Жетісу облыстық сотының жаңа төрағасы таныстырылды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріпов өңірдің судьялар корпусына Жетісу облыстық сотының төрағасы Ержан Кененбаевты таныстырды. Бұған дейін ол Алматы қалалық сотының судьясы қызметін атқарған.

Кездесуге облыс әкімі Бейбіт Исабаев пен өңірдің мемлекеттік және құқық қорғау органдарының бірінші басшылары қатысты.

Н.Шәріпов Е.Кененбаев туралы айта келе, оның 15 жылдық судьялық еңбек өтілі мен заңгер ретіндегі мол тәжірибесін атап өтті.  

Спикер: «Е.Кененбаевты білікті криминалист және әділ судья ретінде білеміз», - дей келе, сот төрелігін қамтамасыз ету қажеттігіне тоқталды.

Облыс әкімі Б. Исабаев жоғары кәсіби біліктілікті талап ететін сот төрелігін жүзеге асыру барысында судьялардың жауапкершілік жүгінің ауыр екендігіне назар аударды.

Жұмыс сапары шеңберінде Н.Шәріпов облыстық соттың, Талдықорған қалалық соты мен мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьяларымен кездесу өткізді. Ол  заңдарға енгізілген түзетулерге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды арттыруға, судья әдебі нормаларын сақтауға және электрондық сот төрелігін дамыту қажеттігіне баса назар аударды.

Жиын соңында спикер өңірдің судьялар корпусының алдына Жоғарғы Соттың жобаларын іске асыру бойынша бірқатар міндеттер жүктеді.

 

Анықтама: Ержан Әбдірақымұлы Кененбаев 1964 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.

1992-2007 жылдары Алматы қаласының прокуратура органдары мен түрлі мекемелерде заңгер болып қызмет атқарған.

2007-2014 жылдары – Алматы облысы Панфилов аудандық сотының судьясы.

2014 жылдан осы тағайындауға дейін – Алматы қалалық сотының судьясы.

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі