Сс, 07/11/2023 - 17:59


6 қарашада Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров Танзанияның сот жүйесінің делегациясын қабылдады.
Қонақтардың сапарында негізгі мәселелердің бірі ІТ-саласындағы тәжірибемен алмасу болды.
Дүниежүзілік Банк жобасының шеңберінде алғашқы кездесу осыдан 5 жыл бұрын болды. Шетелдік әріптестерді судьяларды іріктеу жүйесіндегі жаңалықтар, медиацияның дамуы, цифрлық сот төрелігі қызықтырды.
Қазіргі кезде Танзанияда қазақстандық ЖС ахуалдық орталығының тұжырымдамасына негізделген Сот жүйесінің ахуалдық орталығы құрылуда.
«Соңғы 5 жылда әлем қатты өзгерді және әлі де өзгеруде, біз қазіргі беталыстардан қалыс қала алмаймыз. Сот төрелігі саласында цифрлық технологияларды пайдалану шындыққа айналды. Пандемия кезінде біз кезіккен сын-қатерлер оларды қолдану қажеттігін көрсетті. Нақты ІТ-шешімдер процеске қатысушылардың қауіпсіздігі мен сот төрелігіне қол жетімділік арасындағы барынша теңгерімді табуға мүмкіндік берді», - деп атап өтті қонақтарды қарсы алған Н.Ахметзакиров.
Ол электрондық сот ісін жүргізу, жекелеген процестерді роботтандыру, цифрлық сот аналитикасы, Smart-көмекшілер және эксаумақтық соттылық туралы мәселелерге тоқталып өтті.
Өз кезегінде, Танзания сотының бас әкімшісі Элисанте Оле Габриэль олардың сот жүйесі елдегі мемлекеттік органдардың арасында ең озық институттардың бірі болып есептеледі деп атап өтті. «Бізге одан әрі даму және роботтандырылған жүйені, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану керек. Қазақстанмен ынтымақтастықтың арқасында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану және ақылды сот құру тұрғысында соттарымыздың әлеуетін едәуір кеңейтуге мүмкіндігіміз бар», - деп өз ойымен бөлісті.
Тараптар сот әкімшілігінің құрылымдық және операциялық тұстарын, ІТ-технологияларын енгізу мәселелерін, сондай-ақ екі елдің техник-мамандарының тікелей өзара әрекет жасау мүмкіндіктерін талқылады.
IACA Вице-президенті Наиль Ахметзакиров және Оңтүстік және Шығыс Африка елдерінің Соттар әкімшілері қоғамдастығының төрағасы Элисанте Оле Габриэль ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты жақсарту үшін сот менеджментін жақсартуға бағдарланған қадамдарды айқындады.