Кәсіпкерлік қоғамдастықтың судьялар корпусымен кеңейтілген кездесуі өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Жоғарғы Сотта әкімшілік әділетті кеңейту және бизнесті қорғау тетіктерінің тиімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстар кәсіпкерлік қоғамдастықтың судьялар корпусымен кеңейтілген кездесуі барысында талқыланды.

Мемлекет басшысы басым міндеттер қатарында құқықтың үстемдігін қамтамасыз ету, жеке меншікті және бизнестің заңды мүдделерін қорғау мәселелерін бірнеше рет атап өткен болатын.

Форумға Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары, Сот әкімшілігі мен "Атамекен" ҰКП басшылығы, Парламент Сенатының депутаттары, мемлекеттік органдардың, республикалық адвокаттар алқасының, заң қоғамдастығының өкілдері қатысты.

Кеңесті ашқан Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев төмендегі 3 өзекті мәселеге назар аударды: кассацияға қолжетімділікті кеңейту, әкімшілік әділетті нығайту және күмәнді мәмілелер бойынша салық органдарының жұмыс тәртібін өзгерту.

Осы күзде кассациялық соттарды құру мәселесі бойынша кәсіпкерлермен, заң қоғамдастығымен және ҚР Парламенті палаталарының депутаттарымен белсенді консультациялар мен келіссөздер өтті. Талқылау қорытындысы бойынша елордада үш кассациялық сот (қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша) құру моделі оң бағасын алды.

Әкімшілік әділет жұмыс істей бастаған 2,5 жыл ішінде азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен қорғауда өзінің тиімділігін көрсетті. Егер бұрын азаматтар мен бизнестің ұтылу пайызы 15% болса, бүгінде ол 60% - дан асады.

Жоғарғы Соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Аслан Түкиев өз баяндамасында бизнес мүдделерін қорғауға бағытталған әкімшілік әділет саласын нығайту және кеңейту жөніндегі шараларды атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша Жоғарғы Соттың, бизнес-омбудсменнің және "Атамекен" ҰКП-ның алдағы жылға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойылды.

Судьялардың бизнес-қоғамдастықпен сындарлы кездесулері дәстүрге айналды. Бірлескен іс-шаралардың арқасында мемлекеттік баждың жоғарғы шегі белгіленді. Күрделі істер бойынша Сараптамалық кеңес құрылды. Салықтық даулар бойынша семинарлар сериясы жалғасуда.

"Атамекен" ҰКП қолдауымен жасанды интеллект элементтерін қолдана отырып, "сот практикасының цифрлық талдауы" IT-сервисін әзірледі. Сервис 4 миллионнан астам сот актілерін талдау негізінде істің нәтижесін болжауға, ұқсас жағдайлар бойынша ауытқуларды анықтауға мүмкіндік береді.

      

ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі