Қазақстан Республикасы Әкімшілік процестік кодексінің тұжырымдамасы

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Жоба

 

Қазақстан Республикасы Әкімшілік процестік кодексінің

тұжырымдамасы

 

1.     Заң жобасының атауы.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік процестік кодексі

 

2.     Заң жобасын әзірлеу қажеттілігінің негіздемелері.

Құқықтың әр саласында заң жобасын кеңінен әрі серпінді жаңарту жағдайында әкімшілік әділет институтын енгізу Қазақстан Республикасындағы әкімшілік реформаның негізгі бағыттарының бірі болып табылады. 

Президенттің 2009 жылғы 24 тамыздағы № 858 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында әкімшілік әділетті қалыптастыру жөніндегі негізгі ережелер қамтылған. Осы әкімшілік әділет қылмыстық және азаматтық сот ісін жүргізумен қатар сот төрелігін жүзеге асырудың толық құқылы формасы болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда, тиісінше жалпы юрисдикциядағы соттар мен мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттардың ведомстволық қарауына жататын азаматтық (жеке) қатынастардан туындайтын даулар мен экономикалық дауларды шешу тәртібінен бөлек жариялы-құқықтық сипаттағы жанжалдарды шешу тәртібі әкімшілік-процестік заңнаманы реттеудің нысанасы болып табылады. Осы тәртіп мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының қызметінің заңдылығын бақылауды, лауазымды адамдар үшін белгіленген міндеттердің орындалу сапасын тексеруді, жеке және заңды тұлғалардың құықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын және бұзылған құқықтардың қалпына келтірілуін, мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының өзінің міндеттерін орындамағаны не тиісінше орындамағаны үшін заңнамалық актілермен көзделген жауапкершілік шараларының қолданылуын бақылауды қамтамасыз ететін болады.

Мемлекет басшысы республика судьяларының VI съезінде азаматтар мен мемлекет арасында туындайтын дауларды шешу мәселелері сот билігі әкімшілік әділет жүйесінің юриисдикциясында болуға тиіс деп белгілеп берді.

Осы ережелерді іске асыру үшін Әкімшілік реформаны жүргізу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысының 2014 жылғы 27 мамырдағы
№ 07-1-2/И-419 хаттамасы 2-тармағының 2.2) тармақшасымен Әкімшілік процестік кодекс (бұдан әрі – ӘПК жобасы) жобасын әзірлеу көзделді.

Жария мүдделерді қамтамасыз ету мен қорғаудың аса маңызды әкімшілік-құқықтық құралы болып табылатын әкімшілік сот ісін жүргізудің заңнамалық анықтамасының осы уақытқа дейін болмауы үнемі дау туғызып, теорияны екіұдай түсіндіруге алып келді.  

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, сот билігі сотта іс жүргізудің азаматтық, қылмыстық және заңмен белгіленген өзге де нысандары арқылы жүзеге асырылады.

Заңнаманы талдау Қазақстанда «әкімшілік соттардың» қызметі жариялы-құқықтық сипаттағы құқықтық қатынастардың кез келген түрінен туындайтын дауларды қарап, шешетін халықаралық практикадағы әкімшілік соттардан ерекшеленетінін көрсетті. Ұлттық заңнама бойынша жеке адамдардың жариялы-құқықтық дауларын Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексінің арнайы ескертпелеріне сәйкес жалпы соттар, мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар шешеді. 2004 жылы құрылған мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттар (бұдан әрі - МАӘС)
тек бір ғана міндетті шешеді, яғни әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді біліктілікпен қарайды, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауға уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) қаулыларын даулау туралы істерді қарайды. Бұл Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің материалдық және процестік нормаларды қамтуына байланысты. Осы нормалар жария сипаттағы дауларды шешуге емес, ал ең бастысы, құқық тәртібін сақтауға және құқық бұзушылықтар профилактикасына қызмет етеді.

Осы заманғы қоғамда әкімшілік-құқықтық ықпал ету аясының келбеті демократиялық құндылықтардың орнығуына, жария басқарудың ізгіленуіне және елдің нарықтық экономикаға көшуіне байланысты біртіндеп өзгерді. Бүгінгі таңда мемлекеттің қатысу үрдісі артып, әкімшілік құқық институттары жетілдіріле түсуде. Осы үрдіс адам мен азаматтың мемлекеттің негізгі заңдарында бекітілген құқықтары мен бостандықтарын сақтау ескеріле отырып, өмірдің қоғамдық тәртіп пен заңдылықты сақтауды қажет ететін салаларында өріс алуда. Міне осылайша, әкімшілік құқықтық қатынастар тұжырымдамасының өзгеруі жария басқаруды ізгілендіру – басқаруға адамға қарай бағыт ұстау тұрғысынан қарау сипатын иеленіп отыр.

Мемлекет басшысы экономикалық әлеуетті еселеу мақсатында қолайлы инвестициялық ахуал құруды «Қазақстан-2050» стратегиясының негізгі бағыттарының бірі ретінде белгілеп берді. Стратегияда Қазақстан инвестициялар үшін өңірлік магнит тәрізді болуға тиіс екені атап көрсетілді. Тәуелсіз әкімшілік юрисдикция құру мемлекеттік қызметтің тәуелсіз әкімшілік соттар тарапынан, заң мен бақылаудың ұштасуы есебінен ашық болуына  елеулі дәрежеде жәрдемдесіп, республикадағы экономикалық және инвестициялық ахуалды жақсартуға ықпал ете алады.

Жұмысы жақсы жолға қойылған әкімшілік юрисдикция көпшілік жағдайда рейтинг бойынша оң нәтиже көрсетуде (мысалы, «doingbusiness» - рейтинг бизнесті жүргізуге оң ықпал етуде). Шетелдік инвесторлар мен отандық кәсіпкерлерге мемлекеттік органдар шешімдерінің заңдылығын тексеру үшін нақтылы құқықтық негіздер қажет. Осы негіздердің сақталуын тәуелсіз әкімшілік соттар қамтамасыз етеді.

Әкімшілік сот ісін жүргізуді жолға қою сот төрелігі органдарының Қазақстан Республикасы азаматтарының арасында беделінің артуына жол ашады және халықтың оларға деген сенімі артады. Осының нәтижесінде азаматтар мен азаматтық қоғамның көз алдында басқару қызметінің заңдылығы арта түседі.

Әкімшілік сот ісін жүргізу мемлекет пен азаматтың немесе заңды тұлғаның арасындағы дауларды жалпы юрисдикциядағы соттардан әкімшілік соттарға беруге емес, ең алдымен, бірыңғай актіде әкімшілік сот ісін жүргізу негізін қамтитын негізгі құқықтық актіні қорытып, әәзірлеуге негізделеді. Қазіргі таңдағы жағдайды, халықаралық тәжірибені, ұлттық саясат пен заңнаманың жоғарыда аталған ұстанымын ескере отырып, ӘПК жобасын әзірлеу қажеттілігі туындайды. Осы жоба әкімшілік-құқықтық қатынастармен байланысты даулардың соттардың ведомстволық қарауына жататынын, осы дауларды азаматтық процестен айтарлықтай ерекшелетін сотта қарап, шешудің процестік принциптері мен  қағидасын белгілеп береді.

Егер заңмен жариялы-құқықтық дауларды басқа сотта қарау көзделмесе, осы дауларды қарау туралы мамандандырылған әкімшілік соттарға жүгінуге болатыны туралы ереже ӘПК жобасына енгізілетін болады. Осы ретте жариялы-құқықтық даулар деп әкімшілік процеске қатысушылар билік пен бағыну қатынастарында болатын даулар, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері жөніндегі даулар түсініледі.

Әкімшілік сот ісін жүргізу қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттардың (бұдан әрі - МАӘС) негізінде құрылады және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер жалпы юрисдикциядағы соттардың ведомстволық қарауына жатқызылады деп жоспарлануда. Әкімшілік сот ісін жүргізу сот ісін жүргізудің  (сот төрелігінің) азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге бағытталған, басқару саласында туындаған құқықтық дауларды қараумен ғана шұғылданатын өз алдына бөлек тармағы ретінде бөлініп шығарылуға тиіс.

Әкімшілік дауларды республиканың облыстық және оған теңестірілген соттарының әкімшілік істер жөніндегі сот алқалары апелляциялық және кассациялық тәртіппен қарайтын болады. Осы ретте өз алдына бөлек тиісті алқаларды облыстық соттарда және Жоғарғы Сотта (әкімшілік істерді қарау жөніндегі алқа) құру қажет.

Төмен тұрған соттардың жауапкершілігін арттыру мақсатында ӘПК жобасында мынадай ереже ұсынылып отыр. Соған сәйкес, жергілікті соттардың заңды күшіне енген сот актілері оларға ерекше жағдайларда шағым берудің кассациялық тәртібі сақталған кезде, бұл біркелкі сот практикасын қалыптастыру үшін маңызды болса, егер соттар қабылдаған шешімдер қалыптасқан сот практикасына қайшы келсе не оларды орындау адамдардың өмірі, денсаулығы не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр салдарға әкеп соқса, Жоғарғы Сотта сот қадағалауы тәртібімен тексерілуі мүмкін.

Әкімшілік істер бойынша сот ісін жүргізу тәртібі жүгінген адамның мәртебесіне қарамастан әкімшілік істерді процестік қараудың біртұтас механизмін құрауға тиіс.

Мемлекеттік билік органдарының, лауазымды адамдардың және мемлекеттік қызметшілердің шешімдері мен әрекеттерін (немесе әрекетсіздігін) даулау туралы істерді, солардың нәтижесінде талапкерлердің құқықтары мен бостандықтары бұзылса немесе оларды жүзеге асыруға кедергі келтірілсе, қандай да бір міндет жүктелсе, МАӘС соттылығына жатқызу ұсынылады.

МАӘС-та, атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдардың жиналысқа, митингіге, шеруге, пикетке немесе демонстрацияларға тыйым салу туралы шешімдері; уәкілетті мемлекеттік органның адамды оралман, мәжбүрлі көшіп-қонушы, босқын деп танудан бас тарту туралы шешімі; көлік құралдарының қозғалысын шектеу немесе тоқтату бойынша мемлекеттік органдардың әрекеттеріне; заңды тұлғалардың немесе жеке кәсіпкерлердің банк шоттарынан салық берешегін салық органдарының мәжбүрлеп өндіріп алу әрекеттеріне; сот орындаушысының атқару құжатын орындау бойынша немесе мұндай әрекеттерді іске асырудан бас тарту жөніндегі шешімі мен әрекеті (әрекетсіздігі); Қазақстан Республикасының Конституциясы кепілдік берген азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бұзатын басқару органдары мен лауазымды адамдардың әрекеттері мен шешімдері даулануы мүмкін.

ӘПК жобасына азаматтық процестік заңнан жеке тұлғалар мен жариялы әкімшілік арасындағы дауларды қарауды реттейтін құқықтық нормаларды: сайлауларға, референдумдарға қатысатын азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің сайлау құқықтарын қорғау туралы арыздар бойынша іс жүргізуді; азаматтардың алқаби ретінде қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысу құқығын бұзатын жергілікті атқарушы органдардың шешімдерін, әрекеттерін (әрекетсіздігін) даулау туралы арыздар бойынша іс жүргізуді; жергілікті билік, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілердің шешімдері мен әрекеттерін (немесе әрекетсіздігін) даулау туралы істер бойынша іс жүргізуді; нормативтік құқықтық актілердің заңдылығын даулау туралы істер бойынша іс жүргізуді; органдар мен лауазымды адамдардың актілері мен әрекеттерін заңсыз деп тану туралы прокурордың өтінішін қосу  жоспарланып отыр.

ӘПК жобасында әкімшілік сот процестерін жүргізудің жалпы процестік қағидалары: сот ісін жүргізуге ықтимал қатысушылардың ауқымын белгілеу, судьяға қарсылық білдіру, арызды беру мерзімі, тиісті адамның кінәсінен немесе кінәсінсіз мерзімді өткізіп алудың салдары, процестің ерекше түрлері туралы қағида және т.б. туралы жазылатын болады.

Талап қоюшы мемлекетке қарсы сөйлей отырып өзін дәрменсіз сезінбеуге тиіс. Осыған орай, арыз беру мүмкіндігі өз мүдделерін іске асыру құралы сияқты тартымды болуға тиіс: бұл соттың шешім шығару және оны тез орындау үшін жұмсайтын уақытына, процестік шығыстарға, соттың объективті ақиқатты анықтау мақсатында атқаратын белсенді рөліне, сот актілерін қайта қарау мерзімдерін қысқартуға және т.б. қатысты болып табылады. ӘПК жобасында осы мәселелер де реттелетін болады.

Әкімшілік іс жүргізуде ең маңыздысы әрі заңнамалық тұрғыдан ең аз реттелген бөлігі сотқа дейінгі іс жүргізу болып табылады. Қазіргі құқықтық саясат дауларды шешудің соттан тыс нысандарын дамытуға, дауларды мүмкіндігінше сотқа дейінгі сатыларда реттеуге, арыз иелерінің құқықтарын тек сот арқылы ғана емес, бірінші кезекте құзыретті әкімшілік-құқықтық органдардың қорғауына бағытталған. Олар жол берілген қателіктерді шешімнің заңдылығын, сонымен бірге оны қабылдаудың орындылығын анықтау жолымен жоя алады. Осыған орай ӘПК жобасында «Әкімшілік рәсімдер туралы» Заңда белгіленген алдын ала әкімшілік іс жүргізуден кейін ғана МАӘС-ке арыз беруге болатыны жөнінде ереже бекітілетін болады (қазіргі таңда оны әзірлеу Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне тапсырылған). Алдын ала әкімшілік іс жүргізу жүзеге асырылмай, іс соттың қарауына жатқызылған кезде осы заңмен ерекше жағдайлар қарастырылуы мүмкін.

ӘПК жобасы әкімшілік процеске қатысушылардың қойған талаптарын  сот органдарында қарау және оларға шағым беру тәртібін реттейтін әкімшілік процестің бүкіл ауқымын қамтитын болады.

 

 

3. Заң жобасын қабылдау мақсаттары.

Заң жобасын әзірлеу мен қабылдаудағы негізгі мақсат азаматтар мен заңды тұлғалардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы тиімді қорғауды қамтамасыз ету, әкімшілік сот ісін жүргізуді төрешілдіктен арылту, Қазақстан Республикасының сот құрылымын одан әрі жетілдіру болып табылады.

 

4. Заң жобасын реттеу нысанасы.

Заң жобасымен жеке және (немесе) заңды тұлғалар мен билік органдары (әкімшілік істер) арасындағы азаматтардың бұзылған немесе дауланып отырған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау туралы даулар бойынша сот төрелігін жүзеге асыру кезінде туындайтын қоғамдық қатынастар реттеледі.

 

5. Заң жобасының құрылымы.

I-бөлім. Жалпы ережелер

1-тарау. Қазақстан Респукбликасының Әкімшілік процестік заңнамасы

2-тарау. Әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеттері мен принциптері

3-тарау. Ведомстволылық және соттылық

4-тарау. Сотқа дейін реттеу

5-тарау. Сот құрамы, қарсылық білдіру

6-тарау. Іске қатысушы тұлғалар

7-тарау. Соттағы өкілдік

8-тарау. Дәлелдемелер және дәлелдеу

9-тарау. Сот шығындары

10-тарау. Мәжбүрлеу және сотқа құрметтемеушілік білдіру үшін жауапкершілік шаралары

11-тарау.  Процестік мерзімдер

12-тарау. Сот хабарламалары мен шақырулары

 

II-бөлім. Бірінші сатыдағы сотта іс жүргізу

13-тарау. Талап қою,

14-тарау. Талаптың түрлері

15-тарау. Талап қоюды қамтамасыз ету

16-тарау Сот талқылауына дайындалу

17-тарау Татуластыру рәсімдері (бітімгершілік келісім).

18-тарау. Сот талқылауы

19-тарау. Сот актілері

20-тарау. Сот шешімі

21-тарау. Сот ұйғарымы

22-тарау. Іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру

23-тарау. Іс бойынша іс жүргізуді қысқарту

24-тарау.  Талап арызды қараусыз қалдыру

25-тарау. Хаттамалар

 

III-бөлім. Әкімшілік істердің жекелеген санаттары бойынша іс жүргізу ерекшеліктері

26-тарау. Сайлауларға, референдумдарға қатысатын азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің сайлау құқықтарын қорғау туралы арыздары бойынша іс жүргізу

27-тарау. Азаматтардың қылмыстық сот ісін жүргізуге алқаби ретінде қатысу құқығын бұзатын жергілік атқарушы органдардың шешімдерін, әрекеттерін (әрекетсіздіктерін) даулау туралы арыздар бойынша іс жүргізу

28-тарау. Нормативтік құқықтық актілердің заңдылығын даулау туралы істер бойынша іс жүргізу

29-тарау. Прокурордың органдар мен лауазымды адамдардың актілері мен әрекеттерін заңсыз деп тану туралы жүгінуі

30-тарау. Азаматты психиатриялық стационарға мәжбүрлеп жатқызу туралы істер бойынша іс жүргізу

31-тарау. Алкоголизммен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратын азаматты наркологиялық ұйымға мәжбүрлеп жіберу туралы іс жүргізу

32-тарау. Туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын және емделуден жалтаратын азаматты мәжбүрлеп емдеуге жіберу туралы іс жүргізу

33-тарау. Нотариалдық әрекетке шағымдар бойынша іс жүргізу немесе оларды жасаудан бас тарту

34-тарау. Қазақстан Республикасының және (немесе) басқа мемлекеттің аумағында экстремизмді немесе террористік қызметті жүзеге асыратын ұйымды экстремистік немесе террористік деп тану, соның ішінде оның өз атауын өзгертуін анықтау туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында таратылатын ақпараттық материалдарды экстремистік немесе террористік деп тану туралы арыз бойынша іс жүргізу

35-тарау. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу туралы арыз бойынша іс жүргізу

36-тарау. Жоғалған сот ісін немесе атқарушылық іс жүргізуді қалпына келтіру

 

IV-бөлім. Сот актілерін қайта қарау бойынша іс жүргізу

37-тарау. Апелляциялық сатыдағы сотта іс жүргізу

38-тарау. Кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу

39-тарау. Қадағалау тәртібімен іс жүргізу

40-тарау. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізу

 

V-бөлім. Сот актілерін орындау

41-тарау. Сот актілерін орындау

VI-бөлім. Қорытынды және өтпелі ережелер

42-тарау. Қорытынды ережелер

43-тарау. Өтпелі ережелер

 

6. Заң жобасы қабылданған жағдайда болжанып отырған құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдарлар.

Заң жобасын қабылдау соттардың әкімшілік істерді қарау тиімділігін арттыруға, жариялы-құқықтық дауларды шешудің нақты тәртібін белгілеуге мүмкіндік береді деп күтіледі. Мұның өзі сот төрелігін жүзеге асыру сапасына, сот билігінің тәуелсіздігін одан әрі нығайтуға оң әсерін тигізіп, Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруін тездетуге ықпал ететін болады.

 

7. Басқа заңнамалық актілерді әзiрленетiн заң жобасымен бiр мезгiлде (кейiннен) сәйкес келтiру қажеттiлiгi.

Мына заңнамалық актілерді әзірленіп отырған заң жобасымен бір мезгілде қабылдау және сәйкес келтіру қажет болады:

«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы;

Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексі;

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі;

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Қазақстан Республикасының кодексі;

«Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;

«Қазақстан Республикасында жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;

«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;

«Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;

«Адвокаттық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;

«Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы.

 

8. Заң жобасы нысанасының өзге де нормативтiк құқықтық актілермен регламенттелуі.

Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексі.

 

9. Қаралатын мәселе бойынша шетелдiк тәжiрибенiң бар-жоғы.

Еуропалық және кеңестен кейінгі кеңістікте әкімшілік әділеттің ұйымдастырылуын зерделеу әкімшілік сот ісін жүргізу не әкімшілік соттар не жалпы соттар шеңберінде әкімшілік істерге мамандандырылған құрылымдар осы институтты білдіретіндіктен, оның  әр алуандығын және оны қолдануда бірыңғай амалдардың жоқтығын көрсетті.

Мысалы, Еуропалық Одақ елдерінің көпшілігінде сот билігі жүйесінде мынадай арнайы құрылымдар жүзеге асыратын әкімшілік сот ісін жүргізу қағидалары көзделген, атап айтқанда:

1)  мамандандырылған әкімшілік соттар (Австрия, Бельгия, Германия, Италия, Португалия, Түркия, Финляндия, Франция, Швеция);

2)  жалпы соттардың құрылымында мамандандырылған әкімшілік палаталар, алқалар (Венгрия, Словакия);

3)  жалпы соттардың құрылымында мамандандырылған палаталар және жекелеген әкімшілік соттар (Испания, Нидерланды, Словения, Чехия, Швейцария).

Германиядағы әкімшілік әділет ең дамыған және беделді модель болып табылады. Онда әкімшілік соттар сот билігінің дербес тармағы болып табылады және олар конституциялық құқық саласына қатысы жоқ барлық жариялы-құқықтық дауларды қарайды.

Мұнда әкімшілік соттар жүйесі үш сатыдан тұрады. Бірінші саты жергілікті әкімшілік сот болып табылады. Екінші апелляциялық саты ретінде жоғары әкімшілік жер соттары жұмыс істейді. Үшінші кассациялық саты ретінде Федералдық әкімшілік сот жұмыс істейді. Әкімшілік соттардың ведомстволық қарауына жариялы-құқықтық сипаты бар барлық даулар, атап айтқанда, мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының шешімдеріне және әрекеттеріне азаматтардың шағымдары туралы істер, аумақтық бірліктер арасындағы даулар, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары туралы даулар жатады. Заң әкімшілік соттардың мемлекеттік органдардың, олардың лауазымды адамдарының шешімдерінің күшін жою құқығын не ұйғарым шығару немесе белгілі бір шешімді қабылдау құқығын бекітеді. Әкімшілік соттар заңдық фактілерді де анықтайды.

Барлық сатыдағы әкімшілік соттар алқалы түрде әрекет етеді. Бірінші сатыдағы әкімшілік соттар, сондай-ақ жоғары әкімшілік жер соттары істерді үш білікті судья құрамында, сондай-ақ төрт жыл мерзімге сайланатын екі алқабидің қатысуымен шешеді. Жоғары саты – Федералдық әкімшілік сот бес судьядан тұрады.

Әкімшілік сотқа жүгіну тәртібі әрекеті немесе шешімі шағымдалып отырған адамға қатысты жоғары болып табылатын және істі қарамай тастаған тиісті әкімшілік сатыға шағым берілген жағдайда ғана қарау мүмкіндігін көздейді. Осылайша, істерді сотқа дейінгі қарау сатысында шығарылған актінің заңдылығы мен қажеттілігін алдымен әкімшілік орган тексереді.

Германияның әкімшілік соттары талап қоюдың үш түрін қарайды: олар басқару актілерін даулау туралы талап қоюлар, актіні шығару туралы талап қоюлар, актіні шығару фактісін анықтау туралы талап қоюлар. Бірінші талап қоюда актінің нысаны мен мазмұнындағы кемшіліктер көрсетіледі. Екінші талап қою мүдделі тұлғаның шешім шығару туралы өтінішін білдіреді. Осы шешіммен басқарушы органға талапкер мүдделі болып отырған актіні шығару міндеті жүктеледі. Талап қоюдың үшінші түрі бойынша әкімшілік соттардың алдына құқықтық қатынастардың болуын немесе жоқтығын тану не актінің күшін жою туралы мәселе қойылады.

Германияның әкімшілік-процестік заңнамасына әкімшілік процестің барлық сатыларының процестік реттелу дәрежесінің өте жоғары болуы, тараптарға процестің барысы мен нәтижелеріне белсенді түрде ықпал етуге, өз құқықтарын тиімді қорғауға, процестік мнідеттерді мүлтіксіз орындауға мүмкіндік беретін процестік құралдар мен тәсілдердің жеткіліктілігі тән болып табылады.

Германияда әкімшілік-құқықтық дауларды қозғау құралдары – талап қоюлардың үйлесімді жүйесі әзірленген. Бұл елде жариялы-құқықтық талап қоюлардың үш түрі болады: олар құқықтық қатынастарды өзгерту туралы талап қоюлар (оның ішінде заңсыз әкімшілік актінің күшін жою туралы талап қоюлар); міндеттемені орындау туралы талап қоюлар (оның ішінде актіні шығару туралы немесе талапкер мүдделі болып отырған әрекетті жасау туралы талапты қамтитын талап қоюлар); әкімшілік құқықтық қатынастың, актінің болу немесе болмау фактісін анықтау туралы талап қоюлар.

Қазіргі заманғы германиялық әкімшілік соттар әкімшілік актілердің заңдылығын, актілердің заңға және мемлекеттік органды құру мақсатына сәйкестігін, сондай-ақ әкімшілік қабылдаған шараның және оның азаматтар мен ұйымдар үшін салдарларының үйлесімділігінің сақталуын бақылауды жүзеге асырады. Сот талқылауының нәтижесі заңсыз басқару актісінің немесе оның бөлігінің күшін жою, әкімшіліктің қандай да бір басқару актісін қабылдау, талапкердің пайдасына қандай да бір әрекетті жасау туралы нұсқауы болуы мүмкін. Француз әкімшілік соттарынан айырмашылығы неміс әкімшілік соттарының толық юрисдикциялық өкілеттіктері жоқ және олар дауланып отырған басқару актісін өзгерте алмайды.

Германияның әкімшілік соттарында іс жүргізу Франциядағыдай инквизициялық сипатқа ие, сот процестің басқарушысы болып табылады:  ол істің мән-жайын дербес зерттейді, тараптардың талаптарымен, уәждерімен және дәлелдемелерімен байланысты емес басқа мүдделі тұлғаларды іске қатысуға тарту туралы мәселені өзі шешеді. Алайда, тараптардың жарыспалылығы мен тепе-теңдігі қағидаты, сот ісін жүргізудің  жариялылығы қағидаты да жұмыс істейді.  

Жалпы құзыреттегі әкімшілік соттардан басқа ГФР-да жекелеген   жариялы-құқықтық дауларды шешу үшін бірқатар мамандандырылған юрисдикциялар жұмыс істейді. Олардың ішінде қаржылық, еңбек, әлеуметтік соттар, тәртіптік өндірісте және Федерациямен жариялы-құқықтық қызметтік қарым-қатынастағы адамдардың шағымдары бойынша өндірістегі істерді шешу жөніндегі соттар бар. Мамандандырылған юрисдикциялар Германияның федеративтік құрылысына сәйкес үш буынды болады. Бұл соттардағы сот ісін жүргізу, кейбір алып тастауларды қоспағанда, азаматтық процестің жалпы қағидалары бойынша жүзеге асырылады.

Франция жариялы билік органдарының қызметіне әкімшілік-сот бақылауының негізін қалаушы болып танылған. Әкімшілік әділетті ұйымдастырудың француз моделінің құрылымы көп сатылы (әкімшілік соттар басқару органдарынан бөлінген). Олар әкімшілік соттар мен квазисот органдарынан (әкімшілік апелляциялық трибуналдар) тұрады. Бұл модельге Бельгия, Италия, Нидерландтар мен Грецияның жүйелері жақын.

Францияның әкімшілік әділеті жалпы юрисдикциядағы соттар мен атқарушы билік органдарының жүйесінен бөлінген әрі сот төрелігінің дербес тармағын білдіреді. Ол жалпы юрисдикциядағы соттарға атқару билігінің қызметіне араласуға тыйым салған (заңда тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда) билікті бөлу жөніндегі ерекше француз тұжырымдамасына негізделген. Бұл тұжырымдаманың салдары екіжақты сот жүйесінен тұрады, атап айтқанда, Францияның Кассациялық сотының басшылығымен жұмыс істейтін жалпы юрисдикциядағы соттар жүйесі және Францияның Мемлекеттік Кеңесінің басшылығымен жұмыс істейтін әкімшілік соттар жүйесі.

Француз әкімшілік әділет жүйесінің заңнамалық негізі Францияның
2000 жылғы 4 мамырдағы Әкімшілік әділет кодексі болып табылады. Осы кодекс күшіне 2001 жылғы 1 қаңтардан бастап енді де бұрын қолданылған 1973 жылғы Әкімшілік трибуналдар мен әкімшілік апелляциялық соттар кодексінің орнына келді.

Әкімшілік әділет жүйесінің өзі үш буынды болып табылады. Бірінші буынды 37 әкімшілік трибунал құрайды, осы соттардың 8-і Францияның теңіздің ар жағындағы аумақтарында құрылған. Әкімшілік трибуналдар істерінің соттылығы аумақтық қағида бойынша анықталады.

Мемлекеттік кеңес – бұл Францияның Жоғары әкімшілік соты. Ол бірінші саты бойынша Республика Президенті қол қойған декреттер мен ордонанстардың; Мемлекеттік Кеңестің қорытындысы болған жағдайда ғана қабылдануы мүмкін актілерден басқа министрлер актілерінің; ұлттық қоғамдық бірлестіктердің әкімшілік шешімдерінің заңсыздығына шағымдарды қарайды; Президенттің декретімен тағайындалған қызметшілердің мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша дауларды,  өңірлік кеңестер мен Еуропалық парламентке сайлаулар өткізілген кезде туындаған дауларды шешеді. Мемлекеттік Кеңес  сондай-ақ Республика Президенті қол қойған декреттер мен ордонанстарды және министрлердің актілерін түсіндіруді әрі олардың заңдылығын тексеруді жүзеге асырады.

Мемлекеттік Кеңес әкімшілік трибуналдар, апелляциялық әкімшілік соттар мен мамандандырылған әкімшілік юрисдикциялар: Есеп соты, Әлеуметтік көмек жөніндегі орталық комиссия, Босқындар шағымдары жөніндегі комиссия, Бюджеттік және қаржылық тәртіп жөніндегі сот үшін апелляциялық және кассациялық сот ретінде әрекет етеді.

Әкімшілік-құқықтық дауларды қарау үшін Мемлекеттік Кеңесте арнайы Сот секциясы құрылған, ол он кіші секциядан тұрады. Іс бойынша шешімді дау сипатына байланысты кіші секцияның өзі, екі кіші секцияның жиналысы, Сот секциясы немесе Мемлекеттік Кеңестің Жалпы отырысы шығаруы мүмкін.

Әкімшілік соттарда қарауға жариялы-құқықтық істердің мынадай бірнеше санаты:

-  басқарудың заңсыз құқықтық актілерінің күшін жою туралы даулар (немесе билікті асыра пайдалану туралы даулар);

-  толық юрисдикция даулары;

-  басқарудың құқықтық актілерін түсіндіру туралы істер жатады.

Әкімшілік-құқықтық даудың нысанасы басқарудың жеке немесе нормативтік, кез келген құқықтық актісі болуы мүмкін, өйткені Францияда бірыңғай клаузула әрекет етеді. Саяси сипаттағы немесе мемлекеттің қорғанысы мен қауіпсіздігіне бағытталған Үкімет актілері, сондай-ақ мектептер мен пенитенциарлық мекемелерде қабылданатын тәртіптік сипаттағы актілер бұған жатпайды.

         Әкімшілік актіні түсіндіру туралы өтінішпен әкімшілік сотқа жүгіну мүмкіндігін Француз әкімшілік әділет жүйесінің ерекшелігі деп санауға болады. Бұл әкімшілік құқықтың нормаларын іс жүзінде дұрыс қолдануға ықпал етеді.

         Француз әкімшілік әділетінің өз кемшіліктері де бар. Оның бастысы жариялы-құқықтық даулардың көптігімен байланысты сотта істі ұзақ уақыт  бойы қарау болып табылады (орташа алғанда 2-2,5 жыл). Кейбір қиындықтар Франция сот жүйесінің екіжақтылы сипатын білдіреді. Істің әкімшілік немесе жалпы юрисдикциядағы сотқа ведомстволылығын дұрыс анықтау үшін арыз берушілер адвокаттарға жүгінуге мәжбүр.

         Ең дамыған еуропалық елдердің бірі – Швецияның әкімшілік әділет органдарының құрылуы едәуір қызығушылық туғызады. Әкімшілікпен қатынастағы азаматтардың құқығын сот деңгейінде қорғау қажеттілігі ХХ ғасырдың басында Жоғарғы әкімшілік соттың енгізілуіне байланысты туындады. Алайда, төмен тұрған әкімшілік соттардың үйлесімді жүйесі шын мәнінде болған жоқ. Әкімшілік әділет органдарын қайта құруға Швецияның Жалпыға ортақ адам құқықтары декларациясына (1946 ж.) және  Халықаралық азаматтық және саяси құқықтар пактісіне (1966 ж.) қосылуы себеп болып табылды. Өйткені адам құқықтары туралы белгілі бір нормалар, олардың ішіндегі ерекше жағдайлар әрбір нақты жағдайда әкімшілік органдардың шешуін емес, сот тәртібімен шешуді міндеттейді. Бұдан басқа әкімшілік істерді қарау рәсімі едәуір жақсартуды қажет етеді. Мұның нәтижесінде жалпы соттармен қатар жұмыс істейтін әкімшілік соттар жүйесі құрылды.  

         Барлық жүйенің төменгі буыны болып табылатын әкімшілік соттармен қатар саны аз, құзыреті шектеулі арнайы соттардың жұмыс істеуі осы жүйеге тән ерекшелік болып табылды.

Осылайша, Коммуналдық заңға сәйкес уәкілетті коммуна жиналысының шешімдеріне шағымдар арнайы сот болып табылатын камералық сотқа беріледі, ол кейбір әкімшілік дауларды да қарайды.

Әкімшілік соттардың жүйесіндегі келесі бір буын апелляциялық соттар болып табылады. Бірақ олардың құзыреттілігі салық мәселелерін қараумен, қаржылық шенеуніктердің жауапкершілігі туралы істермен, әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы бірқатар істермен шектеледі. Жоғарғы әкімшілік сот жоғары саты болып табылады.

Әкімшілік істерді шешу тәртібін реттейтін негізгі заңнамалық акті 1971 жылғы Әкімшілік іс жүргізу заңы болып табылады. Алайда, бұл Заңды қолдану аясы белгілі дәрежеде шектеулі. Ол Үкімет, жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен олардың атқарушы органдары, полиция шешетін мәселелерге қолданылмайды.

Заң жалпы және шектеулі қолдану қағидаларын да ажыратады. Шектеулі қолдану қағидалары тек азаматтардың жеке құқықтарын, олардың артықшылықтарын немесе міндеттерін қозғайтын немесе тәртіптік жаза қолдану жағдайларына қатысты істерде ғана пайдаланылады. Жалпы қолдану қағидалары әрбір рәсім кезінде сақталуға тиіс. Ең алдымен, бұл -  істі қарау кезіндегі үстірт көзқарасқа жол бермеу қажеттілігіне қатысты. Бірқатар қағидалар азаматтардың билікке жүгіну мүмкіндігін қамтамасыз етуге және әкімшілік іс бойынша шешімге апелляция беруді жеңілдетуге бағытталған. Атап айтқанда, егер азаматтың арызында кемшіліктер болса, билік арыз берушіге оларды жою үшін көмектесуге міндетті деп көрсетілген. Тараптардың әрқайсысы билікпен қатынаста болған жағдайда өз өкілінің немесе көмекшісінің қызметін пайдалана алады.

Тиісті қағидалар істерді тез және тиімді шешу қажеттілігін ескере отырып, оларды қарау тәртібін де реттейді.

Әкімшілік-процестік қызметті тиісінше реттеу үшін Заңның ережелері маңызды, оларға сәйкес, істі қарайтын орган шешім шығарылғанға дейін осы іс бойынша барлық алынған ақпаратты тараптарға хабарлауға тиіс. Тараптар өздерін қызықтыратын құжаттамаға қол жеткізуге құқылы. Іс бойынша шешім негізді болуы керек. Өз пайдасына шығарылмаған шешімге шағым келтіруі кезінде мүдделі тараптарға қандай әрекет жасау керек екендігі туралы ақпарат беру мүмкіндігі де маңызды рольге ие.

Әкімшілік әділеттің  ағылшын-саксондық жүйесі.

Ұлыбританияда жариялы-құқықтық дауларды шешуді қазіргі уақытта әртүрлі органдар жүзеге асырады: олар жалпы құқық соттары, мамандандырылған юрисдикциялық (квазисот) органдары, Ұлыбритания парламенті, орталық және жергілікті үкіметтердің уәкілетті органдары. Алайда, әкімшілік әділет органдарына тек қана әкімшіліктен тәуелсіз жалпы құқық соттарын жатқызуға болады, олар жалпы процестік қағидаларды басшылыққа ала отырып, азаматтар мен мемлекеттік басқару органдары арасындағы жанжалдарды шешеді. Жалпы құқық соттарынан өзгеше квазисот органдарының жүйесі англиялық және американдық құқықта әкімшілік әділет деп аталады. Ұйымдастырылуы жағынан бұл органдар, әдетте, мемлекеттің атқарушы органдарының бір бөлігі болып табылады.

Ағылшын құқығы арыз берушіге басқару актісінің заңдылығын  квазисот органдарына жүгінбей-ақ, тікелей сотқа даулауға рұқсат береді. Ұлыбританияға қарағанда АҚШ-та жалпы қағида бойынша мүдделі тұлға заңсыз актіні квазисот органдарының қарауын қоса алғанда, оған әкімшілік шағым келтірудің барлық тәсілдерін қолданып көруге тиіс. Тек қана әкімшілік мекеме сөзсіз өз құзыретінің саласынан тыс әрекет еткен, бағыныстылық тәртібінде шағым келтіру адамға орны толмас залал келтірген, сотқа әкімшіліктің ұқсас істер бойынша пікірі белгілі болған жағдайлар бұған жатпайды.

Жалпы құқық соттарының Ұлыбританияда әкімшілік биліктің актілерін тексеру бойынша өкілеттіктерінің шектері қандай да бір нормативтік актімен белгіленбеген. Дәстүр бойынша ағылшын судьясы әкімшілік актінің заңдылығын немесе әрекет етуін (әрекетсіздігін) бақылайды, актінің орындылығын бақылауға тыйым салынған.

Сот актінің мемлекеттік басқару органының құрылу мақсаттарына сәйкестігін бағалау бойынша өкілеттіктерге ие, яғни басқару актісі адалдық қағидатына қарама-қайшы болуы мүмкін емес. Оның үстіне, ағылшын құқығы басқару актілеріне ақылға сыйымдылық қағидаты талабын қояды. Оны тексеруді сондай-ақ сот жүзеге асырады, бұл қағида АҚШ-та зор мәнге ие. Мекеме негізсіз немесе көрінеу қате шешім қабылдағанда ғана сот өз пікірін білдіреді, өйткені әкімшілік өкілдері сотқа қарағанда арнайы, техникалық мәселелерде неғұрлым білікті.

Ұлыбритания мен АҚШ-тағы жалпы құқық судьясы басқару органдарының актілерін заңсыз деп тану және олардың күшін жою жөніндегі өкілеттіктерге ие. Бұл сот төрелігі органдарының атқарушы биліктің қызметіне араласуы деп есептелмейді.

 Ұлыбритания мен АҚШ-та континенталдық елдерде сияқты әкімшіліктің әрекеттері мен шешімдеріне шағым келтірудің өзіндік құралдар жүйесі қалыптасты. Мемлекеттік билік органы өзінің құқықтарын бұзған кезде жеке тұлға сотқа құқық бұзушы органның атына соттың арнайы құзыреттік бұйрығын шығару туралы арызбен жүгінеді. Құрама Штаттардың заң шығарушысы сот бұйрықтарының нысандарын Әкімшілік рәсім туралы федералдық заңда бекітеді.  

Сот бұйрықтары әртүрлі сипатта және әртүрлі мақсаттарда болуы мүмкін. Мәселен, сот басқару органына әрекетсіздікті тоқтатуды бұйыратын және заң талап ететін шараны немесе әкімшілік қамауға алуды қолдануды міндеттейтін бұйрық шығаруы мүмкін; бұйрық тыйым салу сипатында болуы мүмкін, бұл арыз берушіге мемлекеттік органның заңға қарсы әрекеттерді жасауын болдырмауға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Кейбір бұйрықтар оны әкімшілік жоққа шығаратын заңды фактіні (құқықтық мәртебені, қатынасты, актіні) анықтау үшін де шығарылуы мүмкін. Бұйрықтың бұл нысанасы ағылшын құқығында бұрыннан бар, ал АҚШ-та 1934 жылдан бері ғана қолданылады. Ол тараптарға жеңілдетілген және тездетілген тәртіпте оларды қызықтыратын мәселе бойынша соттың пікірін анықтауға және ірі сот шығындарын шығаруға әкеп соқпастан, дауды мәні бойынша шешуге мүмкіндік береді. Мұндай сот бұйрығын жалпы құқық соттары ғана емес, квазисот органдары да шығара алады.

Құқықтың ағылшын-американдық жүйесінде басымдыққа ие жалпы құқық соттарында жеке тұлғалардың құқықтарын жария басқару әрекеттерінен қорғау қағидатының мынадай өзіндік кемшіліктері де бар: бұған процестің қымбатқа түсуі, оның үстірт жүргізілуі мен күрделілігі, осыған байланысты кәсіби заңгердің қызметтерін пайдалану қажеттілігінің туындауы, істі қараудың ұзақтығы жатады. Осы мән-жайлар квазисот органдарының – мамандандырылған әкімшілік юрисдикциялардың құрылуына ықпал етті. Олар даулы әкімшілік істі оны жалпы құқық сотына бергенге дейін мәні бойынша талқылайды. Мұндай органдар Ұлыбританияда да, АҚШ-та да ХІХ-ХХ ғасырлар аралығында құрыла бастады.

Ұлыбританияда істерді квазисот мекемелері қарауының бірыңғай рәсімі жоқ және әрбір трибунал немесе комиссия өз қызметінде Парламент немесе министр қабылдаған өзінің регламентін басшылыққа алады. АҚШ-та, керісінше, процестік қағидалар федералдық заңнамалық деңгейде дәл реттелген. Бұл квазисот органдарының қызметін қарапайым соттардың қызметіне едәуір шамада жақындата түседі. Тиісті құқықтық рәсім – квазисот әкімшілік мекемелерінің қызметінің қажетті шарты. Ұлыбританияда сияқты істі тыңдалуы туралы хабардар болу және дауды қараған кезде квазисот органында өзін тыңдату құқығы оның кепілі болып табылады. Осы құқықтарды жүзеге асыру үшін арыз беруші мен мемлекеттік органда азаматтық сот процесіне қатысушылардың құқықтарына сәйкес жеткілікті өкілеттіктер бар.

Бұрынғы КСРО елдерінде әкімшілік сот ісін жүргізу бәрінен бұрын Балтық елдерінде пайда болды. Литва, Эстония, Латвияда әкімшілік соттар жұмыс істейді. Олардың қызметінің қажетті заңнамалық базасы құрылып, жетілдірілуде.

Бірқатар мемлекеттерде әкімшілік сот ісін жүргізу азаматтық процесс немесе оның түрлерінің шеңберінде жүзеге асырылады. Бұлардың қатарына Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан жатады. Ал Балтық елдері, Украина, Молдова, Грузия, Армения, Әзірбайжан сияқты басқа елдерде арнайы әкімшілік сот ісін жүргізу енгізілген.

Тиісінше осы екі топта әкімшілік әділет саласын реттейтін заңнамалық актілерде, әкімшілік дауларды қарауға уәкілетті соттарда, олардың құзыреттілігі мен соттылығында елеулі айырмашылықтар бар, сондай-ақ сот ісін жүргізудің өзіндік ерекшеліктері бар (шағымдану кезеңдері, тәсілдері, дәлелдеу міндеттері, сот актілерінің түрлері мен оларды орындау).

Бірінші топтағы елдердің тәжірибесі мен заңнамалық базасын зерттеу әкімшілік дауларды негізінен жалпы юрисдикция соттары, сондай-ақ әкімшілік, экономикалық, әскери соттар қарайтындығын көрсетті. Алайда, кейбір елдерде бағыныстылық тәртібіндегі жоғары тұрған органға немесе лауазымды адамға шағыммен алдын ала жүгінудің міндетті рәсімі қарастырылған (Түркменстан). Бұл топтағы елдердің көбінде әкімшілік органның әрекетіне, әрекетсіздігіне берілетін шағым адамның қалауы бойынша жоғары тұрған органға да, сотқа да берілуі мүмкін.  

Бұрынғы КСРО елдерінің әкімшілік әділет саласындағы заңнамасын және тәжірибесін талдау бұл мәселеде елде жеке әкімшілік-процестік заңдар қабылданған-қабылданбағандығы негізгі мәселе болып табылатынын көрсетті.

Бірінші топтағы елдердің арнайы процестік заңы жоқ. Бұл жариялы-құқықтық дауларды шешу тәртібінің айқын болмауын туғызады. Сот арқылы қорғалу мен сот құрылысының жалпы қағидалары әкімшілік әділет мәселелерін құқықтық реттеудің қажеттіліктеріне толық көлемде сай келмейді.

Екінші топтағы елдерде әкімшілік әділет мәселелерін реттейтін арнайы заңнамалық актілер бар.

Грузияда 1999 жылы Әкімшілік іс жүргізу кодексі қабылданды. Осы елде әкімшілік істерді жалпы соттар қарайды. Сондай-ақ Грузияның Жоғарғы сотында әкімшілік істер бойынша палата құрылған.  

 «Әкімшілік сот туралы» Заң Молдовада 2000 жылы қабылданды. Шын мәнінде бұл әкімшілік-процестік заң. Әкімшілік істерді жалпы соттардың мамандандырылған алқалары қарайды, олар процестік мағынасында әкімшілік соттар болып табылады. Сонымен қатар жекелеген әкімшілік соттарды құру нұсқасы белсенді түрде талқыланып жатыр.

Украинада әкімшілік соттарды құру идеясы 1992 жылғы Сот-құқық реформа тұжырымдамасында бекітілген болатын, бірақ ол туралы шешім            «Украинаның сот құрылысы туралы» Заңымен 2002 жылы ғана  қабылданды. Украинада Әкімшілік сот құрылысы кодексі 2005 жылы қабылданып, қолданысқа енгізілді. Әкімшілік соттар жүйесі 2002-2009 жылдар ішінде қалыптастырылды.   

Әкімшілік іс жүргізу кодексі Арменияда күшіне енді. Осы елде Арменияның Әкімшілік соты құрылып, бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Сондай-ақ Әзірбайжанда 2009 жылы Әкімшілік іс жүргізу кодексі қабылданды.

Осылайша, Балтық, Кавказ елдерінде, Украина мен Молдовада әкімшілік әділет институты белсенді дамуда. Ол кезде бұрынғы КСРО-ның қалған елдерінде (Ресей, Беларусь, Орталық Азия елдерінде) бұл институт әзірше процестік және ұйымдық тұрғыдан ресімделе қойған жоқ.

Әкімшілік соттардың әкімшілік дауларды қарау тәртібі жалпы юрисдикция соттарындағы сияқты сот төрелігін жүзеге асырудың демократиялық қағидаттары: сот тәуелсіздігіне, оның тек қана заңға бағыныстылығына, жариялылыққа, сот отырыстарының жариялылығына және т.б. негізделеді.

Мұндай соттарда мынадай:

-  әкімшілік органдар қабылдаған құқықтық актілер мен олардың әрекеттерінің заңдылығы, сондай-ақ осы органдардың құзыретіне жататын әрекеттерді орындаудан бас тартудың заңдылығы мен негізділігі, сондай-ақ  олардың орындалуын кешеуілдету туралы;

-  әкімшілік органдардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген залалды өтеу туралы;

-  салықтарды, басқа да міндетті төлемдерді бюджетке төлеу және өндіріп алу туралы, сондай-ақ салық даулары бойынша;

-  қызметтік даулармен байланысты;

-  бір-бірімен ведомстволық байланыста жоқ әкімшілік органдар арасындағы даулармен байланысты;

-  сайлау және референдум туралы заңнама саласындағы істер қаралады.

Кейбір елдерде (Латвия) әкімшілік соттар сондай-ақ ұйымдардың жариялы-құқықтық шарт жасасу, мұндай шарттың күшін жою міндеті туралы істерді қарайды.

Грузияның сот жүйесіндегі бірінші сатыда құзыреті шектеулі әкімшілік істерді магистр судьялар (бітімгершілік судьясының бір түрі), қалған істерді – басқа аудандық және қалалық соттар, екінші саты бойынша – апелляциялық соттар, кассациялық сатыда – Жоғарғы Сот қарайды. Бұл ретте жоғары тұрған соттарда әкімшілік істер бойынша палаталар бар.

Даулардың санатына қатысты Грузия соттарында әкімшілік істерді қарайтын соттардың құзыретіне психикалық аурудан мәжбүрлеп емдеу үшін адамдарды стационарға орналастыру туралы, сондай-ақ заңды күшіне енген сот актілерінің орындалу барысында туындайтын даулар туралы істер жатқызылған.

Осы топтағы елдердің көптеген процестік заңдарында тараптардың татуласу  мүмкіндігі қарастырылған.

Оның халықаралық практикадағы модельдерін ескере отырып, әкімшілік әділет институты мынадай қасиеттерімен сипатталады:

-  жеке адамдарға жария биліктің заңсыз актілерін, әрекеттерін даулауға және оларды міндеттерін орындауды мәжбүрлеуге мүмкіндік беретін құқықтық құралдар, қағидалар, тәсілдер жүйесі;

-  «билік – бағыныстылық» қатынастарының субъектілері болып табылатын адамдардың ортасы;

-  осы субъектілер арасында әкімшілік-құқықтық даудың болуы;

-   әкімшілік-құқықтық дауларды қарауға арналған әкімшілік әділет органдарының жүйесі (әкімшілік әділеттің нақты моделіне байланысты);

-  азаматтық немесе қылмыстық істі қараудың әдеттегі сот тәртібінен басқа ерекше процестік тәртіп;

-   әдетте, заңсыз актіні (әрекетті немесе әрекетсіздікті) жарамсыз деп тану және (немесе) заңсыз актінің күшін жою, сондай-ақ мемлекеттік органның оған жүктелген міндеттерді орындауы дауды шешудің құқықтық салдары болып табылады.

         Сондай-ақ Корей Республикасының тәжірибесі де қызықты. Мәселен, осы елде талай жылдардан бері Әкімшілік процесс туралы Заң
(ағылшынша Administrative Litigation Act) ойдағыдай жұмыс істеп келеді. Заңда оның мақсаты азаматтардың әкімшілік органдардың заңсыз шешімдері (өкімдері) немесе мемлекеттік функцияларды жүзеге асырудан бас тарту арқылы өздерінің бұзылған құқықтарын қорғау, жариялы-құқық саласындағы тиісті дауларды шешу не әкімшілік процесс арқылы құқықты қолдану екені айқындалған.

Мына жағдайларда:

1) апелляциялық шағым бойынша шешім шағым әкімшілік органға берілген сәттен бастап 60 күн ішінде қабылданбаған кезде;

2) сот талқылауы әкімшілік шешімді орындаудың нәтижесінде туындаған елеулі зиянның сөзсіз алдын алу қажеттілігіне байланысты болған кезде;

3) әкімшілік органның жекелеген заңнамалық немесе заңға тәуелді актілерге сәйкес апелляция тәртібімен шешім қабылдауына кедергі келтірген мән-жайлар болған кезде;

4) ақтайтын өзге де қалыптасқан мән-жайлар болған кезде, жоғары тұрған әкімшілік органға мемлекеттік билік органының шешіміне
жүгінбей-ақ Заң талаптарына сәйкес сот талқылауы басталуы мүмкін.

 

10. Заң жобасын іске асыруға байланысты болжанып отырған қаржылық шығындар.

Уәкілетті мемлекеттік органдармен бірге қосымша зерделеуді талап етеді.