Нұрлан Қалқа, «Қайрат Мәми, Жоғарғы Сот Төрағасы «Заң үстемдігін қамтамасыз ету – соттардың басты міндеті» // «Айқын» газеті, 26.01.2016 ж.

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотында «Заң үстемдігін қамтамасыз ету – соттардың басты міндеті» атты тақырып аясында кеңейтілген мәжіліс болып өтті. Онда елімізде сот төрелігін жүзеге асырудың 2015 жылы атқарылған істер қорытындыланып, алдағы уақытта қолға алынатын іс-шаралар мен бағыт-бағдарлар атап көрсетілді.

Бұл алқалы басқосуға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Марат Бекетаев, Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Анатолий Смолин, облыстық соттардың төрағалары, Судьялар одағы мен Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшылығы қатысты.

Өткен жыл елімізде Елбасының бастамасымен іргелі істер, тың міндеттер атқарылған жемісті жыл болғаны кеңейтілген кеңес барысында атап өтілді. Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 11 қадамы бойынша берілген келелі міндеттер Жоғарғы Сотқа жүктелген еді. Республикамыздың сот жүйесі Президент тапсырмаларын дер кезінде әрі сапалы атқаруда зор жауапкершілігі мен жоғары кәсіби деңгейін көрсете білді. Бұл жөнінде жиын барысындағы өз сөзінде Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми кеңінен тоқталды. Ол 2016 жылғы 1 қаңтардан «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталғанын айтты. Осы орайда, 59 заң күшіне енді. Бұл заңдар мемлекетті, экономика мен қоғамды дамыту үшін қағидатты жаңа құқықтық ортаны қалыптастыратыны анық. Мемлекеттік құрылыстың осы кезеңіне өту бес институттық реформамен айқындалды. Елбасы жүргізіп отырған жаңашыл бағыттағы  осы реформаның табысты орындалуы заң үстемдігін қамтамасыз етуге тікелей байланысты болмақ. Сондықтан осы міндет бүгінгі кеңейтілген кеңестің ең басты тақырыбы ретінде қозғалып отыр.

Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Еліс Әбдіқадыров азаматтық және әкімшілік істер бойынша құқық қолдану практикасының өзекті мәселелері туралы әңгімеледі. Оның айтуынша, бірыңғай сот практикасын қалыптастыру – қорытуларды жүргізу, нормативтік қаулыларды қабылдау, сот істерінің электрондық жіктегішін жасау және енгізу бойынша жүргізілетін жұмыстардың маңыздылығын білдіреді. Өткен жылы соттардың тарапынан оңалту және банкроттық туралы заңнаманы қолдануы, азаматтардың тұрғын үй-жайларды жекешелендіруі, авторлық құқық және сабақтас құқықтар, моральдық зиянды өтеу туралы заңнаманы қолдану практикасы, сот төрелігіне қол жеткізу құқығы және Жоғарғы Соттың сот актілерін қайта қарау жөніндегі өкілеттілігі туралы нормативтік қаулылар қабылдау тәрізді сан қырлы да аса жауапты жұмыстар тиімді жүргізілді. Қабылданған нормативтік қаулылар бұрын соттар тарапынан дауларды шешу кезінде қиындық туғызып келген құқық қолдану практикасындағы көптеген қайшылықтарды жоюға мүмкіндіктер туғызатын болады.

Өткен жылы республика соттарына бес мыңнан астам қылмыстық іс келіп түскен. Бұл көрсеткіш 2014 жылмен салыстырғанда көп деуге тұрарлықтай. Соған қарамастан, істердің сапалы жүргізілуіне басты назар аударылды деп атап өтті, Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин. Оның пікірінше, өз қызметіне кіріскеніне көп уақыт өте қоймаса да, тергеу судьялары институты өзін-өзі ақтады деуге болады. Мысалы, 2015 жылы тергеу судьяларының қарауына, жалпы алғанда, 25 мыңнан астам өтінішхат, шағым және ұсыным келіп түскен. Оның ішінде, 2 732 өтініш ҚПК-нің 106-бабының тәртібі бойынша қылмыстық қудалау органдарының іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және прокурордың шешіміне қатысты білдірілген, оның үштен бір бөлігіне жуығы толық көлемде немесе ішінара қанағаттандырылған.

Елімізде сот жүйесін реформалауға арналған басымдықтар қатарында инвестициялық даулар бойынша ірі инвес­торлар қатысатын дауларды қарау үшін Жоғарғы Сотта инвестициялық алқаны ұйымдастыру міндеті «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 23-ші қадамында қойылған. Осы нақты тапсырманы іске асыруда ірі инвесторлардың қатысуларымен инвестициялық дауларды Жоғарғы Сот жанынан құрылған мамандандырылған алқа қарайды. Құқықтық қорғаудың бұл жаңа деңгейі бизнестің жүргізілуіне қолайлы жағдай туғызады, инвесторлардың қазақстандық сот әділдігіне сенімін арттырады.

Биылғы жалпы отырыста Жоғарғы сот жанынан Халықаралық консультативтік кеңес туралы Ереже қабылданып, оның құрамы бекітілді. Кеңес әлемдік сот жүйесіндегі озық тәжірибені отандық сот жүйесіне енгізу міндетін жүзеге асырады.

Жоғарғы Сотта құрылған жаңа мамандандырылған сот алқасының жұмысы туралы оның төрағасы Айгүл Қыдырбаева жан-жақты баяндады. Сонымен қатар, А. Қыдырбаева «100 нақты қадамның» 25-ші қадамы шетелдік және халықаралық соттардың үздік стандарттары бойынша сот істерін жүргізуді қамтамасыз ету үшін Жоғарғы Сот жанынан беделді шетелдік судьялар мен заңгерлер қатысатын Халықаралық кеңес құрылғанына, оның қызметі жөнінде тоқталды. Бұл Кеңес қазақстандық сот жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша Жоғарғы Сотқа кеңес беріп отырады.

Сондай-ақ, жыл қорытындысына арналған жиында «Сот жюриін қалыптастыру, оның судьяларға қойылатын жаңа талаптар аясындағы функциялары мен міндеттері» жайлы Жоғарғы Сот судьясы, Сот жюриінің төрағасы Моряк Шегенов, «Судьялық лауазымдарға кандидаттарды іріктеудің жаңа қағидалары және Жоғары Сот Кеңесін реформалау мәселелері туралы» Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Анатолий Смолин айтып өтті.

Мемлекет басшысының «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласында: «Қазақстандағы сот төрелігі азаматтардың жеке өмірінің құпиялығына кепіл құқын есепке ала келгенде барынша ашық бола түседі. Сот залдары сот істерін аудио және видеожазудың аппаратураларымен жарақтандырылады және жазбаларды қандай да бір тоқтатуға немесе редакциялауға мүмкіндік берілмейді. Бұл судьяларды және сот мәжілісіне басқа да қатысушыларды тәртіпке шақырады, сот процесі мен сот қабылдаған шешімнің объективтілігін қамтамасыз етеді» делінген.

Елбасының осы жаңашыл бастамасы республика соттарында дер кезінде, сапалы әрі жүйелі түрде жалғасын табуда. Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ілияс Испанов электрондық сот төрелігін енгізу бойынша атқарылған жұмыс туралы кеңінен хабардар етті.

Қазіргі ақпараттық технологиялардың нәтижесінде өтініштер мен өзге де құжаттарды беру, сот процесінің қатысушыларын хабарландыру, сот санкциясы, дәлелдемелерді қашықтықтан зерттеу, тараптарды іс материалдарымен таныстыру секілді қызметтер электронды түрде жүргізілуде. Мәселен, еліміздің кез келген азаматы Жоғарғы Сот сайтындағы «Сот кабинеті» сервисі арқылы сот істерімен қашықтықтан таныса алады. Ол үшін азаматтың цифрлық электрондық қолтаңбасы болуы керек. Яғни, әрбір азамат соттың барлық шешімдерінен Интернет жүйесі арқылы мол мағлұмат алады.

Деректерге жүгінсек, өткен жылы республика бойынша сот залының 74 пайызға жуығы аудио-бейнетіркеудің жаңа жүйесімен жабдықталды. Астана мен Алматы қалаларында сот залдарын аталған жүйемен жабдықтау ісі жүз пайызға орындалды.

Кеңесте сондай-ақ бірқатар облыстық соттардың төрағалары сөз алып, өткен жылы атқарылған істер туралы мол мағлұматтар берді.

Жиынды қорытындылаған Жоғарғы Соттың Төрағасы Қайрат Мәми қол жеткізілген оң көрсеткіштер соттардың өткен жылғы сот төрелігін іске асырудағы сапалы жұмысын көрсететінін атап айтты.  2015 жылы соттар істерді 2,5 %-ға артығымен орындаған, сот актілерінің басым көпшілігі заңды әрі негізді деп танылған. Жаңа қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманың жағдайында соттарға келіп түскен барлық қылмыстық істердің үштен бір бөлігінен астамы қылмыстық теріс қылық туралы істерді құраған.  Әрбір оныншы іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жеделдетілген тәртіпте аяқталған. Ал 1 423 іс бойынша жеңілдетілген сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Сонымен бірге, кінәні мойындау туралы мәмілелер бойынша да белгілі практика қалыптасуда. Келісімдік іс жүргізуде қарау үшін 2,5 мыңнан астам қылмыстық іс келіп түскен. Өзгертілген «жазалау» практикасының шеңберінде бас бостандығынан нақты айыруға сотталғандардың нақты үлесі 13,1 %-ға төмендеген. Жазалаудың баламалы түрлеріне кесілген сотталғандардың үлес салмағы төрттен бір бөлікке артты. Айыппұл төлейтіндер мен қоғамдық жұмыстарға сотталғандар саны бірнеше есе өсті. Ал енді ақтау үкімдерінің саны 55 %-ға немесе 1,5 есеге артты. Дауларды шешудің баламалы тәсілдерін қолданып шешілген азаматтық істер саны  23,8 %-ға өсті. Олардың жартысынан астамы бітімгершілік келісім жасасумен аяқталды,  ал 41,6 %-ы медиатордың қатысуымен қаралды.

Өз сөзінде Қ. Мәми Ұлт Жоспарының сот жүйесін реформалау жөніндегі барлық 11 қадамын іске асыру бойынша қажетті заңнамалық жұмыстар дер кезінде, сапалы атқарылғанына тоқталды. Одан соң, 2016 жылға арналған міндеттерді айқындай келе, Жоғарғы Сот Төрағасы сапалы судьялық корпусты қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Одан әрі: «Сот төрелігін жоғары моральдық қағидаттары бар ең лайықты кәсіби мамандар іске асыруға тиіс әрі жүзеге асырады да. Осыған байланысты Жоғары Сот Кеңесі түбегейлі реформаланды, Сот төрелігі институтын Жоғарғы Соттың қарамағына беру мәселелері заңнамалық деңгейде шешілді» дей келе, көпшіліктің назарында жүрген мән-жайға кеңінен тоқталып өтті.

Биылғы қаңтардан бастап енгізілген сот ісін жүргізудің үш сатылы моделі халықаралық стандарттарға сай келетіндігі, сот шешімдеріне тезірек күшіне енуге мүмкіндік беретіндігі және процесті жасанды түрде созу мүмкіндігін төмендететіндігі атап өтілді. Сот залдары аудио және бейнетіркеу аппаратурасымен жабдықталуда және жазуды тоқтата тұру немесе редакциялау мүмкіндігі жоқ.

Соттарды реформалау бойынша бірқатар институционалды шешімдер ерекше белгіленді. Олардың ішінде құрметті отставкаға шыққан судьяларды зейнетақымен қамсыздандырудың жаңа жүйесі енгізіліп, осы жылдан бастап отставкаға шыққан зейнеткер судьяларға ай сайынғы өмірбойғы қамтылым төленетін болады. Бұл ретте, отставкадағы судьялардың қызметіне кез келген шектеулер қойылмайды.  

Қ. Мәми биылғы 20 наурызда болатын Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына, сондай-ақ республика мәслихаттары депутаттарының сайлауына да баса назар аударды. Ол сайлау заңнамасының бұзушылықтарына байланысты барлық шағымдар мен өтініштерді соттар қысқа мерзімдерде немесе кідіріссіз қарауды қамтамасыз етуге міндетті екендігін ерекше атап өтті. Жоғарғы Сот судьялары мен облыстық соттардың төрағалары алдында алдағы электоралдық кезеңде соттардың жұмысын жоғары деңгейде қамтамасыз ету міндеті қойылды.

Жоғарғы Сот Төрағасы сөз соңында Мемлекет басшысы алға міндет етіп қойып отырғандай, реформалардың іске асырылуына жергілікті жерлердегі бірінші басшылардың дербес жауаптылығы туралы тағы да ескертіп өтті.