Бұқаралық ақпарат құралдарының сөз бостандығы және сот ісін жүргізудің жариялылығы

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бұқаралық ақпарат құралдарының сөз бостандығы
және сот ісін жүргізудің жариялылығы

 

Нормативтік құқықтық актілерден үзінді

Ақпараттық бағыттағы буклет қалың оқырман қауымға, ең алдымен журналистер үшін әзірленген. Бір жағынан сот тақырыбында маманданып жүрген журналистерді сот төрелігіне қолжетімділік мәселелерін реттейтін нормативтік құқықтық база туралы мәліметтермен қамтамасыз ету, екінші жағынан азаматтық, қылмыстық және әкімшілік сот ісін жүргізуде жариялылық приницпін қамтамасыз етуге кепілдік берілгені жөнінде барлығының назарына салу үшін   дайындалған. Сот талқылауы барысын БАҚ-та жариялауға байланысты мәселелерге көңіл бөлінеді. Бұл мәліметтер журналистерге сот процестерін жарыққа шығару кезінде заңдық шектеулерді сақтауына және өздерінің кәсіби құқықтарын қорғауына мүмкіндік береді, ең бастысы судьялар мен журналистердің арасныда өзара түсіністің орнауына септігін тигізеді.

І. Қазақстан Республикасының Конституциясынан үзінді

18-бап

            1. Әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына, өзінің және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар. 

            2. Әркім өзінің жеке салымдары мен жинаған қаражатының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерінің, почта, телеграф арқылы және басқа жолдармен алысқан хабарларының құпиялылығы сақталуына құқығы бар. Бұл құқықты шектеуге заңда тікелей белгіленген реттер мен тәртіп бойынша ғана жол беріледі. 
            3. Мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, лауазымды адамдар және бұқаралық ақпарат құралдары әрбір азаматқа өзінің құқықтары мен мүдделеріне қатысты құжаттармен, шешімдермен және ақпарат көздерімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.

 

 

20-бап

1. Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады. 
            2. Әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиясы болып табылатын мәліметтер тізбесі заңмен белгіленеді. 

            3. Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейді.

 

ІІ. Қазақстан Республикасының Азаматтық  іс жүргізу кодексінен үзінді

 

19-бап. Сотта істі қараудың жариялылығы

     

1. Барлық соттар мен барлық сот сатыларында сотта істі қарау ашық жүргізіледі. 
            2. Мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтері бар шешімдерді хабарлауды қоса, сондай-ақ бала асырап алу құпиясын, жеке, отбасылық, коммерциялық немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияларды, азаматтар өмірінің ашық айтпайтын сырлары туралы мәліметтерді сақтауды қамтамасыз ету қажет екендігін не істі ашық қарауға кедергі келтіретін өзге де мән-жайларды негізге алған іске қатысушы адамының өтінішін сот қанағаттандырған кезде, сондай-ақ осы Кодекстің 179-бабының алтыншы бөлігінде көзделген жағдайда заңға сәйкес істерді қарау жабық сот отырысында жүзеге асырылады. 
            3. Азаматтардың жеке хат алысуы және жеке телеграф байланысы ашық сот отырысында арасында осы хат алысу мен телеграф байланысы болған адамдардың келісімімен ғана жария етілуі мүмкін. Бұлай болмаған жағдайда бұл адамдардың жеке хат алысуы мен жеке телеграф байланысы жабық сот отырысында жария етіліп, зерттеледі. Аталған ережелер фото және кино құжаттарын, дыбыс және бейне жазбаларды, сондай-ақ техникалық құралдардың көмегімен алынған жеке сипаттағы мәліметтер бар хабарларды зерттеген кезде де қолданылады. 

            4. Соттың жабық отырысында істі қарау кезінде іске қатысушы адамдар, олардың өкілдері, ал қажет болған жағдайларда куәлар, сарапшылар, мамандар, аудармашылар да қатысады. 
            5. Сот істі соттың жабық отырысында қарау туралы дәлелді ұйғарым шығарады. 

            6. Сот отырысының залына, егер іске қатыспайтын адамдар болса немесе куә болмаса, он алты жасқа толмаған азаматтар жіберілмейді. 

            7. Жабық сот отырысында істі қарау азаматтық сот ісін жүргізудің барлық ережелері сақтала отырып жүргізіледі. 

            8. Іске қатысушы адамдар мен ашық сот отырысына қатысушы азаматтардың сотта істі қарау барысын залда отырған орындарынан жазып алуға немесе дыбыс жазуды пайдаланып жазып алуға құқығы бар. Сотта істі қарау барысында киноға және суретке түсіру, бейнетаспаға жазу, тікелей радио және телехабар жүргізу соттың іске қатысушы адамдардың пікірін ескере отырып берген рұқсаты бойынша ғана мүмкін болады. Бұл іс-әрекет сот отырысының қалыпты жүруіне бөгет жасамауға тиіс және оның уақытын сот шектеуі мүмкін.

 

 

ІІІ. Қазақстан Республикасының Қылмыстық  іс жүргізу кодексінен үзінді

 

 29-бап. Жариялылық

     

1. Қылмыстық iстердi талқылау барлық соттар мен барлық сот сатыларында ашық жүргiзiледi. Сот талқылауының жариялылығын шектеуге ол мемлекеттiк құпияны қорғау мүдделерiне қайшы келгенде ғана жол берiледi. Сонымен бiрге iске қатысушы адамдар өмiрiнiң жеке жақтары туралы мәлiметтердi жариялауды болдырмау мақсатында, сондай-ақ оны жәбiрленушiнiң, куәнiң немесе басқа да iске қатысушы адамдардың, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерi мен жақын туыстарының қауiпсiздiк мүдделерi талап ететiн жағдайларда кәмелетке толмағандардың қылмыстары туралы iстер бойынша, жыныстық қылмыстар туралы iстер және басқа да iстер бойынша соттың дәлелдi қаулысымен жабық сот талқылауына жол берiледi. Жабық сот отырысында сот процесiнiң сотқа дейiнгi сатысында сот шешетiн қылмыстық iзге түсуді жүзеге асырушы органның iс-әрекетi мен шешiмiне шағымдар да қаралады. 

2. Iстер мен шағымдарды жабық отырыста қарау осы Кодексте белгiленген барлық ережелер сақтала отырып жүзеге асырылады. 

3. Соттың үкiмi мен iс бойынша қабылданған қаулылар барлық жағдайларда ашық жарияланады.

 

ІV. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінен үзінді

 

24-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзудiң жариялылығы

 

1. Сот, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органдар (лауазымды адамдар) осы iстердi жүргiзудi ашық түрде жүзеге асырады. 

2. Заңға сәйкес мемлекеттiк құпиялар болып табылатын мәлiметтерi бар iстерге қатысты, сондай-ақ соттың, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органның (лауазымды адамның) бала асырап алудың құпиясын қамтамасыз ету, жеке бастың, отбасылық, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны, жеке тұлғалар өмiрiнiң интимдiк жақтары туралы мәлiметтердi сақтау қажеттiлiгiне не ашық қарауға кедергi келтiретiн өзге де мән-жайларға сiлтеме жасаған iске қатысушы адамның өтiнiшiн қанағаттандыру кезiнде iс жүргiзу жабық түрде жүзеге асырылады. 

3. Жеке тұлғалардың жеке хат жазысуы мен жеке телеграф хабарламалары тек осы хат жазысу мен телеграф хабарламаларын өзара алмасқан адамдардың келiсiмiмен ғана ашық iс жүргiзу барысында жария етiлуi мүмкiн. Керiсiнше жағдайда осы адамдардың жеке хат жазысуы мен жеке телеграф хабарламалары жабық iс жүргiзу тәртiбiнде жария етiледi және зерттеледi. Аталған ережелер жеке сипаттағы мәлiметтерi бар фото- және киноқұжаттарды, дыбыстық және бейнежазбаларды зерттеу кезiнде де қолданылады. 

4. Iске қатысушы адамдар мен ашық iс жүргiзуге қатысып отыратын жеке тұлғалар iс жүргiзiлiп жатқан үй-жайдағы өздерi иеленген орыннан iс жүргiзудiң барысын жазбаша түрде немесе аудиожазуды пайдалана отырып жазып алуға құқылы. Iс жүргiзу барысында кино- және фотосуретке түсiруге, бейнежазбаға, тiкелей радио- және телехабарларды таратуға соттың, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi органның (лауазымды адамның) рұқсаты бойынша, iске қатысушы адамдардың пiкiрлерi ескерiле отырып жол берiледi. Бұл iс-әрекеттер iстiң қалыпты жүруiне кедергi жасамауға тиiс және оларға уақыт жағынан шектеу қойылуы мүмкiн. 

 

V. «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңынан үзінді

 

2-бап. Сөз, ақпаратты алу және тарату бостандығы

     

1. Сөз, шығармашылық бостандығына, өз көзқарастары мен сенiмдерiн баспа арқылы және өзге де нысанда бiлдiруге, ақпараттарды заңда тыйым салынбаған кез келген әдiспен алуға және таратуға Қазақстан Республикасының Конституциясында кепiлдiк берiледi. 
            Цензураға тыйым салынады.

2. Мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер, лауазымды адамдар мен бұқаралық ақпарат құралдары әрбiр азаматты оның құқығы мен мүддесiне қатысты құжаттармен, шешiмдермен және ақпарат көздерiмен танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.

2-1. Бұқаралық ақпарат құралдары терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға жәрдемдесуге міндетті.

3. Мемлекеттiк құпияны немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария eтуге, экстремизм немесе терроризмдi насихаттауға және ақтауға, терроризмге қарсы операцияларды жүргiзу кезеңінде олардың техникалық тәсiлдерi мен тактикасын ашатын ақпаратты таратуға, есiрткi құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды, сондай-ақ қатыгездікке, зорлық-зомбылыққа бас ұруды және порнографияны насихаттауға жол берiлмейдi.

4. Бұқаралық ақпарат құралын әкімшілік құқық бұзушылықтар не қылмыстық жазаланатын әрекеттер жасау мақсатында пайдалануға жол берілмейді. 

 

19-бап. Теріске шығару құқығы

 

            1. Азамат немесе заңды тұлға өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді сот тәртібімен теріске шығаруды талап етуге құқылы.
            2. Егер азаматтың немесе заңды тұлғаның ар-намысына, қадір-қасиетiне немесе iскерлiк беделiне нұқсан келтiретiн мәлiметтер бұқаралық ақпарат құралдарында таратылса, олар сол бұқаралық ақпарат құралдарында тегiн терiске шығарылуға тиiс. 

            Егер аталған мәлiметтер ұйымнан шыққан құжатта болған жағдайда, мұндай құжат алмастырылып немесе қайтарылып алынып, бұл құжаттағы мәлiметтердiң шындыққа сәйкес келмейтiндiгi туралы адресатқа мiндеттi түрде хабарлануға тиiс. 

            Өзге реттерде терiске шығару тәртiбiн сот белгілейдi.

            3. Азаматтың немесе заңды тұлғаның бұқаралық ақпарат құралында терiске шығаруды не жауапты жариялау туралы талабы, егер бұқаралық ақпарат органы мұндай жарияланымнан бас тартса не бiр айдың iшiнде жарияланым жасамаса, сондай-ақ ол таратылған жағдайда, сотта қаралады.

            4. Азаматқа немесе заңды тұлғаға қатысты олардың ар-намысына, қадiр-қасиетiне немесе iскерлiк беделіне нұқсан келтiретiн мәлiметтер таратылған болса, олар мұндай мәлiметтердi терiске шығарумен қоса олардың таратылуынан өздерiне келтiрiлген залалдың немесе моральдық зиянның орнын толтыруды талап етуге құқылы. 

 

20-бап. Журналистiң құқықтары

     

            Журналистiң:
            1) ақпаратты iздестiрудi жүзеге асыруға, сұратуға, алуға және таратуға;

            2) мемлекеттiк органдарға, барлық меншiк нысандарындағы ұйымдарға баруына және өзiнiң қызмет бабындағы мiндеттерiн жүзеге асыруға байланысты олардың лауазымды адамдарының қабылдауында болуға, жабық шара өткiзу туралы шешiм қабылданғаннан басқа жағдайда өзiн тiркеген орган өткiзетiн барлық шараларға қатысуға;

            3) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде тыйым салынған жағдайларды қоспағанда, жазбалар, соның iшiнде оларды дыбыс-бейне техникасын, кино-фото түсiру құралдарын пайдалана отырып жасауға;

            4) журналистiң куәлiгiн көрсету арқылы дүлей апаттар болған аудандарда, митингiлер мен демонстрацияларда, сондай-ақ қоғамдық, топтық және жеке мүдделер мен наразылықтарды өзге де бiлдiру нысандарына қатысуға;

            5) құжаттар мен материалдардың мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәлiметтерi бар үзiндiлерiн қоспағанда, олармен танысуға рұқсат алуға;

6) алынатын ақпараттың дұрыстығын тексеруге;

7) алынған ақпараттық материалдарды тексеру кезiнде мамандарға жүгiнуге;

8) өзi дайындаған хабарлар мен материалдарға қолын қойып, шартты атын (бүркеншiк атын) көрсетiп таратуға;

9) материалдың мазмұны редакциялық түзетуден кейін журналистің жеке сеніміне қайшы келсе, оған өз қолы қойылып жариялануынан бас тартуға;

10) авторлық және ақпарат көздерiнiң құпиясы соттың талап етуiмен жарияланған жағдайларды қоспағанда, бұл құпияларды сақтауға құқығы бар.

 

21-бап. Журналистiң мiндеттерi

     

Журналист:

1) Қазақстан Республикасының заңдарын басшылыққа ала отырып, өзi шарттық қатынастарда тұрған бұқаралық ақпарат құралының қызмет бағдарламасын жүзеге асыруға;

2) шындыққа сәйкес келмейтiн ақпаратты таратпауға;

3) ақпарат ұсынған адамдардың авторлығын көрсету туралы олар жасаған өтiнiштердi қанағаттандыруға;

4) жеке және заңды тұлғалардың заңды құқықтары мен мүдделерiн құрметтеуге;  

            5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзiне жүктелген өзге де мiндеттердi орындауға мiндеттi.

 

25-бап. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңдарды бұзу үшiн жауапкершiлiк негiздерi

     

1. Азаматтардың немесе ұйымдардың (мемлекеттiк органның, азаматтардың қоғамдық, шығармашылық, ғылыми, дiни не өзге де бiрлестiгiнiң және заңды тұлғалардың) ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн, шындыққа сәйкес келмейтiн мәлiметтердi тарату, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сотқа ықпал жасау Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.

2. Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңдарды бұзу үшiн мемлекеттiк органдардың және өзге де ұйымдардың оған кiнәлi лауазымды адамдары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралының иесi, таратушысы, бас редакторы (редакторы), таратылған хабарлар мен материалдардың авторлары жауапты болады.

2-1. Бұқаралық ақпарат құралының меншiк иесi, бас редакторы (редакторы) Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-таптық және рулық артықшылықты, қатыгездікті, зорлық пен порнографияны насихаттап, үгіттейтін хабарлар мен материалдарды таратқаны үшін, олардың алынған көздеріне қарамастан, Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген жауаптылықта болады.

3. Журналистiң заңды кәсiптiк қызметiне кедергi жасау Қазақстан Республикасының заңдарындабелгiленген жауаптылыққа әкеп соғады. 

 

26-бап. Шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді тарату  үшін жауапкершіліктен босатылатын реттер

 

            Бұқаралық ақпарат құралында шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратқаны үшін:
            1) егер бұл мәліметтер ресми хабарлар мен құжаттарда айтылған болса;

            2) егер олар жарнама және ақпарат агенттіктерінен немесе мемлекеттік органдардың баспасөз қызметінен алынса;

            3) егер олар өкілді органдар депутаттарының, мемлекеттік органдардың, ұйымдардың лауазымды адамдарының және азаматтардың ресми сөйлеген сөздерінің сөзбе-сөз қайталанып берілуі болса;

            4) егер олар алдын ала жазылып алынбай эфирге шығарылатын авторлық сөздерде не осы Заңға сәйкес редакциялауға жатпайтын мәтіндерде айтылса;

            5) егер бұл мәліметтер осы Заңның 18-бабына сәйкес міндетті хабарларда айтылса, бас редактор (редактор), сондай-ақ журналист жауапты болмайды. 

 

 

VI. Судья әдебі  кодексінен үзінді

(2009 жылғы 18 қарашада Қазақстан Республикасы Судьяларының V Съезінде  қабылданған) 

2-бап

 

Судья өзінің кәсіби қызметінде және қызметтен тыс кезінде заңдарды, Судья әдебінің кодексін, жалпы жұрт қабылдаған мораль нормаларын сақтауға міндетті.

Судья заңдарға және ар-ожданына сәйкес шешім қабылдауға тиіс. 

Судья процеске қатысушылармен іс жүргізуден тыс қарым-қатынастардан аулақ болуға, оның кәсіби беделіне күмән тудырмайтындай тәртіпті ұстануға тиіс. 

Судья бейтарап болуға міндетті. Қоғамдық пікір, судья қызметін БАҚ-та сынау оның шешімдерінің заңдылығы мен негізділігіне ықпал етпеуге тиіс. 
Судья сот актісі шығарылғанға дейін оның мәні, айыптаудың дәлелденгені немесе дәлелденбегені, арыздың негізділігі не негізсіздігі туралы өзінің пікірін жария етіп білдіруге, сондай-ақ соттардың заңды күшіне енген қаулыларына кәсіби қызметінен тыс жағдайда күмән келтіруге және өз әріптестерінің кәсіби әрекеттерін сынауға құқылы емес. Судья өзінің міндеттерін атқару кезінде алған ақпаратты ашуға немесе өз мақсаттарына пайдалануға, кеңесу бөлмесінің құпиясын ашуға құқылы емес. 

Судья сыпайы, төзімді, әдепті болуға және сотқа қатысушыларға құрметпен қарауға тиіс. Судья сот ісін жүргізуге қатысушы барлық тұлғалардан тап осындай тәртіпті талап еткені жөн. 

 

VII. Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактiден үзінді
(Нью-Йорк, 1966 жылғы 16 желтоқсан., 2005 жылғы 28 қарашадағы ҚР Заңымен ратификацияланды)

14-бап

1. Сот пен трибунал алдында жұрттың бәрi тең. Әрбiр адам өзiне тағылған кез келген қылмыстық айыптауды қарау кезiнде немесе қайсыбiр азаматтық процесте оның құқықтары мен мiндеттерiн анықтау кезiнде заң негiзiнде құрылған құзыреттi, тәуелсiз және әдiл сот арқылы iсi әдiлеттi және ашық қаралуын талап етуге құқылы. Егер, iстiң ашық қаралуы демократиялық қоғамда адамгершiлiк пен қоғамдық тәртiп, мемлекет қауiпсiздiгiнiң пайымдаулары ескерiлген жағдайда немесе азаматтардың жеке өмiрiнiң мүдделерi талап етсе немесе соттың пiкiрi бойынша, жариялылық әдiл соттың мүдделерiн бұзатын ерекше жағдай тудыратын болса, онда соттың iстi қарауы басынан аяғына дейiн немесе оның бiр деңгейiнде, жабық түрде, баспасөз өкiлдерi мен жұртшылықты қатыстырмай, жүргiзiлуi мүмкiн; алайда, кез келген қылмыстық, не болмаса азаматтық iстер бойынша шығарылған қаулылардың бәрi, тек кәмелетке толмағандардың мүдделерi басқа шараларды талап еткен жағдайда немесе матримониалдық дау-дамайлар немесе балаларды қамқорлыққа алу жөніндегі iстер бойынша шығарылған қаулыларды қоспағанда, көпшiлiк алдында жария етiлуi тиiс.

 

17-бап

1. Әрбiр адам жеке және отбасылық өмiрiне өзгелердiң өз бетiнше, немесе заңсыз араласуынан, өз бетiнше немесе заңсыз озбырлық жасап, баспанасына, хат жазысып-алысу құпиясына қол сұғылуынан, ар-намысы мен абырой-беделiне нұқсан келтiрiлуiнен қорғалуы тиiс.

2. Әрбiр адамның осындай озбырлық пен қол сұғушылықтан заңмен қорғалуына құқығы бар.

19-бап

1. Әрбiр адам өз ой-пiкiрiн еш кедергiсiз ұстануға құқылы.

2. Әрбiр адам өз пiкiрiн еркiн бiлдiруге құқылы. Бұл құқық мемлекеттік шекараларға қарамастан кез келген ақпараттар мен идеяларды еркiн iздеу, тауып алу және оларды өз қалауынша таңдап алған құралдар арқылы ауызша, жазбаша немесе баспасөз арқылы немесе көркемдiк бейнелеу формалары түрiнде тарату бостандығын да қамтиды.

3. Осы баптың 2-шi тармағында көзделген құқықтарды қолдану ерекше мiндеттер мен ерекше жауапкершiлiктi жүктейдi. Сондықтан оларды қолдану кезiнде кейбір шектеулердiң кездесуi мүмкiн, алайда ондай шектеулер заңмен белгiленiп және:

а) басқа тұлғалардың құқықтары мен абырой-беделiн құрметтеу;

b) мемлекеттік қауiпсiздiктi, қоғамдық тәртiптi, жұртшылықтың денсаулығын немесе имандылығын қорғау қажеттілігiнен туындауы тиiс.

VIII. Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясынан үзінді

(Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1948 жылғы 10 желтоқсанда
№ 217 А (III) қарарымен қабылданған)

10-бап

     

Әр адам, өзінің құқықтары мен міндеттерін анықтап, өзіне тағылған қылмыстық айыптаудың негізділігін белгілеу үшін, ісі толық теңдік негізінде, әділеттік талаптарға сай, тәуелсіз және әділ сот арқылы ашық қаралуына құқығы бар.

 

12-бап

            Әр адам жеке және отбасылық өміріне өзгелердің өз бетінше араласуынан, озбырлық жасап баспанасына, хат жазысып-алысу құпиясына қол сұғуынан, ар-намысы мен абырой беделіне нұқсан келтіруінен қорғалуға құқығы бар.

 

19-бап

           

Әр адам наным-сенім бостандығына және өз көзқарасын еркін білдіруіне құқығы бар; бұл құқық өз наным-сенімін кедергісіз ұстану еркіндігін және мемлекеттік шекаралар тәртібіне тәуелді болып қалмай, ақпараттар мен идеяларды еркін іздеп, кез-келген құралдар арқылы тарату бостандығын да қамтыйды.

 

29-бап

           

1. Әр адамның, адам баласының еркін және толық кемелденуіне мүмкіншілік беретін қоғам алдында міндеттері бар.

            2. Өзінің құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруда әр адам тек басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын тиісті түрде тану және құрметтеу мақсаты көзделген жағдайда ғана және демократиялық қоғамдағы моральдің, қоғамдық тәртіп пен игіліктің әділетті талаптарын қанағаттандыру мақсаты көзделген жағдайда ғана, заңмен белгіленген шектеуге ұшырауы тиіс.

            3. Осы бостандықтар мен құқықтарды жүзеге асырылуы Біріккен Ұлттар Ұйымының мақсаттары мен қағидаларына қайшы келмеуі тиіс.

 

IХ. Ақпаратқа кіру, шешімдер қабылдау процесіне жұртшылықтың қатысуы және қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша сот әділдігіне қол жеткізу туралы конвенциядан үзінді

 

(Орхус, Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 23 қазандағы Заңы)І

1-бап

 

Қазiргi және болашақ ұрпақтардың әрбiр адамының оның денсаулығы мен  әл-ауқаты үшiн қолайлы қоршаған ортада өмiр сүру құқығын қорғауға  жәрдемдесу үшiн әрбiр Тарап осы Конвенцияның ережелерiне сәйкес  экологиялық ақпаратқа қол жеткiзу, жұртшылықтың шешiмдер қабылдау  процесiне қатысуы, қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша сот  әдiлдiгiне қол жеткiзу құқығына кепілдiк бередi.

 

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және қазақстан Судьялар одағының сайтында орналасқан осы құқықтық мәселелерді реттейтін басқа да құжаттарды қараңыз:

 

·                    «Қазақстан Республикасында сот билігі туралы заңдарды қолданудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1998 жылғы
14 мамырдағы № 1 нормативтік қаулысы

·                    «Қылмыстық істер бойынша сот ісін жүргізу жариялылығы принципін соттардың сақтауы туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2002 жылғы
6 желтоқсандағы № 25 нормативтік қаулысы.

·                    «Сотта азаматтық iстердi қарау кезiнде жариялылық принципін сақтау туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 28 қазандағы № 5 нормативтік қаулысы.

·                    «Сот тәжiрибесiнде азаматтардың және заңды тұлғалардың ар-намысы мен абыройын және iскерлiк беделдiлiгiн қорғау жөнiндегi заңдылықты қолдану туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1992 жылғы 18 желтоқсандағы
№ 6 нормативтік қаулысы.

·                    Судьялар одағы Орталық кеңесінің ұсынымдары (Қазақстан Республикасының Судьялар одағы Орталық кеңесінің 2010 жылғы 24 тамыздағы № 24 қаулысымен бекітілген).

·                    Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2000 жылғы 7 қарашадағы № 10-9/1017 циркуляр хаты

 

Буклетті Қазақстан Республикасының Судьялар одағы Орталық кеңесінің аппараты, Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі, Қазақстан Республикасындағы АҚШ Елшілігінің жәрдемдесуімен «Қазіргі заманғы журналистиканы дамыту орталығы» қоғамдық бірлестігінің сарапшысы әзірледі.

2012 ж.