оларды шешу үшін консультациялық теориялық көмек көрсетеді;

3) оқу бағдарламаларының үйлестірушісімен қатар сот алқалары әзірлеген бағдарламалардың орындалуын және оны бағдарламаның  өту барысын анықтау және уақтылы түзетулер енгізу мақсатында судьямен (тағылымдамадан өтушімен) бірлесіп күн сайын қорытынды шығарып отыру арқылы қамтамасыз етеді;

4) заңнаманы қолдану жөніндегі қосымша мәселелерді қолдану соттардың практикасын зерделеу қажеттігі анықталған жағдайда, сондай-ақ судьяның (тағылымдамадан өтушінің) тілектерін ескере және бағдарламаларының үйлестірушілерімен келісе отырып тағылымдама өтіп жатқан соттағы алқаның төрағасына бағдарламаға түзетулер енгізу жөнінде ұсыныс енгізеді;

5) тағылымдаманың қорытындылары бойынша судьяның (тағылымдамадан өтушінің) тағылымдамадан өтуі туралы жазбаша пікір әзірлейді.

18. Судья (тағылымдамадан өтуші):

1) еңбек тәртібін сақтауға және тағылымдаманың бағдарламасын орындауға міндетті;

2) тағылымдама күнделігін жүргізіп, оған:

- тағылымдаманың уақыты мен орны;

- орындалған жұмыс;

- судья (тағылымдамадан өтуші) қатысқан шаралар;

- оның өзі анықтай алмаған және шешілмей қалған құқық нормаларын қолдану мәселелері;

- күнделікке қоса тіркелген іс жүргізу құжаттары;

- заңнамадағы өзгерістер, сондай-ақ Жоғарғы Соттың нормативтік қаулылары, сот практикасын жинақтаулар туралы алынған ақпарат;

- басқа да мәліметтер туралы деректерді енгізе алады.

19. Тағылымдама күнделігі тағылымдама материалдарына қоса тіркелмейді. Күнделікте баяндалған мәліметтерді судья (тағылымдамадан өтуші) өз жұмысында пайдалануы мүмкін.

20. Тағылымдама мерзімі аяқталғаннан кейін судья (тағылымдамадан өтуші) тағылымдамадан өткені туралы жазбаша есеп әзірлейді, онда оның жеке жоспарды орындауы, жекелеген ескертпелер мен ұсыныстар жасалған іс жүргізу құжаттарының жобалары қоса беріле отырып көрсетілуге тиіс.

5. Тағылымдаманың қорытындыларын шығару

21. Тағылымдаманың қорытындыларын шығару қорытынды сауалнама жасау жолымен жүргізіледі, оның мақсаты тағлымдамадан өту деңгейі мен сапасын анықтау (заңтанудың теориялық және практикалық мәселелерін қоспағанда, оқыту жөнінде алдын ала мәлімделген сұраныс ескеріле отырып білім алу және машықтану) болып табылады.

Қорытынды сауалнама тағылымдаманың мақсатына қол жетті ме, тағылымдамадан өтуші тағылымдама барысында білімін жетілдіре алды ма, тағылымдаманы  ұйымдастыру  жөнінде  ескертпелер   мен ұсыныстар бар  ма

(мысалы, тағылымдама жетекшісінің рөлі мен қатысуы, тағылымдаманың мазмұны және оның ұзақтығы және т.б.) деген мәселелерді қамтиды.

Сауалнама толтырылғаннан кейін оқу бағдарламаларын үйлестірушіге тағылымдама бағдарламаларын жетілдіру жөніндегі жұмыста пайдалану үшін беріледі.

22. Тағылымдамадан өту қорытындылары соттың тиісті алқасында не оның жедел кеңесінде талқыланады, судьяның (тағылымдамадан өтушінің) жазбаша есебін тиісті сот алқасының төрағасы бекітеді.

23. Судьяның тағылымдамадан өткені туралы есебінің және тағылымдама жетекшісі пікірінің көшірмесі судьяның жеке ісіне тігіп қою үшін облыстық және аудандық соттардың кеңселеріне және судья (тағылымдамадан өтуші) жұмыс істейтін соттың төрағасына мәлімет ретінде жіберіледі.

24. Тағылымдамадан өту нәтижелері судья (тағылымдамадан өтуші) жұмыс істейтін соттың жедел кеңесінде, оның ішінде тағылымдама  өткен сотқа бұл туралы міндетті түрде хабарлана, тағылымдама барысында алынған білім бойынша сабақтар өткізіле отырып талқылануға тиіс.

6. Облыстық және оған теңестірілген соттарда тағылымдаманы ұйымдастыру жөніндегі оқу орталықтарының жұмысына қойылатын талаптар

25. Оқу орталықтарының осы сотта жүргізілетін әрбір тағылымдама туралы материалдары болуға тиіс.

Оларда мынадай ақпараттар:

1) тағылымдама бағдарламасы;

2) судьялардың сауалнамалары;

3) қажетті іс жүргізу құжаттары қоса тіркелген есептердің көшірмелері;

4) тағылымдама жетекшісі пікірінің көшірмесі;

5) тағылымдама бойынша құжаттардың Кеңсеге жіберілгені туралы хаттар болуға тиіс.

26. Тағылымдамалар нәтижелері бойынша оларды талдау жүргізіледі, қажет болған жағдайда талдауды оқу жоспарларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін  пайдалануға болады.

7. Қорытынды ережелер

27. Тағылымдама негізгі жұмыс орнынан қол үзе отырып өткізіледі. Іссапар шығыстарына, тағылымдамадан өту кезінде еңбекке ақы төлеуге байланысты мәселелер еңбек заңнамасымен реттеледі.

28. Дәлелді себептер болған жағдайда (ауыру, отбасылық және өзге де мән-жайлар) тиісті сот алқасы төрағасының шешімімен судьяның (тағылымдамадан өтушінің) тағылымдамадан өту мерзімі тағылымдама өтетін орын бойынша оның болмаған уақытына ұзартылуы мүмкін.

29. Еңбек тәртібін бұзған, дәлелді себептерсіз тағылымдаманың өтпей қалуына жол берген судья (тағылымдамадан өтуші) заңнамада белгіленген тәртіппен тәртіптік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

_______________________

Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Соты Төрағасының
2012 жылғы «02» қарашада
№326 өкімімен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының жанындағы Сот оқуы жөніндегі үйлестіру кеңес туралы ЕРЕЖЕ

1.  Жалпы ережелер

1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының жанындағы  Сот оқуы жөніндегі үйлестіру кеңесі (бұдан әрі – Үйлестіру кеңесі) Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Төрағасының жанындағы консультациялық кеңесші орган болып табылады.

2. Үйлестіру кеңесі үздісіз сот оқуы бағдарламаларын жетілдіру және судьялар мен сот жүйесіндегі қызметкерлердің біліктілігін арттыру жөніндегі шаралар мен ұсыныстарды әзірлеу мақсатында құрылды.

3. Осы Үйлестіру кеңесі туралы ереже Үйлестіру кеңестің міндетерін, функцияларын, қызметінің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін анықтайды.

2. Үйлестіру кеңестің негізгі міндеттері мен функциялары

4.Үйлестіру кеңестің негізгі міндеттері болып мыналар табылады:

1)судьялар мен сот жүйесіндегі қызметкерлердің біліктілігін арттыру және үздіксіз оқуын қамтамасыз ету жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу;

2)Қазақстан Республикасының 2012-2016 жылдарға арналған сот оқуы стратегиясын (бұдан әрі – Стратегия) іске асыру жөніндегі бағдарламаларды әзірлеуге қатысу, оларды іске асыруға мониторинг жүргізу және қажетті  ұсынымдарды әзірлеу.

5.Үйлестіру кеңестің функциялары болып мыналар табылады:

1)сот оқуын үйымдастырушылардың Стратегия қызметінің негізгі бағыттары бойынша оны іске асыру туралы есебін жыл сайын тыңдау;

2)сот оқуын үйымдастырушылардың оқу бағдарламаларының,  оқу жоспарлары мен оқу әдістемелерінің тиімділігін талдау және бағалау;

3)Стратегияның іске асырылуын бағалау;

4)судьялар мен сот жүйесіндегі қызметкерлердің біліктілігін арттыру және оқыту бойынша күткен нәтижелерді анықтау;

5)Стратегияны орындауға бақылау және сот жүйесін одан әрі жетілдіру үрдісімен байланысты тиісті түзетулерді енгізу мақсатында оны іске асырудың шарттарын жетілдіру жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу;

6)Стратегияның мақсаттары мен міндеттерін іске асыру жөніндегі келісілген іс-әрекеттерді қамтамасыз ету мақсатында сот оқуына қатысты мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы  Мемлекеттік басқару академиясының Сот төрелігі институтымен (бұдан әрі – Сот төрелігі институты), облыстық және оған теңестірілген соттардың оқу орталықтарымен және Қазақстан Республикасының Судьялар одағымен өзара іс-әрекеттер жасасу;

7)сот оқуы саласындағы басқа да функцияларды орындау.

3. Үйлестіру кеңестің қызметін ұйымдастыру

6. Үйлестіру кеңестің құрамы Үйлестіру кеңестің төрағасынан (Жоғарғы Соттың қадағалаушы сот алқасының төрағасы), Жоғарғы Сот оқу бағдарламаларын үйлестірушіден, Жоғарғы Соттың екі судьясынан, Соттардың қызметін қамтамасыз ету жөніндегі өкілетті органның басшысынан (бұдан әрі – өкілетті орган), Сот төрелігі институтының директорынан және Өкілетті органның екі қызметкерінен тұрады. Үйлестіру кеңестің құрамы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының өкімімен бекітіледі

7. Үйлестіру кеңестің отырысында қаралатын мәселелерді дайындау, жұмыс бағыттары бойынша ұйымдастыру мәселелерін шешу Жоғарғы Соттың оқу бағдарламаларын үйлестірушіге және өкілетті органның құрылымдық бөлімшелеріне жүктеледі.

8.Үйлестіру кеңестің шешімдері Үйлестіру кеңесі мүшелерінің жалпы санынан қарапайым дауыс көпшілігімен қабылданады. Үйлестіру кеңесі мүшелерінің дауыстары тең болған жағдайда, Төрағаның дауысы шешуші болып табылады.

9.Үйлестіру кеңестің отырыстары қажеттілігіне қарай, алайда жылына екі реттен кем емес, өткізіледі.

10. Үйлестіру кеңестің отырысы  мүшелерінің  жалпы санынан үштен екеуі қатысса құқықты деп саналады.

4. Үйлестіру кеңесі қызметінің тоқтатылуы

11. Үйлестіру кеңестің қызметін тоқтату үшін негіздер болып мыналар табылады:

1) Үйлестіру кеңеске жүктелген міндеттердің орындалуы;

2) Үйлестіру кеңестің міндеттері орындалмайтын не оның орындалуы орынсыз болып табылатын басқа да мән-жайлар.

_______________________

Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Соты Төрағасының
2012 жылғы «02» қарашада
№326 өкімімен
БЕКІТІЛГЕН

Облыстық және оған теңестірілген соттардың оқу бағдарламаларын үйлестіруші туралы
ЕРЕЖЕ

Осы Облыстық және оған теңестірілген соттардың оқу бағдарламаларын үйлестіруші туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) оқу іс-шараларын тиімді ұйымдастыру және судьяларға сот төрелігін жүзеге асыруға практикалық көмек көрсету мақсатында «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Конституциялық заңына және сот оқуы саласындағы басқа да актілерге сәйкес әзірленді.

1.     Жалпы ережелер

1. Облыстық және оған теңестірілген соттардың оқу бағдарламаларын үйлестіруші (бұдан әрі – оқу бағдарламаларын үйлестіруші)судьялардың және сот жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға бағытталған оқу іс-шараларын ұйымдастыру және өткізуді қамтамасыз ететін облыстық және оған теңестірілген соттың (бұдан әрі – облыстық соттың) судьясы  болып табылады.

2. Оқу бағдарламаларын үйлестірушіні облыстық сот төрағасының өкіміментағайындайды.

3. Оқу бағдарламаларын үйлестіруші өзінің қызметінде осы Ережені және сот оқуы саласындағы өзге де актілерді басшылыққа алады.

2.     Облыстық соттың оқу бағдарламаларын үйлестірушінің міндеттері

4.  Облыстық соттың оқу бағдарламаларын үйлестірушінің қызметі 2012 – 2016 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының сот оқуы стратегиясына сәйкес судьялардың және сот жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін үздіксіз арттыруды қамтамасыз етуге бағытталған.

5. Оқу бағдарламаларын үйлестіруші қызметінің негізгі міндеті  судьялардың оқуға қажеттілігін талдауды және соттардың құқық қолдану практикасын негізге ала отырып, оқудың басымды нысандары мен әдістерін анықтау болып табылады.

3. Оқу бағдарламаларын үйлестірушінің қызметі

6. Оқу бағдарламаларын үйлестіруші:

- сауалнама өткізу арқылы судьялардың және сот жүйесі қызметкерлерінің оқуға қажеттілігін зерделейді;
- облыстық сот оқу орталығының жартыжылдық жұмыс жоспарын әзірлеп (қылмыстық,  азаматтық, әкімшілік істер жөніндегі сот алқаларының төрағаларымен келісе отырып), облыстық соттың төрағасына бекітуге ұсынады;
- Жоғарғы Сот және облыстық сот өткізетін семинарлардың, ғылыми-практикалық конференциялардың, дөңгелек үстелдердің бағдарламаларының тақырыптарын әзірлеуге қатысады;
- аудандық, облыстық және оған теңестірілген соттар судьяларының жоғары тұрған соттарда тағылымдамадан өтуге және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Сот төрелігі институтында (бұдан әрі – Сот төрелігі институты) біліктілікті арттыру курстарында оқуға қажеттілікті зерделейді;
- облыстық соттарда үш жылға дейін жұмыс өтілі бар судьяларға тағылымдама өтуіне әдістемелік көмекті жүзеге асырады;
- судьялардың өздігінен білім алуына, жеке жоспарды құруына және тақырып бойынша материалдарды ұсынуына әдістемелік көмекті жүзеге асырады;
- соның ішінде интерактивті әдістерді қолдана отырып және тәжірибелі судьяларды тарту арқылы жаңадан тағайындалған судьялар үшін семинарларды, дөңгелек үстелдерді, тренингтерді, судьялар үшін модельдік сот ісін жүргізуді ұйымдастыруды және өткізуді жүзеге асырады;
- қажеттілікті зерттейді және сот жұмысының дағдыларына машықтануда практикалық көмек көрсету жөніндегі жас судьяларға тәлімгерлерді бекітуді қамтамасыз етеді;
- Сот төрелігі институтында және басқа да білім беру іс-шараларында біліктілікті арттыру курстарындағы оқуға дейін және оқудан кейін судьялардың сот актілері сапасының деректеріне  салыстырмалы талдауды жүзеге асырады;
- судьяларға және сот жүйесіндегі қызметкерлерге қашықтықтан оқыту технологиясының бағдарламаларына қол жеткізуді қамтамасыз етеді;
- сот оқуы мәселелері бойынша Жоғарғы Сотпен, Сот төрелігі институтымен, Қазақстан Республикасының Судьялар одағымен және олардың филиалдарымен өзара әрекеттеседі;
- білім беру іс шараларына белсенді атсалысқандары үшін судьяларды көтермелеу туралы ұсыныстарды облыстық соттың төрағасына енгізеді;
- Жоғарғы Сотқа жыл қорытындылары бойынша атқарылған жұмыс туралы есепті ұсынады.

4. Қорытынды ережелер

8. Оқу бағдарламарын үйлестіруші судьялық этика жөніндегі Сот жюриі комиссияларының немесе басқа жұмыс топтарының және облыстық және оған теңестірілген соттар комиссияларының құрамына кірмеуі, өзге де қоғамдық жұмыстарға тартылмауы тиіс.

9. Оқу бағдарламаларын үйлестірушілерге оларға жүктелген міндеттерді орындау бойынша  тиімді жұмыс істеу үшін облыстық кеңсе қызметкерлері арасынан көмекшілер беріледі.

_______________________

Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Соты Төрағасының
2012 жылғы «02» қарашада
№326 өкімімен
БЕКІТІЛГЕН

Облыстық және оған теңестірілген соттардың
оқу орталықтары туралы үлгі
ЕРЕЖЕ

1.     Жалпы ереже

1.   Осы Облыстық және оған теңестірілген соттардың оқу орталықтары туралы үлгі ереже (бұдан әрі – Ереже) облыстық және оған теңестірілген соттардың оқу орталықтарының (бұдан әрі –  облыс сотының оқу орталығы) мәртебесін, негізгі міндеттерін, функциялары мен өкілеттіктерін анықтайды, олардың ұйымдастылуына және қызметіне біріңғай талаптарды белгілейді.

2.  Облыс сотының оқу орталығы облыстық немесе оған теңестірілген сот төрағасының өкімімен құрылады.

3.  Облыс сотының оқу орталығы өз қызметінде «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Конститутциялық заңын және сот оқуы саласындағы басқа да актілерді басшылыққа алады.

2.     Облыс сотының оқу орталығының міндеттері мен функциялары

4.  Облыс сотының оқу орталығының негізгі міндеттері болып мыналар табылады:

1)  сот төрелеігін жүзеге асырудың сапасын жақсарту мақсатында судьяларды және сот жүйесіндегі қызметкерлерді үздіксіз сот оқуымен қамтамасыз ету;

2)  халықаралық стандарттарды ескере отырып, сот жүйесін одан әрі  жетілдіруге жәрдемдесу;

3)  заң ғылымы, білім беру және сот практикасы арасындағы байланыстарды нығайтуға жәрдемдесу.

5.  Облыс сотының оқу орталығының негізгі функциялары болып мыналар табылады:

1)  2012 – 2016 жылдарға арналған сот оқуы стратегиясын (бұдан әрі – Сот оқуы стратегиясы) іске асыру жөніндегі жыл сайынғы жұмыс жоспарлар әзірлеу;

2)  судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің оқуға қажеттілігін талдау;

3)  судьялардың қажеттіліктеріне сәйкес олардың республикалық және өңірлік деңгейдегі оқыту іс-шараларына қатысуын қамтамасыз ету;

4) аудандық, облыстық және оған теңестірілген соттар судьяларының жоғары тұрған соттарда тағылымдамадан өтуге және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Сот төрелгі институтында (бұдан әрі – Сот төрелігі институті) біліктілікті арттыру курстарында оқуға қажеттілікті зерттеу;

5) судьяның тағылымдамаға дейінгі және тағылымдамадан кейінгі кезеңдегі жұмысын салыстырмалы талдау арқылы, оның нәтижелерін жыл қортындылары бойынша кеңестерде талқылап, тағылымдамалардың нәтижелілігіне мониторингті жүзеге асыру;

6)   Сот төрелігі институтында біліктілікті арттыру курстары бойынша оқудан өткен судьялардың оқуға дейінгі және оқудан кейінгі жіберілген қателіктерінің себептерін анықтай отырып, сот актілерінің сапасы туралы деректерге салыстырмалы талдау жасау;

7)   судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің қашықтықтан оқыту техгологиясының бағдарламаларына қол жеткізуін қамтамасыз ету;

8)   судьялар тарапынан, соның ішінде өзгертілген және күшін жойған сот актілері бар судьялар тарапынан қашықтықтан оқыту технологиясының тиімділігіне баға беруді жүзеге асыру;

9)   оқу іс-шараларын тиімді меңгеруге және іске асыруға ықпал ететін оқу-әдістемелік материалдармен (қағаз және электронды нұсқаларда) оқып-үйренушілерді қамтамасыз ету;

10)  тәлімгерлік бағдарламасының жұмысын ұйымдастыруды үйлестіру және оған әдістемелік көмек көрсету;

11) жұмыс нәтижелерін талдап, тәлімгер мен жас судьяның есебі арқылы тәлімгерлік бағдарламасының тиімділігін бағалау;

12) өздігінен оқу, жеке жоспар жасау мәселелерінде судьяларға әдістемелік көмек көрсету және тақырып бойынша материалдар беру;

13)  сот жүйесін дамыту мәселесі жөнінде семинарлар, дөңгелек үстелдер, тренингтер ұйымдастыру және өткізу;

14) судьяларға көмек ретінде семинарлардың материалдары бойынша жинақтар, оқыту-әдістемелік құралдар, брошюралар, буклеттер шығаруды жүзеге асыру;   

15) судьялардың біліктілігін арттыруға бағытталған өзге де функциялар.

3.  Оқу процесін ұйымдастыру

6. Облыс сотының оқу орталығы жүргізетін оқу іс-шаралары судьялар мен сот жүйесіндегі қызметкерлердің кәсіби және практикалық білім алуына бағытталады. 

7.  Облыс сотының оқу орталығы оқытудың басымды нысандары мен  әдістерін анықтайды, оқыту іс-шараларын іске асыру үшін қажетті жағдайлар жасайды.

8. Оқыту процесі Сот оқуы стратегиясымен, жартыжылдықтарға арналған жұмыс жоспарымен және  сот оқуы саласындағы  басқа да актілермен реттеледі.

9. Оқу орталықтарындағы оқыту процесінің мазмұнын және оны ұйымдастыруды анықтайтын негізгі құжаттар болып жұмыс жоспарлары табылады, оларда жеке санаттағы істерді қараудың, іс жүргізу құжаттары жасалуының, заңнаманы зерттеудің ерекшеліктері ескеріледі.

10. Оқыту іс шаралары судьялардың мамандануы ескеріле отырып, өткізіледі: азаматтық құқық және іс жүргізу, қылмыстық құқық және іс жүргізу, әкімшілік құқық және іс жүргізу.

11. Облыс сотының оқу орталығында оқыту іс-шаралары мынадай судьяларға есептелген: 3 жылға дейін жұмыс өтілі бар, қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді қарайтын аудандық соттардың судьялары, сот актілерінің күші жойылған және өзгертілген облыстық соттардың судьялары (алқа, мамандануы бойынша).

12. Облыс сотының оқу орталығы судьялардың оқудағы қажеттілігін әлеуметтік сауалдың, статистикалық деректердің, сот тәжірибесін қорытындылауды талдаудың, судьялардың жеке ұсыныстары мен басқа да өлшем нысандарының негізінде зерттейді.

13. Оқыту іс-шаралары дәрістер, дөңгелек үстелдер, конференциялар,  семинарлар, тренингтер, тағылымдамалар, тәлімгерлік бағдарламалары, қашықтықтан оқыту технологиясы, жеке оқыту және басқалары арқылы іске асырылады.

14. Оның құзыретіне жататын алдына қойған міндеттерді іске асыру үшін облыс сотының оқу орталығы тапсырмаларды аудандық (қалалық) және оған теңестірілген соттарға жолдауға құқылы, олар оны орындауға міндетті.

15. Облыс сотының оқу орталығы оқыту процесінде үйлестіру  және анықтамалық материалдарды бере отырып, ролдік ойындар, топтағы жұмыс, пікірталас, тренингтер, талқылаулар, техникалық құралдар – Power Point сияқты интерактивті әдістерді және т.б. қолдануы мүмкін.

16. Оқытуды мамандануы бойынша жеткілікті сот тәжірибесі бар облыстық соттардың судьялары, аудандық және оған теңестірілген соттардың судьялары, жоғары оқу орындарының оқытушылары арасынан дәріс оқушылары, сонымен қатар мемлекеттік органдардың және басқа ұйымдардың өкілдері өткізеді.

17. Ақпарат көздерін және өз бетімен оқу тетігін (мерзімдік басылымдар, қашықтықтан оқыту технологиясы, сот практикасын қорытындылау, санаттағы істер жөніндегі сот шешімдері, кітаптар және басқа да материалдар)  кеңейту және қол жетімді ету арқылы облыс сотының оқу орталығы судьяларға өз бетімен оқуға әдістемелік көмек көрсетеді.

18. Облыстық сотының оқу орталығы қашықтықтан оқыту технологиясын қамтамасыз етуге қатысады, ол бейнеконференц-байланыс арқылы жүргізіледі де оқытудағы өзара әрекеттесудің процесін нақты уақытта көздейді (дәріс оқушының аудиториямен сөйлесуі).

Бейнедәріс басталуына дейін (10 күн бұрын) оқу орталықтары Жоғарғы Сотқа дәрістің тақырыбы бойынша сұрақтар және көрсетілген санаттағы істер бойынша мамандандырылған судьялардың тізімі ұсынылады.

4.     Қорытынды ережелер

19.  Облыс сотының оқу орталығына жалпы басшылықты оқу бағдарламаларын үйлестіруші – облыстық сотының судьясы жүзеге асырады.

20.  Облыс сотының оқу орталығы қызметінің материалдық-техникалық қамтамасыз етуін облыстық және оған теңестірілген соттың кеңсесі жүзеге асырады.

21.  Облыс сотының оқу орталығының қызметі Қазақстан Республикасының Судьялар одағымен, Сот төрелігі институтымен, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментімен тұрақты өзара әрекеттесуге негізделеді.

22.  Облыстық және оған теңестірілген соттың төрағасы облыс сотының оқу орталығының, судьялардың (дәріс оқушылардың), соның ішінде әр түрлі конкурстардың қорытындылары бойынша – үздік тәлімгер, үздік дәріс оқушы, үздік тағылымдаманың жетекшісі, үздік маман және т.б. бойынша жұмыстарын ынталандыруға бағытталған шаралар қолданады.

_______________________

Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Соты Төрағасының
2012 жылғы «02» қарашада
№326 өкімімен
БЕКІТІЛГЕН

Тәлімгерлік туралы
ЕРЕЖЕ

Осы ереже алғаш рет тағайындалған судьяларға тәлімгерлікті жүзеге асырудың тәртібін, мақсаттары мен міндеттерін айқындайды.

1. Жалпы ережелер

1.Тәлімгерлік – бұл жұмысын енді бастаған судьяның білікті заңгер ретінде қалыптасу процесіне ықпал ететін, алғаш рет тағайындалған судьялардың кәсібилігін арттыру нысаны.

2.Тәлімгерлік алғаш рет тағайындалған судьялар үшін міндетті түрде жүзеге асырылады.

2. Тәлімгерліктің мақсаттары мен міндеттері

3.Тәлімгерліктің мақсаты алғаш рет тағайындалған судьялардың біліктілігін арттыруына және судьялық дағдыларын қалыптастыруына, олардың кәсіби қызметін жетілдіруге көмек көрсету болып табылады.

4.Алғаш рет тағайындалған судьяға көмек көрсетудегі тәлімгерліктің міндеті:

1)теориялық білімді іс жүзінде қолдану;

2)тәжірибелі судьяның жетекшілігімен сот жұмысының тәжірибесін үйрену;

3) істерді қараудың, сот процестерін жүргізудің, іс жүргізу құжаттарын жасаудың кәсіби техникасын меңгеру;

4) оқытудың қосымша нысандары мен әдістері арқылы біліктілікті ұдайы арттыру;

5) алғаш рет тағайындалған судьялардың мінез-құлық моделін Судья әдебі кодексінің нормаларына сай қалыптастыру болып табылады.

3. Тәлімгерлікті ұйымдастыру

5. Облыстық және оған теңестірілген соттың (бұдан әрі - облыстық сот) төрағасы тәлімгерлікті қызметке алғаш рет тағайындалған судьяға оның заңгерлік мамандығы бойынша бұрынғы жұмыс өтілі мен кәсіби дайындық деңгейін ескере отырып, бір жылдан екі жылға дейінгі мерзімге белгілейді.

6. Өңір бойынша тәлімгерлердің құрамы облыстық сот төрағасының өкімімен бекітіліп, аудандық және оған теңестірілген соттарға (бұдан әрі - аудандық сот) назарына жеткізіледі. Тәлімгерлердің бекітілген құрамы жаңартыла және толықтырыла алады.

7. Тәлімгерлер кәсіби қабілеті жоғары, жұмысында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген, кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар, ұжымда беделді, неғұрлым тәжірибелі аудандық соттар судьяларының арасынан тағайындалады.

Аз құрамды аудандық соттарда тәлімгерлік жұмыс осы соттардың төрағаларына немесе жоғары тұрған соттың судьяларына жүктелуі мүмкін.

8. Тәлімгерлік бойынша басшылықты аудандық немесе облыстық сот төрағасы жүзеге асырады.

Тәлімгерлік жөніндегі жетекші:

1)алғаш рет тағайындалған судьяға тәлімгерді өз өкімімен осы
сот тәлімгерлерінің бекітілген құрамының ішінен бекітеді;

2)тәлімгердің алғаш рет тағайындалған судьямен бірге жұмыс істеуі үшін жағдай жасайды, бұл жүктемені бөлу кезінде ескеріледі;

3)тәлімгердің алғаш рет тағайындалған судьямен бірлесе отырып дайындаған практикалық көмек көрсету жоспарын бекітеді;

4)алғаш рет тағайындалған судьяға практикалық көмек көрсету жоспарының орындалуын жалпы бақылауды жүзеге асырады;

5)алғаш рет тағайындалған судьяға істерді бөлу кезінде істердің санаты мен күрделілігін ескереді.

9. Алғаш рет тағайындалған судьяға практикалық көмек көрсету жоспарында:

1)істерді сот талқылауына дайындау;

2)ұлттық заңнаманың және халықаралық құқықтық актілердің нормаларын дұрыс қолдану;

3) сот процесін жүргізу; 

4) сот істерінің қозғалысын бақылауды жүзеге асыру;

5) алғаш рет тағайындалған судья шығарған сот актілерінің көшірмелерін рецензиялау үшін тәлімгерге тоқсан сайын ұсыну;

6) алғаш рет тағайындалған судьяның Сот оқуы біліктілігін арттыру мен үздіксіз айналысуы жөніндегі мәселелер ескерілуге тиіс.

10. Тәлімгерлік жұмыстың қорытындылары осы Ереженің 5-тармағында көрсетілген мерзім аяқталғаннан кейін облыстық соттың жалпы отырысында шығарылады. Тәлімгерліктің мақсаттарына қол жеткізілмеген жағдайда, жалпы отырыста оның себептері ескеріле отырып тәлімгерліктің мерзімі тағы бір жылға ұзартылуы  мүмкін. Бұл ретте  тәлімгерліктің  жалпы мерзімін үш жылдан асыруға болмайды.

11. Алғаш рет тағайындалған судья аудандық соттағы тәлімгерлік мерзімі аяқталғаннан кейін тағылымдамадан өту үшін базалық (үздік) сотқа жіберіледі, одан кейін облыстық сот төрағасы белгілеген мерзімдерде облыстық сотта тағылымдамадан өтеді.

Тәлімгерліктің қорытындылары туралы облыстық соттың жалпы отырысының хаттамалары мен алғаш рет тағайындалған судьяның есебі судьяның жеке ісіне тіркеу үшін тиісті соттың кадр қызметіне жіберіледі.

12. Тәлімгерлік қызметтегі жетістіктері үшін жыл бойғы жұмыс қорытындылары бойынша сот төрағасының өкімімен тәлімгер заңнамада белгіленген тәртіппен марапатталуы мүмкін.

Облыстық соттарда:

1)  тәлімгерлер үшін семинарлар ұйымдастырылады;

2)  тәлімгерлікті үйымдастырудың тәжірибесі зерделенеді, жинақталады және таратылады;

3) тәлімгерлер кеңесі құрылады, облыстық соттың судьясы оның төрағасы болып табылады. Тәлімгерлік жүйесін ұйымдастыру және тәлімгерлердің жұмысын үйлестіру Тәлімгерлер кеңесіне жүктеледі. Оның құрамына тәлімгер судьялар кіреді. Тәлімгерлер кеңесінің жеке құрамын сот төрағасы бекітеді. Тәлімгерлер кеңесіне жедел басшылықты Кеңес төрағасы жүзеге асырады.

 13. Тәлімгер ауырған, жұмыстан шығарылған не басқа дәлелді себептер болған, сондай-ақ ол өз жұмысын сапалы орындамаған жағдайда тәлімгердің ауыстырылуы мүмкін.

4. Тәлімгердің құқықтары мен міндеттері

14. Тәлімгер:

1) алғаш рет тағайындалған судья жұмыстың оң нәтижелеріне қол жеткізген жағдайда тәлімгерлікті мерзімінен бұрын тоқтату туралы өтініш білдіруге;

2) алғаш рет тағайындалған судьяны марапаттауға ұсынуға немесе оған қатысты тәртіптік ыкпал ету шараларын қолдану туралы өтініш білдіруге;

3) сот төрелігін жүзеге асыруға, оның ішінде өзін марапаттауға ұсынуға немесе өзіне қатысты тәртіптік ықпал ету шараларын қолдануға байланысты мәселелерді талқылауға қатысуға құқылы.

15. Тәлімгер:

1) сот төрелігін атқаруға араласпай, алғаш рет тағайындалған судьяның сот төрелігін атқаруы кезінде зандарды дұрыс қолдануы мен сот процестерін жүргізуінің практикалық дағдыларын меңгеруіне күнделікті көмек көрсетуге;

2) алғаш рет тағайындалған судья жүргізген сот процестерін оларға ішінара қатысу арқылы, сондай-ақ интерактивтік бейнебақылауды пайдалана отырып рецензиялауға;

3) алғаш рет тағайындалған судья шығарған сот актілерінің көшірмелерін рецензиялауға;

4) практикалық көмек көрсету жоспарының орындалуын бақылауға;

5) облыстық соттың жалпы отырысында қарау үшін тәлімгерлік қызметтің қорытындылары туралы ақпарат ұсынуға міндетті.

5. Алғаш рет тағайындалған судьяның құқықтары мен міндеттері

16. Алғаш рет тағайындалған судья:

1) тәлімгердің практикалық көмек көрсету жоспарын әзірлеуіне қатысуға;

2) жұмыс жоспарын түзету туралы ұсыныстар енгізуге;

3)қорытынды есепте тәлімгерлік бағдарламасының тиімділігі туралы пікір білдіруге;

4) сот төрағасына тәлімгерлік институтын жетілдіру жөнінде немесе себептерін көрсете отырып тәлімгерді ауыстыру туралы ұсыныс жасауға;

5) сот жүйесін жетілдіру жөніндегі ғылыми-практикалық іс-шараларға қатысуға құқылы.

17. Алғаш рет тағайындалған судья:

1) тәлімгерліктен өту кезеңінде өзіне практикалық көмек керсетудің бекітілген жоспарына сәйкес талаптарды адал орындауға;

2) белгіленген мерзімнің әрбір алты айы өткеннен кейін, сондай-ақ тәлімгерлік мерзімі аяқталған соң жұмысы туралы жазбаша есеп әзірлеуге, онда жоспардың орындалғанын, ескертпелер мен ұсыныстарды көрсетуге;

3) біліктілікті арттыру курстарына және үздіксіз сот оқуының басқа да бағдарламаларына қатысу арқылы өзінің кәсіби деңгейін көтеруге міндетті.

 _________________________

Қазақстан Республикасының
Жоғарғы Соты Төрағасының
2013 жылғы «16» шілде
№­­ 160 өкімімен бекітілген

Судьяларды және сот жүйесі қызметкерлерін
Қашықтықтан оқыту ережесі

1. Жалпы ережелер

1. Осы Ереже Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына және Қазақстан Республикасының 2012-2016 жылдарға арналған сот оқуы стратегиясына сәйкес әзірленді.

2. Ереже облыстық және оған теңестірілген соттар (бұдан әрі – жергілікті соттар) мен сот жүйесі қызметкерлерін қашықтықтан оқыту тәртібі мен шарттарын регламенттейді.

3. Қашықтықтан оқытудың мақсаты судьяларды және сот жүйесі қызметкерлерін жұмыс орнында, ешқайда сапар шектірмей, үзіліссіз оқытуды қамтамасыз ету болып табылады.

4. Қашықтықтан оқытудың негізгі мақсаты судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің біліктілігі мен кәсіби деңгейін арттыру болып табылады. 

5.  Осы Ережеде мынадай терминдер мен ұғымдар қолданылады:

бейнеконференция - бұл екi және одан да көп шалғайдағы абоненттердің (қатысушылардың) арасындағы интерактивтік өзара қарым-қатынастың телекоммуникациялық технологиясы, оның барысында олардың арасында аудио және бейнеақпарат алмасудың басқарушы деректері есепке алына отырып, нақты уақыт режимінде болуы мүмкін;

бейнематериалдар – физикалық тасымалдағышта осы ақпаратты сақтау және өз кезегінде оны қалпына келтіру және көрсету құралында (мониторда, экранда немесе дисплейде) көрсету мақсатында бейнесигнал немесе цифрлы бейнедеректер нысанында ұсынылған ақпаратты көрнекі ақпаратты жазудың электронды технологиясы.

Қазақстан Республикасы сот органдарының ішкі порталы (бұдан әрі- ҚР СО-ның Ішкі порталы) – портал, Қазақстан Республикасының сот органдарының ішкі ақпараттық ресурстарына қол жетімділігін, соның ішінде қашықтықтан оқыту шеңберіндегі қолданушылардың (судьялардың, сот жүйесі қызметкерлерінің) өзара іс-қимылдарын ұйымдастыруға арналған портал;

қашықтықтан оқыту – дәрістің барлық немесе басым бөлігі қазіргі заманға сай ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар қолданыла отырып жүзеге асырылатын оқу;

оқу материалдары – Қазақстан Республикасы сот органдарының Ішкі порталына орналастырылған «Қашықтықтан оқыту» сервисінің ақпараттық компоненттері;

ҚР СО БААТЖ  - Қазақстан Республикасы Сот органдарының бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі арқылы шағымдарды, арыздарды, наразылықтар мен ұсынымдарды, азаматтық, қылмыстық істерді және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді тіркеуді және оларды жылжытуды есепке алуды жүргізеді, сондай-ақ статистикалық есептер мен өзге де талдамалы материалдарды жазуды автоматтандырады;

Департамент - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін камтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты).

2. Оқу шараларын өткізу және ұйымдастыру

6. Жоғарғы Сот сот органдарының Ішкі порталында орналастырылған бейнеконференцбайланыс және оқу материалдарын пайдалану арқылы іске асырылатын қашықтықтан оқыту нысанын қолдана отырып жергілікті судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды жүзеге асырады.

7. Қашықтықтан оқытудың негізгі формасы - лекциялық сабақтар және оқыту материалдарын зерделеу бойынша өзіндік жұмыс болып табылады.

8. Жоғарғы Соттың Оқу бағдарламаларының үйлестірушісі және Департаменттің тиісті құрылымдық бөлімшесі оқу іс-шараларының ұйымдастырушысы болып табылады.

Электрондық ресурстарды техникалық қамтамасыз етуді сүйемелдеуді жүргізуге жауапты Департаменттің құрылымдық бөлімшелері оқытушыларға қашықтықтан оқыту құралдарына және негізгі (сот органдарының Ішкі порталына) қол жетімділігін қамтамасыз етеді.

9. Қашықтықтан оқыту құқық қолданудағы соттардың тәжірибесінен туындайтын мәселелер бойынша судьялардың және сот жүйесіндегі қызметкерлердің оқудағы  сұранысын зерделеудің  негізінде жүргізіледі.

2.1. Дәріс сабақтары

10. Дәріс сабақтарының тақырыбы облыстық соттар ұсыныстарының  негізінде қалыптастырылады, нәтижелері бойынша:

-  сот тәжірибесіне шолуларды, талдауларды зерделеу;

- сот актілерінің басым бөлігі бұзылуға немесе өзгертуге жол берілген істердің санаттары бойынша статистикалық мәліметтерді саралау;

- судьяларды оқыту қажеттілігін және судьялардың жеке ұсыныстарын айқындау мақсатында сауалнамалар жүргізу;

- заңнамадағы өзгерістер бойынша жасақталады.

Жергілікті соттардың судьяларын қашықтықтан оқыту үшін таңдап алынған тақырып дәріс сабақтарының Жоспар-кестесіне енгізіледі және онда нақты тұлғаларға (дәріс оқушыларға) тақырыптарды бекіту жүзеге асырылады.

Жоспар-кестені әрбір күнтізбелік жылдың басында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы бекітеді және облыстық соттарға жолданады.

11.Дәріс сабақтарының негізгі бөліктерін тікелей жауапты тұлғалар (дәріс оқушылар) дайындайды.

Дәріс оқушылар, әдеттегідей, Жоғарғы Соттың судьялары болып табылады. Дәріс оқушылар ретінде мемлекеттік органдардың, қоғамдық және өзге ұйымдардың өкілдері, сонымен қатар халықаралық сарапшылар тартылуы мүмкін.

12. Қашықтықтан оқыту дәрістері судьялардың маманданғаны ескеріле отырып айына 2 рет  ұйымдастырылады. 

Жоспар-кестеде бекітілген кезекті дәрістің өткізілу күніне дейін  бір апта бұрын облыстық және оған теңестірілген соттардың оқу бағдарламаларын үйлестірушілер дәріс тақырыбы бойынша сұрақтар мен тыңдаушылардың тізімін Жоғарғы Сотқа ұсынуы тиіс.

13. Облыстық соттардың ұсынған ақпараттарды жинау мен жүйелендіруді сот оқуын ұйымдастыруға жауапты Департаменттің құрылымдық бөлімшесі жүзеге асырады.

Тақырып бойынша түскен сұрақтар, Нұсқаулықтың 2.2 - бөлімімен қарастырылған тәртіпте сұрақтарға жауаптарды жариялауға және  сабаққа дайындық кезінде пайдалану үшін, дәріс оқушыға жолданады.

2.2. Өзіндік жұмыс

14. Сот органдарының Ішкі порталы судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің өз бетінше үйренуі және оқу материалдарына қол жеткізуі, әдістемелік көмек алуы үшін құрылған.

15. Сот органдарының Ішкі порталы ҚР СО БААТЖ-да тікелей орналастырылған web-қосымша түрінде («БААТЖ қосымшасы», «БААТЖ порталы» кіші бөлімі) тек техникалық қолданушыларға, ҚР СО БААТЖ есептік жазбасы бар болған жағдайда ғана қол жетімді. Бұған қосымша пайдаланушылар тіркеу рәсімінен өтуі тиіс. 

Пайдаланушының ақпаратқа қол жеткізуі бірегей идентификатор берілгеннен және енгізілген ақпараттың (логин мен пароль) негізінде сәйкестік рәсімі өткізілгеннен кейін мүмкін болады.

16. Сот органдарының Ішкі порталында екі тілде мемлекеттік және орыс тілінде интерфэйс қолданылады.

17. Сот органдарының Ішкі порталының «Қашықтықтан оқыту» атты бөлімшесінде оқу материалдары мына құрылым бойынша топтастырылған:

1) санаттар бойынша - оқу материалдары салалары бойынша топтастырылған: азаматтық құқық және процесс, қылмыстық құқық және процесс, әкімшілік құқық және процесс;

2) атауы бойынша -  дәріс және оқыту материалдары әліпби тәртібі бойынша орналастырылған;

3) авторлар бойынша – оқыту материалдары авторлары бойынша әліпби тәртібінде топтастырылған;

4) нысаны бойынша – оқыту материалдары мәтінді материал, файл – енгізу және бейне - роликтар түрінде топтастырылған;

18. Сот органдарының Ішкі порталында орналастырылған оқыту материалдары мына нысанның бірі бойынша зерделеу үшін қол жетімді:

1) мазмұнын оқу және көру (мәтінді материалдар);

2) жұмыс орнына көшіріп алу (файл-енгізу);

3) он-лайн бейне (бейне-ролик) көру.

19. Пайдаланушының (тыңдаушының) «Сұрақ қою» қызметі арқылы кез келген оқу материалы бойынша автордан (дәріс оқушыдан) түсіндірмелер

мен жауаптар алуға мүмкіншілігі бар. Осы оқу материалдары бойынша дәріс оқылғаннан кейін барлық қойылған сұрақтар мен автордың жауаптары жарияланады және барлық тіркелген пайдаланушыларға қарау үшін қол жетімді болады.

Пайдаланушының оқыту материалдары бойынша қойылған барлық сұрақтары мен авторлардың жарияланған жауаптарына «Сұрақтар банкі» атты айдарда қарау үшін қол жеткізу мүмкіндігі бар.

3. Қашықтықтан оқытудың тиімділігін бағалау

20. Қашықтықтан оқытудың тиімділігі судьялардың және сот жүйесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, сот төрелігін жүзеге асыру және соттардың қызметін қамтамасыз ету кезінде пайда болатын нақты мәселелер мен проблемаларды шешу үшін ақпарат алу, жаңа арнайы білім алу арқылы анықталады.

21. Жоғарғы Соттың, жергілікті және басқа да соттардың оқу бағдарламаларының үйлестірушілері қашықтықтан оқытудың тиімділігін  бағалауды жүргізеді. Соның ішінде сауалнама жүргізу арқылы анықтайды.

22. Күнтізбелік жыл қорытындыларының негізінде облыстық соттардың оқыту бағдарламаларының үйлестірушілері қашықтықтан оқыту нәтижелеріне талдау жүргізеді және оны Жоғарғы Сотқа жолдайды.

23. Жоғарғы Соттың оқу бағдарламаларының үйлестірушісі, Департаменттің сот оқуын қамтамасыз етуге жауапты құрылымдық бөлімшесімен бірге жергілікті соттардың қашықтықтан оқытуды жақсарту жөніндегі ұсыныстарын зерделейді.

Қашықтықтан оқытудың тиімділігі бойынша талдау қортындысы және оны жетілдіру бойынша ұсыныстар Жоғарғы Сот Төрағасына жеткізіледі және келесі жылғы оқыту шараларын қалыптастыру кезінде пайдаланылады.

______________________________________________