Жоғарғы Сотта «Қазақстанда қылмыстық сот төрелігінің сапасын жетілдірудің өзекті мәселелері» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Іс-шараны Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин жүргізді.

Форум Еуропалық Одақтың және Еуропа Кеңесінің қолдауымен сот жүйесін жетілдіруге бағытталған «Сот төрелігінің жеті түйіні» бағдарламасының шеңберінде ұйымдастырылды. 

Іс-шараға Бас прокурордың орынбасары Ерлік Кененбаев, Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов, Жоғарғы және Астана қалалық сотының судьялары, Президент Әкімшілігінің, прокуратураның, құқық қорғау органдарының, адвокатураның, ғылыми-сарапшылық қауымдастық пен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

А.Рахметулин іс-шараны аша келе, күн тәртібіне шығарылған мәселелердің өзектілігін атап өтті. Ол сот актісі сот төрелігінің түпкі нәтижесі болып табылатындығын айтты. Сот актісін үлкен үмітпен күтеді, өйткені ол жеке тұлғаның, оның отбасы мен қоршаған ортасының тағдырына әсер етеді. «Сот жұмысына қатысты қоғамның бағасы соттың қаншалықты әділ, сот актісінің қаншалықты заңды әрі негіздігіне қарай беріледі. Адамдар сотқа келгенде өз құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің қорғалатындығына сенімді болуы тиіс», - деді спикер.

Бұған қоса, А.Рахметулин қатысушылардың назарын «Қылмыстық іс қозғалса, демек кінәлісің» деген принцип бойынша сот төрелігінің айыптау бағыты әлі күнге дейін жойылмай отырғандығына жиналғандардың назарын аударды. Статистикаға сүйенсек, өңірлерде әлі күнге дейін негізсіз қылмыстық жауаптылыққа тарту фактілеріне жол беріледі.

А.Рахметулин өз сөзін жалғастыра келе, сот процесінде айыптаушылық бағытты төмендету бойынша бес негізгі басымдықты атап көрсетті.

Біріншісі. Сотқа істің тергеу және прокуратура органдары, яғни   айыптаушылар тарапынан түсу практикасы. Осылайша, судьяның әуел бастан көзқарасы «сотталушының кінәлілігі» тұрғысынан қалыптасады. 

Осы тұрғыда кейбір мемлекеттердің тәжірибесі назар аударуға тұрарлық. Мәселен, Эстонияда прокурор сотқа тек қана айыптау актісін, ал адвокат «қорғау актісін» жолдайды. Әрі қарай сот процесі барысында уәждер мен дәлелдерді өзара алмасу жүреді. Бұл қылмыстық процестегі тараптардың шынайы жарыспалылығын қамтамасыз етеді. Бұл тәсілді Қазақстан жағдайында қолдану үшін қосымша зерделеу қажет.     

Екіншісі. Азаматтардың құқықтарын, әсіресе сотқа дейінгі кезеңде қамтамасыз ету бойынша тергеу судьяларының жұмысын жетілдіру. Мұнда соттар қылмыстық процеске тартылған тұлғалардың құқықтыран бұзудың әрбір фактісі бойынша қағидатты ұстанымда болуы тиіс.   

Үшіншісі. Алқабилер сотының соттылығын айтарлықтай кеңейту. Алқабилер сотының соттылығын толығымен аса ауыр қылмыстар санатына жатқызу ұсынылады. 

Төртіншісі. Істі қарау барысында соңғы сот актісін шығарғанға дейін соттың сотқа дейінгі іс жүргізу және прокуратура органдарымен процестен тыс кез келген байланыстарына жол бермеу.           

Бесіншісі. Нақты сот істері бойынша БАҚ арқылы қоғамдық пікірді әдейі өзгертуге жол бермеу. 

Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы «дөңгелек үстел» шеңберінде көтеріліп отырған әрбір мәселе бойынша сарапшылық әрі нақты талқылаулардың жоспарланғанын айтты. «Бізге сот төрелігін жүзеге асырудың түйіткілді мәслелері белгілі, біз оларды шешу үшін өз алаңымызды ұсынамыз», - деді ол.

Осы мақсатта пікір алмасу сот процесінің барлық мүдделі қатысушыларының ұстанымдары ескеріле отырып, жүргізілетін болады. Бұл тәсілдің нәтижесінде көтеріліп отырған мәселелердің барлық қырларын қамтитын барынша дұрыс шешім қабылданатын болады.

Модератор өз ойын қорытындылай келе, халықаралық сарапшы – Санкт-Петербургтегі Еуропа университеті жанындағы Құқық қолдану мәселелері институтының жетекші ғылыми қызметкері Кирилл Титаевқа, аталған университеттің кіші ғылыми қызметкері Алексей Кнорреге, адвокат, Кент университетінің (Ұлыбритания) докторанты Тимур Бочаровқа сөз берді.

Олар «Әділдік – құқықтық қорғаудың басты критерийі» бірлескен жоба шеңберіндегі «Қылмыстық процестегі ақтау мен оңалту: қалыптасқан практика және даму келешегі» тақырыбында жүргізілген эмпирикалық зерттеудің нәтижелерімен таныстырды.

Бұдан әрі форум аясында Жоғарғы Соттың судьясы Ербол Рахымбеков, Бас прокуратураның Бірінші қызметі басшысының орынбасары Серік Шалабаев, ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Мұхаран Әміров, Республикалық адвокаттар алқасы төралқасының мүшесі, з.ғ.к. Данияр Қанафин, КазГЮУ Жоғары құқық мектебінің директоры, з.ғ.к. Сергей Пен сөз сөйледі.

Іс-шара барысында бағдарламада көзделген барлық мәселелер бойынша қызу пікірталас орнады. «Дөңгелек үстелдің» қорытындысы бойынша алдғы жұмыста ескеру үшін тиісті ұсыным әзірленді.

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі