Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы Заңы

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау
 
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ 
ЗАҢЫ 
 
Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы
 
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің мәртебесі және қызметінің құқықтық негізі
2-бап. Кеңес қызметінің негізгі қағидаттары
3-бап. Кеңестің өкілеттіктері
 
2-тарау. КЕҢЕС ҚҰРАМЫ ЖӘНЕ КЕҢЕС МҮШЕЛЕРІНІҢ ӨКІЛЕТТІКТЕРІ
4-бап. Кеңес құрамы
5-бап. Кеңес Төрағасы
6-бап. Кеңес мүшелерінің өкілеттіктері
7-бап. Кеңес хатшысы - аппарат басшысы
 
3-тарау. КЕҢЕС ОТЫРЫСТАРЫ
8-бап. Кеңес отырыстары
9-бап. Кеңес отырысын өткізу тәртібі
10-бап. Кеңес шешімдері
 
4-тарау. КЕҢЕС ЖАНЫНДАҒЫ БІЛІКТІЛІК КОМИССИЯСЫНЫҢ БІЛІКТІЛІК ЕМТИХАНЫН ҚАБЫЛДАУ ТӘРТІБІ МЕН ШАРТТАРЫ
11-бап. Кеңес жанындағы біліктілік комиссиясы
12-бап. Комиссияның біліктілік емтихандарын қабылдау жөніндегі отырыстары
13-бап. Біліктілік емтихандарын қабылдаудың (тапсырудың) тәртібі мен шарттары
14-бап. Біліктілік емтихандарын қабылдаудан бас тарту
15-бап. Полиграфологиялық зерттеудің тәртібі мен шарттары
 
5-тарау. АУДАНДЫҚ СОТ ТӨРАҒАСЫНЫҢ, АУДАНДЫҚ, ОБЛЫСТЫҚ ЖӘНЕ ЖОҒАРҒЫ СОТ СУДЬЯСЫНЫҢ ЛАУАЗЫМЫНА ТАҒАЙЫНДАУ ТУРАЛЫ ҰСЫНЫМ ШЫҒАРУ
16-бап. Судья лауазымына конкурс
17-бап. Аудандық сот төрағасының, аудандық және облыстық сот судьясының, Жоғарғы Сот судьясының лауазымына конкурсқа қатысушылар
18-бап. Бос лауазымдарға кандидаттарды іріктеу тәртібі
 
6-тарау. ЖОҒАРҒЫ СОТТЫҢ СОТ АЛҚАЛАРЫ ТӨРАҒАЛАРЫНЫҢ, ОБЛЫСТЫҚ СОТТАР ТӨРАҒАЛАРЫНЫҢ ЖӘНЕ СОТ АЛҚАЛАРЫ ТӨРАҒАЛАРЫНЫҢ БОС ЛАУАЗЫМДАРЫНА КАНДИДАТУРАЛАРДЫ ҚАРАУ ТӘРТІБІ
19-бап. Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының, облыстық соттар төрағаларының және сот алқалары төрағаларының бос лауазымдарына кандидатураларды қарау тәртібі
20-бап. Бос лауазымдарға кандидатураларды қарау шарттары
 
7-тарау. СОТТЫҢ ТӨРАҒАСЫН, СОТ АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫН ЖӘНЕ СУДЬЯНЫ ЛАУАЗЫМЫНАН БОСАТУ ТУРАЛЫ МАТЕРИАЛДАРДЫ ҚАРАУ ТӘРТІБІ
21-бап. Соттың төрағасын, сот алқасының төрағасын және судьяны лауазымынан босату не босатудан бас тарту туралы мәселені қарау үшін негіздер
22-бап. Тексерудің нәтижелерімен судьяны таныстыру
23-бап. Соттың төрағасын, сот алқасының төрағасын және судьяны лауазымынан босату туралы мәселені қарау
24-бап. Сот жюриінің шешіміне шағым жасау туралы мәселені қарау
 
8-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
25-бап. Қорытынды ережелер
26-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Түпнұсқада мазмұны жоқ 
 
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
 
1-бап. Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің мәртебесі және қызметінің құқықтық негізі
1. Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі (бұдан әрі - Кеңес) - Қазақстан Республикасы Президентінің соттарды қалыптастыру жөніндегі конституциялық өкілеттіктерін, судьялардың тәуелсіздігі мен оларға ешкімнің тиіспеу кепілдіктерін қамтамасыз ету мақсатында құрылатын автономиялы мемлекеттік мекеме болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесін айқындайтын Конституциялық заң, осы Заң және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері Кеңес қызметінің құқықтық негізі болып табылады.
3. Кеңестің заңды тұлға болып табылатын аппараты болады.
4. Кеңесті және оның аппаратын ұстауға арналған шығыстар республикалық бюджеттен қаржыландырылады.
5. Кеңес аппаратының қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасымен және Кеңестің регламентімен регламенттеледі.
Кеңес аппаратының жұмыскерлері мемлекеттік қызметшілер болып табылады.
Кеңес аппараты штат санының лимитін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
6. Кеңес аппаратының басшысын Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды және ол лауазымы бойынша Кеңес хатшысы болып табылады.
7. Кеңес аппараты және оның құрылымы туралы ережені Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
8. Кеңес өз өкілеттіктерін жүзеге асырған кезде оның қызметіне араласуға жол берілмейді.
9. Кеңестің Төрағасы мен мүшелері сот төрелігін іске асыру бойынша соттардың және судьялардың қызметіне араласуға құқылы емес.
 
2-бап. Кеңес қызметінің негізгі қағидаттары
Кеңес өз қызметін тәуелсіздік, заңдылық, алқалық, жариялылық және бейтараптық қағидаттары негізінде жүзеге асырады.
 
3-бап. Кеңестің өкілеттіктері
1. Кеңес:
1) судьялардың тәуелсіздігі мен оларға ешкімнің тиіспеу кепілдіктерін қамтамасыз етеді;
2) аудандық және оған теңестірілген сот (бұдан әрі - аудандық сот) төрағасының, судьясының, облыстық және оған теңестірілген сот (бұдан әрі - облыстық сот) судьясының және Жоғарғы Сот судьясының бос лауазымына кандидаттар іріктеуді конкурстық негізде жүзеге асырады:
конкурстың қорытындылары бойынша аудандық сот төрағасы мен судьясының, облыстық сот судьясының бос лауазымына тағайындау үшін кандидаттарды Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыным жасайды;
конкурстың қорытындылары бойынша Жоғарғы Сот судьясының бос лауазымына кандидатты Парламент Сенатына ұсыну үшін Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыным жасайды;
3) Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы бойынша облыстық соттар төрағаларының және сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының бос лауазымдарына кандидатураларды қарайды:
облыстық соттар төрағаларының және сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының бос лауазымдарына кандидаттарды лауазымға тағайындау үшін Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыным жасайды;
4) Жоғарғы Сот Төрағасының бос лауазымына кандидатураны қарайды:
Жоғарғы Сот Төрағасының бос лауазымына кандидатты Парламент Сенатына ұсыну үшін Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыным жасайды;
5) Жоғарғы Сот Төрағасының, сот алқалары төрағаларының және судьяларының, жергілікті және басқа соттар төрағаларының, сот алқалары төрағаларының және судьяларының өкілеттіктерін тоқтату мәселелерін отставка, отставканы тоқтату нысанында қарайды:
сот қайта ұйымдастырылған, таратылған, тиісті сот судьяларының саны азайтылған жағдайларда, егер жергілікті және басқа соттардың судьялары басқа соттағы судьяның бос лауазымына орналасуға келісім бермесе, оларды атқаратын лауазымынан босату мәселелерін қарайды;
сот қайта ұйымдастырылған, таратылған, өкілеттіктер мерзімі өткен жағдайларда, егер жергілікті және басқа соттардың төрағалары, сот алқаларының төрағалары басқа соттағы судьяның бос лауазымына орналасуға келісім бермесе, оларды атқаратын лауазымынан босату мәселелерін қарайды;
Жоғарғы Сот судьяларының саны азайтылған жағдайда, егер Жоғарғы Соттың судьялары басқа соттағы судьяның бос лауазымына орналасуға келісім бермесе, оларды атқаратын лауазымынан босату мәселелерін қарайды;
өкілеттіктер мерзімі өткен жағдайларда, егер Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары басқа соттағы судьяның бос лауазымына орналасуға келісім бермесе, оларды атқаратын лауазымынан босату мәселелерін қарайды;
аудандық соттың судьясы лауазымына алғаш рет тағайындалған адамның бір жыл мерзім өткеннен кейін жұмыс нәтижелерін қарайды және Сот жюриінің біліктілік комиссиясы судьяның кәсіби қызметін оң бағалаған кезде, Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы бойынша оны бекіту туралы мәселені шешеді.
Аудандық сот судьясының лауазымына алғаш рет тағайындалған адам лауазымға тағайындалған күннен бастап бір жылдың қорытындылары бойынша Сот жюриінің біліктілік комиссиясы судьяның кәсіби қызметін қанағаттанарлықсыз деп бағалаған кезде, Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы бойынша судьяны атқаратын лауазымынан босату туралы және Қазақстан Республикасының Президентіне тиісті ұсыным енгізу туралы мәселені қарайды;
тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін, кәсіби жарамсыздығына орай немесе «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының талаптарын орындамағаны үшін Жоғарғы Сот Төрағасының Сот жюриінің шешіміне негізделген ұсынуы бойынша, сондай-ақ судья өкілеттіктерін өз тілегі бойынша тоқтатқан, судья басқа лауазымға тағайындалған, сайланған және оны басқа жұмысқа ауыстырған, зейнеткерлік жасқа немесе судья лауазымында болудың шекті жасына толған жағдайларда, Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағаларын және судьяларын, жергілікті және басқа соттардың төрағаларын, сот алқаларының төрағаларын және судьяларын атқаратын лауазымынан босату мәселелерін қарайды;
медициналық қорытындыға сәйкес кәсіби міндеттерін одан әрі атқаруға кедергі келтіретін денсаулық жағдайына байланысты судья өкілеттіктерін тоқтатқан, әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі деп тану не оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы соттың шешімі, қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген, қылмыстық іс ақталмайтын негіздер бойынша сотқа дейінгі сатыда тоқтатылған, Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған, судья қайтыс болған немесе оны қайтыс болды деп жариялау туралы соттың шешімі заңды күшіне енген жағдайларда, Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағаларын және судьяларын, жергілікті және басқа соттардың төрағаларын, сот алқаларының төрағаларын және судьяларын атқаратын лауазымынан босату мәселелерін қарайды;
Жоғарғы Сот Төрағасының судья зейнеткерлік жасқа толғаннан кейін оның судья лауазымында болу мерзімін ұзартуына келісім беру мәселесін қарайды;
Қазақстан Республикасының Президентіне Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағаларын, жергілікті және басқа соттардың төрағаларын, сот алқаларының төрағаларын және судьяларын лауазымынан босатуды ұсынады;
Парламент Сенатына ұсынуды енгізу үшін Жоғарғы Соттың Төрағасы мен судьяларын лауазымынан босату туралы Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыным енгізеді;
6) Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы бойынша Жоғарғы Соттың, жергілікті және басқа соттардың қызметін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган басшысының лауазымына кандидатты тағайындауға және оны лауазымынан босатуға келісім беру туралы мәселені Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қарайды;
7) Сот жюриі комиссияларының шешімдеріне судьялардың шағым жасау туралы өтініштерін қарайды;
8) судья болып жұмыс істеуге ниет білдірген азаматтардан біліктілік емтихандарын қабылдауды ұйымдастырады;
9) Қазақстан Республикасының Президентіне судьяны ұстап алуға, күзетпен ұстауға не үйқамаққа алуға, оны күштеп әкелуге, оған сот тәртібімен белгіленетін әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, судьяны қылмыстық жауаптылыққа тартуға келісім беру туралы мәселені шешу үшін қорытынды ұсынады;
10) сот жүйесін және Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсынымдар мен ұсыныстарды тұжырымдайды және Қазақстан Республикасының Президентіне енгізеді;
11) судья корпусының сапалық құрамын жақсарту, кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру, судьялардың біліктілігін арттыру жөнінде шаралар қолданады;
12) Кеңес регламентін бекітеді;
13) судья лауазымына орналасу үшін біліктілік емтихандарын тапсырған, соттарда тағылымдамадан өткен және облыстық соттардың жалпы отырыстарының қорытындыларын алған, сондай-ақ мамандандырылған магистратураны бітірген адамдардың есебін жүргізуді ұйымдастырады;
14) судьялардың жалпы штат санын, әрбір жергілікті және басқа соттың судьялар санын белгілеуге келісім беру туралы мәселені қарайды;
15) судьялардың электрондық дербес есебін жүргізуді ұйымдастырады;
16) Жоғарғы Сотпен бірлесіп, аудандық сот төрағасының, облыстық сот төрағасының және сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Сот судьясының және сот алқалары төрағаларының лауазымына кадр резервін (бұдан әрі - кадр резерві) қалыптастырады;
17) Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы бойынша кадр резервін қалыптастыру және онымен жұмысты ұйымдастыру тәртібін бекітеді;
18) Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы бойынша Кадр резерві жөніндегі республикалық комиссияның төрағасын және комиссия құрамын бекітеді;
19) судьялыққа кандидаттардың психологиялық тесттен өту тәртібін айқындайды;
20) Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес туралы ережені бекітеді;
21) осы Заңнан, Қазақстан Республикасының өзге заңнамалық актілерінен туындайтын өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Кеңестің өз өкілеттіктерін жүзеге асыру үшін:
1) мемлекеттік органдардан, лауазымды адамдардан, ұйымдардан, азаматтардан қажетті ақпаратты, құжаттар мен өзге де материалдарды сұратуға және алуға;
2) тиісті лауазымды адамдардың ауызша түсініктемелерін тыңдауға және жазбаша түсініктемелерін талап етіп алдыруға;
3) Кеңес мүшелерінің, мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, ұйымдар мен мекемелер өкілдерінің арасынан комиссияларды, жұмыс топтарын құруға, өз жұмысына мамандар тартуға құқығы бар.
 
 
2-тарау. КЕҢЕС ҚҰРАМЫ ЖӘНЕ КЕҢЕС МҮШЕЛЕРІНІҢ ӨКІЛЕТТІКТЕРІ
 
4-бап. Кеңес құрамы
1. Кеңес Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын Төрағадан және басқа да адамдардан тұрады.
Қазақстан Республикасының Президенті Жоғарғы Соттың Төрағасын, Бас Прокурорды, Әділет министрін, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның басшысын, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің тиісті тұрақты комитеттерінің төрағаларын лауазымы бойынша Кеңес мүшелері етіп тағайындайды.
Қазақстан Республикасының Президенті Кеңес құрамына басқа адамдарды да, оның ішінде ғалым заңгерлерді, адвокаттарды, шетелдік сарапшыларды, Судьялар одағының өкілдерін де тағайындауы мүмкін.
2. Жоғарғы Соттың жалпы отырысы кандидаттарды судьялар мен отставкадағы судьялар арасынан сайлайды және оларды Қазақстан Республикасының Президенті Кеңес мүшелері етіп тағайындау үшін ұсыным жасайды.
Кеңес құрамына судьялардың, оның ішінде отставкадағы судьялардың кандидатуралары аудандық және облыстық соттар, сондай-ақ Жоғарғы Сот судьяларының, отставкадағы судьяларының Кеңесте тең өкілдік етуін қамтамасыз ету ескеріле отырып, облыстық соттардың жалпы отырыстары ұсыным жасаған кандидаттар арасынан Жоғарғы Соттың жалпы отырысында қаралады.
Судьялар мен отставкадағы судьялар Кеңес мүшелерінің жартысын құрайды.
3. Кеңес Төрағасын және лауазымы бойынша Кеңес мүшелерін қоспағанда, Кеңес мүшелері өз өкілеттіктерін үш жыл жүзеге асырады.
4. Кеңес мүшелерінің арасынан адам шығып қалған жағдайда, Кеңестің жаңа мүшесі үш ай ішінде тағайындалады.
5. Кеңес Төрағасының, хатшысының және мүшесінің лауазымы коммерциялық ұйымның басшы органының және байқау кеңесінің құрамына кірумен, саяси партияның басшылық лауазымдарында болумен сыйыспайды.
6. Лауазымы бойынша Кеңес мүшелерін және шетелдік сарапшыларды қоспағанда, Кеңес мүшелері өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде негізгі жұмыс орны бойынша міндеттерін орындаудан босатылады.
7. Судьялар және мемлекеттік қызметшілер болып табылатын Кеңес мүшелерінің негізгі жұмыс орны бойынша жалақысы сақталады.
8. Кеңес мүшелері тәуелсіз және Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне ғана бағынады.
9. Кеңес мүшелері Кеңестің өкілеттіктеріне жатқызылған мәселелерді шешу кезінде тең құқықтарға ие болады.
10. Кеңес мүшесінің өкілеттіктері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тоқтатылады.
11. Кеңес хатшысы Кеңестің мүшесі болып табылмайды және оның дауыс беру құқығы жоқ.
 
5-бап. Кеңес Төрағасы
1. Кеңес Төрағасы:
1) Кеңесті басқарады және оған жалпы басшылықты қамтамасыз етеді, сондай-ақ мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара қарым-қатынастарда Кеңес атынан өкілдік етеді;
2) Кеңес хатшысының ұсынуы бойынша Кеңестің жұмыс жоспарларын бекітеді;
3) Кеңестің отырыстарын шақырады және Кеңестің отырыстарына төрағалық етеді;
4) Кеңестің ұсынымдарына, қорытындыларына, шешімдері мен хаттамаларына қол қояды;
5) Кеңес хатшысының ұсынысы бойынша Кеңес отырыстарының қарауына енгізілетін мәселелерді айқындайды;
6) Жоғарғы Соттың жалпы отырысына, судьялардың кеңестеріне, облыстық соттардың жалпы отырыстарына, Судьялар одағының, Судья әдебі жөніндегі комиссияның, Сот жюриінің отырыстарына қатысуға құқылы;
7) Кеңес қызметінде регламенттің сақталуын қамтамасыз етеді;
8) азаматтарды жеке қабылдауды жүргізеді;
9) негізгі жұмысынан босатылған Кеңес мүшелерінің міндеттерін бөледі;
10) өкімдер шығарады;
11) осы Заңда көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Кеңес Төрағасы уақытша болмаған жағдайда, оның міндеттері негізгі жұмысынан босатылған Кеңес мүшелерінің біріне Төрағаның өкімімен жүктеледі.
 
6-бап. Кеңес мүшелерінің өкілеттіктері
1. Кеңес мүшесі:
1) Кеңестің қарауына ұсынылған материалдармен танысуға;
2) материалдарды зерттеуге және тексеруге қатысуға;
3) қаралып отырған мәселелер бойынша өтінішхаттарды мәлімдеуге, өзінің ұсыныстарына уәждер мен негіздемелер келтіруге;
4) қолында бар құжаттарды ұсынуға;
5) дауыс беру арқылы шешім қабылдауға қатысуға;
6) судьялыққа кандидаттармен және судьялармен өңірлерде көшпелі кездесулер өткізуге;
7) Кеңестің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша облыстық соттардың жалпы отырыстарының, соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестер және судья қоғамдастығы органдары отырыстарының жұмысына қатысуға;
8) Кеңестің құзыреті шегінде азаматтарды жеке қабылдауды жүргізуге;
9) осы Заңда көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыруға құқылы.
2. Кеңес мүшесі:
1) Кеңестің отырыстарына қатысуға;
2) Кеңестің құзыретіне кіретін мәселелерді қарау кезінде бейтарап және объективті болуға;
3) өзіне жүктелген өкілеттіктерді орындауға байланысты өзіне белгілі болған, судьялыққа кандидаттардың және судьялардың жеке өмірі туралы мәліметтерге қатысты құпиялылықты, сондай-ақ дауыс беру құпиясын сақтауға;
4) Кеңес отырысының күн тәртібіне енгізілген мәселені қарау кезінде, егер оған қатысты шешім қабылданатын адамның жұбайы (зайыбы), жақын туысы немесе жекжаты болса, өздігінен бас тартуын мәлімдеуге міндетті.
 
7-бап. Кеңес хатшысы - аппарат басшысы
1. Кеңес хатшысы - аппарат басшысы:
1) Кеңес аппаратының қызметін ұйымдастырады;
2) Кеңес мүшелерінің ұсынысы бойынша алдағы отырыстың қарауына енгізілетін мәселелердің тізбесін қалыптастырады және бұл туралы Төрағаға күні бұрын баяндайды;
3) отырыс хаттамаларының, Кеңес қабылдаған ұсынымдардың, қорытындылар мен хаттамалық шешімдердің үзінді көшірмелеріне өз қолын қойып растайды;
4) қажет болған кезде тексерулер ұйымдастырады;
5) Кеңес отырысына шақырылатын адамдардың тізімін айқындайды және олардың келуін қамтамасыз етеді;
6) Төрағаның өкімдерін және Кеңестің шешімдерін орындайды;
7) Кеңес аппаратына басшылықты жүзеге асырады: оның бөлімшелерінің жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;
8) Кеңес аппаратының қызметін ақпараттық-талдамалық, ұйымдастырушылық-құқықтық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
9) Кеңес Төрағасымен келісу бойынша аппараттың құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;
10) Кеңес аппаратында атқарушылық және еңбек тәртібінің сақталуын бақылайды;
11) Кеңестің мемлекеттік сатып алу саласына басшылықты жүзеге асырады, оның ішінде төлем шотына қол қояды;
12) Кеңес қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік сатып алудың өткізілуін ұйымдастырады және оған жауап береді;
13) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Кеңес аппараты құрылымдық бөлімшелерінің басшыларын лауазымға тағайындайды және лауазымдарынан босатады;
14) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Кеңес аппаратының жұмыскерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымдарынан босатады;
15) Кеңес аппаратының жұмыскерлерін іссапарға жіберу, демалыстар беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстемеақылар төлеу мен сыйлықақы беру мәселелерін шешеді;
16) еңбек қатынастары мәселелері жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған жұмыскерлерді қоспағанда, Кеңес аппараты жұмыскерлерінің тәртіптік жауаптылығы мәселелерін шешеді;
17) бюджеттік өтінімді дайындауды, бюджеттік өтінімді Кеңес Төрағасына ұсынуды, сондай-ақ бюджет процесінің өзге де рәсімдерін орындауды қамтамасыз етеді;
18) Кеңестің органын қаржыландыру жоспарларын және қаржылық есептілігін әзірлеуді қамтамасыз етеді және бекітеді;
19) өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара қарым-қатынастарда Кеңес атынан өкілдік етеді;
20) Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы талаптарының орындалуын өз құзыреті шегінде қамтамасыз етеді;
21) Кеңес жұмысының ұйымдастырылуын жақсартуға бағытталған шараларды қолданады, Кеңес шешімдерінің орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
22) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерімен жұмысты ұйымдастырады;
23) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де ұйымдастырушылық-өкімдік функцияларды орындайды.
2. Кеңес хатшысы уақытша болмаған жағдайда, оның міндеттері хатшының өкімімен Кеңес аппараты жұмыскерлерінің біріне жүктеледі.
 
 
3-тарау. КЕҢЕС ОТЫРЫСТАРЫ
 
8-бап. Кеңес отырыстары
1. Кеңес мүшелері жалпы санының кемінде үштен екісі отырысқа қатысқан кезде Кеңес отырысы шешімдер қабылдауға құқықты.
2. Кеңес отырыстары ашық және жариялы түрде өткізіледі. Отырысқа мемлекеттік органдардың өкілдері шақырылуы мүмкін. Жұртшылық өкілдері және аккредиттелген журналистер Кеңес отырыстарына қатысуға құқылы. Қажет болған жағдайларда, Кеңес жабық отырыстар өткізуге құқылы, оларды өткізу туралы шешімдер Кеңес мүшелерінің көпшілік даусымен қабылданады.
Кеңестің жабық отырыстары судьялардың, сот алқалары төрағаларының және соттар төрағаларының бос лауазымдарына орналасуға өткізілген конкурс қорытындыларын шығару туралы мәселені қараған кезде, оның ішінде кандидатураларды талқылаған және олар бойынша шешімдер қабылдаған кезде өткізілмейді.
3. Кеңес отырысына қатысып отырған жұртшылық өкілдері және аккредиттелген журналистер Кеңес отырысының барысына кедергі келтірмей, фото-, бейнетүсірілім мен аудиожазба жүргізуге құқылы.
Егер өзіне қатысты материалдар Кеңес отырысында қаралуға жататын отырысқа қатысушыдан тиісті өтініш келіп түскен жағдайда, фото-, бейнетүсірілім мен аудиожазба жүргізілмейді.
4. Кеңес материалдарды келіп түскен күнінен бастап екі ай мерзімнен кешіктірмей қарап, қарау қорытындылары туралы өтініш берушіні міндетті түрде хабардар етеді.
 
9-бап. Кеңес отырысын өткізу тәртібі
1. Кеңес отырыстарын өткізу тәртібі, сондай-ақ Кеңес жұмысын ұйымдастырудың өзге де мәселелері Кеңес мүшелерінің көпшілік даусымен қабылданатын регламентте айқындалады.
2. Кеңес отырысында материалдарды қарау тиісті лауазымдарға орналасуға үміткер немесе атқаратын лауазымдарынан босатылатын адамдардың қатысуымен жүргізіледі. Отырыстың өткізілетін уақыты мен орны туралы тиісінше хабардар етілген адамның болмауы, егер оның тікелей қатысуы талап етілмесе, мәселені мәні бойынша қарауға кедергі болып табылмайды.
3. Кеңес мүшелерінің отырыстарға қатысуы міндетті, олардың өз өкілеттіктерін өзге лауазымды адамдарға беруіне жол берілмейді.
 
10-бап. Кеңес шешімдері
1. Кеңес шешімдері өзіне қатысты мәселе қаралатын адамның, сондай-ақ өзге де шақырылған адамдардың қатысуынсыз, отырысқа қатысып отырған мүшелерінің кемінде үштен екі даусымен қабылданады.
Рәсімдік мәселелер бойынша Кеңес шешімдері отырысқа қатысып отырған мүшелерінің көпшілік даусымен қабылданады.
2. Кеңес шешімдері жазбаша нысанда баяндалады және олардың шығарылған күні мен орнын, мәселені қараған Кеңес құрамын, қабылданған шешімдердің уәждерін қамтуға тиіс. Шешімдерге төрағалық етуші мен Кеңес хатшысы қол қояды.
3. Кеңес қорытынды, хаттамалық шешім және (немесе) ұсынымдар нысанында шешімдер қабылдайды. Кеңес мүшелерінің дауыс беруден қалыс қалуға құқығы жоқ. Кеңес мүшесі қабылданатын шешіммен келіспеген жағдайда, ерекше пікірін жазбаша баяндауға құқылы, бұл Кеңес отырысының хаттамасына қоса тіркеледі.
4. Дауыстар тең болған кезде төрағалық етушінің даусы шешуші болып табылады.
5. Кеңес өз шешімдерімен барлық адамдардың еркін танысуы үшін жағдайлар жасайды, олар Кеңестің интернет-ресурсында орналастырылады.
 
 
4-тарау. КЕҢЕС ЖАНЫНДАҒЫ БІЛІКТІЛІК КОМИССИЯСЫНЫҢ БІЛІКТІЛІК 
ЕМТИХАНЫН ҚАБЫЛДАУ ТӘРТІБІ МЕН ШАРТТАРЫ
 
11-бап. Кеңес жанындағы біліктілік комиссиясы
1. Судьялыққа кандидаттардың білім деңгейін және оны практикада қолдану қабілетін айқындау үшін олардан біліктілік емтиханын қабылдауды Кеңес жанындағы біліктілік комиссиясы (бұдан әрі - Комиссия) жүзеге асырады.
2. Комиссияның құрамына Кеңес тағайындайтын адамдар:
1) Комиссия төрағасы;
2) құқық оқытушыларының, ғалым заңгерлердің арасынан бес маман;
3) Сот жюриі өз құрамынан ротациялық негізде жіберетін үш судья, оның ішінде отставкадағы судьялар;
4) Бас прокуратураның, Әділет министрлігінің, адвокатураның бір-бір өкілі;
5) өзге де жұртшылық өкілдері кіреді.
Комиссия құрамына шетелдік сарапшылар енгізілуі мүмкін.
3. Комиссия төрағасы мен мүшелері оның құрамына екі жыл мерзімге тағайындалады немесе жіберіледі. Бос орын болған жағдайда Комиссияның жаңа мүшесі Комиссияның алдыңғы мүшесі шығып қалған күннен бастап екі айдан кешіктірілмей тағайындалады немесе жіберіледі.
4. Комиссия құрамына ұсынылған адамдардың заңтану саласындағы кәсіби білімі, заң мамандығы бойынша кемінде он жыл жұмыс тәжірибесі және мінсіз беделі болуға тиіс.
5. Комиссияның төрағасы мен мүшелері жұбайына (зайыбына), жақын туыстарына немесе жекжаттарына қатысты мәселелер қаралған кезде отырысқа қатысуға құқылы емес.
6. Комиссияның қызметін қамтамасыз етуді Кеңес аппараты жүзеге асырады.
 
12-бап. Комиссияның біліктілік емтихандарын қабылдау жөніндегі отырыстары
1. Комиссия біліктілік емтихандарын қабылдау жөніндегі өз отырыстарын қажеттілігіне қарай, бірақ жылына төрт реттен сиретпей өткізеді.
2. Комиссияның біліктілік емтихандарын қабылдау жөніндегі отырыстары ашық және жариялы түрде өткізіледі. Егер отырыстарға Комиссия мүшелері жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, олар құқықты деп есептеледі.
3. Комиссия отырысының өткізілетін уақыты мен орны туралы оның мүшелері мен шақырылған адамдарға күнтізбелік он күннен кешіктірілмей хабар беріледі.
 
13-бап. Біліктілік емтихандарын қабылдаудың (тапсырудың) тәртібі мен шарттары
1. Комиссияда құжаттарды қабылдау, біліктілік емтихандарын тапсыру тәртібі Кеңестің регламентінде айқындалады.
2. Судьялыққа кандидаттардан біліктілік емтихандарын қабылдау азаматтар арнайы тексеруден өткеннен кейін жүзеге асырылады.
3. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көзделген теріс себептермен судья лауазымынан босатылған адамдарды қоспағанда, бұрын кемінде бес жыл тұрақты судья болып жұмыс істеген және қызметтен босатылған күннен бастап төрт жыл ішінде судья лауазымына қайтадан орналасуға ниет білдірген адамдар біліктілік емтиханын тапсырудан босатылады.
4. Мамандандырылған магистратурада оқу бітірген адамдар мамандандырылған магистратурада оқуын бітірген күннен бастап төрт жыл бойы біліктілік емтиханын тапсырудан босатылады.
5. Қызметтік міндеттерін атқару кезінде атына кір келтіретін теріс қылықтары және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін судья лауазымынан, құқық қорғау органдарынан немесе өзге де мемлекеттік қызметтен босатылған адамдар біліктілік емтихандарын тапсыруға жіберілмейді.
6. Біліктілік емтиханын тапсыру нәтижесі емтихан тапсырылған күннен бастап төрт жыл бойы жарамды болады.
7. Біліктілік емтихандарын тапсыра алмаған адамдар оларды қайтадан тапсыруға бір жылдан кейін жіберіледі.
8. Біліктілік емтиханын тапсырған адамдар туралы ақпарат, сондай-ақ біліктілік емтиханының үлгілік сұрақтары Кеңестің интернет-ресурсында орналастырылады.
9. Судьялыққа кандидаттардан емтихан алу кезеңдерінің бірін қабылдау жүзеге асырылатын электрондық жүйе ақпаратқа рұқсатсыз қол жеткізуді, ақпаратты жинаудың, өңдеудің, жинақтаудың, сақтаудың, іздеудің және берудің бағдарламалық-техникалық құралдарының жұмыс істеуінің бұзылуын, көрсетілген құралдардың істен шығуын болғызбайтын тиісті қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етілуге тиіс.
Электрондық жүйенің осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген талаптарға сәйкестігін тексеру мақсатында тәуелсіз бағалау, оның ішінде шетелдік мамандар тартыла отырып жүргізілуі мүмкін.
10. Біліктілік емтиханын тапсыру рәсімі үш кезеңді қамтиды:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын білуін және оны практикада қолдану қабілетін компьютерлік тестілеу;
2) үміткердің білімін және оны практикада қолдану қабілетін сот практикасынан нақты жағдайларды бейнелейтін емтихан билеттері бойынша тексеру;
3) психологиялық тестілеу.
Емтихан билеттеріндегі сұрақтардың санын Комиссия белгілейді.
Біліктілік емтиханы тестеріне және емтихан билеттеріне енгізілуге жататын сұрақтардың тізбесін әзірлеуді Комиссия ұйымдастырады. Сұрақтардың тізбесі Кеңес отырысында бекітіледі.
 
14-бап. Біліктілік емтихандарын қабылдаудан бас тарту
Судьялыққа кандидаттар Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде қойылатын талаптарға сай келмеген жағдайларда, біліктілік емтихандарын қабылдаудан бас тартуға жол беріледі.
Біліктілік емтихандарын қабылдаудан бас тартқан жағдайда, Комиссия өтініш берілген күннен бастап бір ай ішінде азаматқа уәжді жауап беруге міндетті.
 
15-бап. Полиграфологиялық зерттеудің тәртібі мен шарттары
1. Біліктілік емтиханын ойдағыдай тапсырған адамдар қосымша ақпарат алу және беріліп отырған мәліметтердің анықтығын тексеру мақсатында полиграфологиялық зерттеуден өтеді.
2. Зерттеу өткізудің негізгі міндеті:
1) құқыққа қарсы ниеттерді;
2) мінез-құлықтың жасырын бұзылуын, жағымсыз тәуелділіктерді, есірткі, психотроптық заттар және психикалық және физикалық тәуелділік туғызатын өзге де психикаға белсенді әсер ететін заттар тұтынуды;
3) сауалнамалық деректер, кірістері, мүлкі және мүліктік сипаттағы міндеттемелері туралы мәліметтер жасыруды немесе бұрмалауды, қос азаматтығының болуын, жалған құжаттар пайдалануды;
4) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасау, құпия немесе қызметтік ақпаратты бөгде адамдарға беру фактілерінің бұрын болуын;
5) тыйым салынған қоғамдық бірлестіктермен, қылмыстық және террористік ұйымдармен байланыс жасауды немесе егер бұрын олардың лауазымдық міндеттеріне кірмеген болса, коммерциялық құрылымдарға қатысуды;
6) лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалануды анықтау болып табылады.
3. Полиграфологиялық зерттеудің қорытындысы ұсынымдық сипатта болады.
4. Полиграфологиялық зерттеуден өту тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
 
 
5-тарау. АУДАНДЫҚ СОТ ТӨРАҒАСЫНЫҢ, АУДАНДЫҚ, ОБЛЫСТЫҚ ЖӘНЕ ЖОҒАРҒЫ 
СОТ СУДЬЯСЫНЫҢ ЛАУАЗЫМЫНА ТАҒАЙЫНДАУ ТУРАЛЫ ҰСЫНЫМ ШЫҒАРУ
 
16-бап. Судья лауазымына конкурс
1. Кеңестiң аудандық сот төрағасы мен судьясының, облыстық сот судьясының және Жоғарғы Сот судьясының лауазымына тағайындау туралы ұсынымы конкурстық қараудың нәтижелерi бойынша берiледi.
2. Конкурс жариялау туралы шешімді Жоғарғы Соттың, жергілікті және басқа соттардың қызметін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның ұсынуына негізделген Кеңес хатшысының ұсынысы бойынша Кеңес Төрағасы қабылдайды.
3. Аудандық сот төрағасы мен судьясының, облыстық сот судьясының және Жоғарғы Сот судьясының лауазымына бос орынның ашылуы туралы ұсыну Кеңестің конкурс жариялауы үшін негіз болып табылады.
4. Кеңестің аудандық сот төрағасы мен судьясының, облыстық сот судьясының және Жоғарғы Сот судьясының бос лауазымына орналасуға конкурс туралы хабарландыруын Кеңес аппараты Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында конкурсқа дейін кемінде бір ай бұрын қазақ және орыс тілдерінде жариялайды.
5. Аудандық сот төрағасы мен судьясының, облыстық сот судьясының және Жоғарғы Сот судьясының лауазымына конкурсқа қатысу үшін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында хабарландыру жарияланған күннен бастап бір айдың ішінде Кеңес аппаратына өтініш және тізбесі Кеңес регламентінде белгіленген басқа да құжаттарды беру қажет.
6. Кеңес аппараты конкурсқа құжаттар қабылдау аяқталғаннан кейін үміткерлердің тізімін кандидаттарды жұмыс орны бойынша тексеру, құқық қорғау органдарынан мәліметтер алу үшін барлық облыстық соттарға жібереді және оларды Кеңестің интернет-ресурсында орналастырады.
Үміткерлердің жеке басы туралы толық және объективті ақпарат алу мақсатында Кеңес аппараты құқық қорғау органдарынан және олардың аумақтық бөлімшелерінен, басқа да мемлекеттік органдардан, адвокаттар алқаларынан үміткерлер туралы қосымша мәліметтер сұратуға құқылы.
 
17-бап. Аудандық сот төрағасының, аудандық және облыстық сот судьясының, Жоғарғы Сот судьясының лауазымына конкурсқа қатысушылар
1. Аудандық сот төрағасы мен судьясының лауазымына Кеңестің ұсынымын алу үшін конкурсқа «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 29-бабы 1-тармағының талаптарына сай келетін азаматтар, ал жұмыс істеп жүрген судьялар болып табылатын кандидаттар «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 28-бабының және 29-бабы 1-тармағының талаптарына сай келсе, қатыса алады.
Аудандық сот төрағасының бос лауазымдарына кандидатуралар жұмыс істеп жүрген судьялар болуға немесе судья лауазымында кемінде бес жыл жұмыс өтілі болуға және жоғары тұрған соттың екі судьясы мен отставкадағы бір судьяның жазбаша кепілгерлігін алуға тиіс.
2. Облыстық сот судьясының лауазымына Кеңестің ұсынымын алу үшін конкурсқа «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының талаптарына сай келетін, заңгерлік кәсібі бойынша кемінде он бес жыл жұмыс өтілі бар, оның кемінде бес жылы судьялық жұмыс өтілі болатын, сондай-ақ тиісті облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысын және жоғары тұрған соттың екі судьясы мен отставкадағы бір судьяның жазбаша нысандағы кепілгерлігін алған азаматтар қатыса алады.
Тиісті облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысына Жоғарғы Соттың жалпы отырысына шағым жасауға болады.
Тиісті облыстық соттың немесе Жоғарғы Соттың жалпы отырысының қорытындысын кандидат Кеңеске ұсынады.
3. Жоғарғы Сот судьясының лауазымына Кеңестің ұсынымын алу үшін конкурсқа «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының талаптарына сай келетін, заңгерлік кәсібі бойынша кемінде жиырма жыл жұмыс өтілі бар, оның кемінде он жылы судьялық жұмыс өтілі болатын, оның ішінде бес жыл облыстық соттағы судьялық жұмыс өтілі бар, сондай-ақ Жоғарғы Соттың жалпы отырысының оң қорытындысын және жоғары тұрған соттың екі судьясы мен отставкадағы бір судьяның жазбаша кепілгерлігін алған азаматтар қатыса алады.
Жоғарғы Соттың жалпы отырысының қорытындысын кандидат Кеңеске ұсынады.
4. Аудандық сот төрағасы мен судьясының, облыстық сот судьясының лауазымына конкурсқа қатысушылар құжаттарын Кеңеске тапсырғаннан кейін Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің және тұрғылықты жері немесе жұмыс орны бойынша облыстық соттың жалпы отырысының қорытындыларын алуға тиіс. Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің және облыстық соттың жалпы отырысының қорытындылары ұсынымдық сипатта болады.
Жоғарғы Сот судьясының лауазымына конкурсқа қатысушылар құжаттарын Кеңеске тапсырғаннан кейін Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің және тұрғылықты жері немесе жұмыс орны бойынша облыстық соттың жалпы отырысының қорытындыларын да, сондай-ақ Жоғарғы Соттың жалпы отырысының қорытындысын алуға тиіс. Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің, облыстық соттың және Жоғарғы Соттың жалпы отырыстарының қорытындылары ұсынымдық сипатта болады.
5. Аудандық сот төрағасы мен судьясының, облыстық сот судьясының және Жоғарғы Сот судьясының лауазымына конкурсқа қатысушылар, тиісті облыстық соттың және Жоғарғы Соттың жалпы отырыстарының, Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысының өткізілетін күні туралы, сондай-ақ олар қабылдаған шешімдер туралы ақпарат Кеңестің интернет-ресурсында орналастырылуға және өзге де бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиіс.
 
18-бап. Бос лауазымдарға кандидаттарды іріктеу тәртібі
1. Бос лауазымдарға кандидаттарды конкурстық іріктеуді Кеңес өз қызметіне араласуды болғызбау шарттарымен ашық және жариялы түрде жүзеге асырады.
2. Білім деңгейінің жоғары болуы, жоғары моральдық-адамгершілік қасиеттері мен мінсіз беделінің болуы аудандық сот судьяларының бос лауазымдарына кандидаттарды іріктеудің негізгі өлшемшарттары болып табылады. Бұл ретте:
1) мамандандырылған магистратурада біліктілік емтиханын тапсырған адамдарға;
2) сот ісін жүргізуге қатысумен тікелей байланысты заң мамандығы бойынша жұмыс өтілі көп адамдарға;
3) біліктілік емтиханын тапсыру нәтижелері бойынша;
4) ғылыми дәрежесі немесе ғылыми атағы бар адамдарға;
5) судья лауазымына конкурсқа үш реттен астам қатысқан адамдарға;
6) жоғары білім туралы дипломның орташа бағасының нәтижелері ескеріле отырып, басымдық беріледі.
3. Арнайы білімінің болуы мамандандырылған соттар судьяларының бос лауазымдарына кандидаттар іріктеудің қосымша өлшемшарты болып табылады.
4. Сот ісін жүргізуге қатысумен тікелей байланысты жұмыс өтіліне:
1) сот отырысының хатшысы;
2) сот консультанты (көмекшісі);
3) сот процестеріне қатысатын прокурор;
4) сот процестеріне қатысатын адвокат ретіндегі жұмысы есептеледі.
5. Облыстық сот судьясының, Жоғарғы Сот судьясының бос лауазымына орналасуға конкурс өткізу кезінде мынадай өлшемшарттар:
1) судья лауазымындағы жұмыс өтілі;
2) мінсіз беделі және сот төрелігін іске асыру сапасы;
3) ғылыми дәрежесінің немесе ғылыми атағының болуы;
4) судья лауазымына конкурсқа үш реттен астам қатысқаны ескеріледі.
6. Аудандық сот төрағасының бос лауазымына орналасуға конкурс өткізу кезінде осы баптың 2-тармағында көрсетілген өлшемшарттарға қосымша ұйымдастырушылық қабілеттері де ескеріледі.
7. Кеңес аудандық сот төрағаларының, облыстық сот судьяларының бос лауазымдарына кандидатураларды тиісті облыстық соттың жалпы отырысының қорытындысы және жоғары тұрған соттың екі судьясы мен отставкадағы бір судьяның жазбаша кепілгерлігі болған кезде қарайды.
Кеңес Жоғарғы Сот судьяларының бос лауазымдарына кандидатураларды Жоғарғы Соттың жалпы отырысының қорытындысы және жоғары тұрған соттың екі судьясы мен отставкадағы бір судьяның жазбаша кепілгерлігі болған кезде қарайды.
8. Кеңес мүшелерінің аудандық соттар төрағалары мен судьяларының, облыстық соттар судьяларының және Жоғарғы Сот судьяларының бос лауазымдарына орналасу туралы мәселені қарауы тікелей Кеңес отырысының барысында мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
1) судьяның бос лауазымы және оған орналасуға үміткер адамдардың саны туралы мәліметтерді жариялау;
2) судьяның бос лауазымына орналасуға үміткер кандидатураларды Кеңес мүшелерінің талқылауы;
3) дауыс беру үшін Кеңес мүшелерінің кандидатураларды ұсынуы;
4) ұсынылған кандидатура бойынша Кеңес мүшелерінің дауыс беруі.
Қажет болған кезде дауыс беру жасырын өткізілуі мүмкін;
5) Кеңес мүшелерінің бос лауазымға кандидатураларды қарау қорытындыларын шығаруы.
Кеңес отырысына қатысып отырған мүшелерінің кемінде үштен екі даусын жинаған кандидат бос лауазымға орналасуға конкурс жеңімпазы деп танылады.
9. Жұмыс істеп жүрген судья болып табылмайтын және конкурста жеңіске жеткен кандидат міндетті арнайы тексеруден қосымша өтуге тиіс.
Арнайы тексеруден өтуді Кеңес аппараты ұйымдастырады.
Мемлекеттік қызметте үзіліссіз өтілі бар және бұрын арнайы тексеруден өткен кандидаттар кадр қызметі куәландырған тиісті анықтаманы ұсына алады.
Арнайы тексерудің нәтижелері туралы құжат берілген күнінен бастап бір жыл бойы жарамды болады.
10. Егер конкурста жеңіске жеткен кандидатқа қатысты қылмыстық іс қозғалғандығын, оның ішінде оның кейіннен ақтайтын негіздер бойынша тоқтатылғанын куәландыратын мәліметтер арнайы тексеру қорытындылары бойынша анықталған жағдайда, мұндай кандидаттарға қатысты прокуратура органдары қылмыстық істер материалдарын зерттей отырып, қосымша тексеру жүргізеді, оның қорытындысы Кеңес отырысында қаралады.
Іріктеуден өткен және Кеңес тағайындауға ұсыным жасаған кандидатты аудандық сот төрағасының немесе судьясының, облыстық сот судьясының және Жоғарғы Сот судьясының лауазымына тағайындауға кедергі келтіретін негіздер болған кезде, сондай-ақ ол бос лауазымға тағайындаудан бас тартқан жағдайда, Кеңес ұсыным беру туралы шешімінің күшін жояды және конкурсқа қатысқан адамдар арасынан басқа кандидатты бос лауазымға тағайындау үшін ұсыным жасауы мүмкін.
11. Егер ұсынылған бос лауазымдарға кандидаттар конкурс нәтижесінде іріктеп алынбаған болса, мұндай бос лауазымдар бойынша конкурс өткізілмеді деп танылады және қайта конкурс жариялануы мүмкін.
12. Бос лауазымдарға кандидаттарды іріктеудің қорытындылары бойынша Кеңес хатшысы конкурс қатысушыларына конкурс нәтижелері туралы тиісті хабарламаны ол аяқталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жібереді.
 
