Заң бұзушы меншік иесі болмағандықтан, әуе кемесін тәркілеудің күші жойылды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

«Fly Jet.kz»  ЖШС 2020 жылғы маусымда Hawker 900ХР әуе кемесін кедендік аумаққа әкелу кезінде көлік құралын және уақытша әкелудің екі айлық мерзімін көрсетіп, кедендік декларацияны ресімдеген.

Көрсетілген мерзім өткеннен кейін ЖШС әуе кемесін алып кетпеген. Мерзімді ұзарту туралы өтініш мемлекеттік кіріс органына сол жылдың тамыз айында, яғни уақытша әкелу мерзімі өткеннен кейін жіберілген. Уәкілетті орган мен сот құқық бұзушының әрекетін ЕурАзЭҚ-тың кедендік аумағынан уақытша әкелінген халықаралық тасымалдау көлік құралын әкетпеу (ӘҚБтК-нің 543-бабының 1-1-бөлігі) ретінде саралаған.

ЖШС орын алған осы құқық бұзушылықты мойындаған. Бұл ретте, кеме қозғалтқышының цифрлық электрондық жабдығының техникалық ақаулығы уақытша әкелу мерзімін сақтамауға себеп болғандығы туралы құжатпен расталған мәліметтер ұсынылған. Сотқа ақаулықтарды жою үшін қажетті жабдықты әкелу туралы тауарларға арналған декларация (2020 жылғы тамыз) табыс етілді.

Бірінші сатыдағы сот ЖШС-ға 30 АЕК (80 мың теңгеден астам) айыппұл салып, әуе кемесін тәркіледі.

Апелляция осы шешімді өзгеріссіз қалдырды.

Жоғарғы Сот істі қарап, әуе кемесінің меншік иесі ЖШС емес,         «Area Plus JV Limited» компаниясы екенін анықтады.

ӘҚБтК-нің 45-бабының 2-бөлігіне сәйкес, егер оның Ерекше бөлігінде өзгеше көзделмесе, заң бұзушының меншігі ғана тәркіленуге жатады. Бұған қоса, көлікті тәркілеу түріндегі жаза баламалы (міндетті емес) шара болып табылады және оны қолдану, қолданбау жағын мән-жайларды ескере отырып, сот шешеді.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша соттың қаулысы туралы» Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысының 19-тармағы соттардан қаулы қабылдау барысында ӘҚБтК-нің Ерекше бөлігі  баптарының санкцияларында жазаның баламалы түрлері болған кезде әкімшілік жазаны дараландыру қағидатын қатаң сақтауды талап етеді. Сондықтан сот жаза тағайындау кезінде құқық бұзушылықтың мән-жайларын ескеріп, алдымен онша қатаң емес жазаны, содан кейін қатаң жазаны қолдану мүмкіндігін қарастыруы керек.

Кассация қаулы қабылдау кезінде:

- уақытша әкелу мерзімін;

- көлікті кедендік шекара арқылы өткізу заңдылығын;

- заң бұзушының затқа меншік құқығының болмауын;

- осы мүліктің басқа тұлғаға тиесілі болуын;

- меншіктің қосалқы иесінің құқық бұзушылық жасауға қатысу белгілерінің болмауын;

- ӘҚБтК-нің 543-бабының 1-1-бөлігінде заң бұзушының меншігі болып табылмайтын мүлікті тәркілеу мүмкіндігі туралы ережелердің болмауын назарға алды.

Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасы бірінші сатыдағы соттардың шешімдері мен іс бойынша апелляцияларды өзгертті. Әуе кемесін тәркілеу түріндегі қосымша әкімшілік жазаның күші жойылды.

 

Қайнар: 
ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі