Жоғарғы Соттың жалпы отырысы бірқатар нормативтік қаулыларды қабылдады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Жоғарғы Соттың Төрағасы Қайрат Мәми жоғары сот органының кезекті жалпы отырысын өткізді. Іс-шараға Жоғарғы Соттың алқа төрғалары мен судьялары, ғылыми-консультативтік кеңестің мүшелері, Конституциялық Кеңестің, Бас прокуратураның, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері қатысты. Сонымен қатар, әділет, ішкі істер, қаржы, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, дін істері және азаматтық қоғам министрліктерінің, Ұлттық Банк пен Кәсіподақтар федерациясының жауапты қызметкерлері қатысты.

Бекітілген күн тәртібіне сәйкес бірқатар нормативтік қаулылар жобалары талқыланды.

Жоғарғы Соттың судьясы Денис Шипп «Соттардың Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі Ерекше бөлігінің нормаларын қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулының жобасы туралы айта келе, нормативтік қаулының жобасы көші-қон заңнамасы мен көліктегі әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша істерді қарау кезінде сот практикасында туындайтын бірқатар мәселелерді шешуге бағытталғанына тоқталды. Нормативтік қаулының өзектілігін соттар мен барлық уәкілетті органдардың аталған нормалардың күнделікті қолдануы (ағымдағы жылғы 9 ай ішінде соттар әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 244 550 істі қарады) дәлелдейді.

Нормативтік қаулының жобасында бірқатар мәселелерге түсіндірме берілген. Атап айтқанда, жобада дара кәсіпкерге немесе заңды тұлғаға жаза шараларын қолдану және оларды арнайы құқығынан айыру мерзімін  санау,  қызметін тоқтата тұру немесе тыйым салу тәртібіне назар аударылған. Көші-қон заңнамасы саласындағы құқық бұзушылықтарды саралау кезінде келушілерді тіркеу мерзімін санау, шетелдіктердің  визалық және визасыз болу ерекшеліктері нақтыланған.

Жоғарғы Соттың судьясы Альфия Савинова «Сақтандыру шарттарынан туындайтын даулар бойынша сот практикасы туралы» нормативтік қаулының жобасын таныстыра келе, сақтандыруды маңызды экономикалық институттардың  бірі деп атады. Нормативтік қаулының өзектілігі осы санаттағы  даулар санының өсуінен байқалады.  Нормативтік қаулының жобасында көлік құралдары иелерінің, туроператорлар мен турагенттердің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру, еңбек міндеттерін орындау кезінде қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарттарынан, ерікті сақтандыру шарттарынан туындайтын сот практикасының мәселелері көрсетілген.

Сақтандыру шарттарына қатысты талаптарға талап қоюдың жалпы ескеру мерзімі – 3 жыл. Егер шартта көзделсе немесе заңнамалық актілерде белгіленсе, ортақтасқан міндет туындайды. Сақтандырушының сақтандыру төлемін толық немесе ішінара жүзеге асырудан бас тарту құқығының негіздері ашып көрсетілген. Бұдан басқа, туроператор мен турагенттің арасындағы жауапкершіліктің аражігі ажыратылған. Нормативтік қаулы сапарға шығу туризмі саласында туристік өнімді қалыптастыру қызметін  жүзеге асыру кезінде туристің мүдделеріне келтірілген зиянды өтеу міндеті  туроператорға, ал туристік өнімді ұсыну және оны өткізу қызметін жүзеге асыру кезінде - турагентке  жүктелетінін түсіндіреді.

Жоғарғы Соттың судьясы Тыныштық Молдахметова атап өткендей, «Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулының жобасында жаңа еңбек заңнамасының кейбір нормаларын қолдану мәселелері қамтылған. Нормативтік қаулыда ұйымдардың, оның филиалдары мен өкілдіктерінің  жанындағы келісу комиссияларына жеке еңбек дауларын (ЖЕД) аралық, сонымен қатар міндетті  саты деңгейінде шешу функциясын жүзеге асыратын тұрақты жұмыс ісейтін орган мәртебесі берілетіндігіне баса назар аударылады. ЖЕД туындаған жағдайда келісу комиссиясына жүгінуден босатылған қызметкерлер тобы нақтыланған. Келісу комиссиясының шешімімен келіспеу немесе оны орындамау ЖЕД тарапына сотта қорғану үшін сотқа жүгіну құқығын береді. Бұл ретте соттың шешімі келісу комиссиясының тұжырымдарына тәуелді емес және ЖЕД талап қоюшы мәлімдеген талаптар шегінде мәніне қарай шешіледі.

Нормативтік қаулы жұмыс берушінің экономикалық жағдайын нашарлатуға алып келген өндіріс көлемінің азаюына байланысты еңбек шартын бұзудың негіздемесі мен тәртібін түсіндіреді.  Еңбек заңнамасына сәйкес қызметкерлерді толық материалдық жауапкершілікке тарту үшін  материалдық жауапкершілік туралы шарттың болуы барлық жағдайларда талап етіле берілмейтіндігі атап көрсетілген. Нормативтік қаулыда жүкті әйелдермен және үш жасқа дейінгі балалары бар қызметкерлермен еңбек шартының мерзімін ұзартуға қатысты ұсынымдар алғаш рет бекітілген,  олар ЖЕД-ті қарау кезінде қолданылады. 

Нормативтік қаулылардың жобаларын талқылау қорытындысы бойынша жалпы отырысқа қатысушылар оларға бірқатар ұсыныстар мен ескертулер енгізді. Олар келесі жалпы отырыста редакциялық өңдеуден кейін бектілетін болады.

Қайнар: 
ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі