Сот органдарының интернет-ресурстарында сот актілерін, сот қызметі туралы ақпаратты, Қазақстан Республикасы соттарының өндірісіндегі істер туралы мәліметтері орналастыру тәртібі туралы

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ж О Б А

 

Қазақстан Республикасы   

Жоғарғы Сотының жанындағы

Соттардың қызметін

қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы

Сотының аппараты) басшысының

2014 жылғы «__» _______

№ __ өкімімен

бекітілген

 

Сот органдарының интернет-ресурстарында сот актілерін, сот қызметі туралы ақпаратты, Қазақстан Республикасы соттарының өндірісіндегі істер туралы мәліметтері орналастыру тәртібі туралы

РЕГЛАМЕНТ

1.Жалпы ережелер

 

1.1. Осы Регламент сот органдарының интернет-ресурстарында сот актілерін, Қазақстан Республикасы соттарының қызметі туралы ақпаратты, Қазақстан Республикасы соттарының өндірісіндегі істер туралы мәліметтері орналастыру тәртібі мен принциптерін белгілейді.

1.2. Регламент Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексіне, Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексіне, Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық актілерге сәйкес әзірленді.

1.3. Сот органдарының интернет-ресурстарында сот актілерін, сот қызметі туралы ақпаратты, Қазақстан Республикасы соттарының өндірісіндегі істер туралы мәліметтері орналастыру тәртібінің негізгі принциптері мыналар болып табылады:

- сот талқылауына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

- азаматтардың жеке өміріне, жеке және отбасы құпиясына, олардың ар-намысы мен іскерлік беделіне қол сұғылмаушылық құқықтарының, ұйымдардың өздерінің іскерлік беделін қорғауға құқықтарының сақталуы;

- соттар қызметі туралы ақпаратты беру кезінде сот процесіне қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделрінің сақталуы;

- сот актілерінің анықтығы.

1.4. Осы Регламентте мынадай терминдер мен ұғымдар пайдаланылады:

 

1)             «Жоғарғы Сот» - Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты;

2)             «Департамент» - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты)

3)              «сот» - сот билігінің органы, істерді алқалы түрде немесе жеке-дара қарайтын Қазақстан Республикасының сот жүйесіне кіретін кез келген заңды түрде құрылған сот;

4)             «сот органдарының интернет – ресурстары» - сот қызметі туралы, сот өндірісіндегі істер туралы, сот актілерінің мәтіндерін қамтитын «Интернет» желісінде орналастырылған ақпараттық дерекқор;

5)              «Интернет» желісі» -  «Интернет» жалпы бірдей пайдаланатын ақпараттық – телекоммуникациялық желісі («Интернет» желісі);

6)             «ҚР СО БААТЖ» - Қазақстан Республикасы сот органдарының Бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі;

7)              «сот қызметі туралы ақпарат» - сот, Департамент, сот қауымдастығы органдары өз құзыретінің шегінде дайындаған, не сотқа, Департамент органдарына, сот қауымдастығы органдарына түскен және соттың қызметіне қатысты ақпарат (сот өндірісі тәртібін, соттың, Департаменттің, сот қауымдастығы органдарының өкілеттіктерін мен қызметінің тәртібін белгілейтін Қазақстан Республикасының заңнамасы, нақты істер бойынша сот актілері және соттардың қызметі мәселелерін реттейтін, сондай-ақ соттардың қызметіне қатысы бар өзге де актілер);

8)              «ақпаратты пайдаланушы» - соттардың қызметі туралы ақпаратты іздеуді жүзеге асыратын азамат (жеке тұлға), ұйым (заңды тұлға), қоғамдық бірлестік, мемлекеттік билік органы немесе жергілікті өзін-өзі басқару органы;

9)             «сот актісі» - істің мәні бойынша заңмен белгіленген нысанға сәйкес шығарылған сот шешімі (үкім, қаулы, шешім, ұйғарым, сот бұйрығы);

10)         «сот актісін деперсондау» - сот органдарының интернет-ресурстарында орналастырылатын сот актісінің мәтінінен сот процесіне қатысушылардың дербес деректерін, құпия сипаттағы мәліметтерді алып тастау арқылы сот актілерін иесіздендіру;

11)         «дербес деректер» - осындай ақпарат негізінде анықталған немесе анықталатын сот процесіне қатысушыға қатысты ақпарат, оның ішінде оның тегі, аты, әкесінің аты, дербес деректер: паспортының немесе жеке басын куәландыратын өзге құжаттың деректемелері, салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірі, жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН), жеке кәсіпкердің мемлекеттік тіркеу нөмірі, көлік құралдары туралы мәлімет, қылмыс жасалған жердің мекенжайын қоса алғанда, барлық мекенжайлар, процеске қатысушылардың және сот актісінде аталған өзге тұлғалардың физикалық және психикалық денсаулығы туралы мәлімет, мүлкі туралы ақпарат және басқа да осындай ақпарат;

12)         «ақпаратты орналастыру үшін жауапты адам» - сот төрағасының өкімімен сот қызметі туралы ақпаратты, сот өндірісіндегі істер туралы мәліметтерді дайындау және сот органдарының интернет – ресурстарында орналастыру үшін жауапты болып тағайындалған сот аппаратының қызметкері.

 

 

2. Сот органдарының интернет – ресурстарында орналастыру үшін сот актілерін, сот қызметі туралы ақпаратты, Қазақстан Республикасы соттарының өндірісіндегі істер туралы мәліметтерді іріктеу және дайындау

 

2.1. Сот органдарының интернет – ресурстарында орналастырылуға жататын сот актілерінің мәтіндерін іріктеу мен дайындауды автоматтандыру және оларды «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес деперсондау үшін «Сот істерінің анықтамалығы» және «Сот актілерінің банкі» кіші жүйелерінің құралдары пайдаланылады.

Істің статусы (қозғалысы) туралы ақпаратты іріктеу, жүгіндіру және орналастыру «Интернет – портал» кіші жүйесін «Сот істерінің анықтамалығы» және «Сот актілерінің банкі» кіші жүйелерінің дерекқорларымен түйістірудің тиісті модулін пайдаланып, ақпаратты автоматты түрде көрсету режимінде жүзеге асырылады.  

Сот органдарының интернет – ресурстарында орналастырылуға жататын сот актілерінің мәтіндерін деперсондау, жүгіндіру және орналастыру «Интернет – портал» кіші жүйесін «Сот істерінің анықтамалығы» және «Сот актілерінің банкі» кіші жүйелерінің дерекқорларымен түйістірудің тиісті модулін пайдаланып, ақпаратты автоматты түрде көрсету режимінде жүзеге асырылады.  

Бұл ретте, түйістірудің бір модулі ведомстволық контурда орналастырылады және «Сот істерінің анықтамалығы» және «Сот актілерінің банкі» кіші жүйелерінің дерекқорларынан сот органдарының интернет – ресурстарында орналастырылуға жататын ақпаратты (сот актілерін) іріктеу және оны орналастыруға жүгіндіру үшін пайдаланылады.

Көрсетілген ақпарат сыртқы жеткізгіште «Интернет» желісінен қолжетімді серверде (компьютерде) орнатылған екінші модульге көшіріледі.

2.2. Сот істерінің статусы (қозғалысы) туралы мәліметтерді автоматты түрде орналастырудың техникалық мүмкіндігі болмаған кезде ондай ақпарат мәтіндік редакторда қалыптастырылып, «Сот істерінің анықтамалығы» модулінің «Істердің қаралуы» бөлімінде орналастырылады. Тиісті модуль болмаған кезде сот актілерінің мәтіндерін деперсондау текстілік редакторда жүзеге асырылады, «Сот істерінің анықтамалығында», «Сот актілерінің банкінде» орналастырылады.

2.3. «Сот істерінің анықтамалығы», «Сот актілерінің банкі» автоматтандырылған кіші жүйелерімен жұмысты енгізу, режимі, оны бақылау, сот органдарының қызметкерлерін осы кіші жүйелермен жұмыс істеуге оқыту соттың тиісті құрылымдық бөлімшесіне не лауазымдық регламентке (сот төрағасының өкіміне) сәйкес тиісті өкілеттіктер берілген адамға жүктеледі.

2.4. Сот органдарының интернет – ресурстарында орналастыру үшін сот істерінің статусы (қозғалысы) туралы ақпаратты орналастыру және сот актілерінің мәтіндерін өңдеу мерзімдерінің сақталуына жалпы бақылауды сот төрағасы (немесе сот төрағасы міндеттерін орындайтын адам), не ол уәкілеттік берген адам жүзеге асырады.

 

 

3. Сот органдарының интернет – ресурстарында орналастырылуға жататын сот актілерінің мәтіндеріне қойылатын талаптар

 

3.1. Нақты іс бойынша сот актісінің мәтінін деперсондау үшін беру және кейін сот органдарының интернет – ресурстарында орналастыру туралы шешім қабылдау үшін жауапкершілік іс бойынша төрағалық еткен судьяға (немесе іс бойынша баяндамашыға) жүктеледі.

3.2. Сот органдарының интернет – ресурстарында мәтіндері толық көлемде орналастырылуға жататын сот актілерін іріктеудің принципі (өлшемі) заңда тікелей көрсетілуі болып табылады.

 

Сот органдарының интернет – ресурстарында алып тастаусыз (өзгеріссіз) мыналар орналастырылады:

 

- жария құқықтық қатынастардан туындайтын азаматтық істер, атап айтқанда, норматвитік құқықтық актілерді толығымен немесе бір бөлігінде жарамсыз деп тану туралы істер бойынша  шығарылған сот актілерінің мәтіндері;

- ақтау тәртібімен қаралған істер бойынша шығарылған сот актілерінің мәтіндері;

- «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес нақты бұқаралық ақпарат құралы арқылы жариялануы туралы талапты қамтитын заңды күшіне енген сот актілерінің мәтіндері;

        

3.3. Сот органдарының интернет – ресурстарында мынадай істер:

- мемлекет қауіпсіздігін қозғайтын істер;

- отбасы-құқықтық қатынастардан туындайтын, оның ішінде бала асырап алу туралы істер, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін, басқа адамдардың ар-намысы мен беделін қозғайтын басқа да істер;

- жеке адамның жыныстық қол сұғылмаушылығы мен жыныстық бостандығына қарсы қылмыстар туралы істер;

- азаматтың әрекетке қабілеттілігін шектеу туралы немесе оны әрекетке қабілетсіз деп тану туралы істер;

- азаматты психиатриялық стационарға мәжбүрлеп емдеуге жатқызу және мәжбүрлеп психиатриялық куәландыру туралы істер;

         -   алкоголизммен, нашақорлықпен, туберкулёзбен ауыратындарды мәжүрлеп емделуге жіберу туралы;

- азаматтық хал актілерінің жазбаларына түзетулер мен өзгерістер енгізу туралы істер;

- заңдық маңызы бар фактілерді анықтау туралы істер;

         -   жеке айыптау істері;

         -   жабық сот отырыстарында қаралған істер;

- терроризм мен экстремизм туралы қылмыстық және әкімшілік істер;

- кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық істер бойынша шығарылған сот актілерінің мәтіндері орналастыруға жатпайды.

 

3.4. Сот органдарының интернет – ресурстарында мемлекеттік, коммерциялық, банктік, салықтық, қызметтік, кәсіби немесе мемлекет қорғайтын өзге де құпияны , шектеулі қол жеткізу мәліметтерін қамтитын ақпаратты, сондай-ақ алаяқтық жасау, есірткі, қару, оқ-дәрі дайындау, салықты төлеуден жалтару схемалары қамтылған сот актілерін орналастыруға жол берілмейді.

 

3.5.  Сот органдарының интернет – ресурстарында соттың жеке ұйғарымдарының (жеке қаулыларының) мәтіндерін орналастыру тәртібі нақты жеке ұйғарымды (жеке қаулыны) шығарған судьяның қарауында қалдырылсын.

 

3.6. Сот органдарының интернет – ресурстарында келесі мәліметтері орналастыру туралы шешімді сот төрағасы немесе оның міндеттерін орындайтын адам дербес қабылдайды:

 

- қаралмаған істер туралы ақпарат;

- ондай ақпаратты орналастыру судьяға немесе сот процесіне қатысушыларға қысым көрсетуі мүмкін болғанда, азаматтық істер бойынша сот отырыстарын тағайындау туралы ұйғарымдар (қаулылар), алдын ала тыңдауды жүргізу туралы қаулылар, сотқа дейінгі дайындау жүргізу туралы ұйғарымдар;

- сот отырыстарын тағайындау, іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру, сараптама тағайындау туралы қаулылар;

- өзге ақпарат.

 

         3.7. Егер істе мемлекеттік құпияға жататын мәлімет болса немесе ол жеке сипатта ғана болса, сот (сот төрағасы немесе іс бойынша төрағалық еткен судья) сот актісінің толық мәтінді редакциясын орналастырудың орнына сот органдарының интернет – ресурстарында істің қаралуы туралы қысқаша хабарламаны не сот актісінен үзіндіні (көшірме үзіндіні) орналастыруға құқылы.

 

4. Сот актісін сот органдарының интернет – ресурстарында орналастыру үшін өңдеуге беру

 

4.1. Сот актісін сот органдарының интернет – ресурстарында орналастыру үшін сот актісінің мәтіні дайындаудан өтеді. Сот актісі заңды күшіне еніп, сот актісінің мәтіні сот органдарының интернет – ресурстарында орналастыру үшін түпкілікті дайындалғаннан кейін судья сол күні «Құжатты орналастыруға болады» деген жолда «Иә» немесе «Орналастыруға рұқсат етіледі» не «Жоқ» немесе «Орналастыруға рұқсат етілмейді» деп өзінің келісімін белгілейді.

 

5. Сот актілерін деперсондау және оларды сот органдарының интернет – ресурстарында орналастыру

 

5.1. Сот органдарының интернет – ресурстарында орналастыруға рұқсат етілген сот актілерінің мәтіндері сот актілері мен сот қызметі туралы ақпаратты орналастыру үшін жауапты адамға  беріледі.

Сот органдарының интернет – ресурстарында орналастырылуға жататын сот актісінің мәтінін деперсондау үшін жауапты тұлға сот органдарының интернет – ресурстарында сот актісін орналастыруға рұқсатты алған кезден бастап бір жұмыс күні ішінде сот атісінің мәтінін заңнама талаптарына және қолданыстағы компьютерлік технологияға сәйкес иесіздендіруді жүргізеді.

 

5.2. Сот органдарының интернет – ресурстарында орналастырылуға жататын сот актісінің мәтінінде деперсондауға жататын сот процесіне қатысушылардың дербес деректерінің тізбесі:

- тегі (сот актісінің мәтінінде болған кезде лақап аты), аты, әкесінің аты (болған кезде);

- тегін, аты, әкесінің атын ауыстыру (өзгерту) туралы мәліметтер, ауыстыру (өзгерту) негіздері;

- қолтаңба (оның ішінде электрондық – цифрлық, ол болған кезде);

- туған күні, айы, жылы;

- отбасы жағдайы;

- білімі, кәсібі;

- ұлты;

- азаматтығы;

- БСН (жеке сәйкестендіру нөмірі);

- БСН;

- туған жері (тууы туралы куәліктің нөмірі, берілген күні, кім берген);

- заңды тұлғаларды құру және олардың қызметіне қатысу туралы мәлімет  (шаруашылық серіктестіктердің жарғылық капиталындағы үлестері, акциялар), оның ішінде басқа заңды тұлғалардағы туыстары мен жекжаттары, оның ішінде бұрын болған заңды тұлғаның қызметі туралы мәліметтер (заңды мекенжайы, мемлекеттік тіркеу күні), қызмет түрі, бұрын құрылған жеке кәсіпкерлік субъектіні тарату негіздері, құқық қорғау органдарының тарапынан наразылықтардың болуы туралы мәлімет);

- жеке сәйкестендіру белгілері (меншік немесе иелену құқығының негізі, маркасы, тіркеу орны, мемлекеттік тіркеу нөмірі, кадастрлық нөмірі, орналасқан жері және т.б.) көрсетіліп, меншік құқығындағы, сондай-ақ сенімгерлік басқарудағы мүлік (мүліктік жағдайы) (автокөлік, жылжымайтын мүлік объектілері, пәтер, үй, гараж, жер, саяжай учаскесі, авторлық құқық объектілері) туралы мәлімет;

- қылмыс жасалған жердің мекенжайын (егер мекенжай процеске қатысушылардың тұрғылықты немесе болатын жері болса) қоса алғанда, барлық мекенжайлар;

- телефон нөмірі, электрондық почта адресі;

- жеке куәлігінің, паспорттың немесе жеке басын куәландыратын өзге құжаттың деректемелері: құжаттың атауы, нөмірі, берілген күні және құжаттың қолданылуы мерзімі, құжатты берген орган.

 

5.3. Сот органдарының интернет – ресурстарында орналастырылуға жататын сот актісінің мәтінінде деперсондауға жататын құпия сипаттағы мәліметтер тізбесі:

- процеске қатысушының жеке басын сәйкестендіруге мүмкіндік беретін оның жеке өмірінің фактілері, жағдайлары туралы ақпарат, заңда белгіленген жағдайларда бұқаралық ақпарат құралдарында таратылуға жататын мәліметтерді қоспағанда;

- өнертабыс, пайдалы модель немесе өнеркәсіптік үлгі туралы ақпарат ресми жарияланғанға дейін олардың мәні туралы деректер;

- қолданыстағы заңнамаға сәйкес қол жеткізу шектелген кәсіби қызметке байланысты ақпарат (дәрігерлік, нотариалдық, адвокаттық құпия, хат жазысу, телефонмен сөйлесу, почта жөнелтімдері, телеграф және өзге хабарламалар құпиясы және т.с.с.);

- шектелген қол жеткізу санатына жататын өзге мәлімет.

 

5.4. Сот актісін және соттардың қызметі туралы өзге ақпаратты орналастыру үшін мәтіннің алдында «Көшірме», «Басып шығаруға арналған нұқса» деген деректемелер, сондай-ақ істің нөмірі орналастырылмайды.

 

6. Сот органдарының интернет – ресурстарында сот актілерін, сот қызметі туралы ақпаратты, Қазақстан Республикасы соттарының өндірісіндегі істер туралы мәліметтері орналастыру

 

6.1. Сот органдарының интернет – ресурстарында сот актілерінің немесе олардан үзінділердің мәтіндерін орналастыру туралы түпкілікті шешімді қабылдауды сот төрағасы немесе сот төрағасы міндеттерін орындайтын адам жүзеге асырады.

 

 

7. Сот органдарының интернет – ресурстарында орналастыру үшін сот актілерін, сот қызметі туралы ақпаратты, Қазақстан Республикасы соттарының өндірісіндегі істер туралы мәліметтері орналастыру мерзімдері

7.1. Істер бойынша сот отырыстары өткізілетін күні мен уақыты, жері туралы ақпаратты сот органдарының интернет – ресурстарында ақпаратты орналастыру үшін жауапты адам орналастырады.

7.2. Сот органдарының интернет – ресурстарында ақпаратты жаңарту мерзімдері:

         - істердің тағайындалуы туралы мәтіндер кемінде аптасына 2 рет жаңартылады;

- үкімдерді қоспағанда сот актілерінің мәтіндері сот органдарының интернет – ресурстарында олар қабылданғаннан кейін ақылға қонымды мерзімде, бірақ сот актісі шығарылғаннан кейін бір айдан кешіктірілмей орналастырылады;

- заңды күшіне енбеген сот актісінің мәтіні орналастырылған кезде ол туралы белгі жасалады;

- үкімдердің мәтіндері сот органдарының интернет – ресурстарында олар заңды күшіне енгеннен кейін ақылға қосымды мерзімде, бірақ заңды күшіне енгеннен кейін бір айдан кешіктірілмей орналастырылады.

7.3. Ақпараттар мен сот актілерінің мәтіндерін сот органдарының интернет – ресурстарында орналастыру мен жаңартудың нақты мерзімі «Сот істерінің анықтамалығы» және «Сот актілерінің банкі» кіші жүйелерінің мүмкіндіктері ескеріліп, сот төрағасының өкімімен  күнтізбелік күндермен белгіленеді.  

 

 

8. Сот органдарының интернет – ресурстарынан орналастырылған сот актісінің мәтінін, ақпаратты алу

 

8.1. Сот органдарының интернет – ресурстарынан орналастырылған сот актісінің мәтінін, соттар қызметі туралы ақпаратты алу қажет болған кезде сот төрағасы (міндеттерін орындайтын адам, іс бойынша төрағалық еткен судья, алқа төрағасы, іс бойынша баяндамашы) сот органдарының интернет – ресурстарында орналастыру үшін жауапты адамға орналастыруға берілген рұқсаттың күшін жою, сот органдарының интернет – ресурстарында алынған сот актісі мәтінінің немесе соттың сот қызметі туралы ақпараттың орнына «Сот актісінің мәтіні көпшілік қол жеткізуден алынып тасталды», «Сот қызметі туралы ақпарат көпшілік қол жеткізуден алынып тасталды» деген хабарламаны көрсету туралы нұсқау береді.

 

9. Ақпаратты есепке алу және сақтау тәртібі

 

9.1. Сот органдарының интернет – ресурстарында орналастыру үшін берілген сот актілері мен соттар қызметі туралы ақпаратты (оның ішінде электрондық түрде) есепке алуды сот сайтында сот актілері мен соттар қызметі туралы ақпарат орналастыруға материалдарды дайындау үшін жауапты адам жүзеге асырады.

9.2. Сот органдарының интернет – ресурстарында орналастырылатын Қазақстан Республикасы соттарының қызметі туралы сот актілері мен ақпарат сот органдарының интернет – ресурстарының электрондық мұрағатында сақталады.

9.3. Сот органдары интернет – ресурстарының электрондық мұрағатын жүргізуді сот органдарының интернет – ресурстарында сот актілері мен Қазақстан Республикасы соттарының қызметі туралы ақпаратты орналастыру міндеті жүктелген адам жүзеге асырады.

 

10. Сот органдарының интернет – ресурстарында орналастырылған ақпараттың анықтығы үшін жауапкершілік

 

10.1. Сот органдарының интернет – ресурстарында орналастырылған ақпараттың анықтығы үшін жауапкершілік сот органдарының интернет – ресурстарында сот актілері мен соттардың қызметі туралы ақпаратты орналастыруға материалдарды дайындау үшін сот төрағасының өкімімен бекітілген жауапты адамға жүктеледі.