 
6-тарау. ЖОҒАРҒЫ СОТТЫҢ СОТ АЛҚАЛАРЫ ТӨРАҒАЛАРЫНЫҢ, ОБЛЫСТЫҚ СОТТАР ТӨРАҒАЛАРЫНЫҢ ЖӘНЕ СОТ АЛҚАЛАРЫ ТӨРАҒАЛАРЫНЫҢ БОС ЛАУАЗЫМДАРЫНА КАНДИДАТУРАЛАРДЫ ҚАРАУ ТӘРТІБІ
 
19-бап. Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының, облыстық соттар төрағаларының және сот алқалары төрағаларының бос лауазымдарына кандидатураларды қарау тәртібі
1. Облыстық соттар төрағаларының және сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының бос лауазымдарына кандидатураларды Кеңес Жоғарғы Сот Төрағасының Жоғарғы Соттың жалпы отырысының шешімі негізінде енгізген ұсынуы бойынша баламалы негізде қарайды.
2. Облыстық соттар төрағаларының және сот алқалары төрағаларының бос лауазымдарына кандидатуралар жұмыс істеп жүрген судьялар немесе судья лауазымында кемiнде он жыл жұмыс өтілі бар адамдар арасынан ұсыным жасалады.
Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының лауазымына кандидатуралар Жоғарғы Соттың судьялары арасынан ұсынылады.
Бұл ретте облыстық сот төрағасының және сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының лауазымына кандидаттарды іріктеу кезінде кадр резервінде тұрған және ұйымдастырушылық қабілеттерге ие адамдарға басымдық беріледі.
3. Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуына тиісті соттың жалпы отырысында баламалы негізде қаралған барлық кандидаттардың материалдары қоса беріледі.
4. Кеңес облыстық соттар төрағаларының және сот алқалары төрағаларының, Жоғарғы Соттың сот алқалары төрағаларының бос лауазымдарына ұсынылған барлық кандидатураларды отырыста міндетті түрде қарайды.
 
20-бап. Бос лауазымдарға кандидатураларды қарау шарттары
Аудандық соттардың төрағалары, облыстық соттардың төрағалары және сот алқаларының төрағалары, Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары тиісті сотта өздері атқаратын лауазымға қатарынан екі реттен артық тағайындалмайды.
 
 
7-тарау. СОТТЫҢ ТӨРАҒАСЫН, СОТ АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫН ЖӘНЕ СУДЬЯНЫ ЛАУАЗЫМЫНАН БОСАТУ ТУРАЛЫ МАТЕРИАЛДАРДЫ ҚАРАУ ТӘРТІБІ
 
21-бап. Соттың төрағасын, сот алқасының төрағасын және судьяны лауазымынан босату не босатудан бас тарту туралы мәселені қарау үшін негіздер
1. Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы соттың төрағасын, сот алқасының төрағасын және судьяны лауазымынан босату туралы мәселені Кеңестің қарауы үшін негіз болып табылады. Жоғарғы Соттың Төрағасы соттың төрағасын, сот алқасының төрағасын және судьяны тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін, кәсіби жарамсыздығына орай немесе «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының талаптарын орындамағаны үшін лауазымынан босату туралы ұсынуды Кеңеске Сот жюриі шешімінің негізінде енгізеді.
2. Кеңес материалдарды алғаннан кейін регламентте белгіленген тәртіппен ондағы мәліметтерді соттың төрағасынан, сот алқасының төрағасынан, судьядан және басқа да адамдардан жазбаша түсініктемелер алу, тиісті құжаттарды талап етіп алдыру және олармен танысу, мемлекеттік органдардан, ұйымдар мен азаматтардан өзге де ақпаратты алу арқылы тексереді.
3. Тексерудің нәтижелері бойынша анықтама жасалады. Анықтамада анықталған мән-жайлар, тексерушілердің қорытындысы мен ұсыныстары қамтылуға және олардың қолдары қойылуға тиіс.
 
22-бап. Тексерудің нәтижелерімен судьяны таныстыру
1. Өзіне қатысты тексеру жүргізілген судья анықтамамен және тексеру материалдарымен таныстырылуға тиіс. Бұл ретте ол қосымша түсініктемелер беріп, белгілі бір мән-жайларды тексеру туралы өтінішхат бере алады.
2. Өзіне қатысты тексеру жүргізілген судья анықтамамен және тексеру материалдарымен танысудан бас тартқан жағдайда, бұл жайында хаттама жасалады, оған тексеруді жүргізген адамдар қол қояды.
 
23-бап. Соттың төрағасын, сот алқасының төрағасын және судьяны лауазымынан босату туралы мәселені қарау
1. Кеңес соттың төрағасын, сот алқасының төрағасын және судьяны лауазымынан босату туралы мәселені қараған кезде Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы алынған судьяның түсініктемесін тыңдайды. Сот төрағасының, сот алқасы төрағасының және судьяның Кеңес отырысына дәлелді себептерсіз келмеуі мәселені қарауға кедергі болмайды. Отырыста сот төрағасының, сот алқасы төрағасының және судьяның, Кеңес хатшысының өтінішхаты бойынша шақырылған басқа да адамдардың хабарламалары тыңдалуы, құжаттар жария етілуі және өзге де материалдар қаралуы мүмкін.
2. Кеңестің шешімінде нақты материалдарға сілтеме жасай отырып, Қазақстан Республикасының Президентіне соттың төрағасын, сот алқасының төрағасын және судьяны лауазымынан босату туралы қабылданған ұсынымға негіз болған мән-жайлар не ұсынымды қабылдаудан бас тарту қамтылуға тиіс.
3. Соттың төрағасын, сот алқасының төрағасын және судьяны лауазымынан босату туралы ұсыным беруден Кеңестің бас тартуы Сот жюриінің өзі шығарған шешімнің күшін жоюы және оны қайта қарауы үшін негіз болып табылады.
 
24-бап. Сот жюриінің шешіміне шағым жасау туралы мәселені қарау
1. Судья Сот жюриінің тәртіптік және біліктілік комиссияларының шешіміне Кеңеске шағым жасай алады.
2. Кеңес Сот жюриінің шешіміне шағым жасау туралы мәселені қараған кезде Сот жюриі өзіне қатысты шешім қабылдаған судьяның түсініктемесін тыңдайды. Судьяның Кеңестің отырысына дәлелді себептерсіз келмеуі мәселені қарауға кедергі болмайды. Отырыста судьяның, Кеңес хатшысының өтінішхаты бойынша шақырылған басқа да адамдардың хабарламалары тыңдалуы, құжаттар жария етілуі және өзге де материалдар қаралуы мүмкін.
3. Сот жюриі шешімінің негізсіздігі туралы Кеңестің шешімі Сот жюриінің өзі шығарған шешімнің күшін жоюы және оны қайта қарауы үшін негіз болып табылады.
 
 
8-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
 
25-бап. Қорытынды ережелер
«Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» 2008 жылғы 17 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2008 ж., № 20, 80-құжат; 2010 ж., № 24, 153-құжат; 2012 ж., № 5, 39-құжат; 2014 ж., № 14, 84-құжат; № 16, 90-құжат; № 22, 128-құжат) күші жойылды деп танылсын.
 
26-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
 
 
Қазақстан Республикасының 
             Президенті 
 
        Н. НАЗАРБАЕВ
 
Астана, Ақорда, 2015 жылғы желтоқсанның 4-і.
                     № 436-V