Жоғарғы Сотта «Атамекен» ҰКП өкілдерімен кездесу өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Іс-шараға «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов, сондай-ақ департаменттердің бірқатар директорлары қатысты. Сот жүйесінен – Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Еліс Әбдіқадыров, жоғары сот органының судьялары, Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшылығы қатысты.

Кездесудің мақсаты – Қазақстанда бизнес ортаны жақсарту бойынша ағымдағы мәселелерді талқылау.

Еліс Әбдіқадыров кездесуді аша келе, кәсіпкерлік халықтың әл-ауқатының негізі, сондай-ақ мемлекетіміздің стратегиялық жоспарларын іске асырудың бірден-бір кепілі екендігін атап өтті. Соңғы жылдары Ұлт Жоспары шеңберінде жүргізілген реформалар еліміздің сот жүйесін әлемдегі ең қолжетімді әрі жедел сот әділдігі етуге мүмкіндік берді. Дүниежүзілік Банктің бизнесті жүргізу рейтингісінде Қазақстанның сот жүйесі соңғы екі жыл қатарынан әлемдегі алғашқы он елдің қатарына кірді.

Бұған қоса, кәсіпкерлер тарапынан соттың қызметіне субъективті баға беруімен байланысты бірқатар проблемалық мәселелер бар. Бұл өңірлерде айрықша байқалуда. Бұны жүргізілген сауалнама қорытындысынан, соның ішінде халықаралық құрылымдар жүргізген сауалнамадан байқауға болады.   

Осыған байланысты, Е.Әбдықадыров  Жоғарғы Соттың «Атамекен» ҰКП-мен бизнесті сотта қорғау мәселелері бойынша өзара іс-қимылын күшейтуі қажеттігін атап өтті. Өңірлерде бизнес ортаны құқықтық ағарту, соның ішінде сот билігінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету мен сот қызметін институционалдық бағалау мәселелеріне баса назар аудару қажет. Бүгінде бұл республиканың, соның ішінде инвестицияны қорғау мен экономиканы дамыту сияқты параметрлер бойынша барлық салаларын дамытуда ішкі және халықаралық оң мониторинг үшін ерекше маңызы бар.

Осы ретте бірлескен жұмысты күшейту үшін 2014 жылы «Атамекен» ҰКП-мен Жоғарғы Сот аппараты қол қойған Ынтымақтастық туралы меморандумның маңызы зор. Бұған қоса, Қазақстанның рейтингтік көрсеткіштері, заңнаманы жетілдіру, корпоративтік дауларға қатысты сот практикасын түсіндіру бойынша бірлескен мобильдік топтар құру ұсынылды. Соттар «Atameken Business Channel» арнасы арқылы түсіндіру жұмысына белсене араласуға әзір. Бизнес ортаның көңіл-күйі мен олардың соттар жұмысын қабылдау деңгейін зерттеу үшін тәуелсіз әлеуметтік сауалнама жүргізу ұсынылды. 

Кездесу шеңберінде Жоғарғы Соттың Департамент басшысы Нұрсерік Шәріпов ҰКП өкілдеріне «Сот кабинеті», «Сот актілерінің жаңа банкі» және т.б. сервистерге басымдық бере отырып, электронды сот әділдігінің мүмкіндіктерін таныстырды.

Тараптар талқыланған барлық мәселелер бойынша қызу пікір алмасты. Кездесу соңында Жоғарғы Сот пен «Атамекен» ҰКП өкілдері бірлескен жұмысты күшейту қажеттілігін атап өтті.  

Қайнар: 
ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі