Жоғарғы Сотта банктік заңнаманы қолданудың кейбір мәселелері талқыланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Бүгін Жоғарғы Соттың ұйымдастыруымен Бас прокуратураның бастамасымен қолға алынған «Әділеттілік – құқықтық қорғаудың негізгі критериі» атты бірлескен жобаны жүзеге асыру аясында «Банктік заңнаманы қолданудың кейбір мәселелері» атты «дөңгелек үстел» өтті.

«Дөңгелек үстел» жұмысына Жоғарғы және жергілікті соттардың судьялары,  Бас прокуратураның, Әділет министрлігінің, Ұлттық Банк пен екінші деңгейлі банктердің, «Атемекен» ҰКП мен Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығының өкілдері қатысты.

«Дөңгелек үстелдің» мақсаты – құқық қолдану тәжірибесінде орын алатын түйткілді мәселелерді анықтау, сыйақыны, комиссияны төлеу мен есептеудің, кепілдегі мүліктен ақы өндірудің жекелеген мәселелері бойынша банк заңнамасының ережелерін қолдану және түсіндіруде мән-жайлар ауқымын қараудың ерекшелігін айқындау арқылы сот практикасын зерделеу мен талқылау.

Іс-шараны аша келе, Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Е.Әбдіқадыров Президенттің Қазақстан халқына Жолдауындағы негізгі міндет ретінде заңнаманы жаңа жағдаятқа сай бейімдеудің басым міндеттердір бірі ретінде айқындалғанын атап өтті.

Президент проблемалық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасына ерекше назар аударуды тапсырды. Осылайша, ағымдағы жылы «Банктер және банк қызметі туралы» Заңға, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне және коллекторлық агенттіктердің қызметін реттейтін «Коллекторлық қызмет туралы» заң 2017 жылдың 6 мамырында қабылданды.

Жоғарыда аталған нормативтік актілердің нормаларына сәйкес Жоғарғы Соттың бастамасымен банктердің қарыз алушыларға талап қою мерзімі бес жыл деп белгіленген.

«Дөңгелек үстел» барысында Әділет министрлігінің Заңнама департаменті директорының орынбасары Н.Жамаладин, Бас прокуратураның 4-департаментінің Жоғарғы Сотта қатысуын қамтамасыз ету бөлімінің бастығы А.Ибраева, Ұлттық Банктің қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасының орынбасары И.Аль-Кейси, Астана қаласы сотының судьясы Ш.Нүсіпова, Алматы қалалық сотының судьясы Р.Баишев баяндама жасады.  

«Дөңгелек үстел» қатысушылар Жоғарғы Соттың құқық қолдану мәселелерін шешудегі маңызды рөлін атап өтіп, банктік заңнаманың оң өзгерістері және құқық қолдану мәселелерін талқылау мен оларды шешу жолдарын табуға мүмкіндік беретін осындай үлгідегі іс-шараларды өткізу қажеттігі аталды.

«Дөңгелек үстел» жұмысының соңында заңнаманы жетілдіру бойынша тиісті ұсынымдар әзірленді. 

Қайнар: 
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі