Жоғарғы Сотының судьясы М.Жангуттинов: «Заң ханға да, қараға да ортақ», «Заң газеті», 12.05.2017 ж.

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Күн кешегі билер салған сара жол - әділдік пен ақиқаттың айқын көрінісі. Себебі би – бірінші кезекте халыққа сот төрелігін шынайы, әрі турашылдықпен жүзеге асыруда әділ билігімен танылған, соттық функцияны атқаратын мемлекеттік қызметші. Ол сот ісін жүргізгенде өзі қадағалайтын тәртіптілікті қатаң сақтай отырып, істің күрделілігі мен екі жақ тараптың ықылас-мүдделеріне баса назар аударады. Сонымен бірге, іске қатысатын тараптардың өкілдері мен өзге де қатысушылардың мүмкіндігін шектемей, жариялылықты қатаң сақтайтын әділ төреші болған. Би соттың дәлелдеу қорытындысында екі тараптың бірін жеңіп, бірін жеңіліп емес, екі жаққа да шындықты мойындата білген. Халық алдында өзінің шынайы шешімімен тараптарды татуластырса ғана әділ ісімен беделі артқан.  Сондықтан Қазақ елінің билер соты барша жұрт алдында кәсіби жағынан әбден шыңдалған, тәуелсіз сот билігі ретінде сақталып келді. «Адал би – әділ би» деген қағида осыдан қалса керек. Ендеше судья – кешегі тілмен айтсақ, бүгінгі билердің жалғасы. Шешендік пен ділмарлық өнерді жіті игерген, ақындық рухпен еркін өмір сүріп, этникалық бірігуді мақсат тұтқан ортағасырлық көшпелі қазақтардың азаматтық және заңгерлік мәдениетінде маңызды рөл атқаратын қазақ билер сотының мәдени құндылығы тым тереңнен бастау алады. Қара қылды қақ жарған Төле би, Қазыбек би және Әйтеке билердің ерен еңбектері бізге өнеге болуға тиіс. Өткеннен өнеге алмай, болашаққа батыл қадам жасау мүмкін емес. Демек, судья – ең алдымен әділдік пен турашылдықтың жаршысы болуға тиіс. «Туғанды биде иман жоқ, иманды биде туған жоқ» деп дана халқымыз айтқандай, судья өзінің  кәсіби қызметіне  ешкімнің, оның ішінде туыстарының, достарының немесе таныстарының араласуына жол бермеуі керек. Ханға да, қараға да ортақ бір дүние бар. Әрине, ол – Заң. Сондықтан  судья әрдайым өз қызметінде Ата заңымызбен қатар Қазақстан Республикасының қолданыстағы басқа да заңнамалық актілерін, жалпыға бірдей адамгершілік нормалары мен мінез-құлық ережелерін басшылыққа алуға тиіс. Мұның бәрі, айналып келгенде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 75-бабына сәйкес, «Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады» - деген қағидаға саяды. Сот құрылымында барлық деңгейдегі судьялар айрықша орын алады, өйткені  судья – бұл Қазақстан Республикасындағы сот билігінің өкілі. Сот төрелігін іске асыру жөніндегі соттың қызметіне қандай да болсын араласуға жол берілмейді және ол заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады. Ал судьяның сот төрелігін іске асыру кезінде  Конституция мен заңдарға ғана бағынышты болуы, басқадай айтқанда, оның тек заңға тәуелді болуы сот әділдігінің шынайы көрнісін айқындайды. Яғни, Ата заңымыздың 77-бабының 1-тармағында судьяның сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынатындығы айқын көрсетілген.   Конституциямен белгіленген сот төрелігінің принциптері Республиканың барлық соттары мен судьяларына ортақ және бірыңғай болып табылады.  Сот жүйесінде судьяның өзіне заңмен берілген өкілеттіктерін жүзеге асыруы барысында қандай да болмасын басқа биліктер мен олардың лауазымды тұлғаларына бағынбайтынын және жоғарғы сот сатыларына есеп бермейтінін білдіреді.

Істерді қарау барысында судья (немесе сот құрамы) тараптардың ешқайсысын жақтамай, тек қана заңды басшылыққа алып, бейтарап халде, өзінің ішкі нанымына иланып, қаралған дәлелдемелерді  тиісті деңгейде  бағалаудың  нәтижесінде  заңға сәйкес  шешім қабылдауы қажет. Сонымен қатар соттар Конституцияға қайшы емес нормативтік құқықтық актілерді ғана қолдануға тиіс.

Алайда судьяның тәуелсіздігі туралы айтылғанда, ҚПК және АПК заңнамасына сәйкес соттарда қаралуға тиіс істердің көпшілік басымын  судья жеке дара, ал кейбір жағдайларда, өлім жазасын тағайындау  мүмкіндігі қарастырылған істер бойынша алқалы құрамда қарайды. Сондықтан  сот тәуелсіздігі деп сот құрамына кіретін барлық судьялардың тәуелсіздігі жөнінде айтылады. Демек,  судья сот әділдігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады. Бұл – заң талаптары. Оны бұлжытпай  сақтау - қазының басты  міндеті.

Судьялардың қызметіне бақылау жасау, оған баға беру, олардың тәртіптік жауапкершілігінің негіздері заңда тікелей көрсетілген. Егер судьялар заң нормаларын, судьялар әдебі туралы кодекс талаптарын бұзса, оларды қызметінен аластату немесе тиісті тәріптік шаралар қолдану мәселесі  заңды тұрғыдан дұрыс жолға қойылған.

Жалпы судьялардың тәуелсіздігін одан әрі жетілдіру - күн тәртібіндегі мәселе. Көбінесе судьялардың қызметіне, мәртебесіне, беделіне қатысты сын-пікірлер, тіпті кейбір жағдайларда заңға негізделмеген айыптаулар  көп айтылады. Іс материалдарын оқымай, оның мазмұнын және қылмыстың құрамын білмей, азаматтық даулардың мәнін білмей, атүсті баспасөзде жариялайтындар жиі кездеседі. Сондықтан осындай кемшіліктерді алдын алу үшін баспасөз беттерінде судьяның адам тағдырына, қоғам, мемлекет мүдделеріне қатысты әділетті іс-әрекеттері туралы материалдарды жиі жариялау қажет.                        

Бүгінгі таңда сот жүйесі мен судьялардың мәртебесін арттыру, сот тәуелсіздігін нығайту мақсатында кешенді шаралар жүзеге асырылуда.. Соның сәтті қадамдарының бірі - үш буынды сот жүйесінің енгізілуі. Нақты айтқанда, жергілікті және облыстық соттардың әлеуеті кеңейтілді. Үш сатылы сот жүйесінің  бірінші сатысы - аудандық соттар, екінші саты -  облыстық соттар, ал кассациялық тәртіпте іс қарау Жоғарғы Соттың құзырына берілді.

Екіншіден, бірінші сатыдағы ірі инвесторлардың қатысуымен болған істерді қарау үшін арнайы мамандандырылған алқа құрылып, аталған құрлым көп кешікпей оң нәтижесін беруде.

Үшіншіден, елімізде халықтың сотқа деген сенімі жылдан жылға артып келеді. Оған азаматтардың  өздерінің  заңды құқықтары мен бостандықтарын қорғап сотқа шағым беру санының көбеюі негіз болып отыр.

Қорыта айтқанда,  билер тағылымынан бастау алған  сот қызметі өмір талабына орай, елімізде орын алып жатқан әлеуметтік-экономикалық саяси – ұйымдастырушылық өзгерістерге сәйкес жүзеге асырылуда. Себебі ХХІ ғасырдың ұлттың дамуының маңызды  өлшемі – мінсіз және тиімді  ұлттық сот төрелігі жүйесі. Ал  тәуелсіз және әділетті сот – құқықтық мемлекеттің негізі. Онсыз әлемде бірде-бір ең дамыған мемлекеттерде қолайлы инвестициялық ахуалдың да, азаматтардың да әл-ауқатының жоғарғы дегейінің де, қоғамның  табысты дамуының да болуы мүмкін емес. Демек, азаматтар барлық мәселелерді тек сот жүйесі арқылы шешіп, өз құқықтарын осы орган арқылы ғана қорғай алады. Бұдан биліктің бір тармағы сот билігінің қоғамдағы алатын ерекше орнын көруге болады. Бұған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «...Ең бастысы, би адал, әділ болуы керек. Қазы халықтың ожданы» -деген сөзі дәлел. Ендеше, әділ қазылық ету – кез келген судьяның қасиеті парызы. Халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғам – ең дамыған қоғам. Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы реформалар заман талабына сай қызмет етуде, оны одан әрі жетілдіру обьективтік құбылыс. Оның басты межесі - әлемдегі озық 30 елдің қатарына қосылу.