Жоғарғы Сотта Дүниежүзілік Банк өкілдерімен кездесу өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Жоғарғы Соттың жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұрсерік Шәріпов Дүниежүзілік Банктің жоба жетекшісі, мемлекеттік сектор бойынша жетекші маман Валид Маликпен кездесті.

Іс-шараға Дүниежүзілік Банк жобасын іске асыратын мамандар, Департаменттің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, пилоттық соттар төрағалары мен судьялары қатысты.

Кездесу барысында сот төрелігінің тиімділігін, ашықтығын және қолжетімділігін арттыруға бағытталған «Сот төрелігі секторын институционалдық нығайту» жобасын одан әрі іске асыру мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, соттарда жаңа ақпараттық технологияларды енгізу және Сот төрелігі академиясын дамыту мәселелері талқыланды.

Жоба шеңберінде сотты әкімшілендіру мәселелеріне айрықша көңіл бөлінуде. Мәселен, Дүниежүзілік Банк бөліп отырған қаражат есебінен соттарда пилоттық жоба ретінде жеке кеңесшілер бірліктері (кеңесші, судья көмекшісі, үйлестіруші) енгізілді. Алған нәтижелерді ескере отырып, еліміздің соттарында аталған лауазымдарды енгізудің қажеттілігі туралы шешім қабылданатын болады. Қазіргі таңда жобаға Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты мен Сарыарқа аудандық соты қатысуда.

Кездесуден кейін Дүниежүзілік Банктің делегациясына Жоғарғы Соттың Ахуалдық орталығының жұмысы таныстырылды. Ол тікелей режимде істі қараудың процестік мерзім көрсеткіштерін мониторингілеуге, сот отырыстарында аудиобейнетіркеу құрылғыларының жұмысын бақылауға, сот статистикасын қолдануға, сотты құрметтемеу жағдайы мен сот процестеріне қатысушыларға төнген қауіпті тез арада анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Дүниежүзілік Банк делегациясының жоба жүзеге асырылатын пилоттық соттарға баруы жоспарлануда.

Қайнар: 
ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі