Жоғарғы Соттың алқа төрағасы А.Рахметулин Бас прокуратураның және Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдерімен кездесу өткізді

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Жұмыс кездесуінің мақсаты – экономикалық қылмыстарға қатысты қылмыстық істерді қараудың бірыңғай тәсілін қалыптастыру.

Кездесуге Жоғарғы Соттың және Астана қалалық сотының судьялары, Бас Прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтың басшылығымен Бас прокуратураның өкілдері, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Ардақ Теңгебаевтың басшылығымен комитеттің өкілдері қатысты.

Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы А.Рахметулин кездесуді аша келе, жалған кәсіпкерліктерге қатысты қылмыстар бойынша мәселелер Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларында толық көрсетілгенін, алайда сот-тергеу практикасында сұрақтар туындататын кейбір мәселелердің бар екенін атап өтті.

Алқа төрағасы: «Жоғарғы Сот ағымдағы жылда айыпталушы мен контрагенттердің арасында жасалған келісім-шарттардың тексерілмеуі негізінде соттардың оннан астам үкімдерінің күшін жойды, яғни контрагенттерден тергеу кезінде жауап алынбаған, олармен жасалған келісім-шарттардың жалғандығы тексерілмеген. Ал бұл мәселелер айыпты растайтын немесе жоққа шығаратын бірден-бір дәлелдің құрамдас бөлігі болып табылады», - деді. Сонымен қатар, ол осындай бұзушылықтарға соттың назарынан тыс қалмайтынын, себебі бұл фактілер адал контрагенттердің құқықтарына нұқсан келтіретінін, үкім күшіне енген соң оларға салықтық ауыртпалықтар жүктелетінін атап өтті.

Аталған санаттағы істер бойынша көбінесе жасалған қылмыстардан, қомақты қаражаттарды құрайтын мемлекетке келтірілген шығындардың орнын толтыру мәселелері қаралмайды. Алқа төрағасы: «Бұл мәселелер өз шешімін табуы керек, ол үшін заңды шешімді қабылдау мақсатында дәлелдерді жинау, зерттеу, оларға баға беру мен пайдалану тәртібі бойынша нақты шешім қабылдау қажет»», - деді.

Кездесу барысында Бас Прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов пен Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Ардақ Теңгебаев аталған санаттағы істер бойынша тергеу жүргізу кезінде туындайтын маңызды мәселелер туралы пікірлерімен бөлісті.   

Жұмыс кездесуіне қатысушылар жалған кәсіпкерлік туралы істерді қарау кезінде 20 мың айлық есептік көрсеткіштен кем шығын келтірген контрагентке қатысты процестік шешім қабылдау, әкімшілік өндіріс, салық есептерінің нысандарын түзету мәселелерін талқылады.   

Кездесу соңында А.Рахметулин талқылауға қойылған мәселелер бойынша нақты шешімдер қабылданып, олар жұмыста басшылыққа алу үшін мүдделі органдарға жолданатынын атап өтті. 

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі