Ішкі қауіпсіздік бөлімі туралы ЕРЕЖЕ

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Қазақстан Республикасы

Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті басшысының

2020 жылғы «___»  _____________

№ ___  өкімімен

БЕКІТІЛГЕН

 

 

 

Ішкі қауіпсіздік бөлімі туралы

ЕРЕЖЕ

 

1. Жалпы ережелер

 

1. Ішкі қауіпсіздік бөлімі (бұдан әрі - ІҚБ) Жоғарғы Соттың жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің өз алдына бөлек құрылымдық бөлімшесі болып табылады.

2. ІҚБ өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңын, заңдарды, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

3. ІҚБ-нің құрылымы мен штат санын Департамент басшысының  ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Жоғарғы Соттың Төрағасы бекітеді.

4. ІҚБ-нің Соттар әкімшісінің құрылымына енетін, ІҚБ-ге тікелей бағынатын  тиісті аумақтық бөлімшелері болады.

 

2. ІҚБ-нің негізгі міндеттері, функциялары,

құқықтары мен міндеттері

 

5. Міндет: судьялардың тәуелсіздігі мен олардың қауіпсіздігін, сондай-ақ сот жүйесі қызметкерлерінің, соттардың ғимараттарының және сот процестерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Функциялар:

1)  қауіпсіздік қатерлерін мониторингілеу, талдау, бағалау және болжау;

2) қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы шетелдік және отандық озық тәжірибені зерделеу, оны сот жүйесінің қызметіне енгізу;

3) құқық қорғау органдарымен бірлесіп, судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің, сондай-ақ олардың отбасылары мүшелерінің қауіпсіздігін, кәсіби қызметке байланысты өмірге және денсаулыққа қол сұғылмауын қамтамасыз ету бойынша шараларды ұйымдастыру және жүзеге асыру;

4) басқа мемлекеттік органдар, ұйымдар мен жеке адамдар тарапынан судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің заңды қызметіне заңсыз араласу фактілеріне жол бермеу және олардың жолын кесу бойынша шаралар қабылдау;

5) соттардың ғимараттарының қауіпсіздігін, сондай-ақ сот процестерін жүргізу қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шараларды әзірлеу және іске асыру;

6) соттардың аумақтары мен ғимараттарында өткізу және ішкіобъектілік режимді ұйымдастыру;

7) соттар ғимараттарының инженерлік-техникалық жағдайының нығайтылуына талдау жасауды жүзеге асыру, оны жетілдіру бойынша, оның ішінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және сатып алынатын жабдықтар мен көрсетілетін қызметтердің техникалық ерекшеліктерін дайындауға арналған шығыстарды жоспарлауға қатысу жолымен ұсыныстар енгізу;

8) өнім берушілердің қауіпсіздіктің техникалық құралдарының жабдықтары және қауіпсіздік жүйелері, оның ішінде бейнебақылау, кіруді бақылау және басқару (КББҚ), өрт және қорғап дабыл қағу бойынша көрсетілетін қызметтер жөніндегі шарттық міндеттемелерін сапалы орындауын ведомстволық бақылауды жүзеге асыру;

9) судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің, соттар ғимараттарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша құқық қорғау органдарымен бірге өзара іс-қимылды жүзеге асыру;

10) судьялардың, сот жүйесі қызметкерлерінің, соттардың ғимараттары мен сот процестерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша ІҚБ аумақтық бөлімшелерімен  қызметті үйлестіру;

11) сот приставтарының қызметін үйлестіру.

 

6. Міндет: Қазақстан Республикасының сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық көріністерін анықтау және олардың алдын алу.

Функциялар:

1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында мемлекеттік және ведомстволық стратегиялар мен бағдарламаларды іске асыру бойынша жұмысты ұйымдастыру;

2) сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жасауды жүзеге асыру, оларды жою бойынша ұсыныстар енгізу;

3) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы шетелдік және отандық озық тәжірибені зерделеу, оны сот жүйесінің қызметіне енгізу;

4) сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық көріністерін анықтау мен олардың  алдын алу бойынша кешенді шараларды әзірлеу және іске асыру;

5) судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық көріністері туралы ақпаратты жинауды, толықтыруды және талдауды жүзеге асыру;

6) сыбайлас жемқорлық және өзге де құқық бұзушылық фактілері бойынша судьялар мен сот жүйесі қызметкерлеріне қатысты қозғалған қылмыстық істер туралы мәліметтердің орталықтандырылған есебін жүргізу;

7) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша құқық қорғау органдарымен және арнайы мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жүзеге асыру;

8) сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық көріністерін анықтау және олардың  алдын алу мәселелері бойынша ІҚБ аумақтық бөлімшелерінің  қызметін үйлестіру;

9) Департамент пен аумақтық Соттар әкімшілері мемлекеттік сатып алуды жүргізген кезде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама нормаларының сақталуын бақылауды жүзеге асыру;

10) сот жүйесінің кадрлық мәселелерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама нормаларының сақталуын бақылауды жүзеге асыру;

11) судьялар мен сот жүйесі қызметкерлері жол берген сыбайлас жемқорлық фактілері мен өзге де құқық бұзушылықтар бойынша қызметтік тексерулер жүргізу;

12) Департамент пен аумақтық Соттар әкімшілерінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін сотталған өздеріне тікелей бағынысты лауазымды адамдарына қатысты қызметтік тексерулер жүргізу;

13) сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық фактілері туралы жеке және заңды тұлғалардың арыздары мен өтініштерін қарау;

14) ІҚБ құзыретіне кіретін мәселелер бойынша азаматтарды қабылдауды жүзеге асыру.

 

7.  Міндет: сот жүйесінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Функциялар:

1) сот жүйесінің ақпараттық қауіпсіздік саясатын әзірлеу және іске асыру;

2) ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы озық шетелдік және отандық тәжірибені зерделеу, оны сот  жүйесінің қызметіне енгізу;

3) сот жүйесінің жергілікті-есептеу желілері мен ақпараттық ресурстарын қорғау бойынша шараларды  әзірлеу және іске асыру;

4) сот жүйесінің жергілікті-есептеу желілері мен ақпараттық ресурстарына рұқсатсыз кіру фактілерін анықтау, олардың алдын алу және жолын кесу;

5) өнім берушілердің сот жүйесінің ақпараттық ресурстарына техникалық қызмет көрсету бойынша көрсететін қызметтерінің шарттық міндеттемелерін сапалы орындауын ведомстволық бақылау.

 

8. Құқықтар:

1) Жоғарғы Соттың Төрағасы мен Департамент басшысына ІҚБ қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізеді;

2) тексеруде тұрған материалдар бойынша сот жүйесінің қызметкерлерін шақырады, олардан жазбаша түсініктемелер мен өзге де құжаттарды алады;

3) жүргізіліп жатқан тексерулер шеңберінде Жоғарғы Сот Төрағасының тапсыруы немесе рұқсаты бойынша судьяларға (олардың келісімімен) сауал қоюды жүргізеді;

4) судьялар лауазымына кандидаттар мен сот жүйесінің қызметкерлерін беделді түсіретін мәліметтердің бар-жоғы жөнінде зерделеп, тиісті ұсыныстар шығарады;

5) қызметтік куәлігін көрсетіп, кедергісіз және кез келген уақытта соттардың ғимараттары мен үй-жайларына (режимдік үй-жайларды қоспағанда) кіреді, қызметтік немесе өзінің автокөлігімен соттардың аумағына (оның ішінде паркингтерге) өтеді, басшылар мен қызметкерлерден ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шараларды іске асыруға жан-жақтылы көмек көрсетуді талап етеді;

6) Департаменттің құрылымдық бөлімшелерінде, аумақтық Соттар әкімшілерінде және барлық деңгейдегі соттарда қызметтік міндеттерді жүзеге асыру үшін кез келген құжаттарды, анықтамалық және өзге де материалдарды (сот істерінің материалдарынан басқа) сұратады және алады;

7) жүргізілген тексерулер бойынша басқа мемлекеттік органдарда қажетті мәліметтерді сұратады және алады;

8) сот жүйесінің барлық ақпараттық ресурстарына толық қол жеткізеді;

9) ІҚБ-ге жүктелген міндеттерді іске асыру мақсатында судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің жеке істерімен танысады;

10) ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ету желісі бойынша аумақтық Соттар әкімшілерінің қызметіне тексеру жүргізеді;

11) ІҚБ-нің аумақтық бөлімшелеріне орындау үшін міндетті нұсқаулар жібереді;

12) ІҚБ құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестерді, отырыстарды, жұмыс кездесулері мен семинарларды өткізеді және қатысады, оның ішінде  өзге мемлекеттік органдар өткізген кезде де қатысады.

 

9. Міндеттер:

1) қызметті Қазақстан Республикасының заңнамасына қатаң сәйкес және өз құзыреті шегінде жүзеге асырады;

2) еңбек және атқару тәртібін сақтайды, мемлекеттік құпиялар мен заңмен қорғалатын өзге де құпияларды сақтайды;

3) қызметтік міндеттерін жүзеге асыру барысында белгілі болған жасырын мәліметтерді жариялауға жол бермейді.

 

3. ІҚБ қызметін ұйымдастыру

 

10. ІҚБ Жоғарғы Соттың Төрағасы мен Департамент басшысына ғана бағынады және есеп береді.

11. ІҚБ заңнамалық актілерге, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес оның негізгі міндеттері мен функцияларын іске асыру үшін қажетті өкілеттіктерге ие.

12. ІҚБ қызметі Жоғарғы Соттың Төрағасы белгілеген басымдықтарға сәйкес жоспарлы негізде құрылады.

13. ІҚБ-ні Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын Бөлім меңгерушісі басқарады.

14. ІҚБ меңгерушісі:

1) ІҚБ қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады және ІҚБ-ға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларының жүзеге асырылуына дербес жауапты болады;

2) ІҚБ-нің жұмыс жоспарын бекітеді;

3) орынбасары болады, оның міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;

4) Департамент басшысына ІҚБ құрылымы мен штаттық кестесі бойынша ұсыныстар береді;

5) ІҚБ қызметкерлерінің функционалдық міндеттері мен лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;

6) ІҚБ-нің аумақтық бөлімшелері туралы ережені бекітеді;

7) ІҚБ-нің аумақтық бөлімшелері басшыларының қызметіне баға береді, олардың есептерін тыңдайды, оларды көтермелеу және жаза беру туралы ұсыныстар енгізеді;

8) Департамент ІҚБ мен ІҚБ аумақтық бөлімшелері қызметкерлерінің орындауы үшін міндетті  нұсқаулар береді;

9) заңдарға және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

15. ІҚБ меңгерушісінің орынбасары:

1) өз өкілеттігі шегінде ІҚБ қызметін үйлестіреді;

2) ІҚБ меңгерушісі болмаған кезде жұмысқа жалпы басшылықты жүзеге асырады және ІҚБ-ге жүктелген міндеттердің орындалуы және оның функцияларды жүзеге асыруы үшін дербес жауапты болады;

3) ІҚБ меңгерушісі жүктеген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

16. ІҚБ атынан оның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша жіберілетін құжаттарға меңгеруші, ал ол болмаған жағдайда оны алмастыратын адам қол қояды. 

17. Департаменттің басшылығы мен қызметкерлері, сондай-ақ аумақтық Соттар әкімшілері ІҚБ-ге оның алдына қойылған міндеттерді іске асыруына жан-жақты көмек көрсетуге және ІҚБ-нің заңды талаптарын орындауға міндетті.

18. ІҚБ-нің қызметтік жұмысына кез келген нысанда кедергі жасау Жоғарғы Сот пен Департамент басшылығының нұсқауларын орындамау деп бағаланады және заңнамада белгіленген тәртіппен тәртіптік жауапкершілікке әкеп соғады.

19. ІҚБ-нің аумақтық бөлімшелерінің басшылары мен қызметкерлері Департаменттің ІҚБ-сіне тікелей бағынады және есеп береді, өздерінің қызметін облыстық және оған теңестірілген соттардың, Соттар әкімшілерінің басшыларымен, құқық қорғау органдарымен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып жүзеге асырады.

20. ІҚБ аумақтық бөлімшелерінің басшылары мен қызметкерлерін жұмыстан шығару және тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселелері барлық материалдардың көшірмелері ұсыныла отырып, Департаменттің ІҚБ меңгерушісімен келісілуге тиіс.

21. ІҚБ қызметкерлеріне осы Ережеде көзделмеген функцияларды жүктеуге жол берілмейді.

 

 

_________________________