Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының) Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі туралы Е Р Е Ж Е

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының

жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз

ету департаменті (Қазақстан Республикасы

Жоғарғы Сотының аппараты) басшысының

2016 жылғы «09» ақпандағы

№ 6001-16-7-6/34 өкімімен бекітілген

                                  

                                 

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы

Соттардың  қызметін қамтамасыз ету департаментінің

(Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының)

Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі туралы

Е Р Е Ж Е

 

1. Жалпы ережелер

 

1.Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі (бұдан әрі - Бөлім) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының) (бұдан әрі – Департамент) құрылымдық бөлімшесі болып табылады.

2. Бөлім өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы», «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, Жоғарғы Сот Төрағасы мен Департамент басшысының өкімдеріне,  Департамент туралы ережеге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

3. Бөлімнің штат санын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы бекітеді.

4. Бөлімнің құрылымына:

1)    баспасөз қызметі секторы;

2) мемлекеттік тілді дамыту және редакциялық-баспа жұмысы секторы кіреді.

 

2. Бөлімнің міндеттері мен функциялары

 

5. Міндеті: Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының  және Департаменттің қызметін ақпараттық сүйемелдеу.

Функциялары:

1) Жоғарғы Сот Төрағасының, Жоғарғы Соттың қадағалаушы сот алқалары төрағалары мен судьяларының, Департамент басшылығының баспасөз конференцияларын, брифингтерін, сұхбаттарын және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен басқа да кездесулерін ұйымдастыру және өткізу;

2) сот органдарының қызметі туралы қоғамдық пікірді зерделеу негізінде бұқаралық ақпарат құралдарына мониторинг жүргізу, Жоғарғы Сот Төрағасы үшін хабарламалар мен мақалаларға шолу дайындау;

3) Жоғарғы Сот өткізетін іс-шараларға журналистерді белгіленген тәртіпте аккредитациялауды жүргізу;

4) сот органдарының оң имиджін нығайту жөніндегі арнайы бағдарламаларды іске асыруды қамтамасыз ету;

5) Жоғарғы Сотта өткізілетін маңызды іс-шаралар туралы ресми хабарларды дайындауды  жүзеге асыру және бұқаралық ақпарат құралдарына тарату;

6) аккредитациядан өткізілген журналистермен жұмысты ұйымдастыру;

7) облыстық және оған теңестірілген соттардың баспасөз хатшыларының қызметін үйлестіру;

8) Жоғарғы Соттың web-сайтын ақпараттық қолдауды қамтамасыз ету;

9) Жоғарғы Сот Төрағасының, қадағалаушы сот алқаларының төрағалары мен судьяларының және Департамент басшылығының қатысуымен телебағдарламалар ұйымдастыру;

10) мәлімдемелерді, хабарларды, баспасөз релиздерін және басқа да ақпараттық материалдарды тарату;

11) Департамент басшылығына Жоғарғы Соттың, жергілікті және басқа да соттардың қызметін ақпараттық қамтамасыз етуді жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізу.

6. Міндеті: уәкілетті мемлекеттік органмен, бұқаралық ақпарат құралдарымен, жеке және заңды тұлғалармен мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыру мәселелері бойынша өзара іс-қимылды жүзеге асыру.

Функциялары:

1) бұқаралық ақпарат құралдарының нақты сот істеріне қатысты емес өтініштері мен сауалдарын қарау;

2) бұқаралық ақпарат құралдарының нақты сот істері мен сыни жарияланымдарына қатысты өтініштерін және сауалдарын тиісті құрылымдық бөлімшелерге жіберу;

7. Міндеті: Департаментте және оның құрылымдық бөлімшелерінде, жергілікті соттардың кеңселерінде (бұдан әрі – аумақтық бөлімшелер) мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру.

Функциялары:

1) Департамент басшылығының тапсырмасы бойынша Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларының жобаларын орыс тілінен мемлекеттік тілге аударуды жүзеге асыру; 

2) Департаменттің құрылымдық бөлімшелері мемлекеттік тілде дайындаған  құжаттарды редакциялау;

3) Қазақстан Республикасының бірыңғай мемлекеттік тіл саясатын насихаттау;

4) Департаментте және оның аумақтық бөлімшелерінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын одан әрі кеңейту жөнінде Департамент басшысына ұсыныстар енгізу;

5) тіл саласындағы нормативтік құқықтық базаны қалыптастыру және Департамент қызметкерлерінің мемлекеттік тілді сапалы игеруі үшін қажетті қаржылық және материалдық-техникалық жағдайлар жасау жөнінде ұсыныстар енгізу;

6) «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасының Заңы мен басқа да нормативтік құқықтық актілердің, Жоғарғы Сот Төрағасы мен Департамент басшысының мемлекеттік тілді қолданысқа енгізу мәселелерін реттейтін өкімдерінің орындалу практикасына талдау жүргізу;

7) Департаменттің қызметкерлеріне сот құжаттарын  дайындау және іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу жөнінде консультациялар беру, практикалық және әдістемелік көмек көрсету, көмекші құралдар әзірлеу;

8) іс қағаздарын мемлекеттік тілде дайындауға белсене қатысқан Департаменттің және оның аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлерін көтермелеу жөнінде Департамент басшысына тиісті ұсыныстар енгізу;

9) Жоғарғы Соттың «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Бюллетенінің» ай сайын шығару жұмысын қамтамасыз ету.

 

3. Бөлімнің қызметін ұйымдастыру

 

8. Бөлім негізгi мiндеттерiн және функцияларын заңнамаға сәйкес, Қазақстан Республикасының Президентінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асыруға қажетті құзыретке ие.

9. Бөлімді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тәртіппен тағайындалатын және лауазымынан босатылатын бөлім меңгерушісі басқарады.

10. Бөлім меңгурішісінің 2 (екі) орынбасары бар.

11. Бөлім меңгерушісі Бөлімнің қызметіне жалпы басшылық етеді және Бөлімге жүктелген міндеттердің және өз функцияларының орындалуына дербес жауап береді.

12. Бөлім меңгерушісі Бөлімнің құрылымы және штаттық кестесі бойынша Департамент Басшысына ұсыныс береді.

13. Бөлім меңгерушісінің орынбасары:

1) Бөлім қызметін өз құзыреті шеңберінде үйлестіреді;

2) Бөлім меңгерушісі болмаған кезде Бөлімнің қызметіне жалпы басшылық етеді және Бөлімге жүктелген міндеттердің және өз функцияларының орындалуына дербес жауап береді.

3) Бөлім меңгерушісі жүктеген өзге де функцияларды жүзеге асырады;

14. құрылымдық бөлімшелерге жолданатын Бөлім құзыретіне кіретін мәселелер бойынша құжаттарға бөлімнің атынан Бөлім меңгерушісі қол қояды, болмаған жағдайда – орынбасары қол қояды.