Жоғарғы Соттың судьялары мен қызметкерлері шаңғы жарысына қатысты

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Астанының Орталық саябағында Жоғарғы Сот судьялары мен еліміздің жоғары сот органының қызметкерлері арасында шаңғы жарысы өтті. Бұл жарысты республикадағы Судьялар одағы қоғамдық бірлестігінің Жоғарғы Соттағы филиалы ұйымдастырды.

Іс-шараның ашылу рәсіміне Жоғарғы Соттың Төрағасы Қайрат Мәми қатысты.

Сайыс қатысушыларына қарата айтқан сөзінде Қ.Мәми: «Жоғарғы Соттың судьялары мен қызметкерлері шаңғы жарысын өткізу туралы ұсыныс білдірді. Бұл – көңілге қуаныш сыйлайтын өте жақсы бастама. Ең басты мақсат – саламатты өмір салтын қалыптастыру мен корпоративтік мәдениетті нығайту», - деді. 

Жоғарғы Сот Төрағасы бұл жарыс «бастысы – жеңіс емес, қатысу» деген қағидат шеңберінде өткізілетінін атап өтті. Болашақта шаңғы жарысы жыл сайын өткізілетін дәстүрлі сайысқа айналатындығына сенім білдірілді.

Ерлер мен әйелдер арасында жекелей 1 және 2 шақырым бойынша өткен шаңғы жарысына Жоғарғы Соттың елуден астам судьясы мен қызметкерлері қатысты. 

Спорттық іс-шараның соңында жарыс жеңімпаздары арнайы сыйлықтармен және грамоталармен марапатталды. Сонымен қатар, «Жеңіске деген ұмтылысы үшін», «Белсенді қатысқаны үшін» аталымдары бойынша ерекшеленген қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары табысталды. Шаңғы жарысына алғаш рет қатысушылар да  сыйлықтан құр қалмады.

Ерлер арасындағы бірінші орынды қылмыстық істер бойынша сот алқа хатшылығының сектор меңгерушісі Сәбит Тұратпаев, екінші орынды – қылмыстық істер бойынша сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин, үшінші орынды азаматтық істер бойынша сот алқасының судьясы Бауыржан Жұмағұлов иеленді. Әйелдер арасында бірінші орынды азаматтық істер бойынша сот алқасының судьясы Елена Максюта, екінші мен үшінші орынды қылмыстық істер бойынша сот алқасының судьялары Роза Жакудина мен Гүлнар Мергенова иеленді.

Сонымен қатар, белсенділік үшін Департамент басшысы Абай Тоқсаба және Ақпараттық технологиялар мен ақпараттық ресурстарды қорғау бөлімі меңгерушісінің орынбасары Роза Жакенова, жеңіске деген ұмтылысы үшін азаматтық істер бойынша сот алқасының судьясы Рахымбек Мамырбаев және Гүлжан Әлмағамбетова иеленді. Алғаш рет шаңғыға тұрғаны үшін қылмыстық істер бойынша сот алқасының судьясы Өмірсерік Қожабаев пен Халықаралық байланыстар мен протокол бөлімінің консультанты Ақлима Қойшиева марапатталды. 

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі