Ипотекалық қарыз бойынша кепіл мүлкі өндіріп алуды оған қолдануға жатпайды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

АҚ Шымкент тұрғынына тұрғын үйді сатып алу шарты бойынша 8,3 млн. теңге қарыз берген. Ипотека шарттарына сәйкес учаскесі бар тұрғын үй мен Шымкенттегі пәтер кепілге қойылған. Алайда, қарыз алушы шарт бойынша міндеттемелерді орындамаған.

6001-23-00-3пп/123

Осыған байланысты несие беруші қарыз алушыдан қарызын өндіріп алу туралы талаппен сотқа жүгінген. Сот борышкерден АҚ-ның пайдасына 7,5 млн. теңге берешекті өндіріп алды.

Сот орындаушысы өндіріп алуды пәтерге қолдану арқылы соттың осы шешімін орындау тәсілі мен тәртібін өзгерту туралы ұсынумен сотқа жүгінген. Бірінші сатыдағы сот ұсынуды қарай келіп, сот орындаушысының ұсынуын қанағаттандырған және өндіріп алуды пәтерге аударған.

Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы істі қарап, соттың құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын атап көрсетті.

Ипотекалық тұрғын үй қарызының міндеттемесі бойынша өндіріп алуды қамтамасыз ету мүлікке қолдану туралы мәселесі соттың қарауына жатады. Сот осы орайда кепіл ұстаушының талап қоюы бойынша жеке талап қою ісін жүргізеді. Мұны Жоғарғы Соттың «Соттардың атқарушылық іс жүргізу туралы заңнаманың кейбір нормаларын қолдануы туралы» нормативтік қаулысының 10-тармағы және «Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы» Заңның 21-бабы талап етеді.

Сонымен қатар, егер кепіл мүлкі ипотекалық тұрғын үй қарызы болып табылса, осы Заңның 21-бабы сот орындаушысын шешімді орындау тәсілі мен тәртібін өзгерту арқылы өндіріп алуды кепіл мүлкіне қолданудан шектейді.  

Ипотеканы сот тәртібімен өткізу кепіл ұстаушының талап қоюы бойынша соттың шешімі негізінде жүргізілуі мүмкін. Осы орайда, кепілге салынған жылжымайтын мүлікті сату кезінде оның бастапқы сату бағасы айқындалуы керек.

АК-нің 392-бабының 1-тармағы бойынша шарт талаптарын түсіндіру кезінде сот ондағы сөздер мен сөз тіркестерінің тура мағынасын назарға алады. Жоғарыда аталған шарттардан үй мен даулы пәтердің ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша кепіл мүлкі болып табылатыны байқалады. Бұл соттың сот шешімін орындау тәсілі мен тәртібін өзгерту арқылы өндіріп алуды пәтерге қолдану құқығын пайдалануына мүмкіндік бермеді.

Заңсыз сот актісінің күші жойылды.  Жоғарғы Сот істі қарай келіп, сот орындаушысының ұсынуын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарды.

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі