Республика соттарында Қазақстанның халықтарының тілдер күніне арналған іс-шаралар өтті
Қазақстан халықтарының тілдері күніне арналған Астана қалалық сотында өткен салтанатты жиынға елордалық соттардың судьялары мен мамандары қатысты.
Іс-шараны ашқан апелляциялық сот алқасының төрағасы Асқаржан Кенжеғарин Қазақстанда әрбір азамат қарым-қатынас тілін еркін таңдауға құқылы екенін атап өтті. А.Кенжеғарин Қазақстан халықтарының тілдер күні еліміздің барлық азаматтарының достық мен бірлік күні екенін тілге тиек етті.
Шара барысында қалалық, аудандық және оған теңестірілген соттар арасында «Ана тілім-ардағым» атты сайыс өтті. Жарысқа өзінің жеке бағдарламасымен «Самұрық», «Ынтымақ», «Әділ би», «Өткір найза», «Есіл», «Бірлік» атты 6 команда өз өнерлерін ортаға салды. Барлық сайыскерлер сайысқа шығармашылық көзқараспен ден қойып, әр ұлт өкілдерінің дәстүрлі киімдерімен қызықты қойылымдар қойды. Судьялар мен мамандар тарихи қойылымдарда ерекше актерлік шеберлік танытты.
Сайыс нәтижесі бойынша «Әділ би», «Ынтымақ» және «Самұрық» командалары үздік деп танылды. Олар дипломдар мен ескерткіш сыйлықтармен марапатталды.
Мерекелік іс-шараны қорытындылай келе, Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Асқаржан Кенжеғарин шараны ұйымдастырушылар мен қатысушыларға ұйымшылдық пен белсенділік үшін алғысын білдірді.
Павлодар қалалық соты және Судьялар Одағының Павлодар филиалы «Қоғамдық сананы жаңғырту: Болашаққа бағдар» Елбасының бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру шеңберінде өткізілген «Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу ерекшеліктері» тақырыбына «дөңгелек үстел» өткізді.
Іс-шараға С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессорлық-оқытушылар құрамының өкілдері Айтмұхаммед Тұрышев және Айман Зейнулина, республиканың жазушылар Одағы Павлодар филиалының директоры, «Ертіс дидары» облыстық газетінің редакторы Арман Қани, Павлодар қаласы мәдениет және тілдерді дамыту секторы, прокуратура өкілдері, судьялар, сондай-ақ БАҚ қатысты.
Павлодар қалалық сотының төрағасы Талғат Тағажай іс-шараны аша келе, тіл әр елдің, әр ұлттың басты біріктірушісі, ал қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі – бұл елдің рухани-мәдени жетілуінің тарихи кезеңі деп атап өтті.
Судьялар Одағы Павлодар филиалының төрағасы Нұролла Есенжолов өзінің баяндамасында латын әліпбиіне көшу болашақ ұрпақ үшін маңызды екеніне ерекше көңіл аударды.
Қызу талқылау барысында, пікірталасқа қатысушылар жаңа әліпби жаңа мүмкіндіктер ашатынын, сонымен қоса бұл заманауи технологиялық ортаның әмірі деген пікірге келді.
Ғалымдар, бастысы латын әліпбиіне көшу барысында ең бастысы қазақ тілінің тазалығын сақтап қалу қажет деп санайды
Филология ғылым докторы, профессор А.Тұрышев латын кестесіне көшуінде маңызды лингвистикалық аспектілерін белгіледі.
Филология ғылым докторы А.Зейнулина түріктік, әзірбайжан, өзбек тілдерінің латындану мысалдарын келтіріп, сол елдерде жағымды өзгерістерінің бой алуын атап өтті.
Жазушылар Одағы Павлодар филиалының директоры А.Қани әліпбиді реформалау барысында әлемдік тәжірибені зерделеудің маңызды екеніне көңіл бөлді.
«Дөңгелек үстел» жұмысының нәтижесі бойынша талқыланған тақырып бойынша ұсыныстар жасалды.
Қызылорда облыстық соты «Тілім-өлшеусіз қазына, өрісі кең-әлем» атты топтық сайыс және «Сот жүйесінің үздік аудармашысы» республикалық байқаудың облыстық кезеңі өтті.
Қос бірдей сайысты тамашалауға облыс соттарының судьялары мен сот қызметкерлері қатысты.
Топтық сайысқа аудандық және оған теңестірілген соттардың жас мамандарынан құралған «Ана тілі», «Алғырлар», «Тапқырлар» және «Жалын» командалары, аудармашылар байқауына 7 үміткер қатысып, бақ сынасты.
Топтық сайыстың соңғы кезеңі «Өнер алды-қызыл тіл» капитандар сайысында ұйымдастырушылар тарапынан тосын сый ретінде дайындалған ақшалай ұтысқа жаңылтпаштарды алма-кезек қайталау барысында сөзінен жаңылмай, шапшаңдық танытқан Қазалы аудандық сотының жетекші маманы Берік Керуенбаев пен Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының жетекші маманы Нұрғаным Балтабай ие болды. Топтық байқаудың қорытындысы бойынша бірінші орынды – «Алғырлар» командасы, екінші орынды – «Ана тілі», үшінші орынды – «Жалын» командасы иеленіп, «Тапқырлар» командасына алғыс хат табысталды.
Ал, «Сот жүйесінің үздік аудармашысы» байқауының бірінші орынды Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының және Қызылорда қалалық №2 сотының қызметкерлері Асыл Ізтілеуова, Айнұр Қараманова мен Динара Серікқызы иеленді.
Мерекелік іс-шараны қорытындылай келе, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының және әділ қазылар алқасының төрағасы Әділхади Шығамбаев байқауға қатысушылар мен ұйымдастырушыларына белсенділік танытқаны үшін алғысын білдірді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бастамасы аясында бүгін Қостанай облыстық сотында облыстың жергілікті соттарының мамандарының арасында "Сот жүйесінің үздік аудармашысы" конкурсы өткізілді. Конкурстық комиссия құрамында Қостанай облыстық сотының судьясы Гүлнәр Исмайлова, Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Ерлік Сералин және облыстық соттың бас маманы-аудармашы Ұлболсын Исергепова болды.
Конкурсқа жергілікті соттардан сегіз маман қатысты. Үш турдан тұрған сайыста мамандар қызметтік және ресми хаттарды, сот актілері мен сот отырысы барысындағы диалогтарды аударды.
Конкурсқа қатысушыларға қойылған тапсырмаларды орындауға жарты сағат уақыт берілді.
Өткізілген конкурс нәтижесі бойынша Қостанай қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының жетекші маманы Алтынай Қозыбекова бірінші орынды иеленді. Екінші орын Қостанай аудандық сотының кеңсе меңгерушісі Қаламқас Рысжановаға, үшінші орын Жітіқара аудандық сотының жетекші маманы Ғазиза Кеңесбаеваға берілді.
Қазақстан халқының тілдері күнін мерекелеу аясында Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс аудандық сотында «Мемлекеттік тілді біртіндеп латын әліпбиіне көшіру туралы» тақырыбында «дөңгелек үстел» мәжілісі өтті.
Іс-шараға аудандық соттың судьялары, Арыс ауданының прокуроры, адвокаттар, тілдерді оқыту және дамыту орталығының директоры, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары және БАҚ өкілдері қатысты.
Сот төрағасы А.Ертаев «дөңгелек үстелге» қатысушыларды Қазақстан халқының тілдері күнімен құттықтап, бұл мерекенің мақсаты көпұлтты Қазақстан халқының бірлігін сақтау, қазақ тілін дамыту және тарату, балаларды өз ұлтының ғана емес, елімізді мекендеген барлық халықтардың мәдениеті мен дәстүрлерін құрметтеуге тәрбиелеу екендігіне қатысушылардың назарын аударды.
«Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісу керектігін және болашақта барлық саладағы іс-қағаздары, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіс екенін айтты. Елбасы латын әліпбиіне көшудің нақты жолдарын айтып, осы мәселе зиялы қауым арасында кеңінен талқылануы қажет екенін алға тартты», - деді А.Ертаев.
Сонымен қатар, төраға қазіргі уақытта латын әрпін қолдану, ең алдымен, уақыт талабы болып отырғанын, сондықтан да заманауи технологияларға тәуелді екенімізді мойындап, кез келген жаңа дүниелермен санасу қажеттігін түсіндіріп өтті.
«Дөңгелек үстел» барысында қатысушылар өз пікірлерімен бөлісіп, туындап жатқан мәселелерді талқылады және осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстарға шынайы қызығушылық танытып, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу туралы ой-пікірді қолдайтындарын білдірді.