Жоғарғы Соттың судьялары мен қызметкерлері жалпықалалық сенбілікке қатысты

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Жоғарғы Соттың 45 судьясы мен 200 қызметкері елорда әкімдігі ұйымдастырған «Қаламызды тазалайық!» атты сенбілікке қатысты. Іс-шараға Жоғарғы Соттың Төрағасы Қайрат Мәми де қатысты.

Жоғарғы Сот пен Астана қалалық соттары ғимараттарының маңында жоғары сот органының өкілдері 200-ден астам қайың, шырша, алма, мамыргүл, терек көшеттерін, сондай-ақ, 200-ден астам бұталарды отырғызды.

- Сенбіліктерге қатысқан сайын елорданы гүлдендіру мен абаттандыруға менің аз да болса қосқан үлесім бар екенін білгенде кеудемді мақтаныш сезімі билейді. Бұл күнді көпшілігі еңбектің салтанаты, туған қалаңа деген махаббат ретінде қабылдайды. Мен осы жерде туып өскен астаналық емеспін, бірақ елордамыз, оның құбылмалы ауа-райы маған ұнайды. Елорда тұрғындары мен қонақтарын қаламызды таза ұстауға шақырамын! – деді Жоғарғы Соттың судьясы Ербол Рахымбеков.   

- Өткен сенбіліктерде біз отырғызған жас көшеттер бүгінде саялы баққа айналып, жайқалып өсіп тұрғанын көрудің өзі көңілге қуаныш сыйлайды. Осындай сенбіліктердің нәтижесінде біздің сүйікті қаламыз құлпыра, тазара түсуде.  Бұл, әрине, қуантарлық жағдай – деді Жоғарғы Соттың судьясы Гүлнәр Мергенова.

- Бүгін біз бірнеше жаңа көшеттер отырғыздық. Шетелдік меймандарға, сырттан келген туысқандар мен дос-жарандарға қаламыздың абаттанған көшелері мен даңғылдарын, әдемі әрі жайлы ғимараттарын және осы аллеяны  мақтанышпен көрсететін боламын – деді Жоғарғы Соттың судьясы Баян Тоқтарова.  

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі