Қазақстан Республикасының «электрондық үкімет» порталы арқылы берілген электрондық талап арыздарды және басқа да электрондық құжаттарды қабылдау және есепке алу тәртібі туралы нұсқаулық

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қазақстан Республикасының «электрондық үкімет» порталы арқылы берілген электрондық талап арыздарды және басқа да электрондық құжаттарды қабылдау және есепке алу тәртібі туралы нұсқаулық

1. Жалпы ережелер

1. Қазақстан Республикасының «электрондық үкімет» порталы арқылы берілген электрондық талап арыздарды және басқада электрондық құжаттарды  қабылдау және есепке алу тәртібі туралы осы нұсқаулық (бұдан әрі - Нұсқаулық) Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексіне, Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексіне, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне, «Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді.

 2. Нұсқаулық «Қазақстан Республикасы сот органдарының бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесінде» Қазақстан Республикасының «электрондық үкімет» порталы арқылы электрондық құжат нысанында берілген электрондық талап арыздарды, сот отырысының хаттамасын беру туралы электрондық өтініштерді, сот отырысының хаттамасына электрондық ескертулер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының «электрондық үкімет» порталында арыз берушілерге электрондық құжат нысанында сот отырысының хаттамалары мен сот ұйғарымдарын дайындау және жөнелту тәртібін реттейді.

3. Осы Нұсқаулық қылмыстық және азаматтық істерді қарайтын облыстық, аудандық және оларға теңестірілген соттарға арналған.

4. Осы Нұсқаулықта мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) АІЖК – Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексі;

2) ҚІЖК – Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексі;

3) Салық кодексі – «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі;

4) БААТЖ - Қазақстан Республикасы сот органдарының бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі;

5) БААТЖ орталығы – ЭҮП арқылы берілген электрондық арыздарды қабылдауға арналған БААТЖ кіріктіру кіші жүйесі;

6) ЭҮП - Қазақстан Республикасының «электрондық үкімет» порталы;

7) ЭҮТШ – мемлекеттік бажды төлеуге мүмкіндік беретін Қазақстан Республикасы «электрондық үкіметінің» төлем шлюзі;

8) ТБК – тіркеу бақылау карточкасы.

2. БААТЖ орталығын құрудың бағыты мен мақсаттары

5. БААТЖ орталығы БААТЖ жүйесінің бөлігі болып табылады және ЭҮП арқылы электрондық құжат нысанында берілген электрондық талап арыздарды, сот отырысының хаттамасын беру туралы электрондық өтініштерді, сот отырысының хаттамасына электрондық ескертулерді қабылдауға, сондай-ақ ЭҮП-да арыз берушілерге электрондық құжат нысанында сот отырысының хаттамаларын және сот ұйғарымдарды жөнелтуге арналған.

6. БААТЖ орталығын құрудағы мақсат азаматтарға электрондық талап арыздарды, сот отырысының хаттамасын беруге электрондық өтініштерді, хаттамаға электрондық ескертулерді электронды құжат нысанында беру, сондай-ақ ҚІЖК мен АІЖК-ге сәйкес электрондық құжат нысанында сот отырысының хаттамасы мен сот ұйғарымын алуға мүмкіндік беруді қамтамасыз ететін ақпараттық-телекоммуникациялық инфрақұрылымды жасау болып табылады.

3. Автоматтандыру объектілерінің сипаттамасы

7. БААТЖ-да оларды кейіннен өңдей отырып, электрондық құжат форматында азаматтар мен заңды тұлғалардан электрондық өтініштерді қабылдау процестері автоматтандыру объектілері болып табылады.

Жоба шеңберінде мынадай процестер автоматтандырылады:

1) арыздардың үш түрін электрондық құжат форматында қабылдау:

электрондық талап арыз;

сот отырысының хаттамасын беру туралы электрондық өтініш;

сот отырысының хаттамасына электрондық ескерту.

2) ЭҮП арқылы арыз берушіге электрондық құжат нысанында сот отырысының хаттамасын және сот ұйғарымын беру;

3) БААТЖ жүйесінде электрондық арыздың өту хронологиясын көрсететін электрондық хабарламаларды қалыптастыру және арыз берушіге жеткізу.

8. ЭҮП-ден электрондық арыздарды соттарға беру, сондай-ақ электрондық арыздарды өңдеу мәртебесі туралы хабарламаларды жөнелту және соттардан ЭҮП-ден шығыс электрондық құжаттарды жөнелту БААТЖ орталығы арқылы жүзеге асырылады (1-қосымша).

4. Арыз берушілердің электрондық арыздарды беруі

9. Сотқа ЭҮП-ден (www.egov.kz) электрондық арыздарды беру ЭҮП-нің тиісті электрондық қызметімен қамтамасыз етіледі. Электрондық арыздардың экрандағы нұсқалары 2-қосымшада берілген.

10. Авторизация – ЭҮП-ге кіру рәсімінен өткеннен кейін, арыз беруші үш электрондық қызмет көрсетудің ішінен біреуін таңдайды:

1) электрондық талап арыз беру;

2) сот отырысының хаттамасын беру туралы электрондық өтініш беру;

3) сот отырысының хаттамасына электрондық ескерту беру;

4.1. Электрондық талап арыз беру

11. «Электрондық талап арыз беру» қызметі ЭҮТШ арқылы мемлекеттік баж төлеуге мүмкіндік береді. Арыз берушілердің жекелеген санаттары Салық кодексінің 541-бабына сәйкес мемлекеттік баж төлеуден босатылған.

12. Арыз беру үшін арыз беруші ЭҮП-ге мынадай деректерді қамтитын электрондық талап арыз нысанын толтыруы қажет:

арыз берушінің ЖСН-і;

тегі;

аты;

әкесінің аты;

мекенжайы;

облысы;

сот;

«төлемейді» деген алаң (мемлекеттік баж төлеуден босатылған кезде толтырылады);

Салық кодексінің 541-бабына сәйкес мемлекеттік баждан босатылған істердің/талапкерлердің санаты (мемлекеттік баж төлеуден босатылған кезде толтырылады);

мемлекеттік баж сомасы;

талап арыздың толық мәтіні;

АІЖК-нің 102-бабына сәйкес талап арыздың бағасы (осы алаң толтырылмаған жағдайда, талап арызға үндеместік бойынша «0» нөлдік мағына белгіленеді);

талап арызға қоса берілетін құжаттардың тізбесі.

13. Арыз беруші электрондық құжат нысанында талап арызды және құжаттардың басқа да көшірмелерін қоса тіркейді (бұл үшін ЭҮП-да файлдарды жүктеу іске асырылады), егер жеке немесе заңды тұлға болып табылса, талапкер туралы деректер нысанын және жеке немесе заңды тұлға болып табылатын жауапкер туралы деректер нысанын толтырады. Электрондық талап арыз нысаны бір немесе бірнеше талапкерлер мен жауапкерлердің (жеке/заңды тұлғалардың) деректерін енгізуге мүмкіндік береді.

14. Арыз беруші ЭҮП арқылы жөнелткен электрондық арыз нысанында енгізілген деректер мен құжаттар файлы соттың БААТЖ-ына келіп түскен кезде автоматты түрде кіріс құжаттың ТБК-сында орналастырылады.

15. Арыздың атрибуттарын енгізгеннен кейін, қажет болған жағдайда арыз беруші мемлекеттік бажды төлей алады.

16. Төлегеннен кейін электрондық талап арызға арыз берушінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қойылады және БААТЖ орталығына жіберіледі.

4.2. Сот отырысының хаттамасын беру туралы
электрондық өтініш беру

17. Арыз беру үшін ЭҮП-де сот хаттамасын беру туралы электронды өтініш нысанын толтыру және электрондық құжат нысанында арызды және басқа да құжаттардың көшірмелерін қоса тіркеу қажет.

18. Деректерді және қоса тіркелген құжаттарды енгізгеннен кейін электрондық арызға арыз берушінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қойылады және БААТЖ орталығына жіберіледі.

4.3. Сот отырысының хаттамасына
электрондық ескертулер беру

19. Арыз беру үшін арыз беруші ЭҮП-де сот отырысының хаттамасына электронды ескерту нысанын толтыру және электрондық құжат нысанында арызды және басқа да құжаттардың көшірмелерін қоса тіркеуі қажет.

20. Деректерді және қоса тіркелген құжаттарды енгізгеннен кейін электрондық арызға арыз берушінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қойылады және БААТЖ орталығына жіберіледі.

5.ЭҮП арқылы келіп түскен электрондық арызды қабылдау

21. ЭҮП арқылы электрондық арыз берілгеннен кейін ақпарат БААТЖ Орталығына келіп түседі, одан арыз беруші көрсеткен соттың БААТЖ-ына беріледі.

22. Құжаттарды ЭҮП арқылы соттың БААТЖ-ына жеткізу электрондық арызды жеткізу арыз берілген сәттен бастап 30 минут ішінде автоматты түрде жүзеге асырылады.

23. ЭҮП арқылы жеткізілген электрондық арыз соттың БААТЖ-ында БААТЖ арқылы жеткізілген құжаттар санатындағы «Кіріс хат-хабар» - «Тіркеуді күтуде» кескіндемесі орналастырылады. «Корреспондент» (хабарлама авторы) бағанында «Электрондық талап арыздарды қабылдау модулі» көрсетілетін болады. ЭҮП арқылы келіп түскен БААТЖ жүйесінде элеткрондық арыздардың экрандағы нұсқалары 3-қосымшада берілген.

24. ЭҮП арқылы келіп түскен электрондық талап арыз мынадай құжаттардан тұрады:

1) Кіріс құжатының ТБК-сы;

2) азаматтық істің нысандары (1Г нысаны);

3) тұлғаға нысан (процестің тараптары);

4) электрондық құжат нысандары;

5) мемлекеттік бажды төлеу нысандары (электрондық төлем).

25. ЭҮП арқылы келіп түскен сот отырысының хаттамасын беру туралы электрондық өтініш және сот отырысының хаттамасына элеткрондық ескерту мынадай құжаттардан тұрады:

1) кіріс құжаттың ТБК-сы;

2) электрондық құжат нысандары.

6. ЭҮП арқылы келіп түскен электрондық арызды тіркеу

26. ЭҮП арқылы келіп түскен электрондық арызды тіркеу БААТЖ электрондық құжат айналымы арқылы электрондық түрде түсетін құжаттарды тіркеуге ұқсас жүргізіледі, яғни құжатты алушы ретінде бөлімшенің атауы көрсетіледі, құжатқа кіріс тіркеу нөмірі беріледі және басқа да қажетті деректемелер толтырылады.

27. Соттың БААТЖ-ына ЭҮП арқылы келіп түскен электорондық арыздың өтуі туралы ақпарат, соның ішінде электрондық арызды тіркеу, тіркеуден бас тарту, арызды қарау сияқты рәсімдер («Сот ісін жүргізу/Қарау» бөлімі) арыз берушіге ЭҮП-да электрондық хабарламалар арқылы берілетін болады.

7. Мемлекеттік баждың төленгенін тексеру

28. БААТЖ-дан мемлекеттік баждың төленгенін тексеру Салық органының шотына мемлекеттік баждың келіп түскенін тексеру механизмінің көмегімен жүзеге асырылады.

29. Төлемді тексеру үшін кіріс құжаттың ТБК «Сот ісін жүргізу» қосымшасында «Электрондық төлем» нысанын ашу және «Төлемді тексеру» батырмасын басу, ашылған «Бюджетке төленетін төлемдер бойынша ақпарат сұрау» терезесінен «ОК» батырмасын басыңыз. Салық органының шотына төлем аударылған кезде ашылған «ҚР Қаржымині Салық комитетінің жүйесінде бюджетке төленетін төлемді тексеруді сұрау» терезесінде қажетті деректемелерімен төлемді растау туралы сұраудың оң нәтижесі шығады. Төлем болмаған кезде ашылып тұрған «ҚР Қаржымині Салық комитетінің жүйесінде бюджетке төленетін төлемді тексеруді сұрау» терезесінде төлемді растау туралы сұраудың теріс нәтижесі шығады. Төлем расталмаған жағдайда АІЖК-нің нормаларына сәйкес әрекеттерді орындау қажет.

30. Төлемнің түскенін тексеру кезінде ЭҮТШ арқылы төленген кезде Салық органының шотына мемлекеттік бажды аудару үш жұмыс күніне дейін жүргізілетінін ескеру қажет. Осыған байланысты, Салық органының тізілімінде жоғарыда көрсетілген күндердің ішінде төлемді тексеру тексерудің теріс нәтижесін қайтаруы мүмкін.

8. Арыз берушіге жауапты және басқада сот құжаттарын ЭҮП-да жөнелту

31. Электрондық талап арызды соттың іс жүргізуіне қабылдау туралы процессуалдық шешім шығарған кезде талап арыз берген адамның өкілеттіктерін тексеру туралы мәселе электрондық талап арызға қоса тіркелген электронды құжат нысандарының негізінде шешіледі. Бүгінгі таңда тиісті сервистердің (е-әділет, е-нотариат) іске асырылу деңгейін ескере отырып, өкілдікке және сенімхатқа байланысты өкілеттіктерді тексеру сот талқылауына істі дайындау сатысында электрондық талап арыз берген адамды сотқа шақыру жолымен ғана жүзеге асырылуы мүмкін.

32. АІЖК және ҚІЖК нормаларында қарастырылған жағдайда, арыз берушіге ЭҮП-ке жауаппен бірге соттың БББАТЖ арқылы электрондық құжат нысанындағы сот құжаты жіберіледі.

33. Электрондық арызға жауап жіберу рәсімі БААТЖ шығыс құжатын жасау және жіберу рәсіміне ұқсас.

34. Жауапты арыз берушіге жеткізу үшін мынадай міндетті әрекеттерді орындау қажет:

1) Шығыс құжаттың ТБК-сінде «Иә» деген белгімен «БААТЖ арқылы жеткізу» сияқты жеткізу тәсілін көрсету қажет.

2) Шығыс құжаттың ТБК «Ұйымның атауы» алаңында «Тізім» батырмасын басу, ашылған «Корреспонденттер» терезесінде корреспонденттер (алушылар) тізімінен «Электрондық үкімет порталы» мәнін таңдау. «Осы шығыс құжатты алушы» алаңында қажетті мән таңдалғаннан кейін «Электрондық үкімет порталы» мәні қойылады.

3) ЭҮП арқылы жеткізілген, шығыс жауап дайындалатын кіріс электрондық арызбен байланысты орнату. Бұл үшін шығыс құжаттың ТБК «Орындалуын бақылау» қосымшасын ашу, «Бұрын тіркелген құжаттармен байланыс/ «Кіріс құжаттармен» бөлімінің «Тізім» батырмасын басу. Ашық тұрған «Деректер қорын таңдау» терезесінде тізімнен «Сот ісін жүргізу» деректер қорының есептік жылын таңдау. Бұдан әрі ашық тұрған «Кіріс құжаттар тізімі» терезесінде тіркеу нөмірі бойынша қажет кіріс құжатты тауып, «ОК» батырмасын басу. «Құжаттың нөмірі, күні» алаңында қажет мәнді таңдағаннан кейін кіріс құжаттың нөмірі мен күні қойылады.

35. ЭҮП арқылы жеткізілген кіріс электрондық арыз карточкасында арыз берушінің бірегей сәйкестендіру деректері болады. Шығыс жауапты арыздың кіріс карточкасымен байланыстыру рәсімі міндетті болып табылады, өйткені байланыстыру кезінде арыз берушінің сәйкестендіру деректері кіріс арыздың ТБК-сынан алынады. Егер байланыстыру рәсімі орындалмаған жағдайда, жауап арыз берушіге ЭҮП-мен жеткізілмейді.

36. Шығыс құжат карточкасына барлық деректемелер енгізілгеннен кейін карточканы сақтап, БААТЖ арқылы жөнелту рәсімін орындау қажет. Бұл үшін әрекеттер панелінде «СО БААТЖ/БААТЖ арқылы жөнелтуге дайындау» батырмасын басу керек. Жөнелтуге дайын, арыз берушіге арналған шығыс құжат БААТЖ орталығы арқылы ЭҮП-мен жеткізілетін болады.

37. Шығыс құжатты жөнелту аяқталған соң арыз беруші ЭҮП бөлімі «Қызмет көрсетулерді алу тарихында» өз арызын өңдеудің ағымдағы мәртебесі және соттан жіберілген құжаттар туралы ақпаратты алады